ИМАНДЫЛЫҚ БАҒБАНЫ

ИМАНДЫЛЫҚ БАҒБАНЫ

ИМАНДЫЛЫҚ БАҒБАНЫ
ашық дереккөзі
232

1970 жылдардың аяғында Қазақстанда шығыстану ғылымын қалыптастырып дамыту, шығыс тiлдерiнiң мамандарын даярлау мәселесi күн тәртiбiне қойылды.

Бұған дейiн бұл мамандықтардың маңызды орталықтары болып Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент, Душанбе, Баку қалалары танылатын. Бiр одақтың қанатының астында өмiр сүрдiк десек те, қанша айтқанмен, басқаның аты басқа ғой. Қазақстанда ондай оқу мүмкiндiгi болмағандықтан араб, парсы, үндi, жапон, қытай және тағы басқа шығыс тiлдерiн оқып, терең меңгергiсi келетiн жастар бөтен жерде көптеген кедергiлерге кез болатындығын iштей түсiнiп, басқа мамандықтарды таңдауға мәжбүр болатын. Өзiмiздiң шығыстық, ұлттық ерекшелiктерiмiзге сәйкес жас көкiректе бас көтерген ынта-ықылас осылайша бiрте-бiрте бәсеңси түсiп, орындалмай қалған арман, жанбай қалған қоламта шоққа айналып жатушы едi. Сөйтiп шет тiлдердi меңгерудi қалаған жастардың көпшiлiгi ең ары кеткенде ағылшын немесе немiс тiлдерiн таңдаудан аса алмай, көбiнесе Алматыдағы шет тiлдерi институтын сағалаумен шектелетiн.

Мiне, ендi шығыс тiлдерiн меңгеру жөнiндегi үлкен бiр мүмкiндiк қазақстандық жастар алдында да жарқ етiп ашылды. Ол мүмкiндiктi бiздiң қолымызға ұстатқан адам сол кезде жасы қырыққа да толып үлгiрмеген, соған қарамастан өзiнiң жинаған бiлiмi мен тәжiрибесiнiң негiзiнде тыңнан жол салып, елiмiз үшiн үлкен әрi игiлiктi жаңа iстi бастауға құлаш ұрған, арабист-ғалым Әбсаттар Бағысбайұлы Дербiсалиев едi.

Иә, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң заңды мақтанышына айналған үлкен бiр ғылым мен бiлiм шырағы – бүгiнгi шығыстану факультетi сол кездегi филология факультетi жанындағы шағын араб бөлiмiнен бастау алғаны баршамызға аян. Халыққа игiлiк әкелген өнегелi оқиға бастауы уақыт өтiп, алыстаған сайын ұмтылудың орнына жарқырай көрiнiп, көк жүзiнен сәуле шашқан жұлдыздай тартымды кейiпке енiп, қадiр – қасиетi барған сайын арта бере ме деймiн. Мен бүгiн сол бiр тарихи шақта оқиға бастауында тұрған Дербiсалиев сынды ұлағатты ұстаздан, ұйымдастырушы ғалымнан бiлiм алғанымды мақтан етемiн.

Әбсаттар Бағысбайұлы, осы араб бөлiмi арқылы Қазақстан арабистерi мектебiнiң негiзiн қалады. Және оны санаулы жылдардың iшiнде үлкен факультетке дейiн жеткiзiп, жүздеген шәкiрттердi тәрбиелеп шығарды. Бүгiнде Әбекеңнiң шәкiрттерi елiмiздiң әр түкпiрiнде және шетелдерде Қазақстан мемлекетiнiң мүддесi жолында жемiстi еңбек етуде. Олардың қатарында елiмiздiң Төтенше және Өкiлеттi елшiлерi, жоғары дәрежелi мемлекет қызметкерлерi, ғалымдар мен ұстаздар да жеткiлiктi. Әрине, осының бәрi айтқанға ғана жеңiл. Ал ел мүддесi, ұрпақ қамы жолындағы үлкен iстi алғашқы болып бастау қашан да болсын ауыр болған. Содан болар, факультеттiң алғашқы шәкiрттерiне дәрiс оқып, әлiптi таяқ деп жазуды үйреткен, ұлағатты тәлiм-тәрбие берген ұстазымыздың сол кездегi бейнесi менiң жадымда мәңгiлiкке жатталып қалды.

Араб жазу-сызуы мен мәдениетiне, әдебиетi мен тарихына «немқұрайды» қараған, жас ұрпақты оның құндылықтарын терең меңгеру үшiн емес, халықтар достығы ұранымен, халықаралық байланыстар жасау үшiн қажеттiлiк тұрғысында ғана оқытуға ықылас бiлдiрген кеңестiк коммунистiк идеологияның тұсында Әбсаттар Бағысбайұлының осы бiр әрекетi ерлiкке пара-пар дүние едi. Ал оның маңызы сонау Түркi қағанаты кезеңдерiнен бастап араб әлемiмен сан ғасырлық тығыз байланыста болған, көптеген ғұлама ғалымдары iлiмiнен сусындаған, бiрақ Патша үкiметiнiң отарлау саясатының белсендi сипат алуы және бұл саясаттың Кеңес өкiметi тұсында одан әрi өрлеп, ұлттық менталитетке ықпал етуi нәтижесiнде өзiнiң тарихи бастауларынан ажырап, ұлттық құндылықтарынан бiрте-бiрте айырыла бастаған қазақ халқы үшiн тiптен ерекше едi. Сондықтан да бiз, Дербiсалиевтiң шәкiрттерi, сол тұстары шығыстық, яғни ұлттық құндылықтарымыз бен бастауларымызға қайта оралғандай, баяғыда жоғалтып алған алтынымызды қайта тапқандай ғажайып күй кешу үстiнде болдық. Көкiректi арман кернеген бiздiң басты мақсатымыз да араб тiлiн жетiк меңгерiп, оның жақсы маманы болып шығу, бағымыз жанып, жолымыз түссе, араб мемлекеттерiнiң астаналарын аралап, халықтарымен жүздесiп, әдет ғұрпымен, мәдениетiмен танысып, олардың жетiстiктерiмен өзiмiздiң елдi де таныстыру болды. Ол кезде Кеңес Одағының белгiлi халықаралық журналист-шолушылары Фарид Сейфуль-Мулюков, В.Зорин, А. Бовин, А.Калягин, тағы басқалардың Мәскеудiң орталық телеканалдары, ақпарат құралдары арқылы Таяу Шығыс аймағынан, араб елдерiнен жүргiзген теле-репортаждары мен саяси шолу бағдарламалары, газет-журналдарда жариялаған мақалалары мен сұхбаттары бiздi қатты қызықтыратын. Екiншi жағынан, араб өркениетi, мәдениетi, әдебиетi мен ғылымының ұлы алыптары Әл Мутанабби, Әл Фараби, Абу ала аль Маарри, Ибн Халдун, Ибн Рушд т.б. туындыларымен араб тiлiнде танысуға асықтық. Бiз А.Крымский, Х.Баранов, В.Бартольд, Б.Гранде, Б.М., И.Крачковкий, М.Фильштинский сияқты атақты арабист-ғалымдардың еңбектерiнен, оқулық, сөздiктерiнен сусындауға ұмтылдық. Бұл бiздер үшiн ерекше бақыт болып саналатын. Осы жағынан ұстазымыз Әбсаттар Бағысбайұлы өзiнiң терең бiлiмi, биiк мәдениетiмен, ғылым жолындағы ынта-жiгерiмен бiздiң бәрiмiз үшiн үлкен өнеге мектебiне айналды. Жан сарайымызға шам жаққандай әсер етiп, аянбай еңбек етуге, бiлiмнiң шыңырау бұлағынан сусындауға шақырды. “Егер араб тiлiн еркiн меңгерiп, жақсы маман боламын десеңдер, сөздiк қоры «мұхиттың мұхитынан да бай», грамматикалық құрылымы, сөз саптау тәсiлдерi аса күрделi араб тiлiн күнделiктi түрде бiрнеше сағаттан жалықпай оқу қажет” деген қағиданы құлағымызға құйып, санамызға сiңдiрумен болды.

Ұстазымыздың еңбегi зая кеткен жоқ және көп уақыт өтпей-ақ нәтижесiн де көрсете бастады. Сол жылдары әр түрлi салалардағы совет – араб ынтымақтастығының аясында бiрқатар араб елдерiнде араб тiлiнiң аудармашылары, басқа да қызметтердi абыроймен атқарған Қазақ университетi араб бөлiмiнiң түлектерi өздерiнiң биiк бәсекеге қабiлеттiлiгiн сол кездiң өзiнде де әбден дәлелдеген болатын.

Ұстазымыздың әлем халықтары тiлдерiнiң арасындағы араб тiлiнiң алатын орны, оның жазу үлгiсi, грамматикасы, тарихы, емлесi, фразеологиясы, сөздiк қоры, әдебиетi сияқты сан алуан салалары туралы құнды тамаша лекциялары күнi бүгiнге дейiн жадымызда. Сабақ арасында өзi сапар шеккен араб елдерiнен көрiп-бiлгенi, оқығаны, көңiлiне түйгенi жайлы бiздерге қызықты әңгiме шертiп, араб мәдениетiне, тарихына, экономикасы, саясаты мен дипломатиясына деген құштарлығымызды одан сайын арттырып, арман-қиялдарымызға қанат бiтiрiп, қайрат-жiгерiмiздi қамшылай түсетiн. Осындай жағдайда бiлiмдi ұстаздан адамзат өркениетiнiң аса маңызды да ажырамас бөлiгi мұсылман дүниесi, араб әлемi, Таяу және Орта Шығыс аймақтарының өркениеттiк, әскери-саяси, энергетика, коммуникациялар, қаржы жүйелерiндегi орны, салмағы мен маңызы туралы мағлұмат алу, дәрiс тыңдау бiр ғанибет дүние едi. Бiздiң көзқарастарымыз бен түсiнiгiмiз осылайша қалыптасып, уақыт өткен сайын дамып-жетiле бердi.

Университеттi бiтiргеннен кейiн араб бөлiмiнен бiлiм алған түлектердiң бiразы сол бiлiмдерiн одан әрi жетiлдiруге немесе қызмет бабында араб елдерiне сапар шеге бастады.

Сондай мақсатта мен алғаш рет 1980 жылдардың аяғында Ұлы Ливия Араб Халықтық Социалистiк Джамахариясында қызмет етуге жiберiлдiм. Ливия Джамахириясы – Солтүстiк Африкада, Жерорта теңiзiнiң жағалауында орналасқан iрi әрi бай араб елi. Ливияның қазiргi заманғы тарихына шешушi әсер еткен екi оқиға болды: 1959 жылы мұнда аса бай мұнай көздерi ашылып, Ливия әлемнiң iрi мұнай өндiрушiлерiне айнала бастады және соның нәтижесiнде Ұлыбритания мен АҚШ-тың экономикалық, саяси тәуелдiлiгiнен арыла бастады. Ал 1969 жылы монархиялық режимге қарсы төңкерiс нәтижесiнде билiк басына Муаммар Каддафи бастаған жаңа топ келдi. Уақыт өте елдiң жаңа билiгi Кеңес Одағымен әр түрлi саладағы ынтымақтастық қарым-қатынастар орната бастады.

Жерорта теңiзiнiң жағалауына орналасқан ел астанасы Триполи қаласына қоныс теуiп, елмен жете танысып, жұмысқа қызу араласып кеткен кезiм болатын. Бiр күнi менiмен әдейi танысу үшiн жақында ғана Кувейттегi iссапарынан Ливияға оралған ленинградтық арабист-аудармашы Константин Аверьянов деген жiгiт келдi.

Қазақстаннан екенiмдi бiлiп естiген соң арнайы келiп тұрғанын айта отыра: «Сiздiң Республикадан Әбсаттар Дербiсалиев деген талантты арабист-ғалымды бiлушi едiм. Екеуiмiз де профессор Завадовскийдiң жетекшiлiгiмен Мәскеуде, Мароккода ғылыми зерттеулермен айналысқанбыз, Мағриб елдерi әдебиетiнiң антологиясын дайындап, ол елдердiң үздiк шығармаларын орыс тiлiне аударуға және жариялауға белсене ат салысқан едiк. Тамаша, талантты жiгiт. Мүмкiншiлiк болса сәлемiмдi жеткiзуiңiздi сұраймын» — деп, ұстаз ағамыз туралы тамаша пiкiрлерiн ортаға салды. Ливияда жүрiп ұстазымыз туралы тамаша пiкiрлердi естiп, көкiрегiмiздi мақтаныш кернедi, төбемiз көкке жеткендей болды.

Маған Әбсаттар Бағысбайұлының тағдырына бастаулардың басында тұру жазылғандай көрiнедi. Елiмiз өз тәуелсiздiгiн алып, халық өзiнiң ұлттық, тарихи құндылықтарын қайта тапқан тұста мұсылман қауымының қолдауымен Әбекеңнiң елiмiздiң Бас Мүфтиi болып сайланғаны, бүгiнгi күнi осы қызметтi абыроймен атқарып келе жатқаны белгiлi. Қазақстан Мұсылмандар басқармасына Әбекең басшылыққа келiсiмен осы бiр қасиеттi iсте де бiлiм мен имандылық шырағы қатар жанғандай. Қасиеттi құранымыздың өзi тұнып тұрған ғылым, философия, тарих екенi белгiлi. Демек, мұсылман қауымы үшiн оның талаптарын түсiнiп, тұщынып орындағанның жөнi бөлек. Осы ретте бiр риза болатыным, жергiлiктi жерлердегi дiнiмiздiң шырақшылары молдалардың мұсылманша бiлiмдi, оқыған адамдардан қойыла бастағандығы. Қазiр олар көпшiлiк жиналған жерлерде аруақтарға құран бағыштаумен ғана шектелмей жақсы-жақсы уағыздар айтып, жұртшылықты имандылыққа шақыртатын да болып жүр. Жүрiс-тұрыстары да реттелiп қалған. Демек Әбсаттар Бағысбайұлының Бас мүфти болып келуiмен мұсылмандық мәдениетiмiздiң, бiлiмiмiздiң, таным түсiнiгiмiздiң арта түскендiгi де байқалады.

Жиырма бiрiншi ғасырда жаhандану тенденцияларымен қатар өркениеттер, дiнаралық диалог, қоғамдық жарасымдылық пен келiсiм, дiн мен руханияттың саяси, әлеуметтiк рөлi айрықша маңызға ие болмақ. Осы ретте де Әбсаттар Бағысбайұлы елiмiздiң Бас Мүфтиi дәрежесiнде ғана емес, сонымен қатар елiмiздiң майталман мәмiлегер дипломаты, парасатты ғалымы мен белгiлi қоғам қайраткерi ретiнде де тәуелсiз Қазақстанның, оның тұңғыш Президентi Н.Ә. Назарбаевтың Астана төрiнен, Қазақстан халқының атынан бүкiл әлем жұртшылығына, барлық дiндер мен конфессиялар өкiлдерiне арнап жолдаған, бейбiт үйлесiмдiлiкке, сындарлы сұхбатқа, мейiрiмдiлiк пен iзгiлiкке шақырған жүрекжарды ақ тiлегiн шар тараптың түкпiр түкпiрiнде өткен көптеген халықаралық, әлемдiк деңгейдегi форум, конференцияларда жеткiзiп жүр.

1975-76 жылдары Марокконың Бесiншi Мұхаммад атындағы Университетiнде, 1985-86 жылдары Тунистiң Аз-Зайтун Университетiнде бiлiмiн жетiлдiрiп, 1986-88 жылдары Кеңес Одағы Ғылым Академиясының Шығыстану Институтының докторантурасын тәмамдаған. 1983 жылы Кеңес арабистикасында тұңғыш рет Батыс Мағриб (Марокко) әдебиетiнiң Х ғасырдан бiздiң заманымызға дейiнгi тарихи дамуы түбегейлi зерттелдi, тамаша монография болып жарық көрдi. Елiмiзде тұңғыш рет араб тiлi оқулықтарын шығару iсiн қолға алды. Мұның өзi сол кезде бiздiң басқа елдердiң оқулықтарынан тәуелдiлiгiмiздi азайтты. Аль Фараби, Сұлтан Бейбарыс, Мұхаммед Хайдар Дулати және басқа қазақ топырағынан шыққан шығыстың ұлы есiмдерiн туған халқына, елiне қайтаруға өлшеусiз зор еңбек еттi. Осы орайда айта кететiн бiр пiкiр — бүгiн Әбсаттар Дербiсалиев еңбектерiнiң таңдамалы шығармаларын қайта басып жариялайтын уақыт жеткен сияқты, өйткенi оған бүгiн мектеп оқушыларынан бастап, елiмiздiң зиялыларына дейiнгi қалың оқырман қауымы аса зәру. Мұндай iстiң қолға алынып, жүзеге асырылуы – нұр үстiне нұр болар едi.

Сонымен, Әбекең мен үшiн ұлағатты ұстаз, тамаша ғалым, белгiлi дипломат, белсендi қоғам қайраткерi болуымен қатар, елiмiздiң сан ғасырлық игiлiгiнде болған шығыс құндылықтарын, оның мәдениетi мен ғылымын ұзақ жылдарғы үзiлiстен кейiн қайта тұтатуға өлшеусiз еңбек сiңiрген дара тұлға, қайраткер жан, үлгi тұтар абзал аға. Әбекең осы жолда қаншалықты биiк мәртебеге жетсе де, мен оны жер бетiне дән сеуiп, аялап гүл өсiрген қарапайым бағыбанға теңегiм келедi. Ол адам жанының, имандылық пен шығыстық бiлiм мен ғылымының бағыбаны. Бар айырма сол ғана.

Балтабай ТӨРЕБАЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары