Түркия мүфтиi – «НҰР-МҮБӘРӘКТА»

Түркия мүфтиi – «НҰР-МҮБӘРӘКТА»

Түркия мүфтиi – «НҰР-МҮБӘРӘКТА»
ашық дереккөзі
346

Алматыға алғаш рет зиярат етiп келген Түркия Дiни iстер басқармасының төрағасы, Еуразия Ислам Шурасының төрағасы, профессор Али Бардакоғлы «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениетi университетiне арнайы соғып, осы оқу орнының оқытушылары және студенттерiмен, шақырылған қонақтармен кездестi.

Қазақ, араб, түрiк ұлты өкiлдерiнiң һәм мұсылмандарының басын бiрiктiрген бұл жүздесуде «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениетi университетiнiң ректоры Мұхаммад Фаһми Хижази, проректоры Шәмшидин Керiм, оқу iсi меңгерушiсi Али Рауфұлы меймандарға «Қош келдiңiздер!» дей отырып, екi ел арасындағы бауырластықтың жалғаса беруiне тiлектестiктерiн бiлдiрдi.

Содан соң құрметтi қонағымыз Али Бардакоғлы түркиялықтардың ыстық сәлемiн жеткiзiп, ондағы дiни ахуалдан сөз қозғап «Алдымен «Нұр-Мүбәрәк» университетiн ашып,оның руханиятқа зор үлес қосуына көңiл бөлген Қазақстан Президентi Н.Ә.Назарбаевқа рахмет айтамын.

Түркия тәп-тәуiр дiни жұмыстар атқаруда. Қазiр Түркия республикасында 80 000-нан астам мешiт, 22 дiнтану факультетi, 90 000 хафиз, мемлекет қаржысымен 150 000 имам-хатиб, 7 000 маркез бар. Сiздердегiдей бiзде де дiн мемлекеттен бөлек, бiрақ дiнге қарсы емес. Керiсiнше дiнге қызмет бар. Қайырымдылық жасауда да ислам мемлекеттерi сияқтымыз. Құшақ жая қарсы алған ықыластарыңызға Аллаһ Тағала риза болсын!», – дедi.

Ал университет проректоры Шәмшидин Керiм: «Бiз Түркияның дiн мәселесiне көңiл бөлiп отырамыз. Ғылымда алда келе жатқан мемлекет ретiнде Түркияны өзiмiзге үлгi етемiз. Руханият саласында көптеген тамаша кiтаптар шығаруда. Сол кiтаптарды бiрiгiп аударып халыққа жеткiзудi қолға алсақ деген ниетiмiздiң жүзеге асуына көмектессеңiздер», – деп өтiнiш айтты. Профессор Али Бардакоғлы: «Бұл бұйымтай Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасында қол қойылатын протоколда бар», – деп жауап бердi.

Сондай-ақ, ғылым докторлары Мұхаммад, Сабри Хизметли, Мұхитдин Иса т.б. бәрiмiздiң ортақ мiндетiмiз – исламды тарату екендiгiн ерекше атап, Али Бардакоғлының алғашқы зияратының университетке пайдасы болатынына сенiм бiлдiрдi.

Жүздесу соңында суденттерге қаратып: «Сiздерге үлкен мiндет жүктелген, ол – дiн мiндетi, оны жоғарыға көтеру қолдарыңызда» – делiндi. Аллаһ Тағала сол мiндеттi атқару жолында бәрiмiзге кең мүмкiндiктер мен күш-қуат бергей!

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары