БОЙКҮЙЕЗДIКТI ҰЛТЖАНДЫЛАР ҒАНА ЖЕҢЕДI

БОЙКҮЙЕЗДIКТI ҰЛТЖАНДЫЛАР ҒАНА ЖЕҢЕДI

БОЙКҮЙЕЗДIКТI ҰЛТЖАНДЫЛАР ҒАНА ЖЕҢЕДI
ашық дереккөзі
259

Әкiм Ысқақтың шығармашылық кешiнен кейiн туған ойлар

Адамзат тарихы әрi таңғажайып, әрi сана жетпейтiндей күрделi. Аузы дуалы бiлгiрлер өткен тарихтағы оқиғалар қайта айналып соғады деседi. Кiм бiлсiн, солай да шығар. Бiр белгiлiсi – қоғамдық өмiрде адам, жеке тұлға әрекет етуден бас тартып, санасын бойкүйездiк жаулаған шақта адамзат тарихында тоқырау басталатыны. Әйгiлi Лев Николаевич Гумилевтiң «пассионарлық идеясының» түп-төркiнi де осынау бойкүйездiк мәселесiн ой елегiнен өткiзуде жатыр.

Оған дәлел iздеп тарих қойнауына сүңгудiң қажетi жоқ. Бiр кездегi құдiреттi КСРО-ның күтпеген тұстан күйреуiнiң өзi осыған дәлел. Империяны жаппай жайлаған бойкүйездiк тоталитарлық жүйенi өмiр сүруге қабiлетсiз етiп, қоғамдық өмiрдiң барлық салаларын тоқырауға ұшыратты. Сонымен қатар, шеткерi аймақтарда ынталы, табанды, жаңа iстерге ұмтылушы белсендi адамдарды да қалыптастырды.

Тәуелсiздiк алған Қазақстанның жағдайында бұл анық көрiнген. Қазақ қоғамы қысқа уақытта, бiр жағынан, әлгiндей жаңашыл, тосын әрекет жасаудан, тыңға түрен салудан қаймықпайтын адамдарды саяси кеңiстiкке алып шықса, ендi бiр тұрғыдан өткенге де өкпе артатын, бүгiнгi күнге де көңiлi толмайтын енжар, салғырт, онша-мұнша селт етпейтiн қауымды дүниеге әкелдi. Ал, өкпе артудың қарғыстан несi кем?!

Бiрақ, адам ақылы мен өнегесiнiң дамуы неғұрлым жоғары болса, ол соғұрлым азат, еркiн өмiр сүрiп, соғұрлым өмiрден көбiрек ләззат табатыны да еш күмәнсiз. Белгiлi азамат, ақын, сазгер Әкiм Ысқақтың Астанадағы «Конгресс-Холлда» өткен «Жүректегi жазулар» атты сазды-поэтикалық кешi осындай тұжырым жасауға итермелеген.

«Тарих доңғалағы айналып соғады» деуге келсек, ежелгi Қытайда Бас орнықтырушы деген лауазым болғаны белгiлi. Сун империясы тұсында жаулап алған жерлерден көшiрiлгендердi жаңа жерлерге орнықтыру жұмыстарымен айналысатын ұлықтар осылай аталған.

Егер сондай лауазым тәуелсiз Қазақстанда да берiлетiн болса, оған Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстан Республикасы Парламентi бiрiншi шақырылымның депутаты, алғаш рет қазақ тiлiнде «Халықтың Көш-қоны туралы» Заңын жазған, 1997 – «Жыл адамы» атанған Әкiм Ысқақтың лайық екенiне күмән жоқ. Мемлекет қайраткерi, марқұм Қаратай Тұрысовтың өз кезiнде iзбасар iнiсiнiң еңбегiн: «Әкiм Ысқақ ұлты үшiн ұлы дүние жасады. Алыстағы ағайынның қамы үшiн, қандастардың жаны үшiн қара терге түсiп, атаның басын төрге сүйредi», – деп аса жоғары бағалауы бекер емес.

Өмiрдiң ақ парағы балалық шақтан басталатыны рас. Адам үшiн балалық шақтан тәттi, сол қымбат та қимас кездерiн еске алудан артық ештеңе жоқ. Көрнектi ақын Қайрат Жұмағалиевтiң Әкiмдi «балажан ақын» деп атауында да терең мән, тұспал жатқаны сөзсiз. Адамның, әсiресе жазушының қалыптасуына оның туған жерi ерекше рөл атқаратынын ескерсек, Әкiм Ысқақтың туған жерi, өскен ортасы туралы сөз айтпай кету мүмкiн емес. Бұның жершiлдiк, рушылдыққа еш қатысы жоқ. Коммунистiк жүйе тұсында жер-жерде орыстандыру саясаты үдеп, ортақ «совет халқы» дегендi түзу идеологиясы асқындап тұрған уақытта қалың қазақтың қаймағы бұзылмай, ұйып тұрған өлкесi – Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнiң орны бөлекше. Бiреуге ұнар, бiреуге ұнамас, бiрақ жалпы Оңтүстiк Қазақстан ұлттың ұлттығын, қазақтың қанын неғұрлым сақтап қалған Жиделi Байсын екенiн мойындау қажет. Тiптi, ұлы Француз революциясы жылдарында қорқынышты террор, қаратүнек уақытта король билiгiн сақтап қалу жолында жан берiп, жан алыса күрескен Вандея өлкесi, вандейлiктер сияқты. Ал қазақ халқының қасiреттi әрi жеңiмпаз тарихында Ордабасының орны мүлдем ерекше екенi дәлелдеудi қажет етпейтiн шындық.

Әкiм Ысқақ республикалық «Жас Алаш» газетiнiң оңтүстiктегi меншiктi тiлшiсi қызметiн атқара жүрiп, қазақ тiлiнiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жазған сандаған мақалалары оқырмандардың жүрегiн жаулап, адамдардың санасын түртiп оятқан едi. Жоғарыда айтқанымыздай, бойкүйездiктi шын мәнiнде ұлтжандылар, ойы биiк өрелi жандар ғана жеңе бiледi. Әкiм де сондай қазақтың қамын жеген қайраткер деңгейiне көтерiле алған аяулы азаматтардың бiрi. Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, көрнектi ақын Фариза Оңғарсыованың: «Әкiм Ысқақ – талант тұлпарына тайсалмай ұмтылған iнiмiз. Ол өзiнiң бiр кезде Ордабасыда жүрiп жазған өлеңдерi мен эсселерiнде, мақала, очерктерiнде адалдық, бiрлiк, татулық пен жанашырлық секiлдi киелi қасиеттердi өзек еткен бағытынан,«Жас Алаштың» тiлшiсi болып жүргенде де, республика Парламентiнiң депутаты ретiнде де жалтарған емес», – деуiнде үлкен шындық жатыр.

Қаламгер, ақын ретiнде Әкiм Ысқақтың туған жерiне деген ықыласы мүлдем еркше екенiн де айтпай кетуге болмайды. Туған Бөрiжарын сағынғанда ол:

«Өткен күннiң сәтiне көңiл елтiп,

Сағыныштың шақырар желi желпiп.

Жырламассың қалайша туған жердi,

Ынтық етiп тұрғанда тебiрентiп.

Жетемiн деп жүремiн саған қашан,

Сағым бейнең елестер алаңдасам.

Мұнша ғашық өзiңе болар ма едiм,

Ғұмырыма ғұмырлық нәр алмасам», –

деп оқырманымен алғаусыз сыр бөлiседi.

Әрине, ақын мен азаматтық туралы ежелден жұртқа белгiлi тұжырымды қайтадан ой елегiнен өткiзер болсақ, Тәуелсiздiгi баяндылықты талап ететiн Қазақстанда азамат бола бiлудiң жөнi мүлдем бөлекше. Iс-әрекетi, мойнына артқан ауыр жүгiмен өзiнiң шынайы азматтығын дәлелдей бiлген тұлғаларды тұспалдап отырмыз.

Осыдан он жыл бұрын елiмiздегi жағдай әлi де аса қиын болатын. Шешуiн күткен, күрмеуi қиын түйiндер аяқ бассаң кезiгетiн аса күрделi кезең. Тағдырдың тезiмен әлемнiң әр қиырына тарап кеткен отандастарды бiр шаңырақтың астына – туған Қазақстанға жинақтау да кезек күттiрмейтiн аса маңызды жайттардың бiрi. Жәй ғана шақыру, жинақтау емес, сол қасиеттi мiндеттi атқаруға қолғабыс ететiн, барлық кiлтипанды тұстарға шешiм табылатын Заң қабылдау қиынның қиыны. Осыдан он жыл бұрын, яғни, 1997 жылы Парламент қабырғасында 42 отырыс жасалып, осынау өмiрлiк заң үшiн талас-тартыс 11 айға созылғанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмес. Ақыры Үкiметтiң дайындаған заң жобасы керi қайтарылып, Әкiм Ысқақтың қазақша дайындаған балама заңы «Халықтың Көш-қоны туралы» Заңы қабылданумен тынды бұл тартыс. Бұл заңға Елбасы сол кездегi Ақмола – бүгiнгi Астанада қол қойды. Астанада дүниеге келген, мемлекеттiк тiлде жазылған тұңғыш Заң! Бұл Парламенттiң, әрiсi бүткiл қазақтардың жеңiсi едi. Iзiнше елiмiзде Көшi-қон жөнiнде өкiлеттi орган құрылды.

Содан берi байқалмай өткен он жылда жүздеген мың адам туған жерге көшiп келiп, тарихи отанымен тағдырларын сабақтастырды. Өсiп-өркендедi.

Иә, өз бойындағы ғана емес, өзгелердiң бойындағы бойкүйездiктi жеңе бiлген, жеңуге жол ашқан Әкiм Ысқақ сынды азаматтар барда қазақ жұртының дамуы ешқашан iркiлмейтiнi, тоқтамайтынына күмән жоқ.

Б.ҚАНАТПАЙ

Серіктес жаңалықтары