ДЕНСАУЛЫК САЛАСЫНА ДЕНI САУ АДАМ КЕРЕК
ДЕНСАУЛЫК САЛАСЫНА ДЕНI САУ АДАМ КЕРЕК
Қазақстан медицинасы тарихының қыр-сырын түбегейлi зерттеп, електен өткiзiп, жинақтап, елеулi дүние жинап жүрген Өтеген Әбдiраман бiрнеше еңбектiң авторы. Жақында ғана "Атамұра" баспасынан жарық көрген "Қазақстан темiржолдары медицинасының тарихы" атты бес томдық жинағының бояуы әлi кеуiп те үлгермедi. Ал халықтық медицинаға арнаған зер ттеулерi бiр төбе. Медицина тарихын зерттеушi, Қазақстан журналистер одағының мүшесi Өтеген Әбдiраманмен болған сұхбатымыз да осы тақырыпқа арналды.
– Өтеген аға, негiзi зерттеу жұмыстарын қашан бастадыңыз?
– Медицина тарихын 1975 жылдан берi зерттеп келемiн. Негiзгi мамандығым – тарихшы, КазГУ-дiң тарих факультетiн бiтiрдiм. Соңғы курста оқып жүргенде академик Т.Шарманов медицина тарихы музейiн ұйымдастырып жатыр екен деген хабар естiдiм. Ол кезде Талғар аудандық кеңесiнiң депутаты едiм. Жұмыс iстегiм келдi. Оның үстiне бiзге оқытушылар: «Төртiншi курсқа келдiңдер, мамандық бойынша жұмыс iстеңдер» деген болатын. Талғар ауданындағы «Горный гигант» атты совхозында орын алып жатқан мәселелердi ара-тұра «Алатау жұлдызы» газетiне жазып тұрдым. Сөйтiп жүргенде, Денсаулық сақтау министрлiгiнде қызмет iстейтiн Орманбек Сақпаевқа жұмыс таба алмай жүрмiн деп едiм, маған: «Бiлуiмше, Шарманов деген ағаң медицина тарихы музейiн ашуды ұйымдастырып жатыр, соларға бәлкiм тарихшылар керек шығар» дедi. Ол кезде жоғары курсты оқымақ тұрмақ, табақтай дипломы бар дайын мамандар да жұмыс таба алмайтын. Әсiресе, тарих мамандығын тәмамдағандар сенделiп, жұмыссыз қалды. Әлгi кiсiнiң алдына бардым. Бар сұрағаны, «арақ iшпейсiң бе?» дедi. «Жоқ, ондайдан аулақпын» дедiм. Содан, не керек, менi жұмысқа алды. Барсам, өңкей ойдан-қырдан жиналған, медицина тарихынан хабары жоқ адамдар музейге кiрiп алған екен. Әуелгiде мен де халық медицинасы туралы ештеңе бiлмедiм. Әйтеуiр анда-мында барып соған қатысы бар дүниелердi жинай бастадым. Бiр күнi Естөре Оразақов деген кiсi менi шақырып алып, «Халық медицинасы жайында жинаған экспонаттарың өте тамаша. Iшiнде көп кездесе бермейтiн дүниелер де бар екен. Бұларды қайдан тауып алдың?» деп таңқалды. Бiрақ сен мынаны түсiн. Бiлсең, «Дермене – средство народной медицины» атты ғылыми еңбек жазған академик Гүлбахар Иманбаева-Қарабаева деген апаң дермененiң халықтық медицина мен ғылыми медицинадағы пайдасын әлемдiк деңгейге жеткiзуге тырысты. Ал мен «Тұщыбек» санаторийiн ашып, туберкулез ауруын емдетiп жатқан жанмын дедi. Мiне, содан берi жалпы медицинаға, халықтық медицинаға бiржола кiрiп, сiңе бастадым» деген-дi. Көрдiңiз бе, бағыма қарай менiң еңбек жолымда осындай азаматтар кездестi. Бәрiнен де сол кезде академик Шармановтың сол музейге келгенiн айтсаңшы. Естөре Оразақовты, Ишанбай Қарақұловты, т.б. профессор, доктор, оқытушыларды көрдiм. Олардың көбi қашан да шындықты жазам деп, теперiш көрдi. Мәселен, академик Сайын Балмұханов 1954 жылы «Жалын» журналына «Жатыр қатерлi iсiгi» деген кiшкентай мақала жариялап жiбередi. Яғни, мұсылман халықтары әйелдерi жатыр қатерлi iсiгiне өзге халықтан гөрi көп шалдықпайды деп ғылыми түрде дәлелдеп шығады. Содан Орталық партия комитетi «Мыналар мұсылмандыққа салып отыр» деп сол кездегi газет редакторы Әбдiжәмiл Нұрпейiсовтi, мақала авторын да орнынан босатады. Дәрiгер-жазушы Зейiн Шашкин туберкулезден ауырып, жиырма алты жасында бiр өкпесiн алдырса да, бiрталай дүние жазды. Соның iшiнде «Доктор Дархановы» бiр төбе. Ол да коллегияның мүшесi едi. Жұмыстан босатылған бiрнеше уақыттан кейiн Балмұханов көшеде келе жатса, алдынан Нұрпейiсов шығып, бас салып құшақтап амандасыпты. «Мына кiсi жұмыстан босатылып қалғанына ренжудiң орнына қуанғаны несi?» деп таң қалады. Сөйтсе, ол осы уақытты пайдаланып «Қан мен тердi» жазып шығыпты. «Саған рахмет, сенiң арқаңда бiр шығарма бiтiрдiм» деген екен.
– Демек, сол кезде мұсылмандыққа жақын дүниелердi жазуға тыйым салып, бақсы-балгерлердi қудалап келген ғой…
– Рас, Кеңес өкiметi тұсында бақсы-балгерлердi қудалап келген. Алғашқы зерттеуiмдi де осы тақырыптан бастадым. Әуелгiде медицина тарихын зерттеу үшiн медицина музейiне экспонаттар жинап, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеу арқылы келдiм. Сол кезде «қыс ағаш-сүндет ағашын» экспонатқа қойсам, музей директорының «Құрт көзiн…» деп лақтырып жiбергенi бар. Ал негiзiнде қазақтың халық медицинасында бақсы-балгерлердiң ролi өте жоғары. Бақсы-балгер, оның ем-домы жайында Ш.Уәлиханов өз қолжазбаларында жазса, Б.Майлин, С.Сейфуллин, А.Байтұрсыновтар шығармаларында келтiрдi, ал Ә.Диваев кәдiмгiдей зерттеу жасаған. Яғни, бұл да ғылым. Мәселен, Б.Майлиннiң «Мөлдiр махаббат» романында қара құрт шаққанда арбау, жылан шаққанда арбау секiлдi ем-дом туралы жолдар көп кездеседi. Ендi келiп дәл қазiр оларды терiске шығара алмаймыз. Бiрақ бүгiн екiнiң бiрi халық емшiсi, тiптi, жазбайтын ауруы жоқ. Олар халықты жинап алады да, бiр музыканы қояды, сол бiткенде, ем де бiтедi дейдi. Ал кез-келгенiнен «Қалай емшi болдыңыз?» десең, «Ата-бабам маған рұқсат бердi, аян бердi» деп шығады. Жә, бабалары оларға сондай әрекет жасап, күнiңдi көр деп айтқан жоқ шығар. Жақында «Есабыз әулие» деген кiтап жаздым. Егер бақсы болсам, менi де Есабыз әулиенiң әруағы қолдайтын едi дер едiм. Бұлай болмайды ғой. Қазiр құмалақшы көп. Ғылыми медицинаның кезiнде құмалақ ашуды да жоққа шығаруға болмайды. Бiрақ сiз өз ауруыңызды, тағдыр, болашағыңызды бiлем деп базардың төрт бұрышындағы төрт құмалақшыға аштырсаңыз, төртеуi төрт түрлi айтады. Бұл бұл ма, халық медицинасының өкiлдерi адамдарды емдейтiн арнайы оқу орнын ашып алған. Әрқайсысы Әдiлет министрлiгiне заң негiзiнде тiркелiп, рұқсат қағазын алғанына не дейсiң? Көрген болсаңыз, «Рахат» телеарнасы солардың бәрiн жеке-жеке эфирге шығарып, әшейiн рахатқа батып жатыр. Бiрде денсаулық сақтау министрлiгiнiң қызметкерi: «Халық медицина өкiлдерi көбейiп кеттi, солардың тiзiмiн жазып берiңiзшi» дедi. Бiрақ олардың әрқайсысының артында бiр адам бар. Өздерiн қорғап алып шығады.
– Мынандай құнды еңбектердi зерттеу үшiн тың деректердi қайдан алдыңыз?
– 1986 жылдары Түркiстан–Сiбiр темiр жолының (Түрксiб) құрылғанына 60 жыл толуына орай мақалалар жариялана бастады. Дәл сол жылы алғашқы темiр жолдың да iске қосылғанына 150 жыл болған екен. Темiржол ауруханаларын зерттеп, «Қазақстан термiржолшысы» атты газетке көлемдi мақала жаздым. Iле-шала «Медицина қызметкерлерi алып құрылыста» деген мақалам да шықты. Содан кейiн «Гудокқа» да жазып тұрдым. Ендi Түрксiбтiң 70 жылдығына байланысты ары қарай зерттеу жүргiзейiн дедiм де, Мұхтар Әлиевке бардым. «Көмек берем, кiрiс, мен де темiржолшы болғанмын» дедi. Сол кiсiнiң нұсқауымен Орынборға, Ташкентке бiрнеше рет барып келдiм. Солардың елшiлiктерiне, министрлiктерiне, музей директорларына Мұқаң өз қолымен хат жазып бердi. Барып едiм, алдыма бар керектi құжатты, архивтi жайып салды. Орынбор-Ташкент темiр жолының бүкiл тарихы жатыр. Бiрақ екi рет болған тiлсiз жау бiраз құжатты шарпып өтiптi. Оның үстiне мұндағылар Қазақстанға керектiсiн шетке ысырып тастаған екен. «Егер Қазақстан жағы ақша бөлсе, бiз қызметкерлердi жалдап, мына архив материалдарын ретке келтiрiп қояр едiк» дегендi айтты. Мына «Қазақстан темiржолдары медицинасының тарихы» атты бес томдық кiтаптың көп материалдарын осыдан алдым. Содан кейiн Ташкентке бардым. Онда да Қазақстанға қатысты дүниелер ашық-шашық жатыр. Ақшасын төле де, ала бер. Тұрар Рысқұловтың стенограммалары, «Совершенно секретно» деген сегiз жүз беттiк материалдары, өз басына қатысты жазған құжаттары том-том болып жатыр. Оны да алдым. Қысқасы, Тұрар Рысқұлов туралы да қаншама материал тауып алдым. Жаңағы бес томдық кiтаптың бiр томы Рысқұловқа арналды.
– Қазақстан темiржол медицинасы тарихы осы бес кiтапқа сыйып кетедi деп ойлайсыз ба?
– Жоқ. Мен тек медицинаға, темiржолға қатысты деген материалды ғана жинақтадым. Әлi де жазылмағандары жетерлiк.
– Өтеген аға, бұрын әр темiржол бекетiнде медициналық пункттер жұмыс iстедi. Қазiр олардың тамырына да балта шабылды ғой…
– Темiржол ауруханалары, вокзал, медпункт, аурухана, жалпы қазақ даласына стационар медицина темiржол арқылы келген. Бүгiнде темiржолдағы медициналық пункттер Денсаулық сақтау министрлiгiнен бөлектенiп кеттi. Тiптi, Қазақстан темiржолына тиесiлi емес. Қазiр, Мұхтар Әлиевтiң еншiсiнде.
– Сонда бұл мекеме де жеке адамға тиесiлi ме?
– Бүгiн мұны Мұхтар Әлиевке қаратып қойып отыр. Ертең ол кiсi шаршағанда, басқа бiреуге тапсырады. Бұлай етуге болмайды. Негiзi әр бекетте мед.пункт болуы тиiс. Айталық, кейбiр жүйрiк пойызға мiнген жолаушы денсаулығына байланысты жүрегi қысылып, дем жетпей қалады. Ал талай адам сол пойыздың iшiнде о дүниеге кетiп те қалып жатты. Бұған себеп, мед.пункттiң алғашқы жедел-жәрдемiнiң жоқтығынан. Бiр сорақысы, кейбiр ауылда клуб, мед. пункт, монша, ауруханаларды жеке адамдар бұзып алған. Егер темiржол күретамырын тоқтатпаймыз десек, мұны темiржол өз қарамағына алуы керек. Оған қаржысы да, күшi де жетедi.
– Оның үстiне қазiр темiржолда ақша көп. Жемқорлық та содан өршiп отырған жоқ па?
– Иә, онсыз да жетiп-артылады. Көптеген бекеттерде, тоғыз жолдың торабына кiретiн станцияларда, Қандағашта, Түркiстан, Шиелi, Арыста толыққанды медициналық жедел-жәрдем көрсететiн мед.пункт жоқ. Соның кесiрiнен кез келген жерде, ортада жұқпалы дерттi жұқтырғыштар емiн-еркiн жүретiн болды.
– Расында, солай боп кеттi. Қазақтың қаймағы бұзылмаған Шымкент өңiрiнде ВИЧ iндетi балаларға да ауыз сала бастады…
– Бұл шынында да, жанды ауыртатын жағдай. Бұған жергiлiктi денсаулық сақтау департаментiнiң түк кiнәсi жоқ. Ол шамасы келгенше ара тұрды. Бiрақ оған жоғары жақтағы адамдар көмек бере алмады. СПИД орталығы да бей-жай қарады. Қазiр екiнiң бiрi: «Неге Тасмағамбетованы кiнәлаймыз, сонда Белоног қайда қалады?» дейдi. Бұл негiзiнде бүгiнгi министрдiң орынбасары, санитар-дәрiгер, профессор Белоногтың мiндетi. Сол бiрiншi жауап беруi керек. Қазақстан аумағында пайда болған аурудың түрiне, тiптi, бiр жақтан кiрiп, екiншi жағынан шығып жатқан iндет көздерiне де сол жауапты. Бiрақ ол бұған құлықты емес. Оның үстiне Белоногты Даниал Ахметов әкелген деген сөз бар. Содан ба екен, оған ешқандай сын жүрмейтiн көрiнедi. Ал сол тазалықшы дәрiгер қаптаған iндеттерге шамасы келмедi, тым болмаса, курорт мәселесiн де дұрыс жолға қоя алмады. Бiр нәрсе айқын, Т.Шармановтан кейiнгi министр болғандар ұзаққа бармады. Ары кетсе екi жыл ғана отырады. Бұл сұмдық қой. Ең ақырғысы, кеше министр болған Досаевты алайық. Ол тiптi, терминологиялық сөздердi айта алмай, жиналыс өткiзе алмады. Министрдiң өзi термин сөздi айта алмаса, басқаларына қалай бағыт-бағдар бере алады? Сондықтан бiзде, соңғы он жыл iшiнде денсаулық сақтау саласына дұрыс министр келмедi. Ал Дерновойды бұрын министр болған Девятко әкеп отыр.
– Сiздiңше, мұның астарында саяси пиғыл жатқан жоқ па?
– Әңгiме мұнда емес. Бұл жерде ұлттық мәселе жойылады. Қазiр Тасмағамбетованың орнына Дудниктi алып келдi. Бiрақ оның адамдары жергiлiктi жердiң тұрғындарын басқара алмай отыр. Халық бағынбайды, бүгiн болмаса, ертең кететiн адам деп қарайды екен. Тура сол сияқты өзге ұлт өкiлiн Таразға да әкеп қойған.
– Сiз үнемi ел аралап жүресiз ғой. Президент «Елiмiзде әлi 100 аурухана салу керек» деген-дi. Осы жобаның жүзеге асуы қалай екен?
– Құдайға шүкiр, қазiр жер-жерде ауруханалар салына бастады. Жаңақорғанда Мұхтар Әлиев салғызып, iргесi бекiп жатқан мың орындық аурухананы сол кiсiнiң атына берейiк деген ұсыныс жасадым. Мiне, соған қарсы болып, «ол салғызған жоқ, оның қатысы жоқ» дейтiндер табылды.
– Бұған дейiн Әлиевтiң атында ештеңе жоқ па едi?
– Бар. Мұхаңның атында Жаңақорғанда бiр көше, Шәуiлдiрде бiр мектеп бар. Ал медициналық мекеме жоқ. Кейiннен Мұхаңның өзiнен «осы ауруханаға қатысыңыз қаншалықты» деп сұрадым. Ол: «Мен министр боп тұрған кезде облыстың әкiмi Сейiлбек Шауқаманов келiп, «бiздiң облыстық аурухана қала орталығында болғанмен, түрi анау. Қысқасы, жаңа заманға сай бiр аурухана салсақ қалай болады, соған қолұшын берсеңiз…» деп сұраған соң, рұқсат алып бердiм» дедi. Қатысы бар ма, бар. Ал мынаны қараңыз. Ақтөбенiң медициналық университетiн әлемге белгiлi Ишанбай Қарақұловтың атына бермей, бұған мүлдем қатысы жоқ, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын марқұм М.Оспановтың атына бергенi де жаңсақ шешiм. Сонда екi рет министр болған Ишанбай Қарақұлов елеусiз қала ма?
– Сын түзелмей, мiн түзелмейтiнi белгiлi. Сiз де ойыңызды баспасөз бетiнде ашық бiлдiрiп жүрсiз. Парламентте жұмған аузын ашпайтын депутаттардың орнына сiз секiлдi батыл айтатын адамдар жетпейтiн сияқты. Неге депутаттыққа түспегенсiз?
– Денсаулық сақтау министрлiгiн басқарып жүрген соңғы басшыларға медицинаның иiсi де бармаған. Түк бiтiрмейтiнi де сондықтан. Депутат Ерасыл Әбiлқасымовқа елi екi рет 97 пайыз дауыс бердi. Ол СССР Ғылым академиясының мүшесi, Қазақстан ғылым академиясының профессоры, КазГУ-дiң тарих факультетiн тәмамдаған. Министр болса, сол кiсi лайық едi-ау деп ойлаймын. Егер Ерасыл министр болғанда, бiздiң денсаулық сақтау саласы өте жоғары дәрежеге жетер едi. Бәрiмiз бiлемiз, ол президенттiкке де түстi. Оның арманы – Президент те, Премьер де болу емес, Денсаулық сақтау министрi болу. Ол отызға жетер-жетпесте тұңғыш Ақыл-кеңес беретiн ақылы-диагностикалық орталықты басқарды. Қысқасы, ақылы-ғылыми медицинаны бiрiктiрген де Ерасыл. Одан кейiн, Шарманов, Әлиев министр болған тұста денсаулық сақтау басқармасының қаржылық жоспарын, мамандарды басқарған. Кезiнде медициналық зерттеу институтын құрды. Оны кейiн өзге бiреу iлiп әкеттi. Мiне, көрдiңiз бе, осындай адамды министр қойғанда, бәрi басқаша болар едi. Есесiне, қазақ елiнiң денсаулық сақтау саласы тоқырауға ұшырап жатыр. Кеше Досаев министр болған кезде, алдымен қарсы шыққан да сол.
Ал басқа бәзбiреулер у-шу болып, өзi басқарған жерлерден депутат болып сайланды. Солар бiр емес, екi мезгiлде де депутат болды. Керек десеңiз, iшiнде «а» деп аузын ашпағандар да бар. 1997 жылы Шиелi ауданының әкiмi: «Сiз жақсы келдiңiз, бiр өтiнiшiм бар едi. Алда сайлау келе жатыр, жаңа ғана екi адам келiп, Республикаға депутат болсақ дедi. Бiрақ олардың дәрежесi республика тұрмақ, облыстық деңгейден аспайды. Сiз түссеңiз, бiз көмектесемiз», – дедi. «Айналайын, ниетiңе рахмет, депутат бола алмаймын» дедiм. Мен медицина тарихын зерттеп, кiтап жазып жүрген жанмын. Егер осы уақытта депутат болып кетсем, мына дүниелердi кiм жазады? Осы уақытқа дейiн бiрнеше еңбегiм жарық көрдi. Атап айтсам, «Қазақстан шипажайлары мен шипалы бұлақ көздерi», «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектерi» деген кiтабымды бiрнеше авторлармен бiрiгiп, зерттедiм. Оқырмандар жағынан қолдауға ие болды. Жақында екiншi рет қайта басып шығарайын деп жатырмыз. Қапал-Арасанда 1970-80 жылдары ашылған үлкен санаторий бар. Оның да тас-талқаны шықты. Қазiр курортта ойдан-қырдан қашқандар жұмыс iстейдi. Зейiн Шашкиннiң «Защита Бурабая» деген кiтабында: «Негiзi Қазақстан медицина саласында курортология мамандығы болуы керек» дейдi. Оны дайындайтын оқу орны күнi бүгiнге дейiн жоқ. Оның үстiне бұрын кез келген қызметкер жұмыстан арнайы жолдама алып, әжептәуiр демалып келетiн. Тегiн демалмақ түгiлi, бұған жету бiр арман.
– Сөзiңiз аузыңызда, қазiр елiмiздiң ауасы таза, табиғаты сұлу Бурабай өңiрiн «Лас-Вегасқа» айналдырып жатыр. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Бар жын-ойнақты сол жаққа көшiрiп жатыр. Бұл қылмыс. Кезiнде Зейiн Шашкин 1940-50 жылдары «Туберкулез ауруы – қазақтың ежелгi жауы, ұлттық ауруы» деген. Бұрын Бурабайда осы жұқпалы ауруды емдейтiн орталық болған. Қазiр бәрi жеке адамдарға сатылып кеттi. Екiншi мәселе – бұл ауруға шалдыққандарды емдеу елден жырақта болуы тиiс. Олар әбден жазылып, дертiнен айықпайынша халықпен араласуына тыйым салған. Қазiр ше? Айталық, Қызылордаға барсаңыз, туберкулездi емдейтiн аурухана бар, адамдары емiн-еркiн қалаға келiп-кетiп жатыр. «Тұщыбек» санаторийiнде де солай. Оған еш тыйым жоқ. Олай болмайды ғой. Туберкулез ауруын жеңу үшiн Бурабай сияқты жерден жеке курорт ашып, осы ауруды емдеу керек едi. Ал Жаңақорғанда ел басқарған адамдардың жеке санаторийi бар. Осындай жеке-жеке мекемелер көбейiп кеттi. Ең сорақысы сол, қалтаңдағы ақшамен оның iшiне кiру мүмкiн емес. Мұнда тек әмияны қалыңдар ғана емделе алады. Қалған адамға есiк жабық.
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы