«ТҰРМЫСТЫҚ КИКIЛЖIҢ» ЖИI ҚАЙТАЛАНЫП КЕТКЕН ЖОҚ ПА?
«ТҰРМЫСТЫҚ КИКIЛЖIҢ» ЖИI ҚАЙТАЛАНЫП КЕТКЕН ЖОҚ ПА?
"Маловодное" ауылындағы қақтығыс ақпарат құралдарында бiраз талқыға түсiп, оның себептерi туралы әр түрлi долбар жасалды. Апта басында Iшкi iстер министрлiгi таратқан мәлiмет оқиғаны сан саққа жүгiрткен сөздi сап тыйды. Аталмыш мәселе жөнiнде мәлiмдеме жасаған Бағдат Қожахметов 18 наурызда "Маловодныйда" болған оқиғаға қылмыстық-тұрмыстық қатығыс" деп баға бердi.
Осы оқиғаға қатысты Сәлiмбаев пен Көбеков "Топ болып бұзақылық жасау туралы" Заң бабына сәйкес кiнәлi деп танылған. Олар екi жылға шартты түрде бас бостандығына айрылды. Ал Батырханов, Садықов пен Сәрсембаевтардың iсi ағайынды Махмахановтарды өлтiрдi деген айып бойынша прокуратураға тапсырылды. Кiсi өлтiрдi деген айып таңылған тағы бiр айыпкер — Тахир Махмаханов қауiпсiздiк қызметкерлерiнен қашып жүр.
Қазақстанның қауiпсiздiк саласының қызметкерлерi "Маловодный" оқиғасына ұлтараздық қақтығыстың сипатын бермеу үшiн барын салды. Жоғарғы мiнберлерден "бұл бар болғаны тұрмыстық кикiлжiң" деген мәлiмдеменiң жиi қайталануы осыған анық дәлел. Бiр жағынан алғанда, бұл ниет өз дегенiне жеттi де. Бiрақ осы сипаттағы бұл бiр оқиға еместiгi әмбеге аян. Оларды қашанға дейiн "тұрмыстық кикiлжiң" атты желеумен жаба тоқимыз?
Гүлбиғаш ОМАРОВА