YКIМЕТ IШКI КӨШI-ҚОНДЫ РЕТТЕУДI ҚОЛҒА АЛДЫ

YКIМЕТ IШКI КӨШI-ҚОНДЫ РЕТТЕУДI ҚОЛҒА АЛДЫ

YКIМЕТ IШКI КӨШI-ҚОНДЫ РЕТТЕУДI ҚОЛҒА АЛДЫ
ашық дереккөзі
227

Үкiмет кеш болса да, ауылдан қалаға ағылу мәселесiн, яғни iшкi миграцияны қолға алды. Бұған дейiн сабылып көшушiлердiң немесе ешқайдан тұрақ таппағандардың нақты санын ешкiм дәп басып айтып бере алмайтын. Осы аптада «Көшi-қон туралы» жаңа заңның жобасын қолға алғандарын мәлiм еткен министрлер кабинетi тек соңғы үш жылда 700 мыңға жуық, бiр жылдың iшiнде 300 мыңға жуық адамның ары-берi көшуiнiң куәсi болғандығын айтады. Бұл тек Статистикалық агенттiктiң келтiрген ресми мәлiметi.

Ал, ешқайда тiркеуде жоқ, екi қолға бiр жұмыс деп қара жұмыс жасап жүргендердiң нақты саны әлi белгiсiз. Бiрiншiден, Алматы мен Астанаға ағылып келiп жатқандардың көбiнiң тiркеуi жоқ. Екiншiден, тұрақты баспанасы жоқ. Бұл адамдардың нақты санын қалай бiлуге болады. Iшкi көшi-қон мәселесiн реттеу iсi бұдан бiраз ертерек бұрын қолға алынуы тиiс едi. Бiрақ, Үкiмет оған тым кеш көңiл бөлiп отыр. Елiмiзде iшкi көшi-қон салдарынан әлеуметтiк қақтығыстар жиi орын ала бастады. Өйткенi, қала ағылып келген ауыл халқын қарсы алуға дәрменсiз. Бұл процесс қалада жаңа әлеуметтiк дерттiң бой көтеруiне ықпал етiп жатыр. «Шаңырақ», «Бақай» мәселелерiнiң ушығуы осының салдары. Қала ауыл халқын орналастырудың маңызды тетiгiн ойлап тапқан жоқ. Керiсiнше, iлдалап күн көрушiлердiң ашу-ызасына тидi. Ең соңғы қаржысына салып алған лашығын күреуге дейiн барды. «Шаңырақ» мәселесi әлi де өз шешiмiн таппай отыр. Үйiн заңдастырып берудi сұраған тұрғындардың маңдайы тасқа тiрелуде. Ал, ауылда жұмыс жоқ, күнкөрiс көзi қалмаған.

Мiне, iшкi миграция осылай ушығып тұрған кезде, Үкiмет «Көшi-қон туралы» заңды, соның iшiнде iшкi көшi-қонды реттеудi қолға алды. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң сөзiне қарағанда, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев бастаған жұмыс тобы құрылған. Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов елiмiздегi iшкi миграция толқыны заңсыз мигранттарды көбейтiп жiбергенiн айтады. Келушiлердiң көбi Астана мен Алматыны таңдаса, кетушiлер Солтүстiк-Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс-Қазақстан облыстарынан болып отыр. Ал, қолға алынғалы отырған жаңа заң халықты ауылды жерлерде қоныстандыруды көздейтiн болады. «Ол үшiн ауылда жұмыс орындарын ашамыз» дейдi Бердiбек Сапарбаев. Мұның проблеманы қаншалықты шешетiндiгi беймәлiм. Өйткенi, халықты ауылда күшпен ұстап отыратын заман кеткен. Керiсiнше, серiктес немесе шағын қалалардың санын өсiрiп, халықты сонда топтастыру мәселесiн қолға алған жөн секiлдi. Ауыл мәселесiне үкiмет бұдан бұрын да мән бердi. Бюджеттен 57 миллиард теңге бөлiнiп 2004-2006 жылдар аралығы «Ауыл жылы» деп жарияланды. Бiрақ, бұл науқаншылдықтың құрбаны болып кеттi. Бөлiнген қыруар қаржының су аяғы құрдымға кеткенiн былайғы жұрттан бүркемелесек те, шындық көзге ұрып тұр. Ешқайда жұмыс орындары ашылған жоқ. Ауылда мектеп пен ауруханадан өзге жұмыс көзi қалмады. Ендеше бұл ауылдар қаңырамағанда, не қаңырасын. Менiң естуiмше, Оңтүстiк Кореяда ауылды жерлер жоқтың қасы көрiнедi. Шағын ауылдардың өзi қала секiлдi. Өркениеттiң барлық талаптарына жауап бередi. Қазiр елiмiзде 800 ауыл, 72 ауданның болашағы жоқ деп танылды, соның iшiнде 30 аудан тiптi аса күрделi жағдайда тұр. Демек, iшкi процестi реттеу бiр күннiң де, бiр жылдың да шаруасы емес. Оған мемлекеттiң арнайы кешендi бағдарламасы қажет. Әрi бұл бағдарлама жемқорлардың жемсауына түсiп кетпеуi тиiс.

Кейбiр саясаткерлер ауылда халқымыздың 10-15%-ы ғана тұрсын деген ұсыныс айтады. Бiрақ, бұл бiздiң ұлттық қауiпсiздiгiмiзге аса қауiптi. Өйткенi, ұланғайыр даланы қайда тастаймыз. Иесiз елдiмекендердiң көбеюi өзгелердiң көз алартуына жол бермей ме? Қазақ даласы бос жатыр, ал Қытайда халық сыймайды. Халықаралық қауымдастық жерiң ұлаңғайыр, халқың аз, сол себептi де көршiңе қарайлас деуi де мүмкiн. Демек, бiз ең әуелi халықтың санын молайту шарасын көздеуiмiз керек. Сондай-ақ, халықты ауылға күштеп шоғырландыруды емес, өз еркiмен қоныстандыруды ойластырғанымыз жөн. Қалаға келген ауыл тұрғындарының да мұң-мұқтажы шешiле қойып жатқан жоқ. Мұнда жұмыс табылғанымен, баспана жоқ. Ауылда баспанасы болғанымен, жұмыс жоқ. Осы бiр олқылықтың орнын толтыру қажет секiлдi. Ауыл мәселесiн бiржақты етпейiнше, елiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгi үнемi пышақтың қырында тұратынын ескеруiмiз керек.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары