ЖАРНАМАҒА ДА ЖАРАСЫМДЫ ТIЛ КЕРЕК

ЖАРНАМАҒА ДА ЖАРАСЫМДЫ ТIЛ КЕРЕК

ЖАРНАМАҒА ДА ЖАРАСЫМДЫ ТIЛ КЕРЕК
ашық дереккөзі

«Қазақмыс» корпорациясы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң қолдану аясының кеңеюiне кәдiмгiдей күш жұмсап келедi. Бұған жыл сайын Тiлдер мерекесiне орай ұйымдастырып жүрген байқаулары мен iс-шаралары дәлел бола алады.

Мемлекеттiк тiл үшiн барын аянып қалмайтын «Қазақмыс» ендi жарнамаға да көздiң қиығын сала бастады. Шыны керек, қазiр көшенi қатесi алыстан бадырайып «мен мұндалап» тұратын бильбордтар мен жарнама тақталары шамадан тыс қаптап кеттi. Көркемдiк безендiрiлуi жөнiндегi әңгiме бөлек, бiрақ қазақшасы көбiне ерiксiз ыза тудырады. Егер жарнама тiлi ырыққа көнбей, дәл осы қарқынмен кете берсе, қазақ тiлi бiржола бұзылады. Сондықтан да жауырды жаба тоқи бермей, бұл мәселенiң алдын-алуды тез арада жүзеге асыру керек. Мiне, осы мақсатпен ұйымдастырылған республикалық «Көркем тiл – көрiктi жарнама» акциясы аясында қазақ тiлiндегi жарнамаға байқау жарияланған болатын. Алайда, жарнама агенттiктерiнiң әлi де қазақ тiлiне қырын қарайтындығын байқата ма, байқауға бар жоғы 20 тапсырыс қана түсiптi. Алматы қаласы әкiмдiгi «Тiл» оқу-әдiстемелiк орталығының директоры Бижомарт Қапалбеков: «Бәлкiм, бұл байқауды кейбiр жарнама агеттiктерi естiмеген де болар, қанша дегенмен алғашқы жылы ғой» дегендi айтады. Бiр айта кетерлiгi, бiр Алматы қаласының өзiнде 1 мыңнан астам жарнама агенттiгi тiркелсе, оның 400-i жұмыс iстейдi. Десек те, байқауға соның тек 20-сы ғана қатысқан. Бiр қарағанда бұл жағдай қалған агенттiктердiң мемлекетттiк тiлде жарнама жасауға құлықсыздығын аңғартпай ма? Iшiмiздi қылп еткiзген бұл болжам бiздi ғана емес, байқауды ұйымдастырушылардың да ойын мазалаған сыңайлы. Мәселен, Бижомарт Қапалбеков: «Негiзi бiз осыншама жарнама агенттiгiнiң тым болмағанда, 400-iнен тапсырыс түсетiн шығар деп күткенбiз. Алайда, олай болмай шықты» дейдi iштей ренiшiн бiлдiрiп. Ал, Жезқазған қаласы «Мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi» мемлекеттiк мекемесiнiң бастығы Әнуар Омаров: «Мемлекеттiк тiлдi қоғамның барлық саласына түбегейлi енгiзу керек. Мұны ертеңге қалдырмай, бүгiн бiлек сыбана кiрiскен алып кәсiпорын «Қазақмыс» корпорациясы аталмыш байқауға тiкелей мұрындық болды. Мақсат – мемлекеттiк тiлдiң жарнама тiлiнде дұрыс қолдануын бiрқалыпқа түсiру» дейдi. Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Өскемен, Балқаш қалалары әкiмдiктерiнiң қолдауымен, «Қазақмыс» корпорациясының демеушiлiк жасауымен «Орысша-қазақша жарнама мәтiндерiнiң үлгiлерi» атты тiл құралы жарық көрдi. Бұған филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академиясы Ө.Айтбаев, профессорлар К.Матыжанов, Т.Есенбеков, А.Жұмабекова, т.б. филология ғылымдарының докторларының ақыл-кеңесi себепшi болды. Бұл жинаққа орысша-қазақша жарнама мәтiндерiнiң әдеби нормаға сай типтiк үлгiлерi топтасыпты. Сондай-ақ, кiтапта жарнаманың қоғамдағы орны, оның тiлi, жарнама туралы заң нормаларының орындалуы жөнiнде әжептәуiр талдау жасалған. Негiзi жарнама – ұсынып отырған өнiмнiң бет-бейнесiн, iшкi, сыртқы мүмкiндiгiн толық ашып тұруы тиiс. Әрине, жарнаманы бере бiлудiң, оны қысылмай көрсете бiлудiң түрлi әдiс-тәсiлi баршылық. Мәселен, қазақ тiлiнiң сөздiк қорға бай әрi өз ретiмен ағылып кете беретiнiн ескерсек, жарнаманы өлең түрiнде де әсерлi етiп жасауға болады. Алайда, елiмiздегi жарнама агенттiктерi орысша мәтiндi мағынасына қарай емес, тiкелей аударуға машықтанып алғандай. Бұл мәтiннiң жарнамалап отырған тауарды барынша ашып тұр ма, жоқ па, бұл жағы аса қызықтыра қоймайтыны қарын аштырады. «Қазақмыс» компаниясының Жұртшылықпен байланыс департаментiнiң директоры Нұрлан Махмұдов кез келген қалада көзге ұрып тұрған жарнама қателiгiне шүйлiгiп: «Көшедегi жарнаманың кемiнде 40 пайызында қателiк бар» дейдi. Бұл рас. Қазiр дүңгiршiктер мен азық-түлiк дүкенi маңдайшасына «Дүкен Маржан» немесе соған ұқсас атауды бажырайтып жазып қояды. Ал дұрысы «Маржан дүкенi» емес пе?» дейдi жиi кездесетiн әрi осы үрдiстiң жұқпалы болып бара жатқанына алаңдаған Н.Махмұдов. Жарнама – экономикалық-әлеуметтiк iлгерiлеудiң алғышарты. Бiрақ «Жарнама туралы» Заңды iске асыруға келгенде, елiмiздiң жарнама агенттiктерi сылбырлыққа салынып келедi. Оның үстiне жарнама – көрермен мен оқырманды этика жағынан тәрбиелейдi. Осы жағынан алғанда, бiздегi жарнама басқа елдермен салыстырғанда бiршама кенжелеп қалды. Оған әуелi жергiлiктi әкiмшiлiктегi Тiлдердi дамыту басқармасы департаментi мен бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерi атсалысу керек. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың пiкiрiнше, елiмiздiң тұрақтылығын, бiртұтастығын сақтап қалуда, ұлтаралық ынтымақастықты арттыра түсуде мемлекеттiк тiл саясатының жүзеге асқаны керек. Сондықтан да республика бойынша аталып өтiлген Тiлдер мерекесiмен қат-қабат ұйымдастырылып, тамыз айында шарты жарияланған «Көркем тiл – көрiктi жарнама» байқауының алатын орны өте маңызды. Бұған дейiн де корпорацияның басшылық жасауымен Тәуелсiздiктiң 15 жылдығына арналған байқау жеңiмпаздарының шығармаларынан құралған «Отанымыздың тәуелсiздiгiне тартуы» жинағын, «Тiлашар» оқулығының бейнекешенiн шығарып, айтыстар, қымыз жәрмеңкесiн, қазақ тiлiнен бiлiмiн сынауға байланысты сан түрлi байқау жариялады. «Қазақмыс» осы үрдiске айналдырған игiлiктi шарасын Алматы қаласы әкiмдiгi «Тiл» оқу-әдiстемелiк орталығымен және Жезқазған қаласы «Мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмi» мемлекеттiк мекемесiмен бiрлесе отырып, бүгiнгi қоғамның маңызды салаларының бiрi – жарнамада мемлекеттiк тiлдi дұрыс әрi көркем қолдануға арналған бастамасын ары қарай өрбiтiп әкеттi. Ендi жарнаманың тiлiн дұрыстамай тоқтау жоқ. Егер жарнама кемшiлiгiн қанша жерден сынап, жөнге сала алмасақ, айыппұл салуды да ойластыру керек сияқты. Онсыз мемлекеттiк тiлдiң көсегесi көгермейдi, керiсiнше тiлдiк нормалар өрескел бұзылуы мүмкiн. Сонымен, «Көркем тiл – көрiктi жарнама» атты республикалық байқаудың нәтижесi де айқын болды. Оқ бойы озық шығып, сапалы әрi мағыналы жарнамасымен көзге түскен жеңiмпаз атанған кәсiпорындар мен ұйымдарға, жарнама агенттiктерi мен аудармашыларға бағалы сыйлықтармен марапаттау рәсiмi 29 қыркүйек күнi «Астана» алаңында өтедi. Алайда, Бижомарт Қапалбеков байқау жеңiмпаздарының есiмiн алдын-ала жариялап, құлағдар еттi. Жалпы, байқау жеңiмпаздарына үш орын мен үш ынталандыру сыйлығы тағайындалған. Әлеуметтiк роликтi жарнаманы ұтымды бергенi үшiн бiрiншi орын – «Алматы қалабезендiру» мекемесiне, екiншi орын сапалы жарнама беруде көзге түскен – «Айқын» газетiне, үшiншi орын – «Алматы» телеарнасына бұйырмақ. Ал ынталандыру сыйлықтарына – «Panda» жарнама агенттiгi, «Альянс Банкi» ие болды. «Қазақмыс» компаниясының Жұртшылықпен байланыс жөнiндегi департаменттiң директоры Нұрлан Махмұдов: «Бұл байқау тұсауын ендi ғана кесiп жатыр. Құдай қаласа, алдағы уақытта да сәтiн салса, ұйымдастырып тұрамыз. Мақсат – қатесi көп ұятты жарнаманы ретке салу, қазақ тiлiнiң бұзылмауына ден қоюға шақыру» дейдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ