АҚТӨБЕЛIК ЖIГIТ «СҰЛТАН» БОЛДЫ

АҚТӨБЕЛIК ЖIГIТ «СҰЛТАН» БОЛДЫ

АҚТӨБЕЛIК ЖIГIТ «СҰЛТАН» БОЛДЫ
ашық дереккөзі

«Ана тiлi» сұлтаны» байқауына бақ сынау үшiн үмiткерлер елiмiздiң-түкпiр түкпiрiнен жиналыпты. Оған бiз оңтүстiк астананың орталық циркiнде өткен ақтық сынның кезiнде көз жеткiздiк.

Бiрi – батыстан, бiрi – шығыстан, бiрi – қиырдан, бiрi – терiскейден жиналған жiгiттердiң бәрi дерлiк «сегiз қырлы, бiр сырлы» сұлтандар. Өрiмдей жас жiгiттердiң бойында ұлттық өнерге деген, тiлге деген құрметi ерекше. Бiрi – ән салып, бiрi – жыр жырлаған, бiрi – тұлпар мiнiп, бiрi – қара қобыздың құлағында ойнаған сұлтандардың көбi Қорғаныс министрлiгiне қатысты әскери мектептiң түлектерi. Атап айтар болсақ, Марат Әбубәкiров Қорғаныс министрлiгiнiң Құрлық әскери институтының курсанты болса, Жасұлан Жамақаев Қорғаныс министрлiгiнiң Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусының курсанты (Щучье қаласы). Ендi бiрi – Дамир Жүнiсов пен Данат Мұқанов Қорғаныс министрлiгiне қарасты Шет тiлдерi әскери институтының курсанттары. Ал, Ақтөбеден келген Руслан Мәмбеталиев Қорғаныс министрлiгiне қарасты Әуе Қорғаныс күштерiнiң әскери институтының курсанты екен. Елордасы Астанадан келген Қайрат Кереев қана Қазақ Ұлттық музыка академиясының студентi. «Ана тiлi» сұлтаны» байқауының ақтық санына жолдама алған жiгiттер үш сайыс бойынша бақ сынасты. Алғашқы сайыс жiгiттердiң өз өнерiн көрсету болды. Өнерлерiн көрсеткен жiгiттердiң көбi ән шырқаса, ендi бiр жартысы мәнерлеп өлең оқыды. Үмiткерлердiң арасында ерекше өнер көрсеткеннiң бiрi – Ақтөбеден келген жас өрен Серiк Елубаев қана. Бiлегiмен кiрпiш сындырып, жауырынын сынған шыныға тосқан Серiктiң ұлттық салт дәстүр бойынша, «Ат қою» рәсiмiн өткiзгенi де ерекше болды. «Жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» шыққан Серiк Елубаевтың өнерiне әдiл қазылар разы болып, «Ана тiлi» сұлтаны» деп тапты. Байқаудың мақсаты жеңдiру де емес, жеңiлдiру де емес. Оның мақсаты – ұлттық дәстүрдi ұмытпаған, рухы мықты қазақтың өрендерiн тәрбиелеу болса керек. Осы тұрғыдан келгенде, байқау көздеген межеден шыққан сыңайлы. Бұл байқау алғаш рет өткiзiлiп отырғанымен, оның жалғасын табары сөзсiз.
  Жадыра ОРАЗАЛИЕВА