ҮКIМЕТТIҢ ДЫМЫ IШIНДЕ

ҮКIМЕТТIҢ ДЫМЫ IШIНДЕ

ҮКIМЕТТIҢ ДЫМЫ IШIНДЕ
ашық дереккөзі
355

Жұрт алдында бiрнеше рет уәде берген Үкiмет елдегi қымбатшылыққа тосқауыл бола алмай отыр. Ал әлемдiк нарықтағы баға саясатын сылтауратқандар инфляция деңгейiнiң өсе түскенiне мүдделi. Оларды қарапайым адамдардың, әсiресе, ауылдағы ағайынның «тесiк» қалтасы «қызықтырмайды».

Осы аптада ақтөбелiк көлiк жүргiзушiлер әбiгерге түстi. Жанар-жағармай стансалары есiктерiн тарс бекiтiп алып, тұтынушыларға сауда жасаудан бас тартқан. Оның себебiн ресейлiк мұнай бағасының қымбаттауымен түсiндiрiптi. Жер қойнауы табиғи ресурстарға толы қазақ «қара алтынға» кенде емес. Бiрақ билiк жанар-жағармаймен iшкi нарықты қамтамасыз ете алмай отыр. Ол аз десеңiз, халықаралық сарапшылар әлемдiк нарықтағы мұнайдың 1 баррелi 100 долларға дейiн жетедi деп болжап отыр. Бағаның күннен күнге шарықтап бара жатқанына қарамастан, Қазақ Үкiметi келесi жылға арналған мемлекеттiк бюджетте елiмiзден сыртқа тасымалданатын 1 баррель «қара алтынды» 60 АҚШ долларына бағалады. Бюджетке қатысты заң жобасын мәжiлiсмендер алғашқы оқылымда-ақ бiрауыздан мақұлдап жiбердi. Бiздiң мұнайдың тым арзанға бағаланғанына бас шайқағандар кемде кем. Отандық сарапшылар болса, шененунiктердiң шалағайлығына наразы. Бiрақ нақты шара қолдануға шарасыз: «қайдан құлақ шығарса»…

Сонымен, бiздiң көлiктердiң жүрiп, тұруы да орыстардың шикiзатына байланып қалғандай. Үкiмет өткен айда отандық тауар өндiрушiлермен арнайы меморандумға қол қойған. Нан, май, қант сияқты басқа да күнделiктi тұтынатын тауарлардың нелiктен арзандап кеткенiн тексеретiн арнайы комиссия да құрылды. Қазiрдiң өзiнде тауарды жеткiзуде және сатып алып, қайта сатуда бiрқатар заң бұзушылықтарға жол берiлген. Билiк тiптi, бағаны қолдан өсiрiп отырған делдалдар мен алыпастарлардың үстiнен қылмыстық iс қозғалады деп те қорқытты. Бiрақ Үкiмет екпiндеттi екен деп тағынан түсе қойған баға жоқ. Аттандап жүрiп, нан бағасын 60-65 теңгеге тоқтаттық (нанның кейбiр түрi 78 теңге).Осыдан екi ай ғана бұрын құны 150-160 тұратын сұйық май бүгiнде 380-450 теңгеге, 550-600 теңге тұратын ет 700-750 теңгеге қымбаттады. Бұл Алматыдағы жағдай. Республикамыздың өзге өңiрлерiнiң кей жерлерiнде аталған өнiмдер бұдан да қымбат.

Түрлi мерекелер арақ-шарапсыз өтпейдi. Қыс мезгiлi мен алдағы мейрамдар спирттiк iшiмдiктердiң одан сайын қымбаттауына әсер етедi екен. Астық, жылу мен жарықтың қымбаттағанын көлденең тартқан «Семей арақ зауыты» АҚ, өскемендiк «Әдiл» АҚ қазаннан бастап өнiмiнiң құнын өсiрдi. Бұл iшкi нарықтағы арақ-шараптың екi есеге қымбаттауына әсер еткен. Кәсiпорын өкiлдерiнiң айтуынша, бұған дейiн бiр тоннасын 15 мың теңгеге астып алатын астық 25-30 теңгеге көтерiлген. Қарашадан бастап ақтөбелiк «Аяжан» арақ зауыты да өнiмдерiнiң бағасын өсiруге шешiм шығарған. Алайда, Ақтөбедегi «Өмiрбек» ЖШС өкiлдерi қыс мезгiлiнде iшкi нарықта iшiмдiкке деген сұраныстың артуы себептi өндiретiн өнiм көлемi де ұлғаятынын, сондықтан өз өнiмдерiнiң бағасы өзгермейтiнiн айтады. Демек, отандық шағын және орта кәсiпкерлiктегi астық, жарық, жылу мен жанар-жағармайды сылтауратқандар қымбатшылық деңгейiнiң өсе түсуiне мүдделi. Демек, әкiмдерге тапсырманы берiп қойып, қамсыз отырған Үкiмет баға саясатын түбегейлi ауыздықтаған жоқ. Яғни, бiр жарым айдан кейiн iшкi нарықтағы жағдай қандай болатынын көз алдыңызға елестете берiңiз…

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары