347
АРҒЫ АЛТАЙ ӨР ҚАҢҒАЙ МЕН ОРХОН, БАЙКАЛ...
АРҒЫ АЛТАЙ ӨР ҚАҢҒАЙ МЕН ОРХОН, БАЙКАЛ...
Тарихымыздың тамырын қайта түлетiп, ескiрген көзқарастар мен тұжырымдарды, қасаң тартқан қағидаларды ғылыми ой-пiкiр тұрғысынан қайыра саралайтын уақыт жеттi. Ұлтымыздың тарихына қатысты деректердi қайтадан салыстыра қарап, жаңадан аударып, заттық және бейзаттық мұраларды тағы да бiр екшейтiн кез келдi.
Өйткенi бұрынғы тарихымыз империя тарихшыларының көзқарасымен жазылып, солар мәжбүрлеп орнықтырған пайымдаулардан әлi де шыға алмай отырмыз. Сол олқылықты толтыру мақсатында биыл жазда Қазақстанның бiр топ ғалымдары, соның iшiнде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң түркiтану орталығының ғылыми жетекшiсi, тарих ғылымдарының кандидаты Қаржаубай Сартқожаұлы, осы университетке қарасты «Отырар кiтапханасы» ғылыми орталығының директоры, профессор Тұрсын Жұртбай, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бөлiм меңгерушiсi, атақты археолог Зейнолла Самашев, көне мұраларды қайтадан жаңғыртып жүрген белгiлi реставратор Қырым Алтынбек, Моңғолия ҒА-ның археология институтының орта ғасыр археологиясы секторының меңгерушiсi, профессор Баяр Дөвгой қатысқан, арнайы мамандармен жасақталған халықаралық ғылыми экспедиция ежелгi көк түрктердiң мекенi — Моңғол Алтайы мен Өр Қаңғай үстiртiне зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Археологиялық қазба мен реставрациялау, көне түркi мәтiндерiн қалыптау, аудару жұмыстары одан әрi жалғасып жатыр. Бiз сол сапардан қайтқан жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың пiкiрге толы күнделiгiн ұсына отырып, осы экспедицияның ғылыми табыстарын алдағы уақытта газет бетiнде жариялауды жоспарлап отырғанымызды ескертемiз. 20.07.2007 ж. Алматыдан Өскеменге ұштық. Жол бойы жер бедерiн қызықтадым. Алыста Жоңғар Алатауы. Басы қарлы, бауыры жасыл. Лепсiнiң тұсында сұғына мүйiстенедi екен. Мұзды шыңдар Шығыс Түркiстанға тиесiлi. Боротола, Талқы, Сайрам сайрап тұр… Таңдандыратыны – Лепсi Балқашқа құярда батысқа қарай жарыса жағалап барып жантаяды екен. Өскеменге келгенде Ертiстiң арғы бетiнiң жасылдығы, шығымды егiнi, сайы, бұлағы, табиғаты қызықтырды. Әттең… соның барлығы шекарадан тыс. Бiр заманда Ертiс өзенi исламның шекарасы болып, оның арғы бетiндегiлер пұтқа табынған күйiнде қалып қойған. Қазiргi алтайлықтар деп аталатын найман, меркiт, қоңырат, керейт, көктiңұлы, теле, алшын, кiсi, шор, шектi тайпалары қоныстанған ата жұрт едi. Ендi Қатынсуды өңештеп, Мұзтаудың алқымын сыға сызылған қызыл сызықтың ар жағында — Ресейде қалып қойыпты.Менiң ұлы арманым – Алтайдың төрт құбыласын түгел көрiп, көңiл картасына түсiру болғандықтан да, қасиеттi таудың әр шақырымында өткен тарихи оқиғаларды бүгiнгi күннiң картасымен салыстырып, төртке бөлiнген тауды бiртұтас қарастырып, құрақ көрпе сияқты құрастырып жүргендiктен де, тарихи жер жағдайы жақсы таныс. Әр шаршыны шарыштап отырғаным да сондықтан. Сол Алтайдың төртке бөлiнген алқымын көрiп, өткен-кеткендi ойға алсам деген аңсарым бар едi. Бұл сапардың да басты мақсаты сол. Алтайдың Қазақстандағы, Ресейдегi, Қытайдағы телiмiн көргем. Бүгiндерi құбының құмына тұтасқан сонау Хуанхэнiң Саржазығынан сiңiрленетiн сiлемiнен бастап Тарбағатайдың тұмсығына тiрелетiн Алтайдың терiскей бетiн былтыр сүзiп шыққанмын. Ендiгi ой: Моңғолияның әр бетегесiнiң түбiн түптеп, көне жазуларды адақтап шыққан Л.Н.Гумилев атындағы Ұлттық университеттiң Қаржаубай Сартқожа бастатқан түркологтардың, атақты археолог Зейнолла Самашевтiң, әйгiлi реставратор Қырым Алтынбектiң, моңғолдық профессор Баяр Дөвгойдың экспедицияларына iлесiп сол Алтайдың күншығыс бетiн түре (керi бағытпен) сырып шығу. Бес экспедиция Моңғолияның әр тұсынан андағайлап барып Ұланбатырда бас қосуға уәделескенбiз. Жөн сұрағандарға қалжыңдап: «Төрт топ көр қазады, мен сөз қазамын» – деймiн. Сөйтiп, он бес мың шақырымға созылған түркiнiң ұлы Тәңiртауының шың-шатқалын, сiлем-сыпатын, тарихи тамырын, ХIХ ғасырға дейiнгi мекен еткен халық пен бүгiнгi қоныстанушылардың аражiгiн ажырата жүру ойымда болды. Не жазыларын, одан не шығарын кiм бiлсiн, әйтеуiр бiр нәрсе жазсам-ау, деген есекдәме отыз жылдан берi мазалап жүргенi анық. Бүгiнгi мекендеген халықтардың пердесiн ашып, тарих шымылдығының iшiне кiргiм келедi. Сол бiр көкемарал дәмемен сапарға шығып, Өскеменнен — Өлгийге ұшқанда ұшақтың шығыс қанатына отырдым. Ойым: барарда Орыс Алтайын – Таулы Алтайды, қайтарда – Қазақ Алтайын биiктен тамашалау едi…Ормандалып басталған Алтай биiктеп, iшке кiргенде тақырлана бередi екен. Әуелде шың басындағы аппақ болып көрiнген алаңқайларды сүрi қар, сеңгiр мұздақ екен десем, олай емес, ақ керiштi су орған жарқабақтар екен. Баянөлгий жақ бетi тап-тақыр, орманды ұстарамен қырып тастағандай. Бұлақтар байқалмайды. Биыл жаңбыр да болмапты. Таудың қолтық, текшесiндегi қыстаудың, тасқораның орны – темiреткiнiң орны сияқты таңдақ-таңдақ. Ел — жайлауда, Мұзтаудың қойнауында көрiнедi… Сағат 2-де Баянөлгийге қондық. Аэропорты бетонсыз. Қарауыл, Бестамақ аэропорты сияқты тастақты тақыр. Бәрi қазақ. Шетелге өткендей болмадым. Еш айырма сезбедiм. Аэропортта моңғолша анкета толтырған кезде ғана жаттығым бiлiндi. Осындағы жазушылар одағының жауапты адамы, ақпарат саласының бастығы, бұрынғы әскери-саясаткер, жауапты (әкiмшiлiкте) қызмет iстеген, қазақ руханиятының тарихын жатқа бiлетiн Сұраған Рахметұлы мен Жантегiн Қаржаубайұлы және Айдос (Жәлейдiң бауыры) қарсы алды. Өлгейге қонғанда анық көз жеттi. Жердiң түте-түтесi шығып, Қобда өзенiнiң қолтық шилерiнiң түбi қопсып жатыр. Қоралы қой, кебенектi ешкi, үйiрлi жылқы, өркештi қоспақтар тасты жалап өзек жалғайтын сияқты. Сұрағанның айтуынша, жердiң жұмағы Алтайдың iшкi бауырында көрiнедi. Қобда өзенi өзегiн жара ағып жатыр. Тозыңқырап барып, жан кiре бастаған Ұржардың деңгейiндегi қала екен. Бұрын қияқты, шилi, тоғайлы жер болыпты. Қазiр түтесi шығып жатыр. Өзендi жағалай тiгiлген ақ киiз үйлер. Тiптi әр аулада бiр киiз үй бар. Бұл бiздi қатты таңқалдырса да, бүкiл моңғолдың қаласы осындай екенiн көрiп, көз үйренiп кеттi. Жазда үйлер қаңғырап бос қалады екен. Киiз үй тiгiп екi – үш шақырым ауаша қонып, қаланың сыртына шығып кетедi екен (Бiздiң саяжайға барғанымыз сияқты). Адамдарын жел қаққан. Есендiктен соң ескеретiнi жөн-жоба, есеп түгендесетiн қазақы әңгiме. Саяхатшыларды көп күтiп, ақы алып қыдыртып, түгiрiкке төселiп қалған сияқты. Сұраған–бiлiктi, инабатпен жол жөнiн бiлетiн жосықты жiгiт екен. Мағауинге Моңғолияны аралатыпты. Дұрыс қабақ танытты. «Думан» қонақ үйiне орналастық. Өзiмiзге жәйлi көрiндi. Асты түрiк дәмханасынан, екiншi асты монғол асханасынан iштiк. Қалың қазақ айрандай ұйып, қорықтай қайнап отырған елдiң дәм татарлық дәмхана ұстамағаны ойда жүрдi. Ұшақтан Жантегiн қарсы алғанда және Ұланбатырда жүрген Қаржаубаймен «шайтанқұлақ» арқылы сөйлескен соң, бiз өтiнiп, Қаржаубай ойластырып, Сұраған тиянақтап қойған, Алтайдың бауырына бауырымызды басып апталап жатамыз деген бұрынғы жоспар өзгердi. Қырым да сол күнi Ұланбатырға ұшыпты, ал Зекеңдер – Зейнолла Самашевтар ертең ұшып келмек екен. Жантегiн көлiкпен оңтүстiк Моңғолия арқылы – Қобда – Моңғол Алтайы – Гоби Алтайы – оңтүстiк Хаңгай (ежелгi Өтүкен, қазiргi Тарбағатай) жотасы арқылы Ұланбаторға барады екен. Мұндай шөл-шөлейттi, дала жолы ауыр болса да, ондай мүмкiндiк (ең аңсарлы мақсатым Алтайдың төрт құбыласын түгел көру ғой) туа бермейтiнi анық. Ал мұнда етектен түрiп Алтайдың бастау бетiн көрудiң сәтi түскелi тұр. Солай шештiк… Баянөлгейдi қайтарда аралап, жайлауға бармақ болдық. Бұл жоспарда жолай өзгердi. Қаржаубай бiзге жер көрсiн деп Ұланбатор – Дархан – Сухэбатыр – Ұлан-Уде – Қолтық (Байкал) — Иркутск – Красноярск – Новосибирск – Омбы маршрутына тапсырыс берiптi. Байкалды көремiз. Бұл дегенiңiз бүкiл Азияны аралап шығу…. Ойланып барып келiстiм. Баянөлгийге кез-келген уақытта келуге болады. Сұраған жүрер жолдың жобасын көне түркi ескерткiштерiн көре жүретiндей жақындата сызып, алдын-ала киiз үй тiктiрiп, сойыс малын, мiнер атты дайындап, баратын жайлауға тапсырыс берiптi. Аралатып барып Қобдадан ұшаққа салмақ екен. Жоғарыдағы ебеп пен себепке орай қыдырыс келер күндер мен жылдардың еншiсiне қалды. 21.07.2007 ж. Бұл күнi Қызылқайың – Ұланқұс сумының (ауданының) құрылғанына сексен жыл толуына орай мерей тойы өтедi екен. Ол Алтай тарихындағы арманды күндердi халқына көрсетiп барып, арманда кеткен аяулы генерал Дәлелхан Сүгiрбаевтың, ақиық ақын Имашханның ауылы. Сүгiрбай мен Дәлелханның атының өзi екi романның арқауы болатын тарихқа ие. ХIХ-ХХ ғасырдағы Шығыс және Iшкi Түркiстанның, Батыс Моңғолияның тағдыр түйiнi шиеленiсiп, шешiлген Сақсай жазығы көне ескерткiштерге де бай. Тойды тойлай жүрiп, Сақсайды аралап, былтыр немiс ғалымдары жыл санауымыздан бұрынғы 7-8 ғасырда салынған мәңгi мұздақтағы ағаш үйдi жасауымен қоса тапқан өңiр. Ұланқұста Дәлелханның қарындасының (жиенi Аманкелдiнiң) үйiне түстiк. Жалпы Алтайдың төрт құбыласын аралағанда менiң дәмiмдi ылғи да Сүгiрбайдың тұқымының үйiнен бұйыртып қойса керек Тәңiрiм. Былтыр Дәлелханның туған iнiсi Бәтханның үйiнен бұйырып, күйеу баласы Азат 5 күн бойы Шығыс Түркiстандағы Өр Алтайды басынан аяғына дейiн құлдилатып шыққан. Мiне, Шығыс Алтайда тағы да сол шаңырақтың құртын талғап, iрiмшiгiн таңдайыма басуға жазыпты. Жиенi сергек, Алтайға келген саяхатшыларды қыдыртып, тау-тасты аралатып, қаражатын айыратын жiгiт екен. «Алтайда мен бiлмейтiн көне ескерткiш жоқ. Ел көзi шалмаған балбалдарды көрсетемiн» — дедi. Ол ырыздықты келер күндердiң қанжығасына байладық. Қызылқайың – Ұланқұс ұланғайыр аңғарлы жазыққа орналасқан, ескiнiң иiсi шығып тұрған жер екен. Бұрын шилi, көк қияқты, түбiрлi, томарлы, талды өзек болса керек. Ойпаңды жоғарылы-төмендi қойындаса тiгiлген ақ шаңқан киiз үйлер өлкенiң сәнiн келтiредi. Төрт түлiк мыңғырып жатып, маңырап өрiстенедi екен. Ең көне шаруашылық, ең көне кеңсе, ең көне мектеп, iлгерлi оқығандар шыққан құтты қоныс. Той — төрт бұрышты майдан iшiнде өттi. Адамдар жағалай отырып, бар қызықты тамашалайды екен. Аттылар қорғаннан басын көтере қарап тұр. Аймақ әкiмi Баян (төре) мен аймақ құрылтайының төрағасы Ержан Қабышайұлымен мiнбеде қатар отыру құрметi бұйырды. Бұл ендi Сұрағанның қонақшыл әдебi екенi анық. Моңғолдардың, соның желеуiндегi қазақтардың дәстүрi бойынша алқалы тойда 120 палуан ортаға шығады екен. Мұнда да 120 палуан шықты дестi. Бiр-бiрлеп күресiп, жеңiлгенi шығып, жеңгендер өзара белдеседi. Ортаға палуандар билеп келiп, билеп кетедi. Мұның өзi таңсық әрi жарасымды көрiнiс болды. Менiң аңғарғаным, мұнда ең арзан және өткiзiп болмайтын, оған асықпайтын да нәрсе – уақыт сияқты көрiндi. 120 палуан бiр-бiрiмен алпыс рет белдесiп, одан 60 палуан қайтадан күресiп, одан қалған 30 палуан екеуара күш сынасқанша екiнтi болды. Палуандар да, көрермендер де аспайды, саспайды. Өзге дүние ұмытылды. Уақыт тоқтап қалған. Бар қызықты бiр күнде тауысып алмауға тырысып, неғұрлым соза түсуге ұмтылатын сияқты. Палуандар қашан iрiктелгенше бұл күрес – алыптар мен жатағандардың күресi болды. Өйткенi салмақ дәрежесiне орай күреспейдi. «Күш атасын танымастың» керi. Неше түрлi жалпақ жауырын бар екен, әттең шынашақтай ғана. Қарсыласы бiр сағаттың iшiнде демалып ап күресiп, жұртты бiр айналып келiп күш жиып, ақырында әукесiмен басатын көрiнедi. Моңғолдың бас палуаны шыққан Ұланқұс екен. Соңғы он үш адам iрiктелгенде күрес ертеңге қалдырылды. Бәйге де ертең. Зады бұл ел тойдың қызығы бiтпесiн дегендей демалып ап, тойлағанды дәстүр көретiндей. Бiр тәубасы, ел қанша сақтандырғанымен де, қызып жүрiп қызықтаған адам көзге түспедi. Оған қабағым көтерiлiп қалды. Бесiн ауа астан ауыз тие сап, Сақсайға бет алдық. Ұланқұс – Сақсай – тау арасындағы кең ойпат. Шымдауыт. Шилi. Батыс беткейi тастақ, оңтүстiк қапталы құмдауыт. Бiр жақтан Қобда, екiншi жағынан Сақсай өзенi құяды. Өрлей берсең Мұзтау асып Берелге жетесiң. Сақсай деген тарихи атына сай ойпат. Қазiрдiң өзiн де ертегiлiк қалпын сақтаған. Үйрек ұшып, сары ала қаз қонып, қу қиқулап жүр. Әрине, аз. Оның орнын ақтылы қой, сары түбiттi текелi ешкi, аласы аралас жылқы басқан. 1.Әуелi жотаның тамақтау тұсынан қорғанға қойылған сым тасты көрдiк. Бiз бiлгенде, көргенде мұндай сымтастар бiрнеше шақырымға тiзiлiп кетушi едi. Жалғыз тұр. Ғасырын анықтап болмас. Бiрақ Х ғасырдан арғы дәуiрдiң мұрасы. Оның сыңары осы сайдың басында мiндеттi түрде болуға тиiстi. Егер сақталса. Қазақстандағы мұндай сынтастар егiстiктiң астында, қой қораларының бұрышында, тас жолдардың тауанында қалған. 2.Сақсайдың орта тұсына жеткенде кiшкене жылғалы өзеншенiң жанындағы төбеден балбал тас көрiндi. Жарықтық нығыздала қашалған, кемер белдiкке iлiнген қынаптағы қылышын қыса ұстаған, қасы-көзi, мұрны қырналып-қырланған, мұртты ескерткiш, сөз жоқ, түркi дәуiрiнiң көзi. Бұрынғы орнынан жылжытылыпты. Бiздiң арашық-шашық тастайтын әдетi. Ғылымға белгiлi мүсiн тас. Қазiр тек ешкi-лақтың ермегiне айналыпты. 3. Сақсай өзенiнiң тұны келiп, Қобданың тұнығы бұзылатын құйғандағы ондаған көне қорғанның орны ойыңды әр дәуiрге, әр ғасырға бiр жетелеп, ысытып-суындырады екен. Бәрi де қазылған. Қорған тастарын көпiрге салыпты. Осы Сақсайдың басынан табылған, Мұзқорғаннан табылған ағаш үй т.б. жиһаздар мен заттарды Ұланбатордағы тарих институтының музейiне әкетiптi. Немiстер қазыпты. Оның бiразы Күлтегiн ескерткiшiнiң басымен бiрге Германиядағы көрмеге алыныпты. Бұл аңғар әрi салқын, әрi тоғайлы, алды ашық, арты тау, төскей екен. Соншама қорғаннан қолына зерлi торсық ұстаған жалғыз ғана әйелдiң (ол мүмкiн емес екенiн бiлсек те, бiзге солай көрiндi) мүсiнтасы қалыпты. Зады тарихи заттай мұрағаттарға өте бай ордалы қорым болса керек. Олардың алды Өлгийдiң, Ұланбатырдың, арты Германия мен Ресейдiң музейлерiнен орын алса керек. Кейiнгi мәлiметтерге сүйенсек, бұл арадан көне жазу да, ою-өрнектер де, келбетi керемет мүсiнтастар да табылыпты. Көне жазуы бар бiр балбал тасты жаудан қайырғандай етiп Қаржаубай Сартқожаұлы Өлгийдiң мұражайына алып қалыпты. Таңқалдырғаны – моңғолдардың күреңiнiң – пұтқа табынушылардың ескi ғибадатханасының орны. Шақпақ-шақпақ шаршы тастанып жатқан күреңнiң тастарын тасып әкетiптi. ХҮII ғасырдың екiншi жартысынан бастап қазақтар Сақсайға орналасып, кiсi көмiп, зират тұрғыза бастағанда әруақтардан үрейленiп тастап кетiптi. Сол арада 3-сыныптан кейiн оқымай, мал соңында кеткен уақ баласын көрдiк. Жүрек шым ете қалды. Болашағы не болады? Бұл «жабайылық» көпшiлiкке жайылып кетсе, қайран ел сауатсыз қалады-ау. Сол арада Баян-Өлгий аймағының әкiмi Баян бастықтың айтқаны есiме түстi: — Қазақстан бiр үшкiрiп жiберсе, деңгейiмiз көтерiлiп-ақ қалар едi.Бәрiнен де жол қиын. Әсiресе, Қазақстанмен екi араны қосатын 58 шақырым жердi Ресейдiң бөлiп тұруы қинап жiбердi. Қосағашпен айналу қаншама азапты десеңiзшi. Ол тарихи отанына оралған 80 мың адамның ғана емес, мұндағы тiлеуiн тiлеп отырған бiздiң де мерейiмiздi көтерiп кетер едi. Кейiнгi жылдың өсiмi Қазақстанға кеткендердiң орынын басты. Бiз төлдетiп, сiздер түлетiп отырсаңыздар, қандай жарасымды. Биыл 500 адам — Ұлан Батырға, 200 адам — Қазақстанға оқуға кеттi. Кен ашылса — жұмыс көбейедi. Оған Қазақстан атсалысса, бiздiң жiгiттер көтермеге дайын тұр. Адам аздығы – сауда айналымына қиын- дедi (Таяуда Баян сұлтан Нұрсұлтанмен кездесiп, сәлемдесiптi қабағы жарасты — деген ресми хабар естiдiм. Ырыстарың үзiлмесiн). Сақсайдың кезеңiнде үйiр-үйiр ұялы, андыздап тұрған балбал тастарды, қорымдарды, сынтастарды көрдiк. Батып бара жатқан кешкi күннiң сағымымен төскейден Сақсай ойпатына қарағанда, бағана бiр көрген сынтасым есiме түсiп, күндiк салдым. Ойым дәл шығыпты. Бiз жағалап жүрген ескерткiшпен мына төскейдегi сынтастар бiр сызықтың бойында болып шықты. Демек, көне түркi заманында мынау Сақсайдың жазығының шығысы мен батысын сынтастар тiзбесi қосып тұрған (Бұл ойымның дұрыстығын кейiн көрген Орхон жазығындағы тура осындай сынтастар растап бердi). Бұл – ескерткiш тастың мағынасын iздеп шыққан, олардың сансыз таңбаларындағы мазмұнын бiлуге құштар мен үшiн үлкен жаңалық болды. Осы үшiн де сапарға шығуға болар едi. Сұраған бауырымыз «жолай көре кету үшiн» әдейi орайластырып қойған, Дәлелхан генералдың жиенi уәде берген Алтайдың iшiндегi ескерткiштердi бiр көрудi армандап (кейiн Ұланбаторға келгенде ол ескерткiштердiң суретiн көрiп, таң қалдық. Жалпы Баян-Өлгийдi бiр ай араласақ та таңданудан жалықпайтынымыз аян болды), ертеңгi ұзақ та ауыр, шөлейттi жолға дайындалу үшiн қоналқаға түнделете жеттiк. Олжалы күн болды. 22.07.2007 ж. Бүгiн Ұланбаторға түстен кейiн шықтық. Жол ойдым-ойдым (Жалпы жол – бүкiл Монғолияның бағын байлап тұрған мәселе екен. Оған кейiн көз жеттi). Жолдың екi жақ шетi тақыр, тiптi, таз таулар десе де артық емес. Кеше күйiп, төбенi тесiп тұрған күн бүгiн салқын. Кең арналы аңғармен Қобдаға бет алдық. Толба өзенi бойында бұғытастар бар екен. Көзбен қоштасып, көңiлмен көрдiк. Жол бастаушы Жантегiн жастығына қарамай бастығып қалған, әкесiнен бiр тоны артық түрколог болатыны анық байқалады. Моңғолияның алып жоталарындағы, шөлi мен көлдерiндегi көне түркi ескерткiштерiнiң бәрiн аралап, қалыпқа түсiрген жас ғалым. Қазақша жөн-әдебiн былай қойғанда, моңғолшасы, орысшасы, ағылшыншасы, немiсшесi қандай, бiр жыл қытай тiлiн оқып шығыпты. Ендi қытай жерiндегi көне түркi ескерткiшiндегi жазулардағы тарихи оқиғаларды зерттемек екен. Бұл,ендi, сүйсiндiретiн жағдай. Оның үстiне аяқтанып, Салтанатымен салтанат құрып сапарға шыққан жiгiттiң көңiлi неге пәс болсын. Сергек жүрдiк. Кешке Қобдаға iлiгер тұста Жантегiн жөнi де, жобасы да бөлек бұғытасты және ғұн ескерткiшiн көрсеттi. Ескерткiшке екi моңғол-ұраңқай (өлгийлiктер көкмоншақ дейдi) атының шылбырын байлап қойып, өздерi қорғаннның үстiнде шынтақтап жатыр екен. Бiздi көре сап жылып бердi. Ұзындығы 3 метрден астам ескерткiштiң бетiне бұғы, арқар, тау ешкi, ат бейнесi бедерленген, сондай-ақ арқа тұсы мен қырларына неше түрлi ою, өрнек салынған. Көк әлемi, жер, жер асты дүниесiн бейнелеген таңбалар бар. Ол – Мәңгiлiк өмiрдiң, осы өмiрдiң, азапты өмiрдiң нышандары.Дәл қасында хұн дәуiрiндегi моланың орны тұр. Қақпақтастармен төртбұрышталып қоршалған. Бұрын қазылыпты, қайтадан көмiлмептi. Мазмұнын алып, формасын ғана қалдырған. Жалпы, ғалымдардың осынысы дұрыс па, бұрыс па? Екiұшты мәселе. Кейде пайдасынан зияны зорайып кететiн сиқты. Моңғол Алтайына iлiктiк. Жаңбыр жауды. Қарлы шоқыларды бұлт басты. Сонау шыңның арғы бетiнде былтыр дәл осы уақытта тура осылай сүзiле қарап өткенiм есiме түстi. Өр Алтайдың басы Шiңгiлге тұспа-тұс келетiн аймақ орталығы Қобда – батысында тiк шаншылған шоқысы бар қалашық екен. Батыс Моңғолиядағы түйiндi мекен. Осы арадан Қытайға жол бар. Бұдан әрi түнделетiп жүрдiк. Таулы жоталардан құлдилап, Құбының шөлiне бойлай кiрiп барамыз.Түнгi сағат үште Қарасу көлiнiң өкпе тұсындағы бiр елдiмекенге тоқтап, сәл самалдайық деп едiк. Құрысын. Мұндай шiркейдi өмiрiмде көргенiм жоқ. Көрер таңды көзбен көрiп қарсы алды. Таң сыз бергенде тап-тақып қызыл шағылды осып өткен, сұрланған сұр шоқысы бар өзеннiң жағасына келiп бой жаздық. Алдыдан таңғы салқынның орнына ескен аңызақтың табы күндiзгi аптаптың қандай болатынын елестеттi. 23.07.2007 ж. Қобда аймағының құмы. Мұны сұршағыл десе де болады. Шығысқа қарай жүргенде Моңғол Алтайы оң жағыңда мұнартып, басындағы ақ шаңқан қар анда-санда жалт-жұлт етiп көрiнiп қалады. Онда қырық градус аяз, ал, бауырында қырық екi градус аптап. Мұндай шөлдi, мұндай ыстықты, мұндай жолсыздықты мен өмiрi көргенiм жоқ. Түнiмен ұйықтамай жол жүрiп таңертең бiр өзенге келiп тоқтап, жуынып, сергiп алдық. Оң жағында – Моңғол Алтайы, сол жағыңда – Батыс Қаңғай жотасы сағыммен қоса тербеледi. Ортасы – аңызақ. Бейне көмейi 150-250 шақырымдық пештiң iшiнде келе жатқан сияқтысың. Жайлы, жүрiстi Селiңдi Жантегiн ауыстырғанда, Алламызды анда, Әкпарымызды мұнда айтып,тақым қысып отырдық. Сөйтсек, моңғолдың құмы мен құба даласын оңды-солды кесiп үйренген Жантегiннiң айтуынша мұның үш түрлi пайдасы бар екен. Бiрiншi, жер көремiз. Екi жағыңда – бесiктiң екi басы сияқты иiлген тау шымылдықтай желбiрейдi (қайтсын, жаңа үйленген адамның тiлiне шымылдықтан басқа қандай теңеу түсе қойсын), алдың да, артың да көзге көрiнбейтiн шымылдықтай желбiреген шексiз сағым (айтты-ақ), астыңда …дала (жоқ, Жантегiнжан, жайылған төсектей де!-деп бiз де қосылдық iштей). Екiншi, Моңғол Алтайының Боғда шыңының төсiнде көне хұндардың қорымы бар. Қаңғайдың батыс жотасында көне түркi ескерткiштерiнiң ансамбiлi бар (шындығында да солай, күнделiкке ғылыми топшылауларды асығыс түсiргiм келмедi. Оған кейiн көзiм жеттi). Оны көңiлмен көру үшiн сергек отыру керек екен (Мұның дұрыс, Жантегiн, – дедiк тағы да iштей). Үшiншi: үш күн, үш түнгi мына шөлейттегi жүрiске шыдау үшiн, дауысыңды құм жұтып қоймас үшiн, адам екенiңдi ұмытпас үшiн бiр-бiрiмiзге ес болып, дабырласып отыру керек екен. Дұрыс!-дедiк бұл жолы бәрiмiз дауыстап. Үш күн, үш түндiк жолда Жантегiннiң осы сөзi ес қатты. Аңызақ пен аптапты тiлiп келемiз. Жолдың жоқ екенi естен шықты. Тек анда-санда моңғолдардың ауылы көрiнедi. Негiзгi ұстаған малы – қодас. Әрi қою сүттi, қыста суыққа, жазда ыстыққа төзiмдi. Қалың жүнi ыстық пен суықты реттеп отыратын тәрiздi. Қой, ешкi, жылқы сирей бердi. Картаға түскен үлкен елдi мекен Сумын дегенi – он үй, 15-20 киiз үйден тұрады. Бара-бара киiз үйлер де сиредi. Биыл құрғақ екен. Әй, мынау бұрында емiнiп тұрған жер емес. Түсте бiр бұлақ басындағы үйге (дәмханаға) келдiк. Иесiнiң (еркектiң) әкесi орыс екен. Көзi көк, бетi сары. Саз кiрпiштен көтерген екi бөлмелi үйi бар. Ауыз үйiнде тамақ iстейдi. Ортасы тақтай. Төргi бөлмесiне тамақ дайындалғанша көз шырымын алдым. Түнгi жүрiсте Сеңгiлдi ұйықтатпау үшiн «ән айтып, тегiн концерт қойғамын». Қуырдағы қақпыш, кептiрiлген кеспе. Ұнамады (бiзше вермишель қосылып қуырылған ет – олар ұн қуырдақ дейдi екен). Шәйдi қанып iшiп жолға аттандық. Шоқалақ жолда есеңгiреп, Жантегiн жүргiзгенде «қысқызып» отырып, түн iшiнде Гоби Алтай аймағының орталығы – Алтайға келдiк. Шөлейттiң көмейiнде тұрса да қала аты бар емес пе. Жуынып, асханадан жақсы тамақтандық. Ең бастысы шөлдi қандыра термостап шай iштiк. Алматымен, Астанамен, Ұланбатормен шайтанқұлақ арқылы сөйлесiп, көңiлдi орнына түсiрдiк. Түнделетiп тағы да жүрiп кеттiк. Жолай бiр-екi көне ескерткiштiң тұсынан өттiк. Ол – бiздiң жыл қайыруымыздан пәленбай жүз жыл бұрынғы хұндардың қорымы мен қорғандары. Жердiң астына жиырма метр төмендеп қазылған қорғандар бар. Ендi Сеңгiл мен Жантегiн көлiктi алмастыра жүргiздi. Алда – Гоби Алтайы, артта – Моңғол Алтайы, ортасында Алтай аймағы. Шөлейттiң көмейiндегi тығын сияқты. Құдық кездестi. Түйемен қосылып су iштiк. Бiр қызығы екi тәулiк жәндiк көрмегендер кесiрткенi көрiп қуанып, суретке түсiрiп, қуанысып қалды. Оңтүстiкте алыста Гоби Алтайының Боғда қарлы шыңы қалып барады. Бiз Қанғайға қарай қайқайдық. О, Алла! Жол үстiнде шөлдiң ақсұңқары отыр. Үш қадам жерде! Тоқтадық. Фотоаппаратты сайлағанша ұшып кеттi. Әттең, шiркiн!… Әрi қарай тiрi жәндiк, торғай кездесе бердi. Жол сәл тегiс тартты. Ендiгi бетiмiз шөл Алтайдың оңтүстiгiндегi Баянхонгор – Байқоңыр қаласы (қала деймiз ғой, бiздiң шағын аудан орталығы сияқты). Жолда бiр дүңнен қымыз, шұбат iштiк. Екеуi де бапты екен. Ешкiлi, түйелi байлар көрiнедi.Тамағына көңiл соқпады. Шөлейттi кесiп өтетiн тақыр әрi лай өзеннiң жағасындағы киiз үйге түстендiк. Үй иесi әйелмен аздап сөйлестiк. Ауыл мұғалiмi сияқты таза көрiндi. Жазда шөлейттi жайлап, қыста құбы Алтайының аңғарындағы қыстауларын мекендейдi екен. Балалары оқиды. Содан Қаңғай жотасын сағалап, шөл Алтаймен жарысып, Байқоңырға жақындағанда …Алдымыздан өзен кездестi. Жол да бiр сәт түзелдi. Қарсы алдымыздағы қыратқа шыға келгенде…айтса адам сенгiсiз көрiнiстi көрдiк. Қарсы беттiң бауырынан басына дейiн тәртiпсiз тiгiлген мыңға тарта ақ шаңқан боз үй жамырап шыға келдi! Бұл неғылған көп киiз үй. Жолдың шетi қалың күрке. Сөйтсек бұл алтын жуатын төбе екен. Ой, Алла! Алтынды мұндай оңай алатынын кiм бiлген. Жантегiн айтқанда қалжыңға сайғам. Моңғол үкiметi өзi игере алмайтынын бiлген соң, жер – халықтың меншiгi, сондықтан игiлiгiн халық көрсiн деп еркiндiк берiп қойыпты. Жантегiн тоқтай қалып, шеткi тұрған адамға жолықты. Ол қазып қойған жүлгенiң шетiндегi шағын топырақты арнайы мосыда екшедi, електiң түбiндегi азғана жұмсақ топырақты әйелi шылапшындағы сумен шәйдi. Түбiнен болар болмас жұғынды жылтырап шыға келдi. Шайма алтын деген сол екен. Оны кiшкене шақшасына салып алды. Алтынды келiп алып кететiн арнайы адамдар бар. Күнiне он грамдай алтын шайқайды екен. Грамын жетпiс сегiз тугриктен бередi. Моңғолдар үшiн ол да үлкен байлық. Өздерi қара қайыс болып, күнге тотығып-ақ кетiптi. Зады, алтын да адамды нұрландыра алмайтын болғаны-ау! Байқоңырға келiп, Алтай өзенiне түсiп, шайға жақсы қанып, Қаңғай жотасына iлiктiк. Гоби Алтайы, яғни, қасиеттi Алтайдың баста тұмсығы алыста мұнартып қалды. Барлық Алтайдың — қасиеттi таудың баста алатын Бас шыңын да көрдiк. Алтай Боғдасы – Алтай Тәңiрi деп аталады екен. Оның арғы бетi-iшкi Моңғолия, ұлы қытай қорғаны. Қасиеттi Ордос – Саржазық. Түркiлердiң түлеген ұлы отаны. Осының өзi екi күн, екi түнгi көрген бар азапқа татиды емес пе?. Алыста қалған Алтайды, Тәңiр-Алтайды суретке түсiрiп алдым. Армысың және Қош, Алтай! Қимай қыр басында бiраз тұрдым. Алдымызда Арбайхээр аймағы. Сол қалаға жеткен соң ұлы Қаңғай үстiртiне шығамыз. Арбайхэр – Арпакер деген сөз екен. Ежелде арпа егетiн аңыз болса керек. Түн ортасында Қанғай үстiртiнiң алқымындағы Арпакерге келдiк. Қаз-қатар тiгiлген қалың киiз үйдi аралап барып, ояу жүрген бiр үйден дәмге тапсырыс бердiк. Әрине, ең алдымен қою, қызыл, ыстық шәй, қалғаны содан…содан…содан кейiн.Жалғасы бар
Тұрсын ЖҰРТБАЙ