РОМАНО ПРОДИ МӘСЕЛЕНI БIРЖАҚТЫ ЕТЕ АЛМАДЫ

РОМАНО ПРОДИ МӘСЕЛЕНI БIРЖАҚТЫ ЕТЕ АЛМАДЫ

РОМАНО ПРОДИ МӘСЕЛЕНI БIРЖАҚТЫ ЕТЕ АЛМАДЫ
ашық дереккөзі
162

Қазақстан шетел инвесторларын жауапқа тартуды жалғастыруда

Бүкiл әлемдi алаңдатқан Қашаған кен орнының мәселесi әлi шешiмiн тапқан жоқ. Өткен аптада ат терлетiп жеткен Италия премьер-министрi Романо Продимен арадағы келiссөз де өз нәтижесiн бермегенге ұқсайды.

Өзара кездесуден кейiн, журналистерге баспасөз-мәслихатын өткiзген, қос елдiң басшылары әңгiмелерi ауанынан ешқандай айқындық байқалмаған. Қашаған кен орны үстiмiздегi жылдың 22-қазанына дейiн тоқтап тұрғаны жайында бұған дейiнгi мақалаларымызда айтылған болатын. Назарбаев пен Проди мәселе жайлы тым ынталы әрi ынтымақты түрде дидарласты. Сондай-ақ, iстi қазақ Энергетика министрлiгi мен оператор өзара шешу қажеттiгiне тоқталды. Келiссөздердiң қаншалықты ұзаққа созылатындығы әзiрге беймәлiм. Бiзге белгiлi болғаны – жобадағы «ҚазМұнайГаздың» үлесiн (қазiр ол 8,33%) арттыру жайында әңгiме қозғала қоймаған. Астана мемлекеттiк компанияның сооператорлық дәрежеге қол жеткiзуiне және кен орнын игерудегi қазақ мердiгерлерiнiң атқаратын жұмысын ұлғайтуға мәжбүрлемек. Ел Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Қашаған» төңiрегiндегi жағдайды «Инвестор мен мемлекет арасындағы қалыпты жағдай» деп сипаттады. Баспасөз-мәслихатында ол:

— Кез-келген мемлекет өз мүддесiн, инвестор өз мүддесiн көздейдi. Бiрақ, ортақ мәмiлеге келу керек. Егер, шетел инвесторлары келiссөздердегi талапты бұзатын болса, Қазақстан жағы iшкi заңдылықтарды пайдалана отырып, қажеттi шаралар қолдануға құқылы. Әңгiме осыдан 10 жыл бұрын жасалған келiсiм-шартта емес. Егер, «Қашағандағы» жұмыс итальяндық оператордың талап етуiмен жалғасатын болса, бiз бюджетте аса көп қаржыдан айрыламыз. Бұл қаржы экономиканы дамытуға және халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсартуға бағытталған болатын. Сол себептен де бiз екiжақты келiссөздерге кiрiстiк. Бұл коммерциялық келiссөздер, сондықтан да оның Қазақстан Президентiне де, Италия Үкiмет басшысына да қатысы жоқ. Мамандарға бұған уақыт беремiз. Менiңше, ЕNI компаниясы бiздiң талабымызды түсiнедi, бiз әрiқарай да бiрге жұмыс iстей беретiн боламыз, — дедi.

Сондай-ақ, Қазақстан басқа да шетелдiк компанияларға айыппұл салуын жалғастыруда. Қазақстан Үкiметi американдық АЕS энергохолдингiн монополияға қарсы заңды бұзғандығы үшiн айыптап, өзiнiң серiктес компаниясы арқылы энергияны заңсыз сатқан деген кiнәмен 200 миллион доллар айыппұл төлеудi мiндеттеп отыр. Аталған айыппұл AES холдингiнiң инвестициясымен бiрдей дәрежеде. Шетелдiк басылымдар Қазақстанның бұл талабын «инвесторларды шеттетiп, компаниялардағы акцияларды отандық компанияларға алып берудi көздеуден туындап отыр» деп жазуда. Аталған айыппұл AES акцияларын мемлекеттiк холдинг «Самұрыққа» алып берудi көздегеннен салынды. Бұдан сәл бұрын Қазақстан осындай желеумен Access Industries компаниясының Екiбастұз ГРЭС-2 кәсiпорнындағы акциясының 50%-ын тартып алған. Кейбiр басылымдар Chevron бақылауындағы «Тенгизшевройлға» салынған 600 миллион доллар айыппұл да, Қашаған кен орнын игеру жұмысын тоқтату мәселесi де AES холдингiнен мәселеге салмақпен қарауды талап ететiндiгiн жазған. Қазақстан AES-тi электроэнергия тарифiн төмендетуге мәжбүрлеуi де мүмкiн.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары