IT-білім беру саласындағы жаңа бастама – iQ Ұрпақ олимпиадасы өткізілді.
Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінде өткен (UIB) аталған жоба оқушылар мен студенттердің үлкен қызығушылығын тудырды. Олимпиадаға елдің әртүрлі өңірлерінен, соның ішінде Тараз, Павлодар, Астана және Шымкент қалаларынан 250-ден астам өтінім түсті.
Олимпиаданың басты мақсаты – талантты жастарды қолдау, олардың әлеуетін ашу және IT мен инновациялар саласы үшін жаңа буын мамандарын даярлау. Қатысушылар цифрлық экономиканың ең сұранысқа ие бағыттарына негізделген тапсырмаларды орындады: IT, Big Data талдауы және Smart-технологиялар.
Финалистерге білім мен мансапты ұштастыру мүмкіндігі берілді: жеңімпаздарға оқуын қаржыландыру, білім алу жеңілдіктері және iQ Solutions компаниясындағы ақылы тағылымдамалар ұсынылды. Мұндай формат жас мамандарға жаңа білім беріп қана қоймай, тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен дамуға жол ашатын нақты мансаптық траектория қалыптастырады.
«iQ Ұрпақ олимпиадасы – бұл біздің жастарға қалдырған аманатымыз. Біз дарынды балаларды тек біліммен ғана емес, мансаптық мүмкіндіктермен де қолдауға тырысамыз. Біздің мақсатымыз – жаңа буынды еліміздің дамуының қозғаушы күші болатын білім мен ғылымға шабыттандыру», – деді iQ Solutions компаниясының бас директоры міндетін атқарушы Елена Пешая.
Аталған олимпиада ғылымды, білімді және жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отырған мемлекеттің стратегиялық бағытына қосылған үлес болды.
Олимпиаданың ұйымдастырушысы – Қазақстандағы ірі жүйелік интеграторлардың бірі iQ Solutions компаниясы. Ол нарықта 10 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Компания SAP шешімдерін, бұлтты және өнеркәсіптік технологияларды енгізеді, бизнес-процестерді автоматтандырады және киберқауіпсіздік саласындағы жобаларды дамытады. Оның серіктестері қатарында SAP, Honeywell, Rockwell Automation, Microsoft сияқты әлемдік көшбасшылар бар. Ал клиенттері – мұнай-газ, қаржы және телекоммуникация салаларының ең ірі өкілдері.
«UIB үшін iQ Ұрпақ олимпиадасына қатысу – университет пен бизнестің бірігіп, дарынды жастардың болашағын қалыптастыруының жарқын үлгісі. Біз үшін тек білім беру бағдарламаларын ұсыну ғана емес, білім мен индустрияны тоғыстыратын жобаларда серіктес болу маңызды», – деп атап өтті UIB даму жөніндегі проректоры Борис Кулов.