АЙТКЕШ

АЙТКЕШ

АЙТКЕШ
ашық дереккөзі
317

— Айткеш Толғанбаевты бiлушi ме едiң?

— Сондай скрипкашының болғанынан хабарым бар.

— Ол — қазақтың Паганииi. Бұл атауды оған халық берген. — Зекен Темiрғалиевпен кезектi бiр әңгiмемiздiң арқауы осылай басталды. Айткеш туралы көп бiледi екен. Ол айтудан, мен тыңдаудан жалықпадым. Әңгiме желiсiн үзгiсi келмедi ме, ауық-ауық соғылған телефон шылдырына да көңiл бөлмедi. Өзiме беймәлiм көп жайларға қанықтым. Айткештiң атан түйеге жүк болар тағдыр ауыртпалығын қалай көтергенiне қайранмын. «Сол бiр қилы заманда, алмағайып кезеңде, өзгелер қиыншылыққа төзе алмай, адамгершiлiк жолдан тайқып жатқанда, тек ары мен намысына жүгiнген неткен жаны сiрi жан едi?!». Зекең әңгiмесiн бiтiргенде ойым осыған тiрелдi. Қария орнынан тұрып, сөреден көлемi шағын бiр кiтапты алды.

— Бiз Колымада айдауда жүргенде ара-тұра кездесiп тұрдық. Тар жол, тайғақ кешуден талай рет бiрге өттiк. Айткештiң мына 2001 жылы «Ана тiлi» баспасынан шыққан «Қатал тағдыр тәлкегi» деп аталатын жұқа кiтабында мен айтқан әңгiменiң бiразы бар. Ол басынан кешкендерiн, тек көзiмен көргендерiн жазған. Мұндағы ащы шындық өзегiңдi өртейдi. Ешкiмдi де бей-жай қалдырмайды. Өкiнiшке орай, кiтаптың тиражы өте аз. Оның үстiне қазiр кiм кiтапханаға барып, кiтап оқып жатады дейсiң. Сен осы Айткеш Толғанбаев туралы газетке жаз. Оның қилы-қилы тағдырын қалың көпшiлiкке жеткiзудiң тиiмдi жолы осы.

Мен жазуға уәде бердiм. Алайда «Казахское дело» тақырыбымен жазып жүрген мақалаларымның тiзбегi бiрiнен соң бiрi туындап, мұрағат материалдарымен танысып, зерттеу уақытты созып жiбердi. Әне-мiне, қолға аламын деп жүргенде төрт жыл да өте шықты.

Өткен аптада ақсақал таяғына сүйенiп, редакцияға тағы келдi. Ол: «Айткештiң әдiлдiк үшiн күресiн, бүгiнгi ұрпаққа үлгi ету керек, шырағым. Оның тағдыры жастардың отансүйгiштiк сезiмiн оятып, адалдыққа, батылдыққа тәрбиелейдi», — дедi. Қарияның осы бiр сөзi қамшы болып, басқа шаруаларымды жиыстырып қойдым да, Айткеш Толғанбаев жайында жазуға стол басына отырдым.

«Тақыр жерге шөп шықпайды». Бұл халық таланттарына да қатысты айтылған сөз. Жоғарыдағы аталмыш кiтапта Айткеш өз тегiн былай таратыпты.

«… Туған жерiм Семей облысы, Қарауыл ауылы, Шыңғыстау ауданы. Арғы ата-тегiм — Тобықты iшiнде Ырғызбай. Ырғызбайдан Өскенбай, Мырзатай, Өсер, Жортар деген төрт ұл болған. Өскенбайдан Құнанбай, одан Абай, Шәкәрiм туса, Мырзатайдан Жұман, одан Толғанбай, одан мен туғанмын».

Ол — тума талант. Сондықтан болар туған жер табиғатының тылсым сырын ерте сезiнiп, ерте түсiнген.

«…Мен өмiрге музыкант болу үшiн келгендеймiн. Өйткенi менi қоршаған орта: аспан, жер, ай, күн музыка әуенiне толы, соның бастауы болса, табиғат құбылыстары күннiң шығуы мен батуы, желдiң ызыңы, шөптiң тербелуi, орман-тоғайдың шуылы, өзеннiң сылдыры, құс атаулының үнi сол әннiң орындаушысы болатын. Домбыра мен сыбызғының үнi менi халқымыздың баға жетпес қазынасына жетелесе, өлеңi бабаларымыздың тарихынан сыр шертетiн».

Айткешке музыкалық дарын қанмен келген қасиет екенi де анық. Әкесi Толғанбай ән айтпаса да, күйдi құмарта тыңдаушылардың бiрi болған. Ал анасы — Бибiсара Өтелбайқызы әншiлiгiмен ауыл-аймаққа танылыпты. Тiптен үнi музыка тiлiмен айтқанда мецо-сапраноға жатады екен. Бала Айткеш оның тамылжыта салған әндерiн сүйсiне тыңдап өскен. Нағашылары да ауылдың алты аузынан құралақан емес. Әсiресе Жұматай өзiнiң қоңыр даусымен Абай, Шәкәрiм әндерiн әуелете шырқағанда, тыңдаушылары тамсана таңдайларын қақса керек. Айткеш осындай өнерлi ортада өстi. Музыка әлемiне қанат қақтырған да солар. Туған ағасы Балтақай Семейден скрипка аспабын сатып әкеп бергендегi қуанышын тiлмен айтып жеткiзу қиын. Скрипкада ойнауға деген құштарлығы, кәсiпқой музыкалық бiлiм алу үшiн 1935 жылы Алматыға алып келдi. Жазушы ағасы Мұхтар Әуезовтен, музыка зерттеушi Ахмет Жұбановтан кеңес алды. Келер жылы Музыкалық-драмалық техникумға түстi. Ол сол кезде небәрi 11-ақ жаста едi. Қабылдау емтиханынан iрiктелген 22 оқушы скрипка бөлiмiнде атақты Иосиф Антонович Лесманнан дәрiс алды. Жыл соңында солардан екi-ақ оқушы қалған. Соның бiрi — Айткеш. Оның болашағынан үлкен үмiт күткен И.А.Лесман кейде үйiне ертiп барып, сабақ берiп жүрдi. Кейде ұстазы жоғары курс студентi Ғалым Абсалямовке қосымша сабақ өткiздiретiн. Оқу жылының соңында есеп беру концертi болды. Сол кеште Айткеш квартетпен қосылып бiрiншi скрипкада В.А.Моцарттың шығармасын, ал екiншi бөлiмiнде Виоттидiң 22-шi концертiн жеке ойнады. Сарапшылар алқасы оның орындау шеберлiгiн жоғары бағалады. Ертеңiне «Казахстанская правда» газетiнде оның атына жылы пiкiр жарияланды.

«… Бiрде И.А.Лесман өз үйiнде менiң ойнағанымды тыңдап отырып қатты риза болғаны соншалық:

— Өмiрiмде бiрiншi рет осындай алғыр, дарынды оқушыны кезiктiрiп отырмын. Ол қас-қағым сәтте қағып алып, айтпақ нәрсенi демде ұға қояды, — дедi естiрте.

Одан кейiн менiң тағы бiр ұстазым, танымал скрипкашы болған М.И.Сквирскиймен жеке әңгiмелерiнiң үстiне келiп қалып, ерiксiз куәсi болған едiм. Сонда Марк Ионович өзiнiң көңiлiндегi сезiмiн Иосиф Антоновичке:

— Иосиф, менiң осы сөзiмдi есiңе сақташы. Егер бiрдеңе бөгет болмаса, мына бала әлемдiк даңққа бөленедi, — деп едi. Бұл менiң ұстазымның маған көрсеткен қолдауы мен берген ақ батасы болған шығар. Ол менiң жүрегiмде өмiр бойы сақталып қалды».

Ұстаз бекер күдiктенбеген екен. Бiр жылдан соң немiс фашистерi Советтер Одағына басқыншылық соғыс ашты. Айткеш 1942 жылдың қаңтарында әскерге шақырылды. Арманы биiк, болашағы зор жанның тағдырына соғыс тосыннан балта шапты. Музыка үшiн жаратылған жанның қолына скрипка емес, сұп-суық қару ұстауына тура келдi. Өзбекстанның Термез қаласында дайындықтан өттi. Скрипкасын өзiмен бiрге алып жүрдi. Оны ең қимас дүниесiндей көрдi. Құрамында өзi бар 389 дивизияның 545 полк жауынгерлерi дайындықтан сәл дамылдап, тыныстаған шақта қолына сол скрипкасын алып, сызылта ойнағанда олар бiр сәт әуенге елiтiп, сергiп қалады.

«… Бiр күнi менi полк командирi шақырып алып:

— Айтшы, музыкант, осы сенiң атың кiм? — дедi.

— Айткеш.

— Мұның аудармасы қалай? Орысша қалай аталады?

— Бiлмеймiн, жолдас полковник.

Бiраз ойланып тұрып:

— Жарайды онда, Гриша! Қатардағы гвардия жауынгерi Толғанбаев Айткеш ендi Григорий Иванович болып аталсын.

Сөйтiп, қолдан қойылған жасанды атыммен орыстардың iшiнде жүре бердiм».

Толғанбаев Айткеш деп атау полковникке аса қиындық тудыра қоймағаны анық. Оның үстiне адам аты өзге тiлге аударылмайды ғой. Аты-жөнiн өздерiнiң қалауынша қалай болса солай өзгерте салу оларға түк емес. Солай өз үстемдiктерiн ерiксiз жүргiзуге әдеттенiп, қалыптасып қалған. Бұл түптеп келгенде жалған достықты жамылғын шовинизмнiң орыстан басқаны менсiнбеушiлiгi, азаматтығын қадiрлемеушiлiгi. Ал Айткеш мұны жай мысал арқылы түсiнетiн жанға астарлап жеткiзiп отыр.

Айткеш айбынды деп асқақтата айтылған Совет Армиясының сол кездегi мүшкiл халiн де кiтабында ашып берген. Фашистер Кавказ мұнай үшiн ауыр артиллериясын, қуатты танктерiн, бомбалаушы самолеттерiн қаптата шабуылға шығарғанда Совет жауынгерлерiнiң бiраз бөлiгi ирандық мылтық, санаулы қол пулемет, жанғыш зат құйылған бөтелкелермен қарсы тұрған.

«…Бiздiң танкiлер қайда? Әлгi соғыстан бұрын киноларда парадтан көрсететiн, аспанды бұлтша торлап ұшатын самолеттер қайда? — деп командирлерден сұраймыз».

Командирлер бұған не десiн. Жоқты табан астында қайдан тауып бередi. Соғыстың алғашқы жылдары елге жiберiлген қара қағаздар нөпiрiнен жұрттың қабырғасы қайысқан жоқ па?!

«…Бiрде шабуылдап, бiрде шегiнемiз. Бiздiң жақтың шығыны көп. Кескiлескен ұрыс кезiнде, бiр жұманың iшiнде көптеген қазақстандық жерлестерiмнен, Алматыдан бiрге барған достарымнан айырылдым. Шабуылға шыққан сайын бiреуi, не екеуi, кейде бiрнешеуi жоқ болады. Қайда, қалай мерт болғанын ешқайсымыз бiлмеймiз. Бiрақ күнделiктi қатарымыз толығып жатады. Қарасаң, танымайтын өрiмдей жасөспiрiм жiгiттер жүредi. «Ой, бауырымдап» құшақтасып, табысқан болып жатамыз».

Айткеш көрген, қоян-қолтық араласқан соғыстың бiр шындығы осы. Дегенмен музыка мен соғыс бiр-бiрiне кереғар ұғымдар. Музыка — бейбiт өмiрдi, тыныштықты, қарапайым тiршiлiктi, мәдениеттi дәрiптейтiн күш. Соғыс солардың бәрiн күйрететiн, адамзат құндылықтарын жер бетiнен жойып жiберетiн жойқын алапат. Айткештiң орны қан майдан емес, үлкен сахна едi. Адамға қарсы оқ ату оның табиғи болмысына жат. Керiсiнше, олардың жан дүниесiн музыканың сырлы, сазды әуенiмен мейiрiмдiлiкке, қайырымдылыққа тәрбиелеу болатын.

Соғыста жауынгерлердi бiр бөлiмнен екiншi бөлiмге ауыстыра беретiн. Айткеш те әуелгiде атқыштар мен пулеметшiлер ротасында, одан кейiн байланысшылар бөлiмiнде, соңында танкiлердi ататын зеңбiректiң оқтаушысы болды.

Таудан бастау алған Терек — ағыны қатты өзен. Оларға жау бекiнген арғы бетке түнде жүзiп өту оңайға соқпады. Айткеш малту бiлмесе де өзгелермен бiрге өзеннiң тастай суық долы ағысына қойып кеттi. Немiстер ракета жарығымен талайларды жан тәсiлiм еттi. Арғы бетке өткендер жанталасып жүрiп, жау бекiнiсiн алды. Үстiндегi киiмi малмандай су Айткеш солардың бiрi. Ертеңiне Қызыл әскерлер от жағып, киiмдерiн кептiрiп жатқанда Айткеш ылғалданған скрипкасын да жалын лебiне жақын қойды. Грузиндер одан өздерi сүйiп тыңдайтын әнi «Суликоны», орыстар халық әндерiн, қазақтар мен өзбек, қырғыздар ұлттық әндерiн ойнап беруiн өтiндi. Олар отқа қыздырынып, скрипканың сызылған үнiне елiтiп, ұйқыға кеткен.

Кавказ тауларының басына бұлт үйiрiлiп, жауын бiрнеше күн бойына толас таппады. Қорғанысқа қазылған окоптар суға толып, жауынгерлердiң тiзе бүгiп отыруының өзi мұң болды. Айткеш скрипкасын шұлғауымен орап, жақын маңдағы ауылға апарып, бiр кемпiрге уақытша тапсырды. Бiрақ тағдыр оған скрипкасын сол кемпiрдiң қолынан қайтып алуға жазбапты.

«…Жаудың келесi шабуылында бiздiң танкiге қарсы соғысатын ротамыз қоршауда қалып қойды. Көп адамдар оққа ұшты. Менiң нысана көздеушiм Хисматуллин деген татар жiгiтi iшiнен ауыр жараланып: «Көмектесiңдер, көмектесiңдершi!» — деп қиналып жатып көз жұмды. Жарасын таңып байлағаннан басқа не көмек бере аласың. Оның алдында ауыр жараланып, таңға жақын командирiмiз қайтыс болған. Зеңбiрекке келесi оқты салып, ендi нысанаға алмақшы болып тұрғанымда, қатты жарылыстан не болғанымды бiлмеймiн. Контузия алып, есiмнен танып қалыппын. Аяғымнан жараланыппын, қан көп кетiптi. Қанша жатқанымды бiлмеймiн. Көзiмдi ашсам, айналам толған жау жендеттерi. Қолына тапаншасын ұстаған немiс танкисi маған төнiп тұр. Мен үшiн жарық дүниенiң бiткенiн бiрден ұқтым. Тiрi қалған 400-500-дей қызыл әскердi немiстер бiр ойпаңдау келген жерге жүрелеп отырғызып қойып, жан-жағынан автоматпен күзетiп жүр. Көзiмдi ашып, басымды ептеп көтеруге жарағанымды байқап қалған немiс тұтқын болып отырғандардың бiреулерiн ертiп келiп, жарамды таңғызып, өзiмдi сүйреттiрiп апарып тастатқызды».

Қолына тапанша ұстаған фашистке жаралы Айткештi атып тастау түкке тұрмайтын едi ғой. Ал неге атпады? Басқа сау тұтқындарды алып келiп, жарасын таңғызып, қайырымдылық көрсеткенi қалай? Таңданбасқа амалың қалмайды. Қазақ мұндайды «Оққағары бар жан екен» дейдi. Бәлкiм солай шығар. Әйтеуiр оны келiп тұрған ажалдың айналып өткенi рас.

«…Сонымен қазан айы туған болатын. Алтын күз. Әлi есiмде. Жауын басылған, кешкi сағат бестiң мөлшерi. Күн әлi ұясына кiрмеген шақ. Қазiр түн болады. Алда не күтiп тұрғаны белгiсiз. Өмiр ме, әлде өлiм бе? Шынымен бәрi бiткенi ме? Қандай өкiнiштi!».

Алда оны өмiр күтiп тұрды. Бiрақ қандай өмiр? Азабы мен тауқыметi көп, басын шырғалаңға салатын өмiр. Сол кезде оны ол қайдан бiлсiн. Сталиннiң тұтқынға түскендердiң бәрiн Отанды сатқанға санайтын бұйрығы шыққан. Бұл бұйрық бойынша не жауды жеңесiң, не өлесiң. Екiнiң бiрiн таңдауға хақың бар. Бұл ерiксiз тұтқынға түскендерге қиянат болды. Олар оның зардабын соғыстан кейiн де көп тартты.

«…Моздок түбiндегi соғыс тұтқындарының лагерiне немiстер бiрнеше он мыңдаған адамды қамап ұстады. Темiр тордың ар жағында автоматпен қаруланған күзетшiлердiң тепкiсi мен немiстiң овчарка иттерiнiң талауына түскен аш-жалаңаш, жаралы, жазықсыз адамдар қорлық пен азаптың айтып жеткiзуi қиын зардабын тартып жатты. Бұдан тiрi қаламын, болмаса қашып шығамын деп ойлау мүмкiн емес едi. Күнiне аштықтан және жарадан жүздеген адам өледi. Ондағылардың бәрi педикулез ауруына шалдығады. «Бит» дегенiң аш, әлсiз, ауру адамдарға өш болатын көрiнедi. Iшкi киiмдерiмiздi қойып, бас, сақал-мұртқа дейiн жайлап алды. Тiптi аузыңа кiрiп кете ме дейсiң. Оны қағып-сiлкiп түсiруiңе әлiң жоқ. Кейбiреулер көйлек-дамбалын шешiп, отқа қақтағанда, кәдiмгi табаққа май қыздырғандай бытырлап, шыжғырылып түсiп жатады».

Сол соғыстың әлi де айтылмаған шындығы қаншама. Бiреулер Отан үшiн жанын қиып жатса, ендi бiреулер бастарын сауғалап, жан түршiгерлiк iстерге де барған. Аштыққа шыдамайтындар жыртқыштан да бетер болатынын кiм бiлген. Ал Айткеш оны өз көзiмен көрдi.

«…Өмiрден күдер үзген адам бәрiне көнедi екен. Бiрақ аштыққа шыдамайды, үнемi тамаққа жарымай, аш жүрген адамдар есiнен ауысып, аң сықылды болып кететiн көрiнедi…

…Мен де аяғымның жарасына күл сеуiп құрғатып, емдеген болдым да ақсаңдай сүйретiле басып, көпшiлiктен бөлiнiп, оқшаулау жерде отты айнала қоршай бiраз ғана топ құрып отырған тұтқындардың қасына келдiм. Олар менiң жандарына келiп отырғанымды байқаған жоқ. Отқа қақтап пiсiрген болып, бiрдеңенi жеп отыр.

— Әй — мынау өзi шынында адамның етi дәмдi екен, — десе, екiншiсi:

— Иә, ол әрi пайдалы, — деп қойып күйсеп жатыр.

Жаным түршiктi, лоқсып-лоқсып жiбердiм. Бұлар адам емес, аштықтан жыртқышқа айналған нағыз адам етiн жегiштер едi. Оларға не iстейсiң, бүгiн бар, ертең жоқ. Шаруасы бiткен, есiнен адасқандар. Өз орныма қалай жеткенiмдi бiлмеймiн. Түнiмен дөңбекшiп, ұйықтаған жоқпын. Әлгiлер көз алдымнан кетпейдi. Ойыма келсе лоқсып құсамын. Апырмай, ең құрығанда көңiлсiз қалдым-ау деп уайымдаймын».

Бұл да болған. Бұл да ащы шындық. Тек бертiнге дейiн айтылмай келдi. Осыдан екi жыл бұрын «ОРТ» телеарнасынан «Штравбат» атты көп сериялы кинофильм көрсетiлдi. Сонда басты рөлдердiң бiрiнде ойнайтын жанның аузымен осындай жайдың болғанын айтқызғаны бар. Соғыстың қасiретi адам баласын ақыл-естен айырып, осындай күйге де түсiредi екен.

«…Көз жасымды көрiп, Аллаh Тағалам көмектестi ме бiлмеймiн, ойламаған жерден бiр жағдайдың қисыны келе қалды. Бәлкiм, бұл оқиға болмаса менiң күнiмнiң немен аяқталары өзiме белгiлi едi. Күнде таңертең бәрiмiздi сапқа тұрғызып, тiрi қалғандарды түгендейдi. Бiр күнi лагерьдiң коменданты тiлмаш арқылы:

— Араларыңда музыкант бар ма? — деп сұрады.

Мен басымды жасырып, бұға қалдым. Бұрынырақ бiр әңгiмесiнде комиссар бiзге тұтқынға түскендердiң iшiнен немiстер алдымен зиялы қауым өкiлдерiн тергеуге алады, жауап бермегендерiн атып тастайды. Әйтпесе көзiн шығарып, құлағын кесiп, итке талатып, азаптап, ит қорлықпен қинап өлтiредi деп сақтандырып, елеусiз болуды ескерткен. Сол ойымда бар, үндемей алдымда тұрғандардың артына тығылып, көрiнбеуге тырыстым. Бiрақ қасымда тұрғандардың бiреуi қашқын ұстағандай, саптың алдына итерiп шығарып:

—Музыкант бар, мiне, мынау, — дедi.

Менiң сүмiрейген қалпым мен кескiнiме қарап, немiстер сенiмсiздiк танытып:

— Сен шын музыкантпысың? – дедi.

Менде үн жоқ, артымдағылардың бiреуi тұрып:

— Ол — музыкант! Жақсы музыкант, — дедi.

— Қай түрiн ойнайсың? — деп сұрады тiлмаш.

— Скрипкада.

— Скрипкаң қайда?

— Жоқ.

Комендант өз жендеттерiне бiрдеңе айтқан болды. Олар менiң аты-жөнiмдi, қай түпкiрде жататынымды жазып алып кеттi. Менiң ойыма келмегенi жоқ, қалай өлтiрсе де, осымен бiткенiм деп есептедiм. Түнгi сағат 12-нiң мөлшерiнде, менi айғайлап iздеп жүргендерiн естiдiм. Жатқан жерiмнен тұрып, жеркепеден шықтым. Ай жарық екен. Есiк алдында немiстер тұр, бiреуiнiң қолында скрипка мен қыл керiлген таяқша (смычок).

— Мә, ойна!

Қарасам, скрипкаға өз iшегiнiң орнына мандалиннiң iшектерi тағылған, ал қыл керiлген таяқшада бар-жоғы 10-15 қыл бар.

«Мұнымен қалай ойнаймын? Жарайды, не болса о болсын, бәрiбiр бiр өлiм, ойнап көрейiн» — деп ойладым.

Әрең дегенде күйiн келтiрген болып, классикалық музыкадан бiрдеңе тартқан болдым. Ұмытпасам, Венявскийдiң мозуркасы болу керек.

— Жүр, — дедi немiстер.

Жан-жағымнан қоршап, ұзындау бiр барақ үйге алып келiп, есiк ашып кiргiздi. Үлкен бөлменiң қабырғаларының әр жерiнде «жарқанат» аталатын шамдар iлiнген, кiре берiстегi ұзын қабырғасының бойындағы столда немiс жендеттерi тамақтанып отыр. Қарсы қабырғаның төр жағындағы жеке столда бiрнеше офицерлерi мен лагерьдiң коменданты жайғасыпты. Тiлмаш менi алып келгендiктерiн хабарлады, комендант бұйырып:

— Ойнасын! — дедi.

— Не ойнайын?

— Өзiң бiл.

Өзiм бiлген музыкалық шығармаларды бiрiнен кейiн бiрiн ойнап жатырмын. Немiстер тамақтарын iшiп, үнсiз тыңдап отыр. Менiң аяқтарымнан әл кетiп, көзiм қарауытып, әрең тұрмын. Стол үстiндегi дәмдi тамақтарды көрiп, иiсiн сезген сайын қолым қалтырап, басым айналады. Оның үстiне жылы жерге келген соң, денемдi бит талап, қышып, дуылдатып шыдатпай барады.

Бiр кезде комендант тiлмаш арқылы:

— Тамақ iшкiң келе ме? — деп сұрады.

— Келедi.

Жендеттер отырған столдың шетiне отырғызды. Олар менен жиiркенiп, сығылысып, қашықтап жатыр, тақау отырғандары тұрып кеттi.

Алдыма әкеп нан, колбаса, сыр қойды. Менiң ашқарақтанып қомағайлана асап, құрғақ тамақты жұта алмай, қақалып-шашалып жөткергенiмдi мазақ қылып: «Же, аса, тағы аса!» — деп, қарқ-қарқ күлiп, келемеж жасады. Оған қарап жатқан мен жоқ.

— Iшкiң келе ме?

— Келедi.

Кружкаға қызыл шарап құйып бердi. Iшiп алдым. Көп-көрiм болып, бойыма қан жүгiрiп, жеңiлденiп қалдым. Не болса, о болсын, маңдайға жазғанын көрiп алармын. Бұларға ермек керек, iшкiзiп, жегiзiп алып жоқ қыла салады. Әйтеуiр бiр өлiм, одан да тойып алып өлейiн. Кружкама тағы бiрдеңе құйды, дәмiн де сезгем жоқ, жұта салдым. Алдыма қойғанның бәрiн баудай түсiрiп жатырмын. Бiр мезгiлде комендант орнынан көтерiлiп едi, қалғандары үрiккен шыбындай ұшып-ұшып тұрды. Ол бiрдеңелердi айтып, шығып кеттi. Қалған жендеттерi дабырласып, өзара бiрдеңе айтысқан болып жатты. Ешқайсына көңiл аударған жоқпын. Алдымдағы тамақты елдiң қалдығымен қосып соғып жатырмын.

— Жарайды, жеттi! Шық!

Шықтым. Әлгiнiң арасында, барақтың қасына лаулатып, кесiлген ағаштарды үйiп, от жағып қойыпты. Жанған оттың қасына алып келiп:

— Шешiн! — дедi.

«Шынымен жеткенiм бе? Дәл осы жер жеткен жерiм бе?».

Көп бөгелмей алдымен шинелiмдi, одан соң гимнастеркамды шештiм. Қолымнан жұлып алып, бiр-бiрлеп отқа тастап жатыр. Сөйтiп, үстiмдегi барлық киiмiм отқа лақтырылды. Аязда жалаңаш тұрмын, бiрақ ештеңе сезбеймiн. Бiреу тұрып:

— Киiн! — дедi.

Қарасам, жаңа жұмыс киiмiн әкелiптi, өз көзiме өзiм сенбеймiн. Киiндiм, бiрақ не iстегелi тұрғандарын бiлмеймiн. Әлi де өлiм қаупi санамнан тарқаған жоқ. Кенеттен қай жағымнан шыққан дауыс екенiн аңғара алмай, жан-жағыма алақтап тұрғанымда, алдымда бес-алты қадамдай жерде немiстiң тiлмашы:

— Скрипкаңды ал да, жүр тез! — деп әкiреңдеп тұр.

Соғыста жүргенiмде, алғашқы ұрысқа кiргенiмде, бойымды аздап қорқыныш билегенi рас. Ал, дәл қазiр маған не iстесе де бәрiбiр секiлдi. Бойымды бiр селқостық билеп алды. Қайда апарады, неге деген ой келген жоқ. Менi алдарына салып, бiр жер үйге алып келдi. Бiз кiрген бөлменiң орта тұсындағы қызып тұрған темiр пештiң жанында аяғын айқастыра бiрiнiң үстiне бiрiн қойып, газет оқып лагерьдiң коменданты отыр. Алып келген жендетке жүре бер деп бұйырған болуы керек, бiрдеңе деп едi, ол шығып кеттi.

— Отыр, — дедi маған комендант орысшалап. – Қаласаң, шай iш, тамақ ал, қорықпа.

Стол үстiнде түрлi iшiмдiктер мен тамақтар тұр екен. Мен бас тарттым, есiмдi жаңа жинап келе жатқандаймын.

— Онда маған музыка ойнап бер, — дедi.

Оның бiрдеңеге қобалжып отырғаны байқалғандай болды.

Батыстың классикаларынан үзiндiлер ойнап, артынан Венявскийдiң мазуркасын ойнап бердiм. Оның зейiн қойып, құштарлықпен тыңдағаны менiң өзiме деген сенiмiмдi арттырды.

— Жақсы, бiрақ еврейдiң музыкасының керегi жоқ, — дедi.

— Бұл жерде еврей музыкасының қандай қатысы бар? — деп таңдандым. – Бұл классика емес пе?

— Венявский — еврей.

Түсiнбеймiн. Сонда еврей музыкасы, орыс немесе немiс музыкасы деп бөлгендi қалай ұғуға болады? Ал мен үшiн, музыка әр уақытта шынайы музыка қалпында қалады.

Бiрақ мен сөз таластырған жоқпын. Тезiрек қайтарса екен деп тұрмын. Жас кезiмде Балтақай ағам маған: «Сен ойнамай тұрып алдымен тыңдаушыларыңның кiм екенiн танып ал. Егер көпшiлiк сенiң тартқаныңды ұғатын болса ғана қошемет көрсететiн болады» деп жиi айтатын.

Сол түнi көзiмдi iлместен, таң атқанша ойнадым. Комендант менi босатарында музыка тыңдағысы келгенде шақыртып алғызып отыратындығын ескерттi. Одан кейiн шақырумен бiрнеше рет келiп музыка ойнап берiп жүрдiм».

Қанша фашист болса да немiстер музыканы, скрипка аспабының сазды үнiн ұнататын. Өнер адамын да бағалай бiлдi. Айткештi олардың тепкiсiнен, зорлық-зомбылығынан көбiне сақтап қалған осы скрипка. Классикалық туындыларды ойнай бiлуi. Қысқасы, оның жебеушiсi де музыкалық ерекше таланты болды. Ал өнерден құралақан басқаларға ше?..

«…Ара-тұра лагерьге рейх эмиссарлары мен жоғарғы шендi немiстiң әскери офицерлерi келiп тұрады. Олар келген сайын, құр сүлдесi жүрген тұтқындағыларды немiстiң жендеттерi қойға шапқан қасқырдай қуалап, ұрып-соғып, итке талатып, жер үйлер мен үңгiрлерден айдап шығып, сапқа тұрғызады. Сондағы бәрiнiң қайталап айтатындары: «Бiз басқыншылар емеспiз. Қайта сендердi большевиктердiң құлдығынан құтқарушылармыз» деп, әрдайым бiздi сендiруге тырысатын. Бұл жолы да бұрынғы сөздерiн қайталап айтумен бiрге немiс әскербасының шешiмi бойынша, еркiмен соғыс тұтқындарын Германияға жұмысқа алатындарын ескерттi.

«Германияға еркiммен барамын» деушiлер де табылды. Егер мен бәрiн жоққа шығарсам, өтiрiк айтқан болар едiм. Майдандағы жағдайдан хабары жоқ, ит қорлықтан әбден тыйтықтаған соғыс тұтқындарының арасында, ендi бiзге күн жоқ, бұл соғыста бiз жеңiлдiк деп түсiнiп, өз бастарын аман алып қалудың қамын ойлағандар аз болған жоқ. Менiң тағдырымды жаяу әскерлер құрамасының жас лейтенанты, лагерьдiң коменданты шештi.

Бiрде қатты қызуменен тартқан музыкамды тыңдап отырып, күтпеген жерден:

— Сен бұл жерде жүрсең, өлесiң. Скрипкаңның да үнi өшедi. Сенiң тiрi қалуың керек. Германияға барасың, мен көмектесемiн, — дедi.

Германияға жөнелтерден бiраз күн бұрын, комендант маған таңғаларлық бiр сұрақ қойды:

— Қалай ойлайсың, егер мен советтерге тұтқынға түссем атып тастамай ма?

— Жоқ, — дедiм мен. — Сiздi атпайды. Тұтқын болған жауынгерлер мен офицерлердi сан рет көрдiм. Оларды тiрi қалдырды».

Әскери тұтқындар тиелген эшалон Германия жерiне жеткенде күзгi табиғаты тамылжып тұр екен. Мұнда бомбалардың жердi солқылдатқан жарылысы, зеңбiректердiң зiркiлдеген гүрсiлi естiлмейдi. Әралуан құстардың сайрағанынан басқа, алабөтен дыбыс жоқ. Қалың орманды аймақ тыныштық құшағында. Осынау әсем табиғат көп тұтқындардың iшiндегi Айткешке аса әсер еткен жоқ. Көңiл түпкiрiнде жат жер, жат елдiң бөтендiгi сезiлiп, мазасыз күй кештi.

Оларды Фрайбург қаласындағы тұтқындар лагерiне қамады. Бұл қалада бұдан басқа қабаттаса салынған тағы бiр лагерь бар екен. Онда Ресей, Украина, Белоруссиядан айдап әкелген әйелдер тұратын болып шықты. Немiстер оларды қара жұмысқа салған. Вокзалда вагондардан ауыр жүктер түсiрiп, тиеу жұмыстарымен айналысатын көрiнедi.

«…Соғыс тұтқындары лагерiнiң коменданты, ұмытпасам, фамилиясы Фон Волькерзам деген обер-лейтенант болатын. Ол орыс тiлiнде жақсы сөйлейтiн. Соғыстан бұрын Ленинградта немiс елшiлiгiнде қызмет атқарғандығын тұтқындардың арасында бiлетiндерi айтып жүрдi. Сонда жүргенде көп ұлтты Совет Одағының өнерiн көрiп ұнатқан болу керек. Ол Фрайбург қаласының тұрғындарына әртүрлi ұлттың өкiлдерiнен құралған соғыс тұтқындарының әндерi мен билерiн көрсетуге мүмкiндiк жасады. Мұндай жаңалықты бұл қаланың тұрғындары бұрын-соңды естiп көрмеген».

Жалғасы бар

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары