ТӨРАҒАЛЫҚ ТIЗГIН — ҚАЗАҚСТАНДА

ТӨРАҒАЛЫҚ ТIЗГIН — ҚАЗАҚСТАНДА

ТӨРАҒАЛЫҚ ТIЗГIН — ҚАЗАҚСТАНДА
ашық дереккөзі
305

Халықаралық ұйымның тiзгiнi үш жылдан соң қазақтардың қолына тимек. Бұл азаматтық қоғам құрудың алғышарты болып табылатын бiрқатар мәселелердiң, қоғамдағы қордаланып қалған кейбiр кемшiлiктердiң өздiгiнен шешiлуiне кепiлдiк бередi.

БИЛIК ӘЛЕМ АЛДЫНДА УӘДЕ БЕРДI

Қазақ билiгiнiң көңiлi тоқ. Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуге қатысты белгiленген бесжылдық сынақ мерзiмiн ойдағыдай өткердi. Қарашаның 29-30 күнгi Мадридтегi мәжiлiсте кеңес құрған кәрi құрлықтың қауiпсiздiгi мен ынтымақтастығын қамтамасыз ететiн ұйымның сыртқы iстер министрлерi бiрауыздан Қазақстанға дауыс бердi. Бұған дейiн қазақтардың кандидатурасына ЕҚЫҰ-ға мүше елдердiң көпшiлiгi iштартса, Ұлыбритания, АҚШ пен Чехия қарсылық танытқаны белгiлi (пiкiрлерi қабыспағандардың бiрi демократияның жыртысын жыртса, ендi бiрi қауiпсiздiктiң қамын ойлаған). Әрине, белгiленген мерзiм жоспармен сәйкеспейдi: төрағалық мәртебесi қазақтарға 2009 жылы емес, 2010 жылы бұйырмақ. Есесiне, Қазақстан досқа күлкi, дұшпанға таба болмай, төрағалықтың тiзгiнiн үш жылдан кейiн қолға алатын боп келiстi. Еуропа, Орталық Азия мен Солтүстiк Американың 56 мемлекетi мүшелiкке өткен халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету посткеңестiк елдердiң iшiнен алғаш рет Қазақстанның еншiсiне тидi. Сондықтан билiктiң қарсыластары қанша жерден сынап, мiнесе де, ЕҚЫҰ-ға жетекшiлiк Қазақ елiнiң әлем алдындағы абыройын асқақтатып, мәртебесiн үстем еткенi сөзсiз. Әрине, республикамыздағы кейбiр мәселелер, әсiресе, жергiлiктi өзiн-өзi басқару, сайлау жүйесi, сөз бостандығы, БАҚ тәуелсiздiгi мен демократиялық құрылымдардың еркiн қызметiне қатысты кемшiн тұстар жетерлiк. Бiрақ мұндай келеңсiздiктер төрағалық мәртебесiне орай, бiртiндеп жойылады. Өйткенi, халықаралық беделi бар әрi үлкен бiр ұйымның божысын ұстап отырып, демократиялық құндылықтарға қайшы келетiн әрекеттерге бару – ақылға сыйымсыз. Мадридтегi мәжiлiске Қазақ елiнiң делегациясын бастап барған ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин Ұйым бекiткен талап-тiлектердiң мүлтiксiз орындалатынын, ережелердiң сақталуы жалғасын табатынын жеткiздi. Осы орайда, министр жуырда ғана қазақ қоғамында, әсiресе, журналистика саласының мамандары арасында үлкен наразылық тудырған заң жобасының тоқтатылғанын мәлiмдеген. Ескерте кетейiк, аталған құжат бiреуге жала жапты немесе ар-намысына тидi деп есептелетiн мақалаларды жариялаған БАҚ-ты және баспаны қылмыстық жауапқа тартуды көздейтiн. Қазiргi кезде ҚР Үкiметi мен ЕҚЫҰ Өкiлдiгi кеңсесiмен бiрiгiп, БАҚ қызметi (ресми тiркеу, қылмыстық жауапқа тартуға тыйым салу т.б.) мен сөз бостандығын қамтамасыз етуге қатысты жұмыстарды жүргiзуде. Бiздiң билiк сонымен қатар ЕҚЫҰ Демократиялық құрылымдар мен адам құқығы жөнiндегi бюро (ДҚАҚБ) тарапынан берiлген кеңеске орай, қазақстандық сайлау жүйесi мен саяси партияларға қатысты заңдық құжаттарды да реттемек. Мысалы, ЕҚЫҰ ДҚАҚБ ұсыныстарын алға тарта отырып, кең ауқымда өткiзiлген пiкiрталастар нәтижесiнде түзiлген шешiмге сәйкес, ҚР Орталық сайлау комиссиясы ұсыныстарын дайындап, Мәжiлiстiң талқысына жiбередi: «Осылайша, ДҚАҚБ мен ЕҚЫҰ-ның өзге де құрылымдарының көмегiне сүйене отырып, бiз Сайлау туралы заңды 2008 жылдың аяғына дейiн реформалауды жүзеге асырмақпыз» (М.Тәжин). Саяси партияларды тiркеуге алу талаптарын жеңiлдетуге қатысты мәселе де келесi жылдың соңына дейiн шешiмiн табады. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн жетiлдiру, үкiметтiк емес ұйымдардың еркiн әрекет етуiн қамтамасыз ету сияқты азаматтық қоғам орнатудың алғышарттары болып табылатын басқа да мәселелерге ден қойылмақ. Демек, 2010 жылы Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қазақ елi үшiн тиiмдi. Өйткенi, кәрi құрлықтағы қауiпсiздiк пен ынтымақтастықты қамтамасыз ететiн Ұйымның айнымайтынына бүкiл әлем алдында серт берген қазақ билiгi ЕҚЫҰ ережесiн қатаң сақтауға мiндеттi әрi мәжбүр. Бұл дегенiңiз, қашан да «бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ» қағидасына сүйенетiн қазақтар елiндегi сөз бостандығының ауқымы кеңейедi, БАҚ қызметiне кедергi келтiру, қоқан-лоқы жасау сияқты келеңсiздiктер азаяды, демократиялық құрылымдар (саяси партиялар, үкiметтiк емес ұйымдар, БАҚ) дамытылады. Өз кезегiнде ҚР Мемлекеттiк хатшысы Қанат Саудабаев: «Бiздiң қолымызда елiмiздi демократияландыруға қатысты нақты бағдарлама бар. ЕҚЫҰ алдында тұрған мiндеттердiң көрiнiстерi де айқын. Сондықтан Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретiнде беделдi Ұйымның сенiмi мен бiрлiгiн арттыруда, Еуразиядағы ынтымақтастық пен қауiпсiздiктi нығайтуда қолдан келгеннiң барлығын жасайды» деп мәлiмдедi.

БАРЛЫҒЫ ДА – УАҚЫТ ЕНШIСIНДЕ

Еуропалықтар Қазақ елiн Орталық Азиядағы тұрақтылық пен дамудың тiрегi ретiнде қабылдайды. 2006 жылдың 29 наурызында Қазақстанға ат басын бұрған Ұйымның сол кездегi төрағасы Карл де Кухт: «ЕҚЫҰ үшiн Орталық Азия – өте маңызды аймақ, ал Қазақстан орталықазиялық аймақтағы өте маңызды мемлекет болып табылады» деген едi. Ал 2006 жылдың 14 қарашасында Венада өткен жиылыста ЕҚЫҰ Парламенттiк ассамблеясының төрағасы Г.Леннмаркер: «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуi саяси реңктегi дау-дамайды реттеу, адам құқығын қорғау, адам саудасы мен есiрткi тасымалына тосқауыл қою шараларына Орталық Азияның белсендi түрде араласуына мүмкiндiк бередi» деп мәлiмдеуi де тегiн емес. Өйткенi, Қазақстан ЕҚЫҰ кеңiстiгiне қатысты барлық саяси, құқықтық шараларға белсене араласуға, төраға ретiнде өзiндiк көзқарасын бiлдiруге мiндеттi. Бұл да қазақ қоғамының азаматтық қоғамға қарай бой түзеуiне септiгiн тигiзедi. Себебi, «арбаның алдыңғы дөңгелегi» Қазақстан екенiн сезiнетiн қазақ билiгi демократиялық құндылықтарды сақтауда Ұйымға мүше елдерге үлгi болуға ұмтылатыны айқын. Оның үстiне, төрағалық еткен үшжылдық мерзiмдi Грекия, Литвамен бiрге қорытындылайтынын ескерсек, Қазақстан 2009 жылдан бастап-ақ, Ұйымның тыныс-тiршiлiгiне белсене араласуға мүдделi әрi мiндеттi.

Жасыратыны жоқ, Мадридтегi кеңесте АҚШ пен Ресей арасындағы мүдделер қақтығысы айқын бiлiнiп тұрды. Оған орталықазиялық аймаққа ықпал етуге деген құлшыныстың себеп болғаны айқын. Әсiресе, РФ сыртқы iстер министрi Сергей Лавровтың ЕҚЫҰ Демократиялық құрылымдар мен адам құқығы жөнiндегi бюро мен Еуропадағы қарапайым әскери күштер келiсiмi негiзiндегi жалпыеуропалық қауiпсiздiк механизмдерiн реформалауға байланысты бiлдiрген ұсынысын америкалық тарап үзiлдi-кесiлдi қарсылықпен тойтарып тастады. Төрағалық ету мәселесiнде Қазақстанның кандидатурасын қос қолын көтере қолдаған, тiптi, «егер Қазақстанды төрағалыққа бекiтпесеңдер, Ұйымға мүшелiктен бас тартам» деп қорқытқан Ресей едi.

Сондықтан орыстар ДҚАҚБ қызметiн реформалауға қатысты ұсынысты қазақтар жағы сөзсiз құптайды деп күткен. Алайда, Марат Тәжиннiң мәлiмдемесi басқаша болды: «ДҚАҚБ мен оның қазiргi мандатын сақтауды Қазақстан өз мiндетiне алады және келешекте оларды әлсiретуге бағытталған қандай да бiр әрекеттi қолдамайды». Орыс сарапшыларының көпшiлiгi «Ресейдi қолдамады» деп қазақ шенеунiктерiне тоңқылдап жүр. Бiрақ кез келген мемлекетаралық мәселелер шешiмiн табарда көршiлердiң көңiлi емес, ұлттық мүдделер маңызды рөл атқаратынын ұмытпаған жөн. Әрi егемендiгiн әлдеқашан алған Қазақстан әрқашан дербес те тәуелсiз шешiм қабылдауға құқылы. Сондықтан қазақ министрiнiң дипломатиялық тұрғыда дұрыс қадам жасағанын ешкiм терiске шығара алмайды. Оның үстiне, Мадридтегi кеңестен кейiн Сергей Лавровтың: «Ресей Қазақстан кандидатурасын соңына дейiн қолдап келдi» деп мәлiмдемесiне ерекше екпiн беруiнiң астарында «мен – саған, сен – маған» деген бақай есеп емеурiннiң жатқаны айтпаса да түсiнiктi. Кезiнде КСРО-ға қалтқысыз қызмет еткен «15 одақтас» республикалардың тiзгiнiн Ресей уысында ұстауға жанталасуда.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары