ӨМIРI ӨНЕГЕЛI ҰСТАЗ

ӨМIРI ӨНЕГЕЛI ҰСТАЗ

ӨМIРI ӨНЕГЕЛI ҰСТАЗ
ашық дереккөзі
240

Кеңестер Одағы ыдырап, әр республика өз даму жолына түскен алғашқы жылдар көпшiлiк қауымның есiнде қиыншылығымен қалды. Әсiресе ауыл шаруашылығы үлкен күйзелiске ұшыраған. Төрт түлiктiң саны әрқалай себептермен күрт кемiп кеттi. Мал тұқымдарын асылдандыру жұмыстары жайына қалды. Алда мал шаруашылығын нарықтық қатынас жағдайында қайта дамыту мәселесi тұрды. Бұл — шешуi қиын күрделi, әрi өзектi мәселе едi.

Тұйықтан шығудың тиiмдi жолдарын табу үшiн бiлiктi мал мамандары мен ғалымдарды жұмылдырмайынша iстiң оңынан келуi екiталай болатын. Осы бiр игi iске ат салысуды мақсат тұтқан бiздiң «Түркiстан» газетi де белгiлi ғалымдарды сұхбатқа тартып, ой бөлiскен едi. Солардың бiрi әрi бiрегейi – Алматы зоотехникалық-малдәрiгерлiк институтының профессоры Қалдыбек Сәбденов. Сол сұрақ жауаптан тұратын әңгiме «Төрт түлiк» тақырыбымен газеттiң төрт нөмерiне жарияланды. Жаңа қоғамдық қатынас жағдайында мал шаруашылығын қалай жаңаша ұйымдастыру керек? Мал санын арттыру мен тұқымдарын асылдандыру жұмыстарында қандай шараларды қолданған тиiмдi? Осы өзектi сауалдар төңiрегiнде ғалым тың ойларын оқырмандарға ұсынды. Мал өсiрудi кәсiп еткендерге оның құнды ойлары көп көмек бергенi сөзсiз.

Қалдыбек Сәбденов ғылымға бiрден келген жоқ. 1957 жылы институт бiтiрген соң Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының бас мал дәрiгерi, аудандық атқару комитетi төрағасының орынбасары, Бiрлiк кеншарының директоры, Фурманов аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы қызметтерiн атқарып, iс жүзiнде мол тәжiрибе жинаған жан. Оның бай тәжiрибесi 1968 жылы Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлiм меңгерушiсi қызметiне тағайындалғанда бұрыннан шешiмiн таппай келе жатқан бiрқатар ғылыми жұмыстардың жандануына негiз болды.

Тәжiрибе жылдармен жинақталады. Жаңақала аудандық атқару комитетi төрағасының орынбасары қызметiнде жүрген сонау бiр жылдары әлi есiнде. Сол кезде «МТС» таратылып, «РТС» құрылып жатқан шақ едi. Аудан, облыс басшылары оны жаңа құрылған Қисыққамыс колхозы басқармасына төраға етiп жiберген. Колхоз деген аты болмаса 30-40 саманнан салынған үйлер ғана қалқайып тұрған елдi-мекен екен. Ауылшаруашылық техникалар, соларды жөндейтiн шеберханалар мүлдем жоқ. Не iстеу керек? Кеңестер Одағы, Жоғары Кеңесiнiң депутаты, атақты жазушы Михаил Шолохов жылда Қисыққамысқа келiп, Жайық өзенi бойынан құс ататын. Қалдыбек Сәбденов ары ойланып, берi ойланып, Шолоховқа жолығып, бар жағдайды тәптiштеп жеткiзедi. Арада бiр ай өткен соң Мәскеуден колхозға қажеттi техникалар, станоктар, үй құрылыстары материалдары бiрiнен соң бiрi жетедi. Бiр жылдан соң колхоз орталығы iрi елдi-мекенге айналады. Еңбек өнiмдiлiгi артып, жыл өткен сайын колхозшылардың тұрмысы жақсара түскен. Кейiн бұл ауыл жаңа құрылған аудан орталығы болды. Аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы, Социалистiк Еңбек Ерi К.Меңдалиев омырауындағы Бесжұлдызын көрсетiп: «Әй, Қалдыбек, мына Бесжұлдыздың үш бұрышы сенiкi. Өйткенi ауданның негiзiн салған сенсiң. Мен оны жақсы бiлемiн. Сондықтан да айтып тұрмын» — деп езу тартқан. Меңдалиевтiң бұл сөздердi оған жәй әшейiн қолпаштау үшiн емес, бар құрметiмен айтқанын жұрт жақсы бiледi.

Қ.Сәбденов Алматы облыстық партия комитетiнiң салалық хатшысы қызметiне көтерiлгенде де бiрiншi басшы А.Асқаровтың ақыл-кеңесiмен талай жаңа бастамаларын өмiрге әкелдi. Үш ай Жаңа Зеландия елiнде болып, қой өсiрудiң, асылдандырудың, ет пен жүн өнiмдiлiгiн арттырудың қыры мен сырына қанықты. Солардың iс-тәжiрибесiн облыс жағдайына ыңғайлап, батыл қолданды.

Республика басшылары оны қай жерде қиындық орын алса, сол жерге салды. Оның қабiлет-қарымына, iстi ұтымды ұйымдастырушылығына бiлiм-бiлiктiлiгiне сенiм артты. Ол сол сенiмдi үлкен абыроймен ақтады.

Әсiресе, Алматы зоотехникалық-малдәрiгерлiк институтына ректор болған жылдардағы бел шешпей кiрiскен игi iстерiн айтсайшы. Әбден тозған оқу орнын қайта түлетiп, бүгiнгi талап деңгейiне көтеру оңай болған жоқ. 16 мың шаршы метр оқу-зертханалық ғимарат, 800 төсектiк жатақхана айналдырған екi-үш жылда тұрғызылып, басқалары күрделi жөндеуден өттi. Сол жылдары институтта 155 қызметкер пәтер алып, 132 кандидаттық, 35 докторлық диссертация қорғалды. Солай институттың ғылыми потенциалы көтерiлдi. Республика басшысы Д.Қонаев оның бұл iстерiн жоғары бағалап, өзге ректорларға үлгi еттi.

1986 жылдың Желтоқсан көтерiлiсiне институт студенттерi аз қатысқан жоқ. Республиканың жаңа басшысы Г.Колбин институт ректорларын жинап, «Бәрiң де ұлтшылдарсыңдар» деп шүйлiгiп жатқанда Қалдыбек Сәбденов: «Жолдас Геннадий Васильевич, бiздiң институтқа жыл сайын бiр жарым мыңға жуық талапкерлер құжаттарын тапсырып, сынақтан өтедi. Солардың 60-тан астамы орыс халқының өкiлдерi. Олардың бәрi де институтқа қабылдануда. Ал жергiлiктi ұлт өкiлдерiнiң балалары бiр орынға үшеуден келiп, бәсеке таласқа түседi. Солардың арасынан бiлiмдiлерi ғана оза шауып студент атанып жүр. Оқу бiтiрген соң олар өздерiнiң туып өскен жерлерiне барып еңбектенуде. Институт қабырғасынан түлеп ұшқан, елге жақсы iстерiмен танымал болған азаматтар аз емес», деп оның «ұлтшылсыңдар» деген сөзiне тойтарыс берген. Колбин басқа ректорларды орнынан алдырса да өзiне жөн сөзiмен батыл қарсы келген Қалдыбек Сәбденовке тiсi батпады. Оның бұл сөзi көптеген институт студенттерiн қатал жазадан құтқарып қалуға себепшi болды.

Қазақ ұлттық аграрлық университетiнiң көрнектi ғалымы, педагог, академик Қалдыбек Сәбденов бүгiнде зейнеткер. Көптеген ғылыми еңбектердiң авторы. Қазiр де университеттегi шәкiрттерiн бiлiмге баулып, құрметке бөленiп келедi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары