ДIНБАСЫ
ДIНБАСЫ
Кез келген ұлттың тұтастығын, оның халық ретiнде өмiр сүру қабiлетiн қамтамасыз етер киелi үш нәрсе болады.
Жер…
Тiл…
Дiн…
Осы киелi үш ұғым айналасына берiк шоғырланып, жерiнiң, тiлiнiң, дiнiнiң тұтастығын сақтай алған елдiң өткенi – өрiстi, бүгiнi – баянды, ертеңi келiстi болмақ. Бұл – арғы-бергi дәуiрлер сабағы айтатын дәлелсiз ақиқат.
Үшiншi мыңжылдық төрiне тәуелсiз ел ретiнде аттап, жаңа тарихтың қиын да, күрделi айдынына шықкан қазақ елiнiң жаһандану жағдайындағы бастан кешiп отырған проблемалары орасан. Ол проблемалардың ешқайсысы да ұлт ретiнде өмiр сүре бiлу қабiлетiмiздi сынға салып отырған осынау үш ұғымнан айналып өте алмасы анық. Үш ұғым тұтастығын сақтай алсақ, ұлттық кескiн-келбетiмiздi, халықтық қалыбымызды, мемлекеттiк тұтастығымызды қамтамасыз ете алғанымыз. Тәуелсiз ел болу тек дербес мемлекет болудың алғашқы он бес жылын тарихқа аманаттап, өркениеттiң дауылды жауынды, шуақты, нұрлы кеңiстiгiне бет түзеген Қазақ елiнiң осы жолдағы алған асулары да, ертеңге сабақ болар қиын-қыстау кешулерi де – ел есiнде.
Әсiресе Қазақ Елiнiң арын түгендеп, беделiн бүтiндеу жолындағы Ата Дiнiмiздiң тұтастығы үшiн жүргiзiлiп келе жатқан тынымсыз күрестiң ұлт жадына жазылар беттерi мен тараулары мол.
Үлкен-үлкен сындардың тұсында ата дiнiмiздiң абырой биiгiнен көрiнуiне өлшеусiз үлес қосып келе жатқан бiрегей тұлғаларымыздың бiрi –Республика мұсылмандарының Бас мүфтиi, көрнектi ғалым, есiмi елге танымал азамат, белгiлi теолог, беделдi әдебиетшi Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң осы үш тұтастық басын бiрiктiруде жүргiзiп келе жатқан еңбегi ерекше. Ерекше болатыны тәуелсiздiк жолына бiржола түскен Қазақ Елiндегi дiни қарым-қатынастар мен дiндердiң ара салмағын анықтайтын критерийлер мен қалыптасқан қоғамдық көзқарастардың табиғаты ерекше.
Ондаған жылдар бойы төрдегi басы босаға күзетер жағдайға жеткен дiнiмiздi қысқа мерзiм iшiнде қайыра өз тұғырына қондыру оңай емес едi. Қазақстан дейтiн жүзден асып жығылатын ұлт өкiлдерi өмiр сүрiп, осынау ұлан-ғайыр кеңiстiктi өз Отаны санап, өз тағдырларын осы жер мен осы елдiң тағдырымен терең тамырлы байланыста қарастыруға әбден қалыптасқан қоғамда, ондаған дiни наным-сенiмдер қатар ғұмыр кешiп отырған еуразиялық кеңiстiкте мұсылмандықтың туын желбiретiп, көкжиегiн кеңейтiп, айбынын асыруда алдан шығар кедергi аса көп екенi айтпай белгiлi.
Еске алып көрейiкшi. Бәрi күнi кеше ғана болғандай ел жадында тұрған жоқ па?
Қазақстан жеке дара ел атанып, дербестiк алу қарсаңында тұрғанымен, осынау байтақ өлкенi жайлаған қара орман жұрт кақ айрылып, жетекшi екi дiннiң жетегiнде өмiр сүрiп жатқаны айдан анық едi. Бiрi – ислам. Екiншiсi – православие. Екi дiннiң екеуi де сыртқа бағынатын. Православие – Мәскеуге, Ислам – Ташкентке.
Бұл, әрине болашақ тәуелсiз ел үшiн үлкен жайсыздық туғызар жағдай болды.
Сондықтан… Елдiк, егемендiк тұрғысынан алғанда 1990 жылдың 12 қаңтарында Республика тұрғындарының 70 пайызын құрайтын Ислам дiнi өкiлдерiнiң Қазақстан мұсылмандары құрылтайын өткiзiп, жаңадан құрылған Дiни басқарма айналасына топтасуы Қазақстандағы айтулы оқиға болғаны заңды.
Демократия дейтiн кiрпияз бiтiмдi қоғамдық құбылыстың ел өмiрiне араласуымен тұспа-тұс келген ата дiн тәуелсiздiгiнiң сипатын дәйектер осынау оқиғадан кейiнгi Ислам айналасындағы алуан түрлi әңгiмелер де, 2000 жылға дейiнгi Дiни басқармаға бағынғысы келмей, әрқайсысы өз бетiнше «үй iшiнен үй тiгiп», жеке дара шабуды көксеген дiни бiрлестiктер хақындағы хикаялар да бiрте-бiрте тарихқа айнала бастады.
Әбсаттар қажының дiн тiзгiнiн ұстауы осындай аумалы-төкпелi, әрi-сәрi кезеңде болды. Осыған дейiн оқығаны мен тоқығаны мол, көргенi мен түйгенi жетiп артылатын, араб елдерiнiң бiразында қызмет еткен ғалым адамның дiнбасы болуын жалпақ жұрт бiрден қабылдай қойды десек, ақиқатқа толық сия қоймас… Дегенмен жаратылысынан асықпай-аптықпай жүрiп, үлкен мақсаттарға кызмет етудi өзiнiң өмiрлiк мұраты санайтын жомарт ойдың иесi теологаялық мол бiлiмi мен бiлiгiн ата дiнiмiздiң тұтастық жағдайда қалыптасуына жүйелi түрде арнады.
Дiн адамдар арасын алыстатуға емес, жақындатуға, ел мен елдiң ұғынысты сипатта өмiр сүруiн қамтамасыз етуге қызмет етуi тиiс. Осы қағиданы жан жүрегiмен ұғынған жаңа жетекшi өз жұмысын Қазақстан Мұсылмандары Дiни басқармасының құрылымдық жүйесiн батыл түрде қайта жасап, қайыра жасақтаудан бастады. «Шариғат және пәтуа», «Дiни iстер», «Халықаралық байланыс», «Қажылық және хаттама», «Дiни уағыз, оқу-ағарту», «Мешiт iстерi» секiлдi бiрнеше бөлiмдер мен iс басқармасы ашылып, оған жоғары бiлiмдi, бiлiктi мамандар тартылды. Аталған бөлiмдер жүйелi түрде жұмыс жасап, өздерiнiң түпкi мақсаттарын орындау бағдарламаларын белгiлеп отырды. Соның нәтижесiнде қордаланып қалған дiни мәселелер өз шешiмiн таба бастады. Бiрте-бiрте Дiни басқарма дiндар жандардың басқосар ұйытқылы орнынан дiни наным-сенiмнiң бағыты мен бағдарын анықтайтын Ислам дiнiнiң ықпалды, жетекшi төрiне айналды.
Басқарма басшылығы тарапынан жүргiзiлген тынымсыз iзденiстердiң нәтижесiнде, әрi Орта Азия және ТМД елдерiндегi Ислам дiнбасыларымен болған жиi-жиi кездесулердегi келiсiмдер мен тәжiрибе алмасулардың арқасында қысқа мерзiм iшiнде қазақ топырағындағы Исламдық дамудың жаңа сатысына көтерiлдi.
Мен мұны, қатардағы қадағалаушы дейсiз бе, әлде құдайдың барына сенетiн жұмыр басты пенде дейсiз бе, көзi жеткен, көкiрегi сенген көзқарастың иесi ретiнде айтып отырмын.
Иә… Ата Дiнiмiздiң абыройы мен тұтастығы – елiмiздiң абыройы мен тұтастығы. Дiнi берiк елдiң қашанда тiнi берiк. Дiнi тұтас елдiң қашанда үнi тұтас. Бұл – еш дәлелдi керек етпейтiн шындық.
Уағыз – ұлы құрал. Әсiресе мына сыры мен жүмбағы мол он сегiз мың ғалам мен жүмыр бас пенденiң арасындағы байланысты танып, бiлiп, адам жанын рухани игiлiктерге тәрбиелеудегi жаратылысы таза, ойы терең, бағдары анық, бiрден-бiр имандылықтың көзi саналар дiни уағыздың құдiретi айрықша.
Қазiргiдей қилы-қилы мақсаттар мен мүдделердiң Қазақстанның ендiк, бойлығын еркiн кезiп, әр алуан конфессиялар мен дiни секталардың саналарға шабуыл-сүреңi бәсеңсу бiлмей тұрған кезеңде Ата Дiн айналасына топтастырар сергек ойлы, сұңғыла уағыздың жөнi бөлек. Бiз Бас мүфтидiң әр қилы дiни мерекелер мен үлкен оқиғалы жиындар тұсындағы Ислам дiнiнiң өкiлдерiне бағытталған жалпыхалықтық арнаулары мен үндеулерiнен осындай ордалы уағыздың сарынын әркез аңғарып келемiз. Бұл арнаулар халықты ынтымақ пен бiрлiкке шақырып қана қоймай, адамдардың бойынан жiгерсiздiк пен төзiмсiздiктi қуалауға, ойын тәрбиелеуге, сенiмiн бекiтуге әркез көмектесiп отырады.
Тақуалығының төркiнiнде – тәубасы, бiссiмiлләсiнiң ар жағында бәтуасы жатқан Ислам дiнi хақындағы асығыс айтылған алып-қашпа сөздiң бүгiнгi таңда жер есiмдi ғаламдық ескi қоныстың ежелгi жұрттарының бiразын қалай әбiгерге салып жатқаны әмбеге аян. Бiр шетi Батыс пен Шығыс дейтiн әр дәуiрде әр түрлi шекпен жамылып, әр алуан ұран көтерiп отырған өркениеттер мен мәдениеттер қақтығысының жаңарып, жаңғыруында, бiр шетi жаңарған, өзгерген әлемге өзiнiң экономикалық, саяси рухани ықпалын жүргiзу мақсатында әлеуеттi елдер арасындағы шарпысуларда жатқан қазiргiдей жаһандану дейтiн аса күрделi дәуiрде жұмыр бас пенденi ұлы жаратушысынан жаңылдырмай алып өту – кез келген дiн үшiн сын. Мұндай сыннан сүрiнбей өтудiң бiрден-бiр жолы – дiндi «дүмшелiктiң қорығына» қамамай, өркениеттiң өрiсiне алып шығу. Бұл дегенiмiз – дiн тарапынан болар әр жаңа уағыз бен әр жаңа әрекеттi байыпты, байсалды мiнезбен байытып отыру деген сөз.
Осы орайда, соңғы алты-жетi жыл бойына Бас мүфтидiң мақсатты түрде айына екi рет жеке ұсыныс-пiкiрлерiмен келушiлердi қабылдауы, ол қабылдауларды арнаулы тiркеу журналдарына жазып отыруы – көпшiлiкпен жұмыс iстеудiң игiлiктi нышанына айналған. Бұл тәсiл дiнге деген құлшынысты күшейтiп қана қойған жок, сонымен қатар бұқара қауым мен дiннiң мүддесiн үйлестiре отырып, дiни iстер реформасын көп ұлтты, көп конфессиялы Қазақстан жағдайында өрiстi кеңiстiкке алып шығып, жаңа заманның өркендi талаптарына сай жаңғырта жалғастырудың мүмкiндiктерiн қалыптастыруда.
Басқарма құзырына кiретiн мешiттердiң сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да жетiле түскенi бiздi қуантады.
2000-2006 жылдар аралығында Дiни басқарма тарапынан жүргiзiлген есепке жүгiнсек, осы бағытта ұлан-асыр iстердiң атқарылғанын көремiз. Қазақстандағы Ислам дiнiнiң айдыны кеңейгенiн Астана, Алматы қаласы мен облысында, сондай-ақ Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Орал, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарының аудандары мен кенттерiнде, Павлодар, Қарағанды, Сәтбаев, Ақтау қалаларында осы заманғы сәулет өнерi үлгiсiмен салынған жаңа мешiттердiң бой көтеруi, олардың көпшiлiгiнiң ашылу салтанатына тiкелей Бас мүфтидiң қатысып отыруы осы айтқандарымыздың дәлелi.
Дiн мен ел арасындағы байланыс дегеннен өрбитiн ендiгi бiр ой – дiн беделiн дiнбасы беделiнiң бекiтуi. Бұл қоғам өмiрiнiң күнгейлi қырын молайтар критерий. Үлкендi-кiшiлi деңгейдегi дiн iсiн ұйымдастырушылардың жеке басындағы жақсы қасиеттер, сөз жоқ кез келген дiннiң абырой-беделiне қызмет етедi. Осы бiр даусыз ақиқаттың үдесiнен шығу үшiн соңғы жылдар iшiнде Әбсаттар қажы бастаған Басқарма тарапынан бiраз игiлiктi iстер атқарылып келе жатқанын байқаймыз. Мол игiлiктi iстiң үлкен бiр көрiнiсi – кездейсоқ кiсiлердiң дiн қызметiнде болдырмауды қадағалау. Дiн iсiне барынша сауатты, Құранды мәнерлеп окудың жеңiмпаздарын тарту, жер-жердегi мешiттердi дәреже-деңгейi жоғары, арнайы бiлiмi бар имамдармен қамтамасыз ету. Осы тәрiздi Ислам дiнiнiң қадiрiн асырар шараларға мән беру арқылы Аллаға адал қызмет етушiлердiң қатарын жаны, жүрегi таза жастармен толықтыру жүрiп жатқанын аңғармау мүмкiн емес.
Мен дiн iсiнiң маманы емеспiн. Жазушымын. Сондықтан да ел тағдыры мен ел ертеңiн анықтауға себепкер болар қоғам өмiрiндегi кез келген өзгерiс, жаңалықтардың ешқайсысына да бейжай қарай алмаймын.
Маған ұлт тұтастығы мен бiрлiгiн қамтамасыз ету жолында жанұшыра қызмет етiп, Елбасы жүргiзiп келе жатқан жаңа Қазақстанды жаңа қарым-қатынастар айдынына алып шығу бағытындағы iргелi саясатты саналы түрде қолдайтын белгiлi тұлғалардың бiрi – Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң ел алдында өзiн-өзi ұстауы, үлкендi-кiшiлi мiнбелерден ой толғап, сөз сөйлеуi имани жолға бет бүрған миллион санды мұсылман аудиториясын өз ойымен ұйытып, өз сөзiне құлақ түргiзе бiлуi ұнайды. Бiлiгiнiң төркiнiнен – бiлiмi, елмен қарым-қатынасынан парасат-пайымы байқалып тұратын осы бiр жаны жайсаң, жүрегi жомарт жанның қаламының ұшынан қанаттанып ұшқан сөз маржаны, ой iнжуi қаншама?
Қаршадайынан араб тiлiнiң сиқыры мен сырын игерiп, ұлттық әдебиетiмiз бен тарихымыздың қазыналы көздерiн тануға бейiмделген, келе-келе араб елдерiнде қызмет етiп, өзiнiң филологиялық бiлiмiмен қатар, теологиялык танымын тереңдету iсiмен де жан-жақты айналысқан сергек ойлы замандасымыздың ұлт алдындағы осындай ұлы мiндеттi абыроймен атқарып келе жатқанына ерiксiз риза боламыз.
Жаңаша ойлау, жаңаша сөйлеу – қашанда уақыт ағысынан қалмай, мына арыны қатты, асау заманамен аяқты тең басып жүрудiң кепiлi.
Менiң ойымша, ондаған жылдар бойы Ата Дiнiне барар жолға шөп өсiрiп алған кейуана мiнездi халқымыздың өзегiн буған өкiнiшi бiрте-бiрте ортайып келедi. Ел санасынан шығыңқырап кеткен Ораза, Құрбан айт секiлдi дiни мерекелердiң ежелгi Алаш атты жұрттың кең даласына қайыра оралуын, жалпыхалықтық сипатқа ие болуын ұлттық ұйысу жолындағы жетiстiктерiмiз деп бағалауымыз керек. Бiр тiлде сөйлеп, бiр дiннiң сәждесiне қатар құлап, бiр кеңiстiкте тұтасып өмiр сүрген ұлттың арманы бар ма, шiркiн?!
Өз дiнiңдi өзiң ғана тану, мойындау аз. Өзгенiң танып, бiлiп, қадiрлегенi, құрметтегенi керек. Құрмет басы қашанда – насихат пен уағыз. Насихатың өрiстi болса, уағызың өтiмдi болмақ.
Өз тауыңның асқарын мадақтау үшiн, өзгенiң тауын кемсiтудiң, аласартудың қажетi жоқ. Бүл «алтыбақан алауыздыққа» алып барар өнбес даудың iздеушiсi болумен бiрдей. Өнбес дауды iздегенше, өрiсiңдi кеңейтер өркендi жол тап. Өз басым соңғы жылдар iшiндегi радио, телевидение арқылы берiлiп жүрген Ата Дiнiмiз жайындағы хабарлар мен әлгiндей мерекелер қарсаңындағы арнайы баспасөз конференцияларын өткiзiп тұрудың дәстүрге ене бастағанын сондай жолдардың үлгiлi түрiнен санаймын. Ондай шаралардың барынша сапалы, салауатты болғанын қалаймын. Өйткенi ондай сапалы хабарлар арқылы бiз мұсылмандық дiни мерекелердiң мән-жайын, сыр-сипатын, қадiр-қасиетiн түсiнуге жағдай тудырамыз. Ал түсiну, түсiнiсу қай кезде де адам баласын оң жолға бастайды. Мұндай шаралар өзге дiн өкiлдерiнiң мұсылмандық дiнiне, оның дiни мерекелерiне құрметпен қарау сезiмiн оятады.
«Өз Тәңiрiңе сыйын, өз батырыңды құрметте!» дейдi Алаш жұртының ұлы атасы, бiздiң жыл санауымызға дейiн көп iлгерiде өмiр сүрген Анахарсис (Анарыс) атты сақ жұртының данышпан ойшылы. «Өзiңдi жаттай сыйла, жат жанынан түңiлсiн» дейдi ұлы дүниенi сөзбен түгендеп, ұлы даудың бәрiн сөзбен шешiп үйренген атамыз Қазақ. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», — дейдi кемеңгер Абай.
Көрiп отырсыздар, ұрпағын ұлтын сүюге уағыздаған арғы-бергi дәуiрлердiң сөзi осындай. Бүгiнгi заман зердесiмен үңiлсек те, өткеннiң таразысына салып, байыптасақ та, болашақтың баянымен өлшесек те, қазақ халқы үшiн қашанда елдi сақтаудың жолы жалғыз болған. Ол – өз Құдайыңнан адаспа, өз елiңдi сүй, өзгенiң ойын қадiрле!
Бүгiнгi заман талабы айна-қатесi жоқ, тағы да осындай таңдау-үлгiнi алға тартып отыр.
Ата Дiн айналасына топтасқан қалың ел, қара орман жұрттың тiлегi жалғыз. Iрi-iрi мешiттерде қарилер мен хафиздер Құран хатым түсiргенде осы бiр ұлы тiлек әр көңiлдiң төрiнде сөйлеп тұрса керек. Құран толық оқылып, Алладан ел мен халық үшiн береке, ынтымақ тiлеп, сауабы мол зор құлшылық жасалған сәт-сағаттардың қай-қайсысында да осы сөз, осы тiлек әр жүректiң үнiндей болып аспан асты жер үстiнен тiл қатып жатса керек.
Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) үмбеттерiн ғана емес, алты құрлықты қоныс еткен жұмыр бас пенделердiң бар-барының ықылас-назарын өзiне бұрған былтырғы жылы Астана қаласында өткен әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң II құрылтайы қарсаңында Қазақстан Мұсылмандары Дiни басқармасының тiкелей бастамасымен «Ислам – Ата Дiнiмiз» атты деректi фильм телеарналар арқылы кең түрде көрсетiлiп насихатталғаны ел есiнде.
Өздерiн өркениеттi санайтын қайсыбiр елдер тарапынан екi ғасыр тоғысында Ислам дiнiне санаға сiңе бермейтiн жалған жалалардың жамылғанына, әлi де қаралау, даттау сарынындағы насихаттың жалғасып келе жатқанына көз жұмуға болмайды.
Бұл – ғаламдық билiкке ұмтылған, өздерiн құдiреттi санайтын елдер тарапынан жүргiзiлiп келе жатқан әккi саясаттың көрiнiсi. Казiргi Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерiнде болып жатқан ауыр оқиғалар астарында осындай салдарлы сипаттың жатқанын да екiнiң бiрi бiледi. Әр түрлi лаңкестiк оқиғалар төркiнiнде не жасырынып, не нендей мақсаттар мен мүдделер тұрғанын да бүгiнгi жүмыр бас пенде жақсы ұғынады. Дiндi лағынет тұғырына қондыруға тырысатындардың ешқайсысы ешқашан адамнан да, заманнан да алғыс алған емес. Дiнмен ойнағандар түптiң-түбi өз тағдырын өзi тәлкек етiп, Ұлы Жаратушының каһарына қалай үшырап отырғанын тарихтан артық айтамын деу астамшылық болар едi…
Елу елдiң бiрi болу дейтiн iргелi мақсатты ту еткен, аса күрделi геосаяси кеңiстiкте орналасқан Қазақстан тәрiздi көп ұлт өкiлдерi өмiр сүрген, көпконфессиялы елде Ислам дiнiнiң көшiн бастау — оңай жүк еместiгiн айттық. Сол жүктi бүгiнгi таңда ойы мен парасаты, бiлiмi мен бiлiгi жетiк, ұлт, ұлыс мүддесiн жалпы адамзаттық құндылықтарды қорғау, сақтау мүддесiмен үйлестiре қимылдап, Ата Дiнiмiздi абыройлы айдындарға алып шығу жолында тынымсыз еңбек етiп, үлкен iстердiң басын қайырып жүрген Бас мүфтиiмiзге ел сенiмiнiң уакыт өткен сайын күшейе түсуiн қазақ топырағындағы дiнге деген жаңа көзқарас пен жаңа бетбұрыстың нышаны деп бағалауымыз керек.
Бас мүфтидiң беделi – дiннiң беделi.
Дiннiң беделдi, абыройлы болуы қай кезде де ел ынтымағы мен бiрлiгiнiң белгiсi.
Ғалым ретiнде есiмiн ел-жұрты кең таныған, қайраткерлiк қарымын халқы мойындаған, ұлтым деп жүрегi соққан, бедерi мықты ой мен пайымы терең парасат иесiнiң әркез аузынан Алласы түспейтiн қара орман жұртының алдынан, елдiк тұтастыққа үндейтiн үлкен iстер көшiнiң басынан көруге жазсын.
Дiнбасы…
Замандас…
Тұлға хақындағы шағын сөзiмiздi бiз осылай аяқтағанды жөн көрдiк.
Әмiсе ойымыз бен iсiмiзге Алла жар болсын!
Нұрлан ОРАЗАЛИН