САЙЛАСАҚ, ҰЛТЖАНДЫЛАРДЫ САЙЛАЙЫҚ
САЙЛАСАҚ, ҰЛТЖАНДЫЛАРДЫ САЙЛАЙЫҚ
Өткен Парламенттегi депутаттардың арасында халқына қызмет ету жолында адал тер төгiп, «халық қалаулылары» деген атақты абыроймен алып жүргендер аз болған жоқ. Атап айтсақ А.Айталы, Қ.Сұлтанов, Н. Сабильянов, В. Трошихин, М. Шаханов. Сондай-ақ үш жылға жуық жылы – жұмсақ орында жайбарақат отырғандар да кездестi. Халықты ойландыратын да толғандыратын бiр мәселе: сол киелi орындықты босқа иемденетiндер тағы жайғаспай ма деген қорқыныш. Мәселен, К. Ағатаева сайланғанда жұрт бiр дүрлiккен едi. Қоғамдық қызметте көрiне бiлмеген азамат қалай өттi деген ой көптеген жұртшылықты бей — жай қалдырмағаны мәлiм.
Өткен ғасырда сауыншы, комсомол, тракторшы депутат болсын деген ұстаным болған десек, қазiр Ассамблеядан өкiлеттiлер қажет деген шешiм ел арасында қолдау тауып тұрған жоқ сияқты.Олардың арасында өз мүддесiнен мемлекет, қоғам қазақ халқының мүддесiн жоғары қоятындарды iрiктеу мәселесi қалай болар екен деген ой көпшiлiктi толғандырады. «Автономия болсақ» деп көксеп жүргендердi естiп, бiлмей отырған жоқпыз ғой. Ғасырлар бойы ұрпағына мұра болып келе жатқан қазақ жерiнiң егесi — қазақ елi, бұл киелi жерде мекендеп отырған қазақ мемлекетi. Осы аты шулы Ассамблея мүшелерiнiң iшiнен қазақ мемлекетiне, қазақ елiне, тiлiне, дiнi мен дiлiне, олардың дамуына барын салып жүрген бiр адам бар десем, ол-Асылы Осман. Ғалым, тiл маманы, қоғам қайраткерi, патриот.Еш уақытта өз алдына қойған талабымен мiндетiнен тайған емес. Осы нәзiк жанның қазақ тiлiне деген сүйiспеншiлiгi мен патриоттық сезiмi мемлекеттiк тiлдiң барлық салада тұғырында болуын қорғаудағы жан айқайын күн өткен сайын өршiмесе бәсеңдетiп көрген емес. Үлкендi-кiшiлi жиындарда, баспасөз беттерiнде және теледидар арқылы тек тiл тұғырын алға қойып, зор белсендiлiк бiлдiруден шаршаған емес. Жақында Парижде өткен үлкен жиында Асылы Әлиқызының 2-2,5 минуттық баяндамасы қазақ тiлiнiң әлемдегi ең бай тiл екенiн дәлелдеп, жиналғандарды ду қол шапалақтап, құрмет көрсетуге мәжбүр еттi. Баяндамада цифр сөйледi. Асылы Осман Мұхтар Әуезов шығармаларында қолданған сөз саны Л.Толстой мен Пушкиннiң шығармаларындағы сөз санынан едәуiр артық екенiн мысалға келтiргенде тыңдағандардың таңқалып сүйсiнуiнде шек болмады.
Париждiктердi XX ғасырда Әмiре Қашаубаев әнiмен дүрлiктiрсе, XXI ғасыр басында қазақ тiлiнiң соншалықты бай екенiн әлемге паш етiп Асылы Әлиқызының тағы бiр шулатуы мақтанарлық құбылыс екенiнде дау жоқ.Осындай азаматтар сайланып «Халық қалаулысы» деген атаққа ие болып жатса құба-құп дегеннен басқа сөз жоқ! Жақсылар мен жайсандар,зиялылар мен кемеңгерлер, Отанын сүйген патриоттар бастаған көш — ұлы көш!
«Менi сайласаңдар қарық қыламын» деп көкiрегiн ұрған ұраншылдардан, халық шаршады.Қазiргi кезеңде халқымыз көзi, көкiрегi ашық едәуiр алға жылжыған прогресеивтi бағытта тұрған азаматтардан құралады десем артық емес.Киелi орынтаққа зиялы, бiлiмi терең, Отанының шын патриоты, iскер, көрегендi, ертеңiн болжай бiлетiн, адал саясаткер ер -азаматтар отырса екен дегендi тiлеймiн! Жас ұрпақтың болашағы осы азаматтардың қалай қызмет етуiмен тiкелей байланысты екенiн ұмытпағанымыз жөн!
Өзифа Жатқанбайқызы
Алматы қаласы
Редакциядан: Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының мәжiлiсiне қатысқан кездесуде ҚР Парламентi мәжiлiсiнiң депутаттығына кандидаттар ұсыну үдерiсi болды. Депутаттыққа ұсынылған тоғыз кандидаттың қатарында Мемлекеттiк тiл, ұлт деп шырылдап жүрген Асылы Османның есiмiн байқай алмадық. Есесiне олардың қатарында, ұлт үшiн де, ел үшiн де еңбегi сiңбеген беймәлiм есiмдер көбiрек. Атап айтар болсақ, Мұрат Ахмадиев, Валерий Вишниченко, Егор Каппель, Раиса Полищук, Леонид Питаленко, Қайрат Сәдуақасов, Розакул Халмурадов, Людмила Хочиева және Виктор Цой бар.