СӘУЛЕ ҒҰМЫРЫН САНАЛЫ ӨТКIЗГЕН

СӘУЛЕ ҒҰМЫРЫН САНАЛЫ ӨТКIЗГЕН

СӘУЛЕ ҒҰМЫРЫН САНАЛЫ ӨТКIЗГЕН
ашық дереккөзі
407

Қазақ тiлiнiң тарихында ескi түркi жазба мұраларына қалам тартып, халық тiлiнiң iнжу-маржандарын терген ғалымдардың бiрi, филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнектi ғалым — Әбжан Құрышжанұлы екенi баршаға белгiлi. Қазақ халқының тарихын ескiнiң көзiндей сақтаған «Кодекс Куманикус» арқылы зерделеген Ә.Құрышжановтың өзге зерттеулерiн айтпағанда, Ю.Баласағуниды қазақша сөйлетуiнiң өзi оның есiмiн түрiктану тарихына, берiсi қазақ мәдинетi мен әдебиетiнiң, тiл ғылымының тарихын жазды.

Тiлдiң тарихын, жазба мұраларды әркiм-ақ зерттеп жүргенi белгiлi. Десек те, Ә.Құрышжанұлы айтқан «қыпшақ тiлiнiң – халықаралық тiл» болғаны туралы ғылыми тұжырымды ешкiм айта алмаған, әрi жоққа да шығара алмасы анық. Бұл пiкiр қазiргi таңда, әсiресе, кеңiнен насихаттауды қажет етедi. Бүгiнгi қазақ тiлiнiң негiзгi төл бастауы саналатын қыпшақ тiлiнiң орта ғасырларда тек мемлекеттiк тiл болып қана қоймай, халықаралық қарым-қатынас тiлi болғаны туралы ғылыми мұндай деректер жас ұрпақтың бүгiнгi санасына сiңiп, олардың ұлттық патриоттық сезiмiн «масадай» оятуы тиiс, өз ұлты мен өз тiлiн қадiрлеп, қастерлеуге тәрбиелеу қажет. Қалауын тапса қар жанады дегендей, Әбжан ағаның ғылыми ойлары баспасөз беттерi арқылы қазақ жастарының жүрегiне жетiп жатуы керек, бұл бүгiнгi уақыттың алға қойып отырған қажеттiлiктерiнiң бiрi. Тарихи зерттеулер тек тарих үшiн ғана керек дейтiн түсiнiктiң тым келтелiгiн бiз Әбiжан аға зерттеулерiн оқи отырып бағамдаймыз.

Әбжан Құрышжанұлының үлкен еңбегi – Йүсүп ұлық Хасхажиб Баласағунидың «Құтадғу бiлiк» (Құт әкелетiн бiлiм) кiтабының ғылыми-поэтикалық аудармасын жасауы деп есептеймiз. 541 беттен тұратын бұл көлемдi еңбекте «Құт әкелетiн бiлiм» аударылып, аудармашының түсiнiктемесi берiледi..

Профессор Әбжан Құрышжанұлы қазақ тiл бiлiмiнде тұңғыш рет жазба мұралардағы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердi терiп, жинақтап, тақырыптық-сематикалық топтарға бөлiп, көпшiлiк қауымға ұсынды. Мұндағы жинақталып берiлген аталы сөздер әртүрлi жыр-жауһарларынан терiлiп алынған тағылымы мол, халықтық тұтас дүниетанымды таныта алатын, бүтiн бiтiмдiкке жетудiң сара жолын нұсқайтын қасиеттi сөздер.

Задында, ғалымдық пен адамдық – егiз ұғым.Себебi ғалым да бiр айдын көл. Терең әрi мөлдiр. Хас ғылымнан да соны талап етедi: Ақылына қоса шынайылық пен iзгiлiкке толы адамдығы хас ғылымның биiк мәртебесiн паш етедi.

«Өздерiңдей жас күнiмде әлдененi көкседiм. Сол «көксеу» менi өзiнiң еркiне бағындырып, үлкен арманға ұмтылдырды, қайнаған еңбеккке жетеледi. «Көксеудiң» жолында тәуiр қызметтен бас тарттым. Уақыт өте келе, сол шешiмдi дұрыс қабылдағаныма көзiм жеттi», — деп едi. Ғалымның көксеген арманы өзiн тазалыққа, адалдыққа жетелептi. Ғылымды «ардың iсi» деп бiлетiн ұстаздарымыздың бiздi «Адам деп ат қойған соң» деген ұстаныммен жүруге насихаттайды. Ұлықтың бастамасы – адамды сүю, өмiрге құштарлық, адалдықты дәрiптеу. Ендеше, осындай қасиеттерiмен аяулы Әбжан ағай көптiң көңiлiне нұр сыйлаған, көптiң қамын жеген «тұлға» болды. Ғылымға, өмiрге құштарлықты айналасындағы шәкiрттерiнiң, әсiресе, буыны қатпаған жас ұстаздардың бойына жаға бiлдi. Қажет жерде М.Горькийдiң «Данкосындай» отты жүрегiн қиындыққа тоса бiлдi. Шәкiрттерiнiң бойындағы қайнап тұрған ыстық қанын, мұқалмас жiгерiн тани бiлетiн. Арманшыл жастардың жiгерiн жасытпай, сезiмнiң нәзiк иiрiмдерiн аңғара бiлетiн сұңғыла ұстазымыз Мағжанша «Мен жастарға сенемiн» деген көзқарасын бiр де өзгерткен жоқ.

Қамшының сабындай келте ғұмырына қайран қалып: «Ана кiтапты жазып бiтiруiм керек, ана шәкiртiмнiң диссертациясын оқып шығуым керек деп жүргенде, мiне, мен де 77-ге келiп қалыппын», — деп жымиып едi-ау. Жылы жымиысының астында жүрек түкпiрiндегi өмiрге ғашық iңкәр көңiлiн жасыра алмады бiлем. Қазақ жырауларының бiр үзiндiсiндегi мына жолдар ғалымның сол сәттегi iшкi күйiн тап басатындай:

Айға барып келсе де,

Алтын үйге кiрсе де,

Қызыққа тоймас адамзат.

Ағай сын сағаттарында да өзiн ғылымнан тыс елестете алмағаны соншалық, тiптi осы оқу жылында баспаға ұсынылған « Ескi қыпшақ тiлi» деген оқулық сол ғылымға құштарлықтың айғағы (Ә.Құрышжанұлы, Е.Б. Көмеков, С.Ж.Дүйсенов. Ескi қыпшақ тiлi. Алматы, 2007).

Ақынға, өнер адамына тән өрлiк пафос, әдетте, ғалымның бойынан да табылып жатады. Бәлкiм ақын жанның ғалым бойында астасып,әдемi үйлесуi туған жерiнiң топырағынан ба екен?! Жас шағында Қазақ ССР-ның халық ақыны Манап Көкеновпен айтысқан екен. Айтыстың соңында Нартай ақының өзi:

«Әнжырдың ағып жатқан тұнығысың,

Тұнықтың бойында өскен шыбығысың.

Тең түстiң Манап, Әбжан, қарақтарым

Халықтың ел билейтiн құлынысың», — деп бiр ақын мен бiр ғалымның маңдайларынан сүйген екен.

«Алмас қылыш қыл түбiнде жатпас» деген. Кейiнiрек өзi тәржiмалаған «Құт әкелетiн бiлiм» ағайдың ақынжанды табиғатының анық айғағы болды.

Осындай бiр ойша сұхбаттасу ақыл -өсиетiн аямаған ұстазымыздың алдындағы шәкiрттiк әрi әрiптестiк борышымызды өтеуге ұмтылдырды. Оқырман бiр сәт адамдықтың, әулиелiктiң биiк шыңына көтерiлген Әбжан ағайымыздың тұтас бiтiмiн ашқымыз келген ниетiмiзге көңiл қойып, көз жүгiртсе. Бiлмегенi – бiлер, бiлгенi – құптар.

«Сәуле ғұмырын» саналы өткiзген қарт профессор таяғына сүйенiп, өзi сүйген қара шаңырақты бетке алып, тағы бiр кезектi дәрiсiне келе жатқандай…

Анар САЛҚЫНБАЙ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

Университетнiң профессоры, ф.ғ.д.,

Алмагүл АЛТАЕВА,

Қазақ мемлекеттiк қыздар педагогика Иниституының докторанты, ф.ғ.к.

Серіктес жаңалықтары