«ЖЫРЫ» БIТПЕГЕН ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

«ЖЫРЫ» БIТПЕГЕН ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

«ЖЫРЫ» БIТПЕГЕН ҚЫМБАТШЫЛЫҚ
ашық дереккөзі
297

Халықаралық қаржылық ұйымдар қазақ билiгiн елдегi инфляция деңгейiн ауыздықтауға, қаржылық және баға саясатын күшейтуге кеңес бередi. Ал орыстар болса, қазақ жерiнен iрi дүкендер желiсiн ашуға жанталасуда. Әлемге танымал ғарыш айлағы мен мемлекеттiк маңызы бар ақпараттық кеңiстiгiн орыстардың қолына ұстатқан бiздiң Үкiмет қазақтардың сауда кеңiстiгiн де «екiжақты ынтымақтастық» жолында «құрбандыққа» шала ма?

Көз iлеспес шапшаңдықпен көтерiлiп бара жатқан инфляцияны ауыздықтау мәселесi бүкiл әлемнiң «бас ауруына» айналды. Қалтаға салмақ салған қымбатшылықпен қазақ қоғамы да күресуде. Бағаны қолдан өсiрiп қойып, мұртынан күлiп отырған ашкөздердi Үкiмет тiптi, заңды түрде жауапқа тартуға дейiн барды. Нарықты тығырыққа тiреген монополистерге тұсау салу керектiгiн айтқан халықаралық сарапшылар дабыл қағуда. Халықаралық қаржы қоры Кавказ елдерi мен Орталық Азиядағы Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан сияқты басқа да мемлекеттерде қаржылық саясатты күшейтуге және елдегi баға саясатын реттеуге кеңес бередi. Табиғи ресурстарға бай орталықазиялық аймақ пен Қап тауының етегiндегi елдер дүние жүзi бойынша экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердiң қатарында. Америкадағы ипотекалық дағдарыспен басталып, Еуропаны алқымнан алған қаржылық дағдарыстың үсiгiне шалынбас үшiн аса iрi инвесторлар қаржыларын осы екi аймаққа көптеп құйып жатыр. Осының кесiрiнен Жер шарының түкпiр-түкпiрiнде азық-түлiк бағасы қымбаттап, инфляция деңгейiнiң өсуiне ықпал еттi. Осы себептi, Халықаралық қаржы қоры шетелдiк инвестиция ағылған кейбiр елдерге пайыздық ставкаларды өсiру және ұлттық валютаның күшеюiне мүмкiндiк беретiн шетелдiк валюта нарығындағы бағамдық арақашықтықты азайту керектiгiн айтады. Сонымен қатар азық-түлiктi, әсiресе, тұтынушылық сұранысқа ие тауарларды қолдан қымбаттатуға жол бермеу мәселесi күн тәртiбiнде тұруы тиiс. ҚР Үкiметi елдегi баға саясатының тұрақталғанын, қымбатшылықтың тоқтатылғанын мәлiмдедi. Алайда, ас атасының құны кейбiр аймақтарда 60-65, 70-75 теңгеге барып бiр-ақ тiрелген елде күнделiктi тұтынатын басқа да тауарлар бағасы тым шарықтап кеткенi айтпаса да түсiнiктi. Егер шенеунiктерiмiз шынымен мүдделi болса, мұхиттар мен теңiздердiң арғы бетiндегi әлемдiк нарықты көлденең тарта бермей, алдымен тұрмысы төмен азаматтардың, әсiресе, «шықпа, жаным, шықпамен» отырған ауылдағы ағайынның жағдайын жасауы тиiс. Оған бiздiң мемлекеттiң экономикалық және қаржылық қауқары әбден жетедi. Жуырда қазақ шенеунiктерiнiң басын қосқан Президент Үкiметтiң жұмысына көңiл толмайтындығымен қатар әлеуметтiк ахуалды реттеудi тағы да қатаң тапсырды: «Мен жыл басында-ақ Ұлттық банктi, Қаржылық бақылау агенттiгiн және Үкiметтi инфляцияны әкiмдермен бiрге ауыздықтау керектiгiн ескерткен едiм. Осыны қайта мiндеттеймiн. Барлық деңгейдегi әкiмдермен бiрiгiп жұмыс жасаңдар. Сонымен қатар бұған президенттiк әкiмшiлiк те көмектесуi тиiс. Бүгiнге дейiн Үкiмет пен Ұлттық банктiң инфляцияны ауыздықтауға қатысты атқарған шаралары әкiмшiлiк негiзде болды. Әрине, iс жүзiнде нәтиже бар, бiрақ стратегиялық тұрғыда күрделi мәселенi түбегейлi шешу керек». Өз кезегiнде Мәсiмовтiң командасы Елбасының сенiмiне деген адал антын беруден аянып қалған жоқ: «Бәрi де орындалады!»…

ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң деректерiне сүйенсек, үстiмiздегi жылдың қаңтар-қазан айларында елiмiздегi инфляция деңгейi 13,4 пайызға жеткен. Соның iшiнде азық-түлiк тауарлары – 18,6 пайызға, тұтыну тауарлары – 7,3 пайызға, халыққа ақылы қызмет көрсету түрлерi 11,9 пайызға өскен. Күннен күнге қарқын алған қымбатшылық зейнетақы қорларының кiрiсiне де керi әсер етiптi. Әлемдiк нарықта орын алған аухалдың кесiрiнен зейнетақылық қорларға түсетiн пайда азайған. Банктер ұзақмерзiмдiк қаржыға зәру. Бiрақ тығырықтан шығар жолды тез табу мүмкiн емес. Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденовтiң пiкiрiнше, отандық банктердiң шетелдiк қаржы қорларымен жеке-жеке келiсiмге келуi мүмкiн, алайда, қаржы нарығындағы ширығу 2008 жылдың ортасына дейiн жалғаспақ: «Банк жүйесiндегi ахуалдың қашан тұрақталатынын тап басып айту қиын. Өйткенi, бәрi де халықаралық қаржы нарығындағы тұрақтылыққа қатысты». Әрине, бiздiң билiктiң инфляцияны ауыздықтау үшiн жанталасып жатқан әрекетiне өзгелердiң бас ауыртапасы анық. Олар өздерiнiң күйiн күйттейдi. Мысалы, омдық «Агро-Траст» корпорациясы» ЖАҚ Шығыс Қазақстан облысынан гипермаркеттер жүйесiн құруды жоспарлап отырған көрiнедi. Ресейлiк Ертiс жағалауы мен Қазақстанды түгел бойлайтын дүкендер желiсiнiң алғашқы жобасына орыстар 25 миллион еуро жаратпақ. Ресейде – екi, Қазақстанда бес құрылыс нысанын тұрғызуды көздейтiн ресейлiк кәсiпкерлер Шығыс Қазақстан облысын таңдау себептерiн мұндағы iрi сауда орталықтарының және бәсекелестiктiң жоқтығымен байланыстырады. Өскемен, Астана, Қарағанды мен Павлодарды қамтығалы отырған ресейлiк жоба үстiмiздегi жылдан басталып, 2008 жылы толығымен аяқталмақ. Жасыратыны жоқ, орыс кәсiпкерлерi өздерiнiң елiнде өмiр сүру қиындап бара жатқандықтан, жаңа сауда кеңiстiктерiн жаулап алуға мүдделi. Шетелдiк инвесторларға жағдай жасалған әрi экономикалық және саяси тұрақтылық орнаған қазақ қоғамы мен қазақ нарығы олар үшiн таптырмайтын олжа. Тек «бұдан кiм не ұтады?» деген сауалға бiрден жауап беру мүмiн емес. Өйткенi, мемлекеттiк тұрғыда аса маңызды саналатын ғарыш айлағы мен ақпараттық кеңiстiгiн орыстардың еншiсiне басыбайлы берiп қойған қазақ Үкiметi «екiжақты ынтымақтастық» жолында сауда кеңiстiгiн де «құрбандық» етсе, ұлттық мүдденi адыра қалдыратын «жалпақшешейлiкке» ұрынса, ауыздықтай алмай жатқан инфляция деңгейi туралы сөз қозғаудың өзi артық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары