БАЛАЛАР БАСЫЛЫМЫ НЕГЕ АЗ?

БАЛАЛАР БАСЫЛЫМЫ НЕГЕ АЗ?

БАЛАЛАР БАСЫЛЫМЫ НЕГЕ АЗ?
ашық дереккөзі

Дәл осы сұрақты «Бақытты жұлдыз астында» атты медиафестивальде ұйымдастырылған брифингте қойдым. Бұған «Мөлдiр бұлақ» журналының бас редакторы Ж.Кульчикова, Сенат депутаты С.Жалмағамбетова жауап беруге тырысты. Олардың айтуынша, балалар басылымы баршылық. Бiрақ, шалғай ауылдарда тұратын балаларға мерiзiмiнде қолға тимейтiн көрiнедi. Кеңес үкiметi кезiнде балаларға арналған басылымдар өте көп болған деседi.

Сол арқылы барлық мектептерде тәрбие саласына байланысты оқушылар арасында үгiт-насихаттар кеңiрек жүргiзiлген. Жас балалардың шығармашылығын дамыту мен шыңдауда мұғалiмдердiң қызметi ерекше болған. Бiр сөзбен айтқанда, басылымдар маңызды рөл атқарғаны даусыз.

Газет, журналдар ақпарат көзi деймiз. Жаңалық көзiн оқушылар пайдаланып жатыр. Орта мектептерде басылымдарға деген көзқарас қандай? Бұл күнде мектеп оқушылары газет оқымайды десем артық айтқаным емес. Кiтап оқу мәселесiн мүлдем қозғамай-ақ қояйын. Әдебиет сабағында шығарма жазу тапсырылса, бiрден интернетке жүгiредi. Дайын нәрсенi көшiрiп әкеле салады, оны қадағалайтын мұғалiмдер аз. Оның үстiне басылымдарға деген көзқарас дұрыс жолға қойылмаған. Менiң ойымша, балалар проблемасын көтеретiн газеттер көп болуы керек. Мәселен, телеарналарды алып қарайықшы. Балаларға арналған бағдарламалар кездеспейдi. Оның есесiн тәрбиелiк мәнi жоқ күнделiктi телесериалдар толтырып тұр. Сериал бiттi-ау дегенде, екiншiсi дайын тұрады… Мұнда көрсетiлген адам өлтiру, зорлық-зомбылық жас баланың психикасына әсер ететiнiн барлық ата-аналар жақсы бiледi.

Мен — оқушымын. Балаларға арналған газет-журналдар оқығым келедi. Достарым да солай. Өкiнiшке қарай, елiмiзде басылымдар өте аз. Тiптi, кiтапханалардың өзiнде оқушылар оқитын кiтаптар жетiспейдi. Ал, жаңасын сатып алуға қаржы мәселесi бой бермейдi дейдi. Үкiметiмiз тарапынан балалар басылымына деген жаңаша көзқарас, оқушыларға арналған жеңiлдiктер ойластырылса, бәсекеге барынша қабiлеттi елу елдiң қатарына кiруге атсалысуға бiз де мүдделi екенiмiздi ескерер едiк.

Шолпан НАЙМАНБАЕВА

Целиноград ауданы,

Фарфор ауылы