ҚҰШАҒЫ “ҚАТТЫ” ХАЛЫҚПЫЗ

ҚҰШАҒЫ “ҚАТТЫ” ХАЛЫҚПЫЗ

ҚҰШАҒЫ “ҚАТТЫ” ХАЛЫҚПЫЗ
ашық дереккөзі
247

Қазақ есiн бiлгелi қорасында малы, қолында билiгi барлардан таяқ жеп келедi. Қасқыр жеген жетiм қозы үшiн аталасының баласын соққыға жыққан, малын жанымен теңгерген қазағым-ай. Иә… қазақ болып жаралғанымызға қарамай, қазақтың жаман жағы туралы әңгiме қозғалса жамырап қоя беремiз. Жамандауға бiр табан жақын жүремiз, "ауру қалса да, әдет қалмайды" деп жат қылығымызды бетiмiзге басқан, қатты кетсе айыбын мойындап, "өз сөзiм өзiмдiкi" деген Абайдың да бақытын көре алмай, "Абайды Абай еткен Құнанбайдың байлығы" деп жазғырдық.

Қазақ – қияға қалықтаған қыранынан аспанын қызғанып, қатты құшағында тұншықтыратын халық демеске шара жоқ. Әйтпесе шаңырағын биiктетiп тұрған, уықтай мығым ұлдарының сағын сындырмас едi…

Мұстафа Өзтүрiк. Жат жерде шығыс жекпе-жегiн еркiн меңгерiп, қазақ елiн әлемге паш еттi. Әйгiлi актер Брюс Лимен төс қағыстырған перзентiмiздiң "Отаным" деген жүрегiне өз қазағымыз зәһәр шашып сөндiрдi. Алаулаған жастығын қайта тұтандырмас үшiн мәңгiлiкке өшiрдi. Қазақы үйде қазақтың шаңырағын сыйламаған ағалары iнiсiн аспен атты. Арам ниеттiлер адал асты арамдады. Дәмдес болғандардың барлығы аман да, сұм зәһәр арыстай Мұстафаның асына түсiптi. Осылайша ауаның ызғары мен аптап ыстығына қарамай Отанына бет алған қыранын, қазақ қадiрiне жетпей қанаттандыра алмады.

Шығыс жекпе-жегiн бiлегiнен қылқаламына ұштастырған бекзат болмысты Бексейiт Түлiкеевтiң өлiмi ел еңсесiн қайта түсiрдi. Мұстафадай мәрт тұлғаның жолын жалғастырып жүрген Бексейiтке қытай кино жұлдызы Джеки Чанның таңданғанын, қазақ баласының талантына тамсанғанын әлем жұртшылығы естiген едi. "Шыбын жан", "Жекпе-жек" және "Қасқасу" картиналарымен қатар "Ұлы көш " атты эпопеялық еңбек қалдырған Бексейiттiң асар биiгi әлi де алда едi. Бiрақ белгiсiз қарақшылардың қолынан арман мен үмiтке толы ғұмыр үзiлiп кеттi. Ел-жұрт Бексейiтке пышақ сұққандар "жанында жүргендер" деп, шу ете қалды. Осылайша жабулы қазан жабулы күйiнде қала бердi…

Қыбырлаған құмырсқа мен ызыңдаған шыбын өтпейтiн күзет камерасынан, жетесiз оқ межелi жерiне адаспай жетiп, қоғам қайраткерi Заманбек Нұрқадiловтiң өмiрiн қиды. Кiм ұтты, кiм ұтылды? Әрине "құшағының қаттылығынан" қазақ тағы да ұтылды. Уықты сындырғандар, ұрандап қуанғанымен, келешекте азан шақырып азаптанарын бiлмейдi. Қазақ десе өзiмiзге тиедi… Соған күйiнем…күңiренем… "Бар болса көре алмайтын, жоқ болса бере алмайтын" мiнездi кiмнен үйрендiк екен"?!

Осылайша айдың күнi аманында арыстай азаматтарымыз жалынға оранып жатыр. Серкелерiмiздiң мүйiзiн сындыру қашан тоқталады? Тапсырысты орындаушы түрмеде отырады да, тапсырыс берушi жұмақта жайраңдап жүредi. Бұрын кiшкене экраннан көрiп, жаға ұстайтын бұл қылмыстар бүгiн көз алдымызда өтiп жатыр.

Айдай аспанға қазақтың ұлдары сыймай, бiрiнiң жетiстiгiне бiрiнiң қуанғандығын "қаруланған құшағы" арқылы көрсетуде. Қарулы құшаққа тыйым салынбаса,ұлт шаңырағының уықтары сынып, сөгiле бередi, сөгiле бередi…

Әркiм қаруды кезенбес бұрын өзiне " Осы жан кiм үшiн еңбек еттi?" деген сұрау қоюуы керек. Құрбандық — адам қолынан ажал құшуға мiндеттi ме? Тапсырысты орындаушы жасаған ерлiгi үшiн алған ақысын отбасына қалдырғанымен, жазықсыз төгiлген жас пен қиылған қанның қайғысы биiкке жiбермес… Мұстафа, Бексейiттер бұла күштi Тәңiрден тiлеп алған жоқ, бойындағы талантын еңбегiне бағындырған ұландар ажал құшуға мiндеттi ме? «Болар елдiң ұлдары бiрiн-бiрi батыр» деп биiкке көтеретiнiн ескерсек, жақсылық әкелмейтiн әдеттерден аулақ болып, ел келешегiн ертең сенiп тапсырар ұландарымызға үлгi бола бiлгенге не жетсiн?!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА,

ХҚТУ-дың студентi

Серіктес жаңалықтары