“САҒИДЫҢ” САҒЫН СЫНДЫРҒАН

“САҒИДЫҢ” САҒЫН СЫНДЫРҒАН

“САҒИДЫҢ” САҒЫН СЫНДЫРҒАН
ашық дереккөзі
938
«Қазақмыс» корпорациясы ұйымдасқан қылмысты құрықтауға атсалысты
 

Осы оқиғадан кейін «Қазақмыстың» аты экономикалық табыстарына байланысты ғана емес, қылмыстық іс қағаздарында да жиі аталатын болды. Абырой болғанда, тек жақсы ниетпен аталады. Себебі, «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы республикадағы ірі қылмыстық топтың ұсталуына көмектескен.

Әлқисса… «Қазақмыс» корпорациясы Қазақстан экономикасының дамуына елеулi үлес қосып келе жатқан саусақпен санарлықтай компаниялардың бiрi. Елiмiздiң барлық аймағында «Қазақмыстың» филиалдары мыңдаған адамға жұмыс берiп, күнкөрiс көзiне айналып отыр. Бiрақ корпорацияның әлеуметтi жұмыспен қамтамасыз ету бағытындағы адал ниетiн базбiреулер терiс мақсатта пайдаланғанға ұқсайды. Сөзiмiздiң дәлелi ретiнде Қарағанды облысында болған қылмыстық оқиғаның жай-жапсарын таратып айтып берсек. «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған аймақтық филиалынан көп мөлшерде мыс өнiмдерi мен жанар-жағар май жоғала бастағаны екi жыл бұрын байқалған. Мұны дер кезiнде Iшкi iстер министрлiгiне хабарлаған корпорация басшылығы өз iшiнен экономикалық талан-таражбен күрес бөлiмiн құрған. Қарағанды облысында бiраз уақыттан берi «Сағи» атты қылмыстық топ әрекет етiп келген. Басшысы – 36 жастағы Сағит Шоқпытов деген азамат, өзi I топтағы мүгедек. Жергiлiктi құқық қорғау органдары бұл топтың iс-әрекетiне сараптау жасап, бақылап отырғанымен, оны құрықтауға дәрменсiз болған көрiнедi. Қылмыстық топ аймақтық «Қазақмыстың» «дүниесiне» көз алартқанда «мың асқанға – бiр тосқан» болатынын естен шығарған сыңайлы. Бұл жөнiнде Қарағанды облысының ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының құжаттарында былай делiнген: «Ұйымдасқан қылмыс жеке кәсiпорындарды бағындыруға ғана ұмтылмайды. Қылмыс әлемiнiң беделдi тұлғалары билiк құрылымдары мен iрi корпорацияларға да ықпал етуге тырысады. Мәселен, Қарағанды облысында кеңiнен танымал Сағи есiмдi әлдекiмнiң қылмыстық тобының мүшелерi (Сағит Шоқпытов — 36 жаста, I топтағы мүгедек) аса iрi “Қазақмыс” тау-кен компаниясы қызметкерлерiнiң құрамына енiп кеткен. Қылмыстық топтың жетекшiсi Сағит Шоқпытов корпорацияның бөлiмдерiне өз адамдарын кiргiзiп, солардың көмегiмен ұзақ уақыт бойы мыс өнiмдерiн, жанар-жағармай материалдарын тонаумен шұғылданған». «Қазақмыс» корпорациясы — әлемдегi мыс өндiретiн ең iрi компаниялардың алғашқы ондығына кiредi. Оның акциялары Лондон қор биржасының листингiне енгiзiлген. Жыл сайын 40 миллион тонна кен, 400 мың тонна тазартылған мыс, 5 тонна алтын жамбысын, шамамен 700 тоннаға жуық күмiс жамбысын өндiредi. Корпорация басшылығы 2005 жылдың 1 қыркүйегi мен 17 қарашасы аралығында Iшкi iстер министрлiгiне «Қазақмыстың» иелiгiнен жалпы сомасы 500 мың долларды құрайтын 494 тонна мыс концентраты ұрланғаны туралы хат жолдайды. Бауыржан Мұхамеджановтың атына жолданған хатта аталған топтың басшысы Сағит Шоқпытов екенi айтылып, оған қатысты заң жүзiнде шара қолдануды өтiнген. Осы хат негiзiнде жедел құрылған iз кесушiлер тобы «Қазақмыс» корпорациясының құрамында «Сағи» қылмыстық тобының мүшелерi жұмыс iстейтiнiн анықтаған. Бiрқатар кенiш басшылары да солардың ықпалында екен. Олар айтқанына көнбеген азаматтарды жұмыс орнында соққыға жыққан. «Сағидың» мүшелерi күш көрсете отырып, түрлi жалған құжаттар жасатып, жалған рұқсат қағаздар арқылы мыс өнiмдерiн, жанар-жағармай материалдарын сыртқа шығаруға мүмкiндiк алыпты. Бұл деректердiң бәрi компания қызметкерлерi жазған арыз хаттарда көрсетiлген. Қарағанды облысының ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының құжаттарынан: «Сағит Шоқпытов өзiнiң қылмыстық ниетiне корпорация қызметкерлерiн тартқан. Оның тапсырмасымен цех басшылары, мастерлер, кен және зауыт бригадирлерi қолдан тауар-материалдық құндылықтардың көп бөлiгiн «артық» етiп көрсетiп, өздерi сол материалдарды арнайы қорғаудағы корпорация территориясынан шығаруға көмектескен. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Сағит Шоқпытов өз айналасына 50-ден астам адам жинаған. Олардың 20-сы – оған әбден берiлген және жақын-жуық адамдар. Әсiресе, оның екi сыбайласы – «Кутуз» бүркеншiк атты Марат Күнтуғанов пен «Пеле» деген әлдекiм ерекше қаталдықтарымен көзге түскен». Осы аралықта компанияға келтiрiлген шығын миллиондаған долларға жетiп жығылған. Қылмыстық топтың тағы бiр жетекшiсi – Ақадырдан шыққан кәсiпкер әйел Гүлнар Тағаева. «Кутуз» екеуi «Қазақмыс» кәсiпорындарында талайдың қалтасын қағып, несiбесiнен айырған. Қарағанды облысының ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының арнайы хабарламасынан: «…31 шiлдеден 1 тамызға қараған түнi Сейдахметов С.М. және Тағаева Г.А-ның ұлы Хасенов А.Д. «Қазақмыс» корпорациясының Қарағайлы кен байыту фабрикасынан 32 миллион 931 мың 849 теңге құрайтын 317 тонна мыс-мырыш концентратын ұрлаған». Қылмыстық топты күндiз-түнi бақылауға алған жедел iз кесушiлер олардың ұрланған мыс өнiмдерiн он шақты фирмаға нарықтық бағамен сататынын, ал қымқырылған жағармайды Жезқазған және Сәтпаев қалаларындағы өздерiне қарасты 10 май құю бекетiне өткiзiп отырғанын анықтады. Ең сорақысы, «сағишылар» қарапайым кеншiлердi де қан қақсатқан. Ай сайын олар кеншiлердi алдап-сулап, маңдай тер, табан ақыларынан 10 000 теңгелерiн алып отырған. Тiптi, кеншiлердiң жеңiл көлiгiн, пәтерiн, құнды заттарын тартып алған кезi де болған. Қысымға шыдамағандарды қорқытып-үркiтiп, жәбiр көрсеткен. Мыңдаған долларға дейiн «қарызға» батқан кеншiлерге «сағишылар» бiр ғана талап қойыпты: «қарызыңды төлей алмайсың ба, онда жұмыс орныңды босат». Ал Жезқазған өңiрiнде «Қазақмыстың» кен орындарынан басқа табысы мол жұмыс табу мұң… Кейiн белгiлi болғандай, қылмыстық топтың тайраңдауында «гәп» бар екен: Жезқазған Iшкi iстер басқармасында Сағит Шоқпытовтың iнiсi жұмыс iстеген. Құқық қорғау органының лауазымды қызметкерi ұйымдасқан қылмыстық топтың казначейi болған. Жедел iз кесушiлер «сағишылардың» соңына шам алып түскенде, әлгi шендi қылмыскер өз еркiмен жұмыстан кету туралы өтiнiш жазып қалдырады… Вагон-вагон мыс ұрлаған қылмыскерлердiң жемсауы толатын түрi көрiнбедi… Асаған үстiне асай түссем, жеген үстiне жей берсем деген пиғыл байқалды… Ақыры, тойымсыз топ қолға түстi. Қарағанды облысының ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының құжаттарынан: Түленов Б.А. өзiнiң қызметтiк құзыретiн пайдаланып, жеке пайда көру мақсатымен 2006 жылғы шiлденiң соңында «Қарағандытүстiметалл» мен «Эсер» ЖШС арасында жалға беру туралы ешқандай келiсiм-шарттың жоқ екенiне қарамастан, Сейдахметов С.-қа корпорацияның қоймасын пайдалануға берiп, «Қазақмыстың» темiржол тұйығын тауар тиеуге және оны Қытайға жөнелту үшiн пайдалануға рұқсат берген…». Бiрақ бұл жүк Қытайға жөнелтiлген жоқ… Гүлнар Тағаеваның «тауары» Балқаш станциясында құқық қорғау органдарының қолына түстi. Тағаеваның өзi де, оның сыбайластары да көп ұзамай тұтқындалды. Тексеру нәтижесiнде аталмыш қылмыстық iс бойынша Қарағанды облысының Iшкi iстер басқарамасының қызметкерлерi толтырған қағаздар 18 томды құраған… Бес ай бойы тексерiлген қылмыстық iс бойынша сот Гүлнар Тағаеваны – 7 жылға, жүкшiлер бригадирi Бекiшевтi – 6,5 жылға, Сейдахметовтi – 3,5 жылға, мастер Егеубаевты – 3 жылға, кен байыту фабрикасының директоры Түленовтi – 2 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешiм шығарды. Ал, «Қазақмыс» корпорациясының ЖШС жанар-жағармай материалдар базасының директорының орынбасары Алмас Жәкеев «Кутуздың» сыбайласы болып шыққан. Қарағанды облысының ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының құжаттарынан: «…Күнтуғанов ұрланған дизотынды қабылдап алып, оны жекеменшiк май құю бекеттерiне жеткiзiп тұруды ұйымдастырып отырған. Жәкеев корпорацияның базасынан дизотынды шығарып тұруды ұйымдастырып, заңсыз құжаттарды дайындап, ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерiне жағармайды сатқан ақшадан үстеме пайыз төлеп тұрған». Қылмыскерлердiң iс-әрекетiнiң нәтижесiнде «Степной» кенiшiнiң шахтасында дизотын жетiспеуге айналды, бiрақ қағаз жүзiнде ешқандай келеңсiздiк байқалмайтын едi. Жәкiшевтiң тапсырмасымен базаның жүргiзушiлерi жағармайды кен орнына емес, «Сатпай Су» ЖШС және Сәтпаев қаласындағы бұрынғы ДЭУ-3 территориясына жеткiзiп отырған. Ұрланған солярканы «сағишыларға» қарайтын май құю бекеттерiнде әр литрiн 50 теңгеден сатқан. Тексеру жұмыстары нәтижесiнде бiр жайт анықталды: соңғы бес жылда жекеменшiк май құю бекеттерi бар жеке кәсiпкерлерге темiр жолмен сырттан бiрде-бiр цистерна дизотын жеткiзiлмептi. Десе де, қалада жағармайдың тапшылығы байқалмаған. Осы жылдар iшiнде аймақтағы жанар-жағармайға бiрден-бiр тапсырыс берушi тек «Қазақмыс» корпорациясы болған. Жыл сайын корпорацияға бiрнеше миллион долларға дизотын әкелiнген көрiнедi. Қарағанды облысының ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының құжаттарынан: «19 тамызда Күнтуғанов, Жәкеев, Ан, Тюрина, Бодықов пен Байкенжинованың қылмыстық әрекеттерiнiң нәтижесiнде корпорация кәсiпорындарынан 6521 литр, 7 қыркүйекте – 7500 литр, 4 қазанда – 6521 литр дизельдi отын ұрланған. Осы топтың мүшелерi 2006 жылдың 19 тамыз бен 4 желтоқсан аралығында корпорация кәсiпорындарынан 3,5 миллион теңге құрайтын 65492 литр дизотын ұрлаған…». Былтырғы жылдың желтоқсан айында аты аталған қылмыскерлер бiрiнен соң бiрi тұтқынға түсе бастады. 4 желтоқсанда Сәтпаев қаласында Марат Күнтуғанов ұсталды, оның жеке көлiгiнен iрi есiрткi партиясы мен Калашников автоматының оқтары, ал үйiнен күштi жарылғыш зат – аммонал табылған. «Пеле» бүркеншiк атын жамылған Қайназаров та сол күнi қолға түстi. Оның үйiнен де оқтар мен жарылғыш зат табылды. Әлiмбаев 8 желтоқсанда әлдебiр шахтерден 500 доллар пара алып жатқан жерiнде ұсталды. Сонымен, бұл топ желтоқсан айының соңына дейiн түгел тұтқынға түстi. Жедел iз кесушiлер бұл iстi бiр жыл бойы тексерiп, зерттедi. Құқық қорғау қызметкерлерi қылмыскерлердiң iс-әрекетiн анықтап, тексерiп жатқан тұста Жезқазған өңiрiн тапсырыспен жасалған кiсi өлiмi дүр сiлкiндiрдi. 2006 жылдың 28 қарашасында Сағит Шоқпытовты өз көлiгiнде отырған жерiнде қасақана өлтiрiп кеткен. Аты-жөнi анықталмаған жалдамалы оны құқық қорғау орган қызметкерiнiң қаруымен атып кеткен. Қарағанды облысының ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының құжаттарынан: «2006 жылдың 28 қарашасында түнгi сағат 12.00-де Жезқазған қаласы, Алашахан көшесiндегi 37-үйдiң алдына «Ниссан-Патрол» джипi келiп тоқтады. Көлiкте «Сағи» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшiсi С.Шоқпытов отырды. Күзетшiсi оның заттарын алып, Шоқпытовтың осы үйдегi пәтерiне көтерiлiп кеттi. Жүргiзушi өз орнында болды. Осы сәтте джипке белгiсiз бiреу жақын келiп, Сағит Шоқпытовтың дәл қасынан бiрнеше рет атты. Шоқпытов сол жерде жан тапсырды…». Құқық қорғаушылар ертеңiне-ақ Сағит Шоқпытовтың өлiмiне байланысты Витта Махмаханов деген азаматты тұтқындаған. Махмахановтың күдiкке алынуына оның Лондондағы бауыры себепкер болыпты. Оның «Қазақмыста» өндiрiстiк тәжiрибеден өтiп жүрген кезде Сағитпен сөзге келiп қалғанын көргендер бар. Iнiсiнiң намысын қорғамақ болған Витта қолына қару алған деген жорамалды тергеушiлер екi айдан астам уақыт тексердi. Ақыры Махмаханов қылмысы дәлелденбеуiне байланысты бостандыққа шығарылды. Сараптау жұмыстарының нәтижесiнде Сағиттың өлiмiне себепкер болған қаруда Витта Махма¬хановтың саусақ iздерi жоқ екендiгi анықталды. Киiмiнен де кiсi өлтiруге қатысты белгiлер табылмаған. Осыдан кейiн “Қазақмыс” корпорациясы кәсiпорындарда талап күшейтiлдi. Корпорацияда экономикалық қауiпсiздiк департаментi құрылып, басшылық қызметтерде бiрқатар ауыс-түйiстер жасалды. “Қазақмыс” корпорациясы басқарма төрағасы Эдуард Огай “Корпорацияға материалдық зиян келтiргендерге қойылатын жауапкершiлiктi күшейту” туралы бұйрық шығарды. Ал, қойылған талапқа сай жұмыс iстей алмайтындар қатаң жазалауға ұшырап, қызметiнен шеттетiлуi де мүмкiн. Бұл – тамыры тереңге бойлаған, әбден былыққа батқан қылмыстық iс болды. Сорақысы, бұл iсте ұрланған мүлiк, қымқырылған ақшаның ғана емес, адал еңбек иелерiнiң көз жасы, адам қанының иiсi мүңкидi. Арам ақшаға құныққандар кiсi қанын жүктеудi де ауырлық көрмеген сияқты. Шоқпытовтың өлiмi қазақтың «мың асқанға – бiр тосқан» деген ескi сөзiн еске түсiрдi. Ендi осы оқиғадан өзгенiң мүлкiне көз алартушылар сабақ алса игi…
  Г.ЖЕҢIСБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары