ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕР ТIЛIМIЗДIҢ БЕДЕЛIН ТҮСIРIП-АҚ ЖҮР

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕР ТIЛIМIЗДIҢ БЕДЕЛIН ТҮСIРIП-АҚ ЖҮР

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛIКТЕР ТIЛIМIЗДIҢ БЕДЕЛIН ТҮСIРIП-АҚ ЖҮР
ашық дереккөзі
323

Жас әрi жiгерлi болған соң күйбең тiршiлiктiң қамымен жан-жаққа шапқылауың, әлбетте, көп болмақ. Сонда қаланы аралай жүрiп, қоғамдық көлiктердегi келеңсiздiктер көңiлiңдi ерiксiз өзiне аудартады.

Бiрде №25 автобустың билет тексерушiсi аялдамалардың атын бiлмейдi ме, әйтеуiр, тиын-тебен жинаумен ғана шектелдi. Қоғамдық көлiк iшi жолаушыларға лық толған, олар қандай аялдамаға тоқтағанын бiлмей дал. Осы сәтте орындықта отырған қария: «Аялдамалардың атын неге бiлмейсiң? Жұмысыңды дұрыс атқармайсың ба? …» деп ұрыса кеткенi бар ма… Билет тексерушi жас қыз екен. «Қарағандыдан келгенмiн, мұндай жұмысқа ендi кiрiстiм. Кiшiге ақыл айтып, iзет көрсетудiң орнына үлкен басыңызбен iшiп алып, не деп былжырап отырсыз?», – деген қара торы қыз да қалысар емес. Ыңғайсыздыққа тап болған жолаушылардың да өңi қашып, ашуланған болды. Жастар жас қызға, аға буын өкiлдерi қарияға жақтасып, дау-дамай өршiп кеттi. Сырт көз сыншы ғой, қарияның жөн-жосықсыз сөйлеуi, жас қыздың үлкенмен ерегесуi қасиеттi Рамазан айында, әлбетте, дұрыс емес. Алматының тұрғындары үлкенге құрмет, кiшiге iзет деген қасиеттерден жұрдай болып бара жатқаны ма? Бұл қоғамдық көлiктегi келеңсiздiктердiң бiр қыры ғана. Абай даңғылының бойымен жүрген темiр көлiктердiң бiрiне мiнiп қалсаңыз, барлығы да «Правда», «Матезалка», «Софья», «Баумана» деп сампылдай жөнеледi. Бұл көшелердiң – Ы.Алтынсарин, Өтеген батыр, Н.Тiлендиев, Т.Өзал деген қазақша атаулары бар емес пе? Әрi жақында ғана Алматыдағы қоғамдық көлiктердiң көшелердiң ескi атаулары бойынша айтуға тыйым салынады деген сыңайда мәселе көтерiлген жоқ па?

Мемлекеттiк тiлiмiздiң мәртебесi Алматыда, оңтүстiктегi басқа облыстарға қарағанда ақсаңқырап тұр-ау! Қоғамдық көлiктерде, көк базарда, «қара базарда» қарапайым жұртшылықтың өзi тiлiн сындырып, орысша сөйлейдi. Осы әдетiмiзбен сырттан келген қонақтарға қалай сыйлы боламыз?

Филолог Е.Мәсәлiм осы жөнiнде өз пiкiрiмен бөлiскен едi: «Қазақстанға бiрiншi рет сапар шеккелi отырған ағылшын ұшақ iшiнде кездескен орыс әйелiнен Қазақстан туралы сұраған екен. Әлгi келiншек: «Қазақстан деген өз тiлiн бiлмейтiн, бiлсе де орысша сөйлейтiн, ана тiлiн қадiрлемейтiн ел» дептi. Сонда осы әңгiменi естiп отырған Қазақстанды аңсап, кең байтақ елiмiздi бiр көрудi арман еткен 27 жасар венгриялық жас ғалым Андраш Кар орысқа қарсы шығып: «Қазақтар өз тiлiнде сөйлейдi, тiлiн, дiнiн құрметтейдi. Олар қонақжай халық», деп пiкiр таластырған. Бiрақ ұшақтан түсiп, әсем қала Алматыға келген Андраш Кар көпшiлiк орындардағы қалың бұқараның орыс тiлiнде сөйлегенiн көрiп ұшақтағы орыс әйелiне қарсы шыққанына өкiнген едi. Өкiнiшке орай, кейбiр қазақтардың өзi ана тiлiн менсiнбейдi. Сондықтан да оңтүстiк астанамыздың тұрғындары толыққанды қазақ тiлiнде сөйлеп кетуi күмәндi» дейдi ғалым.

Қоғамдық көлiктердегi келеңсiздiктер қашан түзелер екен? Тiлiмiздiң қадiрi бұқара арасында төмендеп кеткен жоқ па? Әттеген-ай, мұндайда М.Әуезовтей «iш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» демеске амал бар ма?

Жансая ПЕРНЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары