КОРЖОВА РИЗА БОПТЫ! НЕ YШIН?..

КОРЖОВА РИЗА БОПТЫ! НЕ YШIН?..

КОРЖОВА РИЗА БОПТЫ! НЕ YШIН?..
ашық дереккөзі
172

Бюджеттi жоспарлаудағы бiлiксiздiк кеселге айналды

Қазақстан Парламентiнде 2006 және 2007 жылдар бюджетiнiң орындалуын кезектi рет талқылау соңғы жылдары елiмiзде тұрақты қалыптасып отырған қисынсыздықтардың тағы да пердесiн ашты.

Азғантай да, көп ақшаның да үнемi есептеудi ұнататыны әрбiр естияр адамға ежелден белгiлi. Сондықтан әр жылы қабылданар бюджеттiң дәл әрi өмiрден алшақ болмауы, көптеген жан-жақты сараптаулардан өтiп, одан соң бұлжытпай сақталуы экономиканың серпiндiлiгi мен тұрақты дамуын қамтамасыз ететiн басты алғышарт.

Өкiнiшке қарай, бiздiң елiмiзде бұл негiзгi шарт ешқашан бұлжытпай сақталған емес. Осы орайда атақты О. Уайльдтың таңдай қақтырардай ғажайып құпия және кемеңгерлiкпен түзiлген: «Соншалықты дiрiлi бар, соншама әсерге толы, соншама қызба ашу мен қуанышқа толы сәттерi бар өмiрге қарасаң, осының бәрi қайдағы бiр ұйқы немесе қиял сияқты болып көрiнедi. Бiр кезде оттай күйдiрген құштарлық болмаса, iске аспайтын деген не? Бiр кезде имандай сенгенiң болмаса, ақылға сыймайтын не? Мүмкiн емес деген не? Бiр кезде өзiң iстеген iс», – деген сөзiн ерiксiз iштей қайталауға тура келедi. Адам өмiрiнiң жұмбақтарына қаратып айтылған уәж ғой.

Ал Қазақстан жағдайына келетiн болсақ, әлгi мүмкiн емес деген нәрсе – елiмiздiң бюджетiн бекiту мен оны орындау жайы. Әр жылы жаңа бюджет бекiтiлетiн кезде Парламент қызылкеңiрдек даудың отауына айналып, әрбiр құзырлы мекеме көрпенi өзiне тартатыны, әр теңге үшiн қызу талас-тартыс өршитiнi аян. Айналып келгенде соның бәрi де бекершiлiк, өйткенi көп уақыт өтпестен-ақ әлгi алауыздықтың қызыл алмасы болған бюджетке толықтырулар мен көптеген түзетулер енгiзiлiп жататыны да құпия емес. Соңғы жылдың өзiнде елiмiздiң жылдық бюджетiне 28 рет толықтырулар мен түзетулер енгiзiлiптi. Бұған тiптi жұртшылық селт етiп назар аударуды да қойған. Ал әлемдiк тәжiрибеге назар аударатын болсақ, экономикасы тұрақты елдерде бюджеттiң бiр ғана көрсеткiшiнiң өзгертiлуi қоғамның алаңдаушылығын туғызып, дабыл қағыла бастайды. Дамыған елдерде мұндай жағдайда кiнәлi шенеунiктер өз ерiктерiмен жұмыстан кетедi немесе қоғамдық қысымның әсерiмен қызметiнен босатылатыны қалыпты жағдай.

Елiмiзде республикалық бюджеттi жоспарлау мен оны орындаудағы кемшiлiктердiң ылғи қайталануы мұның «тұрақты кеселге» айналып отырғанын көрсетсе керек. Жоғары шендi бiрсыпыра шенеунiктерiмiздiң кәсiби бiлiктiлiгi ешқандай сын көтермейтiнi, олардың өздерiне жүктелген маңызды мiндеттердi жүрдiм-бардым атқаратыны да айқындалып отыр.

2006 жылғы бюджеттiң орындалуын талқылау осындай көңiлсiз қорытындылар жасауға мәжбүрлейдi. Тiптi, Парламенттiң Қаржы және бюджет комитетiнiң қорытындысында «бюджеттiк жоспарлаудың сапасы еш жақсармай отыр, макроэкономикалық көрсеткiштердi болжау деңгейi төмендетiлiп, мұның өзi көп жағдайда республика бюджетiнiң негiзгi көрсеткiштерiн қайта түзетулерге әкелiп соғады», – деп атап көрсетiлген.

Депутаттардың алдында есеп берген Қаржы министрi Наталья Коржова ханым ескi тырмаға тағы сүрiнген сыңайлы. «Ескi тырма» деп отырғанымыз, жыл бойына өткен жылдың бюджетiне бiрнеше рет өзгертулер енгiзiлгенiне қарамастан, 2006 жылдың соңына қарай Қазақстан қоржынына 54,7 миллиард теңге артық жиналып (профицит) қалғаны анықталды. Яғни, мемлекет экономикасының өркендеуiне, Қазақстан азматтарының әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтiк жағдайды түзету үшiн жұмсалуға тиiс қомақты қаржы қытымыр, аса сараң Үкiметтiң қоржынында өлi жүк болып қалуын тоқтатпай келедi. Ақшаның сертi – айналымда болу! Амал қанша, әу баста дүниеге «сақау» болып келген жаңа сипатты тағдыры ауыр теңгелер сол мiндетiн адал атқара алмай, тағы да шерменде күй кешуде. Жарық дүниеге шыға алмай, қазына қоймаларында зарығып, iшқұса болғаны даусыз.

Бар қаржы неге тиiмдi жұмсалмады? Әсiре үнемшiлдiктiң астарында қандай құпия сыр бар?

Қаржы министрi Наталья Коржова ханымның айтуына қарағанда, 2,1 млрд. теңге Үкiметтiң ешқайда бөлiнбеген, көздiң қарашығындай сақтаған қоры, яғни үнемделген ақша. Сондай-ақ, мемлекеттiк сатып алуларды жүзеге асыру кезiнде де қосымша 2 млрд. теңге үнемделген көрiнедi. Әрине, министр ханым мұның бәрiн қалыпты жағдай деп жуып-шаюға, үнемшiл үкiметтiң iзгi қадамдары деп ақтауға бар күш-жiгерiн жұмсады. Оның айтуынша:

– Ешқандай төтенше оқиға болған жоқ және бұл бiздi шаттандыруға тиiс. Ақша мұрты бұзылмай бюджетте қалды. Ал жергiлiктi атқару органдарының несие алу, нақты ақшаның жетiмсiздiгiн жою үшiн қорға қол жаймағаны да жақсылық.

Бiр сөзбен түйiндегенде, «бәрi де тамаша, көркем маркиза!» Әттең осы уақта елiмiзде ондаған мың адамдар ақшаның жетiмсiздiгiнен жапа шегiп, ойға алғандарын орындай алмай жүрдi-ау. Қазақта «Қызғанғаның қызыл итке жем болсын», деген зiлдi сөздiң бары да рас. Осы тұрғыдан алғанда алпауыт Қаржы министрлiгi, құзырлы мекемедегi сұлу ханымдар мен мырзалардың көңiлiне келмей-ақ қойсын, шөмеле қорыған дүрегейдiң кебiн киiп жүрген сыңайлы. Яғни, шөптi өзi де жемейдi, өзгеге де бiр талын татырмайды. Бұл жерде үнемшiлдiктiң түк қатысы жоқ, бар болғаны Экономика және бюджеттi жоспарлау министрлiгiнiң қырсыздығы мен өз мiндеттерiн салдыр-салақ атқаратындықтары ғана көрiнiс тауып отыр.

Бiр ғажабы, бiр кездерi елiмiзде бюджеттен бөлiнген қаржыларды бiлдiртпей жұтып қоятын «жайындар» жаппай тәубеге келiп, өз қалталарына тоғытуды тоқтатқан шығар, ендi олар мемлекет мүддесiн ойлай бастаған соң осындай қомақты профицит қалыпты деп үмiттенуге болар, бiрақ шын сенiмге орын жоқ. Өйткенi, әр тұстан дүркiн-дүркiн қылмыстық iс қозғалып жатуы, елiмiзде сыбайлас жемқорлықтың азаймауы – өңешi кеңдердiң өз өмiр сүру ережелерiн өзгертпей отырғандықтарын дәлелдейдi.

Тiптi, таяуда «Қазақстан темiржолы» ұлттық компаниясында, кей деректерге қарағанда, 43 млн.доллар ақшаның талан-таражға салынуы, Бас прокуратураның 21 қылмыстық iс қозғауының өзi де ауыр-ауыр ойларға жетелейтiн құбылыс.

Есеп-санақ комитетiнiң басшысы, депутат Омархан Өксiкбаев мырза министр ханымға мүлдем қарама-қайшы пiкiрде. Бюджеттегi қаржының игерiлмей қалуының басты себебi – қаржы үнемделуiнен емес, керiсiнше аса маңызды мемлекеттiк бағдарламалардың орындалуына жете көңiл бөлiнбеуiнен, соның кесiрiнен бiрсыпыра бағдарламалар толық жүзеге асырылмай отыр.

Мәселен, Бiлiм және ғылым министрлiгiнде бiрқатар маңызды iс-шаралар жүзеге асырылмаған, яғни елiмiзде мұғалiмдердiң әлеуметтiк статусын көтеру жөнiндегi бағдарламаны жүзеге асыру мүмкiн болмай қалған. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруда да сансыз былықтар орын алып келген екен.

Мұның бәрi қалыптасқан ауыр жағдайдың жеңiл көбiгi ғана, ал нағыз қаймағы одан да сорақы.

Республика бойынша жалпы ұзындығы 5 мың километр жолдарда жөндеу жұмыстары жүргiзiлмей, ойдым-ойдым шұқанақтарға айналған. Бюджеттен мүлдем ақша бөлiнбеуiнен немесе жеткiлiксiз көлемде ғана жоспарлануынан елiмiздегi тас жолдардың 40 пайызы iске алғысыз. Бейнелеп айтқанда, дозақ жолдарына айналып отыр. Бұл елiмiздiң жолдарын Батыс пен Шығысты жалғастырып жатқан алтын арқау етуге бағытталған мемлекеттiк саясатын жүзеге асыруға кесiрiн тигiзумен қатар, Қазақстан жолдарындағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ете алмауда. Жыл сайын елiмiздiң жолдарында көлiк апаттарының үздiксiз ұлғайып, адамдар өлiмiнiң көбейе түсуiнiң бiр себебi де осыған байланысты.

«IЖӨ-нiң нақтыланған көлемi мен қалыптасқан жағдайдағы кереғарлығы 1 трлн. теңгеден асып отыр, – делiнген Парламент құжатында. – Экспорттағы айырма 8,9 млрд.долларды құраса, мұнай бағасын белгiлеудегi қателiк әр баррельге шаққанда 10,4 долларға жетiп отыр».

Бiр сөзбен түйiндегенде, 2006 жылы бюджеттi жоспарлаған уақытта мұнайдың бағасы мейлiнше арзандатылып алынған. Теңгенiң нақты курсын белгiлеуде жiберiлген қателiк те 0,9 теңге көлемiнде көрiнедi, ал мұның өзi елiмiздегi шикiзат саласынан ғана түсетiн салықтардың көлемi 5 млрд.теңгеге кемуiне әкелiп соққан. Ал мұнайдың экспорттық бағасының арзандатып белгiленуiнен 2006 жылы бюджетке 25 млрд.теңге қосымша түскен. Сондай-ақ бюджетке түзетулер енгiзiлген тұста инфляция 5,7-7,6 пайыз көлемiнде болады деп белгiленсе, ал нақты өмiрде инфляция 8,6 пайызға өскен. Мұның өзi теңгенiң құнсыздануына, адамдардың сатып алу қабiлетiнiң айтарлықтай төмендеуiне әкелiп соғуда.

Бюджеттi жоспарлау және жүзеге асыруда жiберiлген кемшiлiктер елiмiздегi кеден қызметтерiнен түсетiн баж салықтары көлемiнiң де азаюына әкелiп соғуда. Қарапайым тiлмен айтқанда, мемлекетiмiз жылына жүздеген миллион долларды қосымша жоғалтып отыр.

Жақында өткiзiлген брифингте Бас прокуратураның өкiлi Сапарбек Нұрпейiсов мырза осылай мәлiмдедi. Оның айтуынша, елiмiзге әкелiнетiн Қытай тауарларына салынатын қосымша құн салығынан бюджетiмiз жылына 350 млн.доллар жоғалтуда. «Бiр ғана 2005 жылғы Қытаймен арадағы тауар айналымы жөнiндегi кедендiк статистиканың кереғарлығы 3 млрд.долларды құрап отыр, соның iшiнде Қытай тауарлары импортындағы айырмашылық 2,649 млрд. доллар көлемiнде. Осының өзiнен ғана елiмiз 350 млн. долларды кем алып отыр», – дейдi Бас прокуратура өкiлi.

Оның пiкiрiнше, Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiнiң кеден үшiн бекiткен және кейiнiрек түзету енгiзген жоспар-болжамы ешқандай сын көтермейдi, сыртқы сауда қарым-қатынастарындағы нақты көрсеткiштерге сай емес.

Анықталып отырған жағдайға қарағанда, сыбайлас жемқорлықтардың нәтижесiнде және мемлекеттiк органдардың бақылауы төмендеуiнен елiмiзге орасан зор қаржыға тауарлар жасырын түрде әкелiнiп, ал бюджетке миллиардтаған теңге көлемiнде пайда түспей отырған көрiнедi.

Әттең, ахуал осыншалықты ауыр әрi сүреңсiз болып отырғанда Қаржы министрi Коржова ханымның бәрiне риза болуының сыры түсiнiксiз. Әлде, әдемi министр өмiрдiң тек жақсы жақтарын ғана көре ме?!.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары