YРЕЙЛI ВАГОНДАР НЕМЕСЕ ТЕМIР ЖОЛДЫҢ ТАҒЫ БIР ДҮРБЕЛЕҢI ТУРАЛЫ

YРЕЙЛI ВАГОНДАР НЕМЕСЕ ТЕМIР ЖОЛДЫҢ ТАҒЫ БIР ДҮРБЕЛЕҢI ТУРАЛЫ

YРЕЙЛI ВАГОНДАР НЕМЕСЕ ТЕМIР ЖОЛДЫҢ ТАҒЫ БIР ДҮРБЕЛЕҢI ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі
262

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Қытайда жасалған жолаушылар вагондарын пайдалануды «анықталған кемшiлiктер жойылғанға дейiн тоқтата тұру» жөнiндегi таяудағы шешiмi және анықталған сансыз кемшiлiктер туралы жинақтаған құжаттарының прокуратура органдарына тапсырылуы темiржолшылар ғана емес, соңғы айларда қоғамда да айтарлықтай алаңдаушылық туғызғаны сөзсiз.

Елiмiздегi денсаулық сақтау саласында кейiнгi жылдары анықталған көптеген келеңсiздiктер мен Қазақстан темiр жолдарында ұзақ жылдардан берi қалыптасқан ауыр ахуал одан әрмен отқа май құя түскен.

Мәселенiң мәнiсiн қысқаша қайыратын болсақ, осыдан бiршама уақыт бұрын Қытайдан әкелiнген жаңа жиырма шақты вагоннан жасақталған поезд Алматы-Ақтөбе және Ақтөбе-Алматы бағыттарында жолаушылар тасымалдай бастаған болатын. Бұл шара жөнiнде елiмiздiң ақпарат құралдарында кеңiнен насихатталған. Және таяу алдағы уақыттарда елiмiзге тағы да осындай жүзге жуық жаңа вагондардың әкелiнетiнi биiк мiнберлерден мақтанышпен мәлiмденген болатын.

Арада онша көп уақыт өтпестен жатып-ақ бұл жайт дау-дамайға ұласып отыр. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мамандары аталмыш вагондарға түбегейлi қарсылықтарын мәлiмдеп, шешiмдi шараларға көштi. Құзырлы министрлiк мамандарының пiкiрiнше, Қытайдан әкелiнген вагондар санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен талаптарға мүлдем сай емес, құрылымы мен сыйымдылығы жөнiндегi көрсеткiштер көңiл көншiтпейдi, кондиционерлер мен ауа тазартқыштар, арнайы құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы да ешқандай сын көтермейдi, улы заттардың, шу мен дiрiлдiң деңгейi тым жоғары.

Бiр сөзбен айтқанда, жаңа заманға сай отарба емес, жолаушылар мен қызметкерлердiң денсаулығына, тiптi, өмiрiне қауiптi ескi ырдуаннан бетер.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары өкiлдерiнiң сенiмiнше, Қытайда жасалған арзан вагондарда байғұс жолаушының құлақ жарғағын жаратын шуыл қалыптағыдан 6-16 децибел, ал адамды ерiксiз қалтаңдатып қоятын селкiл мен дiрiл – 14-38 децибел жоғары. Сондай-ақ бұл вагондарды жасауда денсаулыққа зиянды химиялық заттар: фенол, стирол, ксилол, формальдегидтер пайдаланылған, оның үстiне улы заттар деңгейi қалыпты жағдайдан 100 есе, тiптi, одан да жоғары.

Мiне, осыған байланысты аталмыш жолаушы вагондарын пайдалануды тоқтату туралы шағымдарын аймақтық соттарға тапсырған мемлекеттiк бас санитарлық дәрiгердiң қытайлық өндiрушiлер жасаған вагондарды елiмiзге әкелуге, Алматы-Ақтөбе бағытында жолаушыларды тасымалдайтын осындай вагондарды одан әрi пайдалануға тыйым салу жөнiндегi қаулысы да жарық көрген.

Иә,сырт көзге қарапайым адамның иманын ұшыратын үрейлi-ақ вагондар! Елiмiздегi экологиялық жағдайларға алаңдаулы, қытайлықтардың атышулы арзан тауарларынан зәрезап болған онсыз да үргедек көңiлдердi одан әрмен әбiржiткен түсiнiксiз жағдай. Тiптi, дауылпаз Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» кiтабында аса жиренiшпен әрi мейлiнше жек көре сипаттаған ақгвардияшылардың «өлiм» вагондары сияқты бұлар да жұртшылық пен жолаушылардың зәре-құтын қашыруда.

«Қазақстан темiр жолы» ұлттық компаниясының басшылары қалыптасқан жағдайға орай шара қолданып, көрсетiлген кемшiлiктердi жоюға қолдан келген мүмкiндiктердiң бәрiн жасайтындықтарын және тәуелсiз сараптама жүргiзуге құлықты екендiктерiн мәлiмдедi.

«Түркiстан» газетiнде бұдан бұрын жарияланған «Темiр жол» мен «темiр тор» ұйқаса ма?!» деген мақаламызда (№24, 14.07.2007ж.) жазғанымыздай, Қазақстан темiр жолдарында соңғы бiрнеше жылда қарапайым адамдарға түсiнiксiз әрi қисынсыз жағдайлар, заңдарды жаппай бұзушылық жиi орын алып келдi. Ел экономикасына жылына 1,5 млрд.доллар көлемiнде табыс әкелетiн осынау стратегиялық салада үнемi қалыптасатын өрескел жағдайлардан зәрезап болған жұртшылық қазiр мәселенiң дұрысы қайсы, бұрысы қайсы екенiн ажыратудан да қалып барады.

Ең таңданарлығы, қазiр елiмiздегi темiр жолдардың жалпы ұзындығы қанша километр екенi де нақтыланбағандай. Әлбетте, арнайы мамандардың бұны бiлетiнiне еш күмән жоқ, бiрақ кейбiр ақпарат құралдары Қазақстан болат жолдарының жалпы ұзындығы 14 мың шақырым деп көрсетсе, ендi базбiреулерi 18 мың километр деп жазады. Қазақстан ұлан-байтақ, сайын далаларымыз шексiздiкке ұласып жатыр. Сөйткенмен де БАҚ-тардағы ақпараттарда 4 мың километрлiк орасан зор айырмашылықтың болуы тым өрескелдеу.

Жолаушы вагондары мәселесiне келсек, бiзде небiр күтпеген, миға қонбайтын жағдайдың болуы әбден мүмкiн. Әйтеуiр бұрын әлденеше рет солай болғаны бар-ды. Осыдан бiрнеше жыл бұрын Испаниядан әрi ыңғайлы, әрi арзандау жолаушы вагондары сатып алынып, оңтүстiк бағытқа жүргiзген күндер ерiксiз еске түседi. Сол жылы қыс түсе әлгi кеңiнен насихатталған вагондардың жылу жүйесiмен қамтамасыз етiлмегенi анықталып,вагондарды қайтадан күрделi жөндеуден өткiзуге тура келген. Нәтижесiнде мемлекеттiң, салық төлеушiлердiң жүздеген миллион теңге қаржысы қосымша жұмсалып, желге ұшты. Қазiр сол атышулы вагондардан құралған «Тұлпар» фирмалық поезы Алматы мен Астананың арасында құлыншақтай құлдыраңдап шауып жүр.

Қазiр «Қазақстан темiр жолы» ұлттық компаниясының мамандары: «Қытай вагондары «сенiмдi болғандығынан, Қазақстан жағдайы мен ауа райының ерекшелiктерi ескерiлген қолайлылығынан, сондай-ақ бағасының арзандығынан сатып алынды», – деп мәлiмдеуде. Оның үстiне бұл вагондар Қытайда да, Қазақстанда да сертификацияланған.

Әдiлiн айту керек, аталмыш вагондарды сатып алу жөнiндегi әңгiме осыдан бiршама уақыт бұрын қозғалған болатын. Және осындай келiсiмнiң жасалуы Қазақстан темiржолшыларының айтарлықтай табысы ретiнде бағаланған едi. Бұдан басқа амал қалмағанын да ескерген жөн. Елiмiзде вагондардың жетiмсiздiгi күн өткен сайын ұлғайып барады, бұрынғы ескi-құсқы вагондар паркiнiң 70-80 пайызын таяу жылдарда жаңартпаса – темiржолшылар мүлдем вагонсыз қалғалы отыр. Бiлiктi мамандардың да, БАҚ өкiлдерiнiң де бiраз жылдан бергi ортақ пiкiрi осындай. Ал Ресей вагон жасаушылары өз вагондарының әр бұрандасы мен тетiгiн алтынға теңеп, үнемi аса қымбат бағаға сатуға машықтанып алғаны соншалықты, посткеңестiк елдерде вагон жасаудың монополисi болып отырған олардың айдарынан ылғи жел еседi. Сұраныс көп, вагондар саны мардымсыз. Көктемге салым қазақстандық темiржолшылар шарасыздықтан Ресей үкiметiнiң басшысы Михаил Фрадков мырзаның дәргейiне бас ұрып, арыз-шағымдарын жеткiзген де едi. Өз өнiмдерiн тым қымбатқа бағалайтын ресейлiк вагон жасаушыларды тезге салып, тiзгiнiн тартуды сұрап өтiнiш жасаған. Бiздiң елдiң темiржолшылары ғана емес, ресейлiк әрiптестерiнiң өздерi де зар еңiресiн. «Ресей темiр жолдары» компаниясының басшысы Владимир Якунин жағдай осылай жалғаса беретiн болса, түптiң түбiнде амалсыз Қытайдан арзан вагондар сатып алуға мәжбүр болатындықтарын ашық мәлiмдедi.

Қытайдан сатып алған вагондардың тағдыры күтпеген тұстан осылайша кең талқыға түсуi қоғамда түрлi қарама-қайшылықты пiкiр туғызып отыр. Бiрiншiден, арзан дүниенiң жiлiгi татымайды, яғни әу баста Қытайдан арзанқол вагондар сатып алуға шешiм қабылдау түбегейлi қате болған едi.

Екiншiден, қазiр «ҚТЖ» ұлттық компаниясының бiр топ бұрынғы басшыларының үстiнен 21 қылмыстық iс қозғалғаны мәлiм. Осындай ұрымтал тұста, «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайдының» керiмен бұрын тiстерi батпай жүрген қарсыластары қандай жолмен болса да өш алуға тырысуы мүмкiн. Тергеудегi азаматтардың мойнына тағы бiр қатаң айыпты артып қойып, iстiң ақырын күтпекшi.

Үшiншiден, «ҚТЖ» ұлттық компаниясына жаңа басшылықтың келгенiне екi айдың жүзi ғана. Олар темiржолдағы тәртiптi қолға алып, мемлекеттiң, жұртшылықтың мүддесi үшiн шешiмдi шараларды жүзеге асыруда. Тiптi, осыған дейiн Қазақстан темiржолдарында күнiне 38 мың жол жүру билетi ғана сатылып келсе, ал қазiр мұның жалпы саны 62 мыңға артып отыр,яғни 1,5 есеге жуық өскен. Яғни, бұған дейiн темiржолды сауын сиырға айналдырғандардың жеке қалтасына саулап құйылған қаржы ендi мемлекет қазынасына өте бастады. Мұның өзi әлгiндей сыбайлас жемқорлардың жемсауына ұзақ жылдар бойы тоқтаусыз ағытылған ақша «бұлағының» көзi бiтелгенiн бiлдiредi. Сондықтан әлгiлер «ҚТЖ» ұлттық компаниясының беделiне нұқсан келтiрiп, қоғамдық керi пiкiр тудыруға саналы түрде әрекет етуi ықтимал.

Ең бастысы, аталмыш вагондардың Қазақстанға әкелiнуiне Ресей вагон жасаушыларының қарсы болуы да мүмкiн. Осыған дейiн «ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс» болып келген, күреп пайда тауып отырған ресейлiк вагон жасаушылар Қазақстан нарығында жаңа пайда болған бәсекелестерiн түрлi амал-айламен ығыстырып, бұрынғыша өз дегендерiн жүргiзе беруге ынталылық танытып отыруы да ықтимал. Әр елдiң өз мүддесiн жан-тәнiмен қорғауды басты мұрат тұтатыны қалыпты жағдай. Мұның бәрi жорамалдар ғана, бiрақ мұны негiзсiз деп елемей тастауға да болмайды.

Қазақстан темiржолшылары Қытайдан әкелiнген, алдағы уақытта әкелiнетiн вагондарды да тәуелсiз сарапшылардың тексерiп, өз бағаларын беруiне қарсы емес. Тiптi, олардың мәлiмдеуiнше, Қытай мамандары Қазақстанның талаптарын ескере отырып, вагондарды қайта жабдықтауға да кетәрi емес көрiнедi.

Солайы солай шығар. Дегенмен, мұның өзi қосымша қомақты шығындарды қажет ететiн күрделi мәселе. Ал бiздiң ойымызша, қалыптасқан қиын жағдайдан шығудың бiрнеше ғана амалы бар.

Ең әуелi осы вагондардың сатып алынуына және елге әкелiнуiне мұрындық болған лауазымды қызметкерлердiң аты-жөндерi БАҚ-тарда толық жарияланып, бөлiнген қаржы қалай және қайда жұмсалғаны жөнiнде есеп берiлуi тиiс.

Елiмiзге әкелiнген вагондарды iшкi маршрутта пайдалану уақытша тоқтатылып, қайта жабдықталуын қамтамасыз ету қажет. Бiр ескерер мәселе, қытайлық темiржолшылар өз елдерiнде тура осындай вагондарды пайдалана ма? Егер олай болса, нелiктен олардың денсаулығына мүлдем зиянсыз, бiзге зиянды?

«Тәуелсiз сарапшылар, комиссия» мәселесiне келсек, ондай сарапшылар темiр жол қатынасы жөнiнен алдыңғы қатарлы мемлекеттерден шақыртылуы тиiс. Әдетте, «тәуелсiз сарапшылар» дегендi Мәскеу, Санкт-Петербургтен шақыртылған мамандар деп ұғатынымыз бар. Ал темiржолда қалыптасқан жағдайда Ресей мамандары, тiптi, Ресейге әлдеқандай да бiр қатысы бар сарапшылардың бейтараптығы күмән туғызары сөзсiз. Сондықтан бұл шараға Франция, Германия, Испания, Балтық жағалауы елдерiнен шақыртылған мамандарды тартқан жөн. Тәуелсiз сарапшылар мемлекеттiк мүдде, әлдебiр мекемелердiң iшкi есептерiнен шын мәнiнде тәуелсiз болғаны жөн.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары