Каспий саммитi: “ШЕКАРА БӨЛIСI” КЕЙIНГЕ ШЕГЕРIЛДI

Каспий саммитi: “ШЕКАРА БӨЛIСI” КЕЙIНГЕ ШЕГЕРIЛДI

Каспий саммитi: “ШЕКАРА БӨЛIСI” КЕЙIНГЕ ШЕГЕРIЛДI
ашық дереккөзі
189

Көпшiлiк Тегерандағы басқосуда кәрi Каспийдiң «бас ауруына» айналған «шекаралық бөлiс» мәселесi шешiлетiн шығар деп үмiттенген. Бiрақ олай болмады. Тегерандық отырыста президенттер пiкiрi екiге жарылды. Ортақ мәмiлеге келе алмаған президенттер келесi жылы Бакуде кездеспек.

Сейсенбi күнi Тегеранда бас қосқан Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Иран мен Ресей басшылары Каспий теңiзiне қатысты мәселелердi жан-жақты талқыға салды. Каспий түбiндегi табиғи байлықты бөлiсу, теңiзде жүзу қауiпсiздiгi, мұнай мен газ өндiруге қатысты қорғау шаралары, халықаралық лаңкестiк пен экстремистiк әрекеттермен күрестегi өзара ынтымақтастық, Каспий мен қаратеңiздiк-азовтық жағалауды байланыстыратын халықаралық Солтүстiк-Оңтүстiк тасымалдау дәлiзiн дамыту туралы ой бөлiскен президенттер теңiздiң экологиялық ахуалын жақсартуға қатысты шараларды да назардан тыс қалдырмады. Саммитке қатысушылар отырыстың соңында бiрiккен декларацияға қол қойды. Қабылданған құжатта «Бес Каспий жағалауы елдерiнiң ынтымақтастықты достық пен көршiлестiк негiздерге сүйене отырып дамытуы олардың халықтарының ежелгi мүддесiне сай әрi аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде маңызды жайт болып саналады» делiнген. Сондықтан тараптар «барлық мәселенi тең құқықтық пен өзара тиiмдi серiктестiк шеңберiнде шешуге» мүдделi. Саммиттегi кiрiспе сөздi қонақтарды қабылдаушы елдiң басшысы Ахмаденижад алды. Келесi Каспийлiк саммит 2008 жылы Әзiрбайжан астанасы Бакуде өткiзiлмек. Ресей мен Иран президенттерi каспийлiк аймаққа қатысты мәселелерге өзгелердiң араласуын қатаң сынға алды. Путин Каспий жағалауына орналасқан 5 мемлекет түгел қолдаған жағдайда ғана теңiз арқылы өтетiн құбыр желiлерiне қатысты жобалар iске асатынын мәлiмдедi. Путиннiң жанталасуы тегiн емес. Өйткенi, мұнай мен газ құбырларын салуда Ресейдi сырт айналып өтудi көздейтiн жобаларға кедергi жасауға жанталасқан орыстар Батысқа жеткiзiлетiн табиғи байлықтан түсетiн мол пайдадан қағылмаудың барлық әрекетiн жасап бағуда. «Аймақтағы қоршаған ортаға залалын тигiзетiн жобалар жағалаудағы 5 мемлекеттiң келiсiмiнсiз iске аспауы тиiс» деп байбаламдаған Путин Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан сияқты дербес мемлекеттердiң дербес әрекет етуiн қаламайды. Себебi, орыстардың ұлттық мүддесiне қайшы келмек. Әрине, тәуелсiздiгiн әлдеқашан алған егемен елдердiң Кремльдiң көңiлiнен шығуға құлшына қоймасы анық. РФ басшысы теңiзге қатысы бар 5 мемлекеттiң президенттерiнен өзге мемлекеттердiң әскери базаларын орналастыруға тыйым салу керектiгiн де баса айтты. Мұндай мәлiмдеменiң астарында «АҚШ Иранға қарсы соғыста Әзiрбайжанды ұрыс алаңы ретiнде қолдануды жоспарлауда» деген сыбыс жатқан. Ахмаденижадтың Путиндi қос қолын көтере қолдауы сондықтан: «Каспий жағалауындағы барлық ел негiзгi мәселелердi бiрiгiп шешуi қажет. Каспий теңiзi жағалаудағы мемлекеттердiң iшкi мәселесi. Сондықтан тек осы елдер ғана теңiзде кемелерi мен әскери күшiн орналастыруға құқылы». Саммит соңында қабылданған арнайы декларацияда «Каспий теңiзiн және оның ресурстарын пайдалануға теңiз жағалауындағы мемлекеттер ғана құқылы» деп ашық көрсетiлуi де осындай талаптардың ықпалынан. Ал теңiз шекарасын бөлiске салу тағы да кейiнге шегерiлдi. Нұрсұлтан Назарбаев: «Теңiздi әр мемлекетке тиесiлi iшкi сулар, аймақтық теңiз, балық аулайтын ортақ аумаққа қатысты талаптарға сәйкес бөлейiк», деп ұсынған. Бiрақ мұны Әзiрбайжан мен Иран құптамай отыр. Өйткенi, шекаралық бөлiс теңiз табаны арқылы тисе, пайыздық өлшемдерден ұтылып қалады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары