«АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮН» СПЕКТАКЛIНЕН КЕЙIНГI ОЙ

«АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮН» СПЕКТАКЛIНЕН КЕЙIНГI ОЙ

«АЙ ТҰТЫЛҒАН ТҮН» СПЕКТАКЛIНЕН КЕЙIНГI ОЙ
ашық дереккөзі
517

М.Әуезов атындағы академиялық драма театры өнерсүйер қауымды жаңа қойылымымен қауыштырды. Биылғы маусымның алғашқы премьерасын режиссер О.Кенебаев сахнаға шығарды. Ол башқұрт елiнiң классик драматургi М.Кәрiмнiң «Ай тұтылған түн» трагедиясы.

Бұл қойылымның араға бiрнеше жылдар салып, қазақ сахнасына қайта оралуы жай емес. Пьеса сонау 60-70 жылдары жазылғанымен, өткiр тiл, кесек ойларымен құнды. Мұнда М.Кәрiм араласып жатқан адамдар тағдыры, рухани байлықтан айырылып, айуандыққа, нәпсiқұмарлыққа салынған бейнелеудi басты назарда ұстап отырады. Режиссер де автор ойын дұрыс жеткiзуге барынша күш салған. Жастарға үлгi-өнеге ретiнде ата-баба дәстүрiн сақтауды, салт-дәстүрдi бұзбауды көрсетуге ерекше мән берген. Дегенмен бүгiнгi жол ұрпақ оның жақсы жағын еске алғанымен, мойынұсынғысы келмейдi. Себебi, тәрбие басқа, сана-сезiм өзге. О.Кенебаевтың түпкi ойы – құдайшылықтан безген күнәһар жандар мен ескi салттың құрығына түскен жастарды көрсету. Адамның iшкi толғанысын, жан дүниесiнiң арпалысын бiлдiруге бiршама көмек ретiнде музыканы қолданады. Бiрақ аталмыш қойылымда әуен орынсыз көп пайдаланылған. Режиссер О.Кенебаев бүгiнгi таңдағы өзектi мәселеге айналған дiн тақырыбын кең түрде аша отырып, көрермендердi спектакль оқиғасына тартып әкететiндей атмосфера тудыра алған. Сахнада барлық қимыл-қозғалыс, жарық пен музыка режиссерлiк ойды жүзеге асыруға бағындырылған. Осыдан О.Кенебаев спектакльдiң өзiне тән ырғағын тапқан. Спектакль оқиғасы көбiнесе Таңқабикенiң үйiнде өтетiндiктен, шартты түрде қолданысқа енген маталардан басқа артық зат көрмеймiз. Бұдан режиссер мен суретшi М.Сапаровтың сахна кеңiстiгiн ұтымды пайдаланғанын байқаймыз. Шымылдық ашылғаннан Таңқабике мен келiнi Шафақтың әңгiмесiнен соғыстан оралатын Жолмырзаны күтiп отырғанына куә боламыз. Яғни, күту сахнасы. Сахнаның дәл ортасында орындалатын бұл көрiнiс арқылы олардың мiнездерi ашыла бастайды. Қойылымның ең басты кейiпкерлерiнiң бiрi – Таңқабике рөлiн Ғ.Әбдiнәбиева мен М.Омар бейнеледi. Бiрiншi құрамдағы актрисаның бәйбiшесi адуынды, өте салмақты, сабырлы, ержүрек. Оның жасаған әрбiр iс-қимылдары барынша психологиялық толғанысқа, темпераментке, батылдыққа толы болды. Баласының өлiмiн естiген сәттегi бiр орында тұрып қалып зар илеп, ауыр мұңға батуын нанымды шығарады. Кейiн де Дәруiшпен шығатын сахнада Ғ.Әбдiнәбиеваның бойынан өзiне деген сенiмдiлiк, менмендiк байқалады. Ендi бiрде дүмше шалдың бәйбiшенiң сырын ашатын сахнада актриса тез-ақ өзгерiске ұшырайды. Рөл сомдаушы Таңқабикенiң аналық мейiрiмi мен махаббатының ұшқынын Диуананы басынан сипап еркелеткен сәтiнде көрсете алады. Қойылым басынан қырағы көздерiмен қолын бiр сiлтеп, баршаны бiр уыста ұстап отыратын бәйбiшенiң балаларын бақытсыздыққа душар еткенiн ұққан кезде қалжырап әлсiреуi өте аянышты, әрi нанымды. Спектакльдiң басынан соңғы көрiнiске дейiн айналасындағылармен арпалысып әбден сүлдерi құриды. Отыз жыл бұрын жасаған күнәсi үшiн Құдайдың қарғысына ұшырап опық жеп отыр. Осы сахналарда Ғ.Әбдiнәбиева өз кейiпкерiнiң сахналық мiнез-құлқын дұрыс табуға тырысқан. Көпшiлiк сахналарда жетiстiктерге жетiп отырғанымен, кемшiлiктерi де жоқ емес. Актриса Ғ.Әбдiнәбиеваның Таңқабикесi «Қарагөз» спектаклiндегi Мөржан образына өте ұқсас. Сол жест (ымыра), сол екпiн, сол қимылдар. Осыдан апаларымыз да таптауырындылыққа түсiп бара ма деген ой мазалайды. Әсiресе Таңқабике рөлiндегi екi актриса да зарлап, ащы дауыстарымен сөйлеу мен ары-берi жүрiстерi өте көп десек те болады. Бұған режиссер де көмек бере алмаған. Ал, М.Омардың орындауындағы Таңқабике Ғ.Әбдiнәбиеваның бәйбiшесiне мүлдем кереғар. Сахнаға шыққаннан жыламсырап, көз жасын жиi сүрте бередi, осы әрекет спектакльдiң соңына дейiн үзiлмейдi. Бұдан мұндай әлсiз жыламсыраған бәйбiше бiр отбасына басшы болып отыр деген түсiнiксiз ойға қаласың. Мұны әсiресе Дәруiшпен сөйлесетiн сахнадан көруге болады. Сөзi анық емес, қимыл-қозғалысы ақталмай тұр. Спектакльдегi салмағы ауыр образдың бiрi – Дәруiш бейнесi. Мұны С.Мерекеұлы мен Т.Аралбай сахнаға алып шықты. Актер С.Мерекеұлының ойнау ерекшелiгi сонда, ол әрбiр рөлдiң өзiне тән сахналық мiнезiн, көңiл-күйiн анық беруге бар күшiн салады. Сол секiлдi кезектi рөлiн де өз дәрежесiнде ойнап шықты. Актер бейнелеуiнде ол иманжүздi болып көрiнгенiмен де, әулие кейпiн киген әзәзiлдiң нағыз қоғамды улайтын сұр жыланның өзi. Әдейi Таңқабикенiң сырын ашамын деп қорқытып, Шафақты сұрауындағы зымияндық iс-әрекеттерi де нанымды. С.Мерекеұлының тың тыңдағандай аяқтарын ақырын басып жүруi, басын төмен иiп көзiнiң астымен айналасында болып жатқан оқиғаның тамырын дәл басып отыруы, кейiпкердiң қандай пенде екенiнен мағлұмат берiп отырады. Қойылымда Бәйбiше мен Дәруiштiң қарым-қатынасы арқылы оқиғалар шиеленiсе күшiне ене түседi. Әсiресе, Таңқабикенiң сырын әшкере ететiн сәттердi С.Мерекеұлы ұтымды жеткiзген. Оның сол үйдiң қожайынындай дастарқанның төрiне жайғасып қымыз iшуi, өзiне төсек салып шалқасынан аяғын айқастыра, қолын басына қоюы сәттi табылған актерлiк шешiм. «Жұмсам жұдырығымда, ашсам алақанымда», қуыршағымдай боласың дегендей астар жатыр. Екiншi құрамдағы Т.Аралбай С.Мерекеұлына қарағанда терең толғаныстарға бара бермейдi. Образға толыққанды енбей, үстiртiн ойнап шықты. Таңқабикенiң сырын ашатын сахнада әрбiр сөздi ойнатқан жоқ. Iстеген қимылдары бiр бөлек, айтқан сөздерi бiр басқа, үйлесiмдiлiк таппай, кейiпкердiң салмағын төмендетiп тұрды. Осы қойылымдағы ең ақылды, пәк, сезiмтал әрi көрiпкел, жаны нәзiк Диуананы – Д.Ақмолда мен Е.Түсiп ойнады. Дулығаның ойынында Ержанның Диуанасына қарағанда салмақтылық басым. Сөйлеген сөзiнiң интонациясын дұрыс қоюға тырысқан. Ол сахнаға шыққан сайын өзгерiске бара бiлдi. Оның бүркiттiң өз балапандарын өлтiргенi туралы айтатын сахнасында бойынан балалық пен қорқынышты сеземiз. Әрбiр айтқан сөзiне жан бiтiрiп ойнайды. Е.Түсiп шектен тыс көп күлкiсiмен сапасы төмен образ жасады. Актер автор мәтiнiнiң астарына ой жiбермей, кейiпкерлердiң сырт қимылдарын келтiрумен шектелген. Әсiресе, алғаш Дәруiшпен кездесетiн сахнада актер кейiпкер бейнесiне жете ене алмағаны бiрден байқалады. Сонымен қатар екi актер де дауыс ырғағымен аз жұмыс жасайтындығы байқалады. Осы жағына көп көңiл бөлсе екен деген ойдамыз. Спектакльдегi Шафақ рөлi – Ш.Жаныбекова мен Н.Жакеноваға жүктелген. Ш.Жаныбекова – Шафақтың iс-әрекетiнен, сөзiне жан бiтiрiп сөйлеуiнен нәзiктiк, сыпайылыққа қоса батылдық сезiледi. Кейбiр сахналарда әзiлдей отырып, өз ерекшелiгiнiң тағы бiр қырын көрсеттi. Күйеуiнен жесiр қалып, қайын iнiсi – Ақжiгiтке атастырылады. Бiрақ, Шафақ жас жiгiттiң тәнi қасында болғанымен, жүрегi, жаны өзгеде екенiн бiлдi. Бiлсе де үмiтiн үзбей күреседi. Соңында қос ғашықты айырып, өз бақытын құру мүмкiн еместiгiне көзi жетедi. Осы сахналарды қынжылып өмiрге, тағдырына лағынет айтуы нанымды шыққан. Шафақ Дәруiштiң жүрегiндегi отты тұтатып, дiн жолынан таюына себеп болады. Жас келiншектi зорламақ болған Диуана келiп қалады. Сұмпайы шал осы сахнада шапанын жая сала намаз оқуы күлкi тудырады. Осыдан бүгiнгi жұрттың арасындағы жалған әулие, пайдақор молда, адамдар арасындағы көз бояушылықты анық көруге болады. Панасыз бейкүнә жандардың өзгелердiң қарғысына ұшырап, өмiрден опық, қорлық көргендiгi өте аянышты. Қойылымдағы лирикалық сезiмге толы қос ғашықтың өмiрлерi надандық, қатыгездiктiң ауыртпалығынан жазықсыз қыршынынан қиылады. Ақжiгiт – барлық уақыт шабыт үстiнде жүретiн махаббатты ту етiп, сұлулықты жырлайтын пәк жан. Ал, оны Ш.Үркiмбаев пен А.Шаяхметов қатардағы жай адам ретiнде сахнаға шығарады. Екi актер де Зұбаржатқа деген сезiмдерiн алап-ұшып, тамақтары қырылғанша бiлдiредi. Мұны театрда қолданатын шарттылық деп қарастырсақ та сенiмсiздiк, жалған пафос басым. Осы тұрғыда актерлерге көп iзденiп еңбек етсе деген ниет бiлдiремiз. Жер басып жүрген пендеге күнә жасамау өте қиын. Әрбiр пенде Құдайдың алдында жасаған күнәләрi үшiн жауапты. Ол көп пе, аз ба, маңызды емес. Сондай-ақ, ол жай адам болсын, билiк басында отырған патша не шенеунiк болсын, айырмашылығы жоқ. Ең бастысы, жамандық ойламай, дұрыс сөйлеп, таза жүру қажет. Осы орайда соңғы сахнада барлық кейiпкерлер аппақ киiм киiп, Қағбаны айналады. Мұндай сахналық шешiмдер арқылы О.Кенебаев бүгiнгi таңдағы жастар арасындағы үрей тудырып отырған дiн мәселесiне бей-жай қарамайтындығын көрсеттi. Қорыта айтқанда, қазiргi таңда көпдiншiлдiк, надандық, әдiлетсiздiк, панасыздық бел алып барады. Дегенмен, жазмыштан озмыш жоқ. «Тағдыр деген тасы тайғақ, жағасы жартас, айдыны асау дария, ұмтылғаныңмен жүзiп өте алмайсың»,– деп Таңқабике айтқандай, шынымен де өзгертуге болмайтын, маңдайыңа жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайсың. Тек қана дұрыс жолдан тайып кетпес үшiн жақсылыққа ұмтыламыз. Мiне, театр репертуарына «Ай тұтылған түн» деген атпен келiп қосылған бұл қойылым, салт-дәстүр мәселесiн қозғап, бүгiнгi ұрпақты ойландыратын қойылым ретiнде қажет деп ойымызды түйемiз.
  Айгерiм ТЕҢГЕБЕКОВА, студент
ӘР КЕЙIПКЕРI – НАҒЫЗ АДАМ
 

Бұдан бiраз уақыт бұрын баспасөз беттерiнде «Ай тұтылған түн» спектакльiнiң көтерген мәселесi «өтiп кеткен» мәселе ретiнде қаралып, бүгiнгi заман түсiнiгiне жат екенi келтiрiлген болатын. Бұл пiкiрге театрдың әкiмшiлiк директоры Е.Жуасбек қарсылығын былайша бiлдiредi:

«Әдебиетiмiздiң iнжу-маржаны саналатын Ғ.Мүсiреповтiң «Ақан Серi – Ақтоқты» пьесасында мынадай өлең жолдары бар: «Ләйлләһи-иллалла» деп, Ашып едiм бұл өмiрдiң есiгiн, Кiрiп барсам тамұқ екен жан-жағы, – деген. Яғни, исламға барған кезiнде әдiлет жоқ дегендi меңзейдi. Әрине, исламның таза дiн екенiн, көтерген мәселесiнiң пәк екенiн бiлемiз. Бұл жерде ислам дiнiне шүбә келтiрiп отырған жоқ, мәселе оны жасап отырған адамдардың тiрлiгiнде. Сондықтан да оны исламға қарсы шығарма екен деп, ат-тонымызды ала қашамыз. Мiне, осы шығарманың жарыққа шықпағанына жиырма жылға жуық уақыт болды. Осындай терiс түсiнiк арқылы шығарманы жоғалтып алып отырмыз. Спектакльге келер болсақ, бұл жерде де дәл осындай түсiнiк қалыптасқан. Мұстай Кәрiм исламға деген ешқандай күмән келтiрейiн деп отырған жоқ. Дәруiш арқылы исламды тамұқ еткен адамдардың жиынтық образын көрсетедi. Осы тұрғыдан келгенде кейбiр ағаларымыз шығарманың бағасын бiле алмай жатады. Қазiр орамал тағып, тәспi ұстағандардың барлығын «Алланың құлы, пайғамбардың үмбетi» деп қабылдай алмаймын. Бiз әлi де адасу үстiндемiз, сондықтан да бұл шығарма «өтiп кеткен» мәселенi емес, қазiргi шындықты көтеруде маңызы зор» – дейдi.
  Балжан ҮСЕЕВА

Серіктес жаңалықтары