ДНЕПР ЖАҒАСЫНДА

ДНЕПР ЖАҒАСЫНДА

ДНЕПР ЖАҒАСЫНДА
ашық дереккөзі
267

Украина сапарынан туған ойлар

Қазақтың «Атың барда желiп жүрiп жер таны, асың барда берiп жүрiп ел таны» деген аталы сөзiн түрлi iссапарға негiз етiп, Қазақстан өз үлгiсiн әлемге таныстырып келедi. Оның мән-маңызы мол. Бұл мiндеттi орындауда Қазақстан халықтар ассамблеясының төраға орынбасары Ж.Әлиевтiң де еңбегi үлкен. Әсiресе, ұлтаралық келiсiм мен бiрлiктi, ынтымақтық татулықты, теңдiк пен тұтастықты, тұрақтылықты, қол жеткiзген жетiстiктерiмiздi өзге елдер жұртшылығына баяндай жеткiзудiң орны ерекше.

Қай елге барсақ та 130-дан астам ұлт пен ұлт өкiлдерiнiң ұлтаралық татулықты сақтай, келiсiмдi тұрақтылықта өмiр сүрiп жатқанына баса назар аударады. Қазақстандағы ұлт мәселесi жөнiндегi саясатқа зор мән бередi. Қазақ деген дарқан халықтың ешкiмдi бөтенсiнбейтiн, жатсынбайтын кең пейiлiне ризашылықтарын бiлдiредi. Оған кәдiмгiдей марқайып қалады екенсiң. Бұл әрбiр Қазақстандық үшiн мақтаныш деп бiлемiн. Мұндай барыс-келiс елдi елге жақындатады.

Ұлтжандылығы басым елмен байланыс әрқашан мәртебелi, әрi екi жақты өзара қатынас достық пейiлдi қалыптастырады. Ал тiлдiк жағына келгенде бауырым езiлiп, жүрегiм құм болады. Сапарлардан аңғарған дүниемнiң бiрi — тiл мәселесi болса, екiншiсi — намыс, ар, болмыс. Қай басқосу мен жиын болса да әркiм өз тiлiнде сөйлеп, ағылшын тiлiне тәржiмеленедi. Тек бiздiң елдiң өкiлдерi ғана орыс тiлiнде жортақтап сөйлейдi. Жұртшылық қазақтың бай мәдениетiмен танысып, өнерiн тыңдап таңданса, киiмiн көрiп бас ие тамсанады, домбыраның үнiн естiп естерi кетiп, қыздарымыздың мың бұралған биiн көрген көздерiне сенер-сенбесiн бiлмей, өздерi де қосыла биге араласады. Бұл ғажап дүниеге кiм сүйсiнбесiн? «Елдестiрмек елшiден, жауластырмақ жаушыдан» деп дана халық текке айтпаған екен. Барған елдерiмiздегi елшiлiктердiң әрқайсысының орны ерекше бөлек. Дегенмен, ұлттық рухты асқақтатуға келгенде кейбiрiнде айырмашылықтың барлығы анық байқалып-ақ қалады. Оны өз басым Украинаға барған сапарда анық сезiндiм. ҚР Украина мен Молдаван республикасындағы елшiсi Жұмабаев Амангелдi Жұмабайұлының бойындағы жақсы қасиеттiң молдығы, елшiлiк қызметкерлерiнiң тындырымды, тиянақты, жауапкершiлiктi сезiне атқарған жемiстi iстерi сүйсiнтпей қоймайды. Қазақ тiлiн меңгерген мерейлi бауырларымның әрбiр қимылдарынан қазақылық төгiлiп тұрғаны менi қуанышқа бөледi. Қай тiлде үн қатсаң, сол тiлде жауап беретiн бiлгiр жандарға дән ризашылығымды бiлдiрiп, мың да бiр рақмет айтамын. Елшiнiң жандүниесiнде жаратылысы бөлек жандардың бойында ғана кездесетiн жасандылығы жоқ зерделiк пен зиялылық, адамгершiлiк пен кiсiлiк, кiршiксiздiк пен тазалық дарыған қазақтың адал, бiлiмдар перзентi екенiн байқадым. «Тiл» деген бiреудiң жаны мен жары болса, ендi бiреулердiң табаны мен тепкiсiнде. Украина елi үшiн ұлттың ең құнды дүниесi — тiлi. Туған тiл — олардың жандарын жадырататын, өмiрдiң барлық саласында еркiн қолданылатын ең маңызды дүние. Оны басқосудағы Елбасымыздың «Политика мира и согласие» – «Келiсiм мен бейбiтшiлiк саясаты», «Казахстанская путь» және «Қазақстандық жол» деген екi бiрдей кiтабының ашылу рәсiмiнде көзiм жеттi. Кiтапты украин тiлiне терең ой, жарқын жанар, таза пейiлмен өз тiлдерiнде Елбасымыздың ойлы да қоғамға қажеттi, өзгеге үлгi боларлық үзiндiлерiн келтiрiп аударған, оқырманы да, ғалымы да, жазушысы да, журналисi де егжей-тегжейлi талдап бастан-аяқ оқып шыққан.Оның мән-маңызы зор, пайдалы жағы мол екенiн айта келiп, бұл еңбекпен Президенттен бастап қарапайым халықтың да танысқаны абзал деп, өз ойларын ақтарып салды. «Қазақстанға деген ниетiмiз бен құрметiмiз ерекше» деп ағынан жарылып, адалдықтарын бiлдiрдi. Тiптен, Украинадағы барша халық украин тiлiнде сөйлейтiнiне көз жеттi. «Бiздерде 130-дан астам ұлт өкiлдерi тұрады. Олардың бәрi украин тiлiн бiледi, бәрiмiз сол тiлде сөйлеймiз. Сiздер де қазақ тiлiн үйренiңiздер, қазақ тiлiнде сөйлеңiздер» — деген ұсыныс-тiлек бiлдiрдi. Шiркiн, менiң отандастарым да «ештен де кеш жақсы» деп, жақсылықты бастап, қазақ тiлiне мән берiп, қандастарын соған үндесе екен деген тiлектi қабыл алуын көкте Алладан сұраймын, жерде отандастарымнан өтiнемiн. Бiрақ бiзде қазақ тiлi не заң жүзiнде, не адами психологиялық тұрғыда қорғалмай тұр. Украинада кiсi таңданатын, ұлтын ұлықтап, рухын асқақтататын, тарихына деген танымдылығы, дiнiне деген сенiмдерi, елiне, жерiне деген сүйiспеншiлiктерi, көненi көз жанарындай қадiрлеп-қастерлеуi, оның сақталуына өте бiр сақтықпен қарайтындары, ана тiлдерiн құрметтеуi керемет. Бұлардай ұлттық құндылықтарға мән берiп, барын баянды етiп, үйде де, түзде де тек өз тiлiнде сөйлеп, өз тiлiнде жазған бұрынғы Кеңес өкiметiндегi ең басты да, бастаушы да ел деген болар едiм. Бiрде-бiр мекеменiң, көшенiң, дүкеннiң аты басқа тiлде жазылмаған, тек украин тiлiнде жазылған. Сондықтан да ұлттық рух та, ұлттық таным да, намыс та басым, озық осы елден үлгi алғанымыз абзал. Әрине, қай тiлдi болсын игерiп, оны бiлгенiмiз өте орынды, оң iс, таусылмайтын бай қазына. Тiл бiлгеннiң өрiсi мен тынысы кең. Бiр ұлтты, көп ұлт өкiлдi мемелекет — көп түстi, алуан түрлi гүл iспеттес. Олардың әрқайсысының тiлi, дiнi, салт-дәстүрi бар. Солардың бәрi өркендесе, мемлекетiмiздiң тарихи, мәдени, әдеби тұрғыда өңiн ашары даусыз. Өз мемлекетiнiң тiлiн бiлмеген, мән бермеген ел өзгенiң тiлiнiң көлеңкесiнде қалып, соған жем болады. Өз тiлiнсiз ешбiр жұрт ел санатына қосылмайтыны айдан анық. Ұлттық белгi — түрiмiзден бұрын, тiлiмiзден танылса екен. Орыс тiлiнiң үстем, мәртебесi биiк болғандықтан, қазақ тiлiнiң «төр менiкi» деуiне шама бермей келемiз. Оны қолданыс құқығынан айырудамыз. Ағылшын тiлi әлемдiк тiл, ол тiлде әлем сайрап тұр. Сондықтан оның өмiрлiк қажеттiлiгiн әркiм-ақ ұғады. Әрбiр тiлдiң өзiндiк, елдiк, мемлекеттiк қолданыс аясы, өзiндiк өрiсi, шектелген шекарасы бар. Ендеше, үш бағыттты бетке ұстап, қазақ тiлi тек Қазақстанда ғана қолданылатынын ескерсе, әрбiр мемлекет өз тiлiмен ел екенiн ұмытпай, мемлекеттiк тiлге басымдылық берiлсе. Өзге елдердегi сияқты алдымен өз мемлекетiнiң тiлiне мән берiп, тұрған елiнiң тiлiн, яғни, қазақ тiлiн бiлуге мiндеттiмiз. Қазақ тiлiнiң шекарасы Қазақстанмен ғана шектеледi. Одан шыққаннан кейiн қолданылмайды. Орыс тiлi Кеңес өкiметiнiң шекарасымен бiтедi. Ал, ағылшын тiлiнiң қолданыс аясы кең, шекарасы шексiз, бiрақ ол баршамызға ортақ емес. Белгiлi бiр мамандыққа орай, өзiне қажет деп тапқан жан керегiне қарай үйренiп меңгередi. Оның жолы көп. Посткеңестiк елдер бiр-бiрiмен орыс тiлiнде түсiнiседi. Ағылшын тiлi мен орыс тiлi қанатын кең жаяр аясы, қолданыс ортасы, жоғын жоқтайтын Отаны, иесi бар. Ал, қазақ тiлiнiң жоғын жоқтаушы тек қазақ елi — Қазақстан ғана. Қазақ тiлi Қазақстанға, қазақ мемлекетiне керек. Қазақстан, қазақ — қазақ тiлiнiң жоғын жоқтамаса, барын баянды етпесе, қанат жаяр, қолданар ортасы мен басқа ел мен жер жоқ. Өз елiнде өз ортасын жасамаса кiм жасауға тиiстi? Бiзде ұлттық рух та, намыс та, болмыс та, таным да басым болу керек. Қазақ тiлi дегенде бұл жұрттың кежегесi нелiктен керi тартып тұратынына таңмын. Рухтың, намыстың жоқтығы ма? Ұлттық болмыстың, елжандылықтың, қазақы табиғаттың, мiнез-құлықтың, менталитеттiң, сананың төмендiгi ме? Қазiргi жаңа жасақталған Парламент, жаңа сайланған халық қалаулыларының кейбiреуi болмаса, көпшiлiгiнiң көңiл бөлiп отырғанын көрмеймiн. Тiл — бiрлiктi бекем ететiн қуатты күш, дәнекер.

Қазақ тiлi өз елiнде, өз мемлекеттiк тiлiне жағдай жасап, өз биiгiне көтерiп, өз дәрежесiне жоғарылатып — тұғырына қондыра алмағанымыз аса өкiнiштi, орны толмас қасiрет. Қазақ халқын ұлт деп мойындап, ұлт екенiн естен шығармай ұлықтасақ, Отандастар!

Тiл үйретуде республикамызда жақсы нәтижеге қол жеткiзу үшiн қазақ тiлi мен мәдениетiне көп көңiл бөлгенiмiз жөн. Бала қай тiлде оқыса, сол тiлдiң мәдениетiне жақындай түседi. Қай тiлде сөйлесе, сол тiлге қызмет етедi. Мемлекеттiк тiлдi оқытатын жеткiлiктi бiлгiр маман дайындап, үлгiлi әдiскерлердiң әдiсiн, озық мектептердiң тәжiрибесiн кеңiнен қолдану ауадай қажет. Басқа елдер тәжiрибесiнде ол қалай iске асырылатынын саралай түсiп, өзiмiздiң өмiрiмiзде iске асырсақ. Басқа жұрттың көңiлiне қарап, солардың көңiлiн қалай тапсақ, ендi қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтерiп, қазақтың көңiлiн табайықшы. Алдымен қазақ тiлiн меңгерейiк, содан кейiн өзге тiлдердi үйренейiк. Билiктiң қазақ тiлiне ықыласы жоқ. Ал, бұқара халық билiктi үлгi тұтады. Билiктегiлер қазақ тiлiне назар аудармайды. Қазақ тiлiнiң қатынас құралына айналуына құлықты емес. Егер өзiмiздiң ұлттық намысымыз бен сезiмiмiз асқақ болып, тiлдiк орта қалыптастырғанда, бүгiнгiдей келеңсiздiк пен жанайқай тумас едi. Билiк өзiне ыңғайлы орыс тiлiн ығыстыруға ниет етпей отыр. Үкiметiмiз босаңдық танытуда. Сөйте тұрып, қазақтың өзiне бәле салып тұрмыз. «Өздерiң неге қазақша сөйлемейсiңдер» деп, бөтен бiр елдiң азаматтары сияқты кiнә артамыз. Билiк пен байлыққа қол созғанның бәрi өзге тiлге арқа сүйеп, соған қол жеткiзiп, өзге тiлдiң жетегiнде кетiп бара жатқанымызды неге жасырамыз?

Өмiрдiң барлық саласында қазақ тiлiн қолданып, мемлкеттiк тiлдiң қажеттiлiгiн арттырып, мәртебесiн биiктетуге кiм болса ол болсын —Қазақстан азаматтарының бәрi атсалысуға мiндеттi. Бұл күнде тiлге елiктеушiлiк бар, бiрақ толық мойындап, iшiне бойлай алмай жүрмiз. Дегенмен, қалай болған күнде де тұрған елiмiздiң тұлғалық қасиетiне – ұлттың тiлiне, дiнiне, мәдениетiне, парасаттылығына, өзiндiк ерекшелiгiне мән бере, қазақ халқының ұлттық сипатын жарқырата ашып көрсетуге тиiстiмiз. Iс қауқарлы болу үшiн жүйелiлiк керек. Сағат Әшiмбаев: «Халық пен тiл — егiз ұғым» дейдi. Олай болса, тiл мүддесi — халықтың ең жоғарғы мүддесi. Ұлттың да, тiлдiң де тағдыры қолдарыңызда, обалы мойнымызда. Тiлдiң тiрегi қолданыс та, иесi халық, бұл күнде мемлекет. Ал, билiктiң арқа сүйерi де, соңғы тiрегi де — халық. «Францияның ұлылығы сонда, ол бар француз халқын ұлттық құндылықтарының маңайына топтастыра бiлдi» деген сөз бар. Бiздiң елде қазақстандықтарды ұлттық құндылықтардың төңiрегiне бiрiктiре алмай келемiз. Ұлт болып қалғымыз келсе, ақиқат пен өтiрiктiң аражiгiн ажырата бiлуiмiз керек. Ендеше, қыранның ұясына қарғаны қондырмайық, ағайын! Мына даналықты да ұмытпағанымыз абзал: «Дүниеде әр түрлi құлып бар. Оған сай әртүрлi кiлт болады. Мұны тек металдан жасалған кiлт деу — әбестiк. Бiле бiлсек, тiл — адам жаны жұмбақтарының көзге көрiнбес құлыптарын ашатын, бiзге белгiсiз әлемдi танытатын сыйқырлы кiлт».

Асылы ОСМАНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесi

Серіктес жаңалықтары