ХАЛЫҚ АССАМБЛЕЯСЫ: ТАҒАЙЫНДАУ МА, САЙЛАУ МА?
ХАЛЫҚ АССАМБЛЕЯСЫ: ТАҒАЙЫНДАУ МА, САЙЛАУ МА?
12 жыл бойы түрлi диаспоралардың ұлттық киiмдерi мен тағамдарын жарнамалаудан алдына жан салмай келген халықтар ассамблеясының айы оңынан туғандай. Ақыры ҚХА-ның құзыры кеңейтiлiп, Конституцияда бекiтiлiп, заңды статусы анықталды. "Ассамблея атынан 9 депутат Парламентке ұсынылады" деген әңгiменiң шыққаны сол-ақ екен, түрлi ұлт өкiлдерi көрпенi өзiне қарай тартып, депутат болып сайлануға, бәлкiм, тағайындалуға кетәрi еместiгiн аңғартып қалды. 100 мыңнан асатын диаспора өкiлдерi көптiгiн алға тартса, атағы барлар рейтинг мәселесiн бәрiнен де жоғары қойды. Сiрә, мансап деген түзу жолдан тайдырар дүние шығар. Бiрақ Қазақстанда 61 пайыздан асқан қазақ пен 70 пайыздан асқан мұсылманның ассамблея атынан депутат атануға құқы бар ма? Бұл жайында төмендегi әңгiмеде.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР-сы Мәжiлiсiнiң депутаты:
— Менiңше, ендiгi кезекте аталған ассамблея атынан басқа ұлт өкiлдерiмен қатар, қазақ азаматы да сайлануға толық құқылы. Бұл құрылым Қазақстан халқы ассамблеясы деп аталып жатқан соң, онда әркiм жеке мүддесi үшiн емес, халықтың мүддесi үшiн және мемлекетiмiз бен қоғамымыздың дамуы жолында тер төгуi тиiс.
Бiзде "Қазақстан — көпұлтты мемлекет" деп айдар тағуды әдетке айналдырған. Алайда, Ата Заңымызда елiмiздiң унитарлы, яғни бiртұтас мемлекет екенi тайға таңба басқандай анық жазылған. Сондықтан "көпұлтты" деген айдардан арылғанымыз жөн.
Дос КӨШIМ, саясаттанушы:
— Әрине, қазақ халқының өкiлдерi де ассамблея атынан депутат болуға қақылы. Себебi қазақ ұлты — Қазақстан халқының негiзiн құрайды. Тiптi, оның iшiнде қазақтар көптеп сайлануы керек те шығар. Екiншiден, Асылы Османның көтерiп жүрген бiр мәселесi — Ассамблеядан өтетiндердiң барлығы мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiн бiлуге мiндеттi.
— Бiлуiмiзше, ассамблеяда қазақ мәдени-ұлттық орталығы жоқ сияқты…
— Халықтар ассамблеясының заңды статусы әлi күнге дейiн түсiнiксiз. Соңғы кезде ғана оның заңды статусын жаңадан шығарды, ол — Президенттiң жанындағы консультативтiк орган болып шықты. Конституцияда ол бар. Бұрын ол "қоғамдық ұйымға" үш қайнаса сорпасы қосылмаса да, қоғамдық ұйым деп аталатын. Себебi "қоғамдық ұйым" — азаматтардың өз тiлектерiмен әрi ерiктерiмен бiрнеше адамның басын бiрiктiрген ұйым. Халықтар ассамблеясына күнi бүгiнге дейiн әрбiр облыстағы әкiмшiлiктер өздерiне ыңғайлы адамдарды жинап тағайындады. Сондықтан бұл да сайлау емес, тағайындау. Оның үстiне мәдени орталықтардың өкiлдерi ассамблеяға кiредi. Менiң естуiмше, ассамблеяда көптеген қазақ ұлтының өкiлдерi де бар. Бiрақ олар қазақтың ұлттық орталықтарынан емес. Шынын айтсам, олардың қалай ассамблеяға кiргенiн өз басым бiлмеймiн. Мұны бәрiмiз де бiлмейтiн сияқтымыз. Ал, егер ассамблея консультативтiк орган болса, ол жерде депутаттар мiндеттi түрде тағайындалады. Сондықтан депутаттар сайлана ма, әлде ол қоғамдық ұйым ба, ерiктi түрде қолдан жасалды ма немесе ол билiктiң таңдаулы адамдарынан тұра ма, бұл мәселе де — ең негiзгi әрi басын ашып алатын жәйттердiң бiрi. Егерде бiз демократиялық ел боламыз десек, осыны ойлауымыз керек.
— Әу бастан Халықтар ассамблеясы түрлi диаспора өкiлдерiнiң басын қосатын ұйым ретiнде құрылмап па едi?! Ал, егер оның iшiнде қазақ мәдени орталығы ашылса, екiншi жағынан бұл кереғарлық емес пе? Себебi қазақ ұлты диаспора емес қой…
— Егерде бұл диаспоралардың орталығы болса, онда ол "Қазақстан халық ассамблеясы" немесе "халықтар ассамблеясы" болып аталмауы керек. Онда диаспоралардың ассамблеясы немесе диаспоралардың қауымдастығы деп аталауы тиiс. Сондықтан осы жерде де әлi күнге дейiн бiр түсiнiксiз нәрсе бар. Бұл тек қана Қазақстанда тұратын түрлi ұлт өкiлдерi — диаспоралардың орталығы ма, әлде ол Қазақстанда тұратын негiзгi ұлт пен түрлi диаспоралардың орталығы ма? Егерде барлық ұлт пен ұлт өкiлдерiнiң орталығы болса, онда нелiктен қазақтың ұлттық және мәдени бағыттағы ұйымдары ол жерден өз орнын алмайды?! Сондықтан мұның бәрi де әлi күнге дейiн белгiсiз мәселе. Менiң ойымша, осы сайлауда бәрi де нақты анықталатын сияқты.
—Жалпы, ассамблеядан депутаттыққа 9 ұлт өкiлi ғана жетуi мүмкiн. Олар қай ұлт өкiлдерi болады деп ойлайсыз?
— Менiң естуiмше, кем дегенде 100 мың адамнан жоғары диаспораларға орын берiлетiн шығар. Бiрақ мұның бәрi нағыз адам құқын бұзатын нәрсе. Себебi диаспоралардың бәрiнiң құқығы тең. Еш уақытта та адамның санына қарап, оған орын берiлмеуi керек. Егерде "130 ұлт өкiлi тұрады" деп кезiнде жар салды ма, ендi солардың бәрiне де орын берiлуi керек…
Ахмед МУРАДОВ, "Вайнах" чешен-ингуш халықтары мәдени орталығының төрағасы:
— Ассамблея атынан қазақ азаматтары депутаттыққа сайлануға құқылы ма?
— Егер ассамблеяға қандай да бiр қазақ қауымдастықтары мүшелiкте болса, онда депутаттыққа сайлануға құқылы.
— Ал, ассамблеяға қазақ ұйымдары кiре ме?
— Ассамблеяға Талғат Мамашев басқаратын Дүниежүзiлiк қазақтар қауымдастығы кiредi. Менiңше, бәрiнiң құқы бiрдей: қазақтың да, еврейдiң де, чешеннiң де…
— Болашақ депутаттар қандай принцип бойынша сайланатын болады?
— Бiз таяуда Астанада жиналып, осы мәселенi талқыладық. Әрине, ұсыныстар әрқилы. Ең бастысы — түрлi этникалық топтардың өкiлi өз халқының толықтай қолдауына ие болуы керек. Бұл азаматтар — заңды түрде сайланған өте белгiлi, тиянақты, беделдi ұлт өкiлдерi болуы керек.
— Қателеспесем, сiз рейтингi жоғары азаматтардың ассамблея атынан сайлануын ұсынған сияқтысыз…
— Ассамблеядан 9 депутат ұсынылады делiк, оның өз iшiнде адамдардың этникалық топтарының санына қарамастан рейтингiлiк сайлауды өткiзуге болады. Егер адам беделдi, талантты, ақылды әрi патриот болса, онда ол тек қана өз этникалық тобының ғана емес, Қазақстан халқының өкiлi болмай ма?! Сондықтан мұнда қазақтардан басқаның да сайлануына мүмкiндiк жасалынған. Бұл тұста қазақ еместер де өз этникалық тобының мүддесiн ойлағандай қазақтың мүддесiн де көтере бiлуi керек.
— Ассамблеядан ұсынылатын депутат қазақ тiлiн бiлуге мiндеттi ме?
— Әрине, мiндеттi. Қазақстанның әрбiр азаматы мемлекеттiк тiлдi бiлуi керек. Депутат та, шенеунiктер де тiлдi бiлгенi жөн.
— Бiрақ ассамблеяда мемлекеттiк тiлдi бiлетiндер өте аз ғой…
— Журналистермен сөйлесе алатын деңгейде көбiсi мемлекеттiк тiлдi бiледi. Ал, кейбiреулер қазақтармен ауызекi сөйлесе алады. Сондықтан ең бастысы, адамдар бiрiн-бiрi түсiне алса болғаны. Ал, мемлекеттiк тiл мемлекеттiк проблемаларды шешу үшiн қажет.
— Ал, сiз өзiңiз депутат болып сайлануға қалай қарайсыз?
— Мен бе? (Күледi.) Менiң Үкiметiмiз бен Парламентiмiздiң, Президентiмiз бен ортақ реформаларды қолдау үшiн белгiлi бiр этникалық топтың өкiлi ретiнде сайлануыма толықтай құқым бар. Мен ассамблея мүшесiмiн. Ассамблеяға 1995 жылдың 1 наурызынан бастап кiргенмiн. Былайша айтсам, мен ассамблея ардагерiмiн. Сондықтан мен де сайлау кампаниясына қатысатын болам.
Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА