БIРЫҢҒАЙ ҰЛТТЫҚ ТЕСТIЛЕУ ЖYЙЕСI ДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ АУЫЗДЫҚТАЙ АЛМАДЫ

БIРЫҢҒАЙ ҰЛТТЫҚ ТЕСТIЛЕУ ЖYЙЕСI ДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ АУЫЗДЫҚТАЙ АЛМАДЫ

БIРЫҢҒАЙ ҰЛТТЫҚ ТЕСТIЛЕУ ЖYЙЕСI ДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ АУЫЗДЫҚТАЙ АЛМАДЫ
ашық дереккөзі
237

2004 жылдан елiмiздiң бiлiм беру жүйесiне енген ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) жүйесiн бала бiлiмiн тексерудегi таптырмас қадам деп тапқан болатынбыз. Сол кездегi Бiлiм және ғылым министрi Жақсыбек Құлекеевтiң командасы дайындаған «Бiлiм берудiң 2004-2015 жылға арналған ұлттық тұжырымдамасындағы» басты жаңалық осы едi.

Содан берi үш жыл өткенiмен, ҰБТ төңiрегiндегi дау-жанжал әлi аяқталып болған жоқ. Ең алдымен оған қарсы дау айтушылар, бұл баланың бiлiмiн толық тексере алмайтындығын көлденең тартады. Ал, көбi тестiң сұрақтарындағы келеңсiздiктердi жылма-жыл термелеп отырады. Дегенмен, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң бұған айтар өз уәждерi де бар. Ең бастысы, аталған жүйе бiлiм беру саласындағы жемқорлықты ауыздықтайтын көрiнедi. Әлемнiң көптеген мемлекеттерi бала бiлiмiн тексерудiң осы жүйесiне иек артқан.

Бiрақ, биылғы жылы осы жемқорлықтың көкесiн ҰБТ кезiнде көрдiк. Маусымның 10-15 аралығында болған ұлттық бiрыңғай тестiлеу кезiнде талапкерлердiң бiразынан жауабы дайын кодтар табылған. Сөйтiп, бiрнеше талапкер студент атану құқығынан айрылды. Бiлiм және ғылым министрi Ж. Түймебаевтың мәлiмдеуiнше, ҰБТ кезiндегi заң бұзушылықтар Алматы, Оңтүстiк-Қазақстан және Қызылорда облыстарында анықталған. Тестiлеудiң алғашқы күнiнде Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi (ҰҚК) «қылмыстық топтың бiр мүшесiнен» ҰБТ сұрақтарының дұрыс жауаптары жазылған компакт-диск тауып алған. Келесi күнi тағы бiр адам ұсталады. Сондай-ақ, аталған дискiнi 1 миллион 300 мың теңгеге сатпақ болып тұрған жерiнен тағы бiрi қолға түседi. ҰБТ жауаптарын сатумен айналысқан қылмыстық топ әшкереленгенде олардан 25500 АҚШ доллары, 2 миллионнан астам ақша тәркiленген. Демек, ҰБТ мектеп түлектерiнiң бағын сынайтын меже ғана емес, талайлардың қалтасын қампайтатын табыс көзiне де айналған.

Бiрақ, бiр түсiнiксiзi – тест жауаптары бұл қылмыскерлердiң қолына қалай түсiп отыр. Дәл осы мәселе ҰҚК-iнiң қызметкерлерiнiң де, Бiлiм және ғылым министрiнiң де бас ауруы болып отыр. Бiр жағынан мемлекеттiк құпияға жататын аталмыш құжатты Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қызметкерлерi даярлады. Екiншi жағынан, оны сәуiр айынан бастап ҰҚК қызметкерлерi бақылайды. Ал, Бiлiм және ғылым министрi Ж. Түймебаев егер бұл iске өзi басқаратын министрлiктiң қызметкерлерiнiң қатысы болатын болса, қандай лауазымда отырғанына қарамастан, қатаң жазаға тартылатындығын айтады. Қазiр аталған мәселе бойынша, қылмыстық iс қозғалып, тест жауаптарының қылмыскерлердiң қолына қалай тап болғандығы анықталу үстiнде. Алғашқы болжам бойынша, тест жауаптарына хакерлер шабуыл жасауы мүмкiн деген әңгiмелер айтылуда. Дегенмен, оның қаншалықты шындыққа жанасымды екенi айқындалған жоқ.

Жалпы, бiзге оқушының бiлiм деңгейiн тексеру үшiн ең тиiмдi жол қайсы? Қазiр мамандар осы мәселеге де бас қатыруда. Биыл алдын-ала жеткен әңгiмелерге қарағанда, Бiлiм және ғылым министрлiгi ҰБТ жүйесiне жеткiлiктi деңгейде өзгерiс енгiзуi мүмкiн делiнген болатын. Жылдағыдай 4 пәннен емес, 6 пәннен емтихан тапсырылады екен деген де сөз шыққан. Тiптi, ҰБТ жүйесiн өзгертiп, бұрынғыдай дәстүрлi емтихан жүйесiне көшетiн сияқтымыз деген қаңқу да жеткен. Алайда, аталған өзгертулердiң ешқайсысы болған жоқ. Тек биылғы жылы ҰБТ-ының ең төменгi ұпайы – 60 ұпайға жетiп едi. Бiздiң көршiлерiмiз, атап айтсақ, Ресей мен Белорусь ҰБТ жүйесiн оқушының бiлiм деңгейiн тексеруге мүмкiндiгi аз деп көредi екен. Олардың пiкiрiнше, ҰБТ бiлiм беру саласындағы жемқорлықты ауыздықтауы мүмкiн. Бiрақ, оқушының бiлiмiн тексерудiң тиiмдi жолы емес көрiнедi. Ал, қазақстандық мамандардың пiкiрi бойынша, осыдан 10-20 жыл бұрынғы дәстүрлi емтихан кезiнде жемқорлық орын алса да, оның ашылуы мүмкiн емес болатын. ҰБТ-ның артықшылығы осы. Қылмыскерлер дереу қолға түсiп жатыр. Ал, сатып алуға ниеттенген талапкерлер оқуға түсу құқығынан айрылды. ҰБТ-ның ұтатыны осында деген пiкiр айтуда. Қалай дегенмен де, Қазақстанның бiлiм беру саласын келесi жылы тағы бiр реформа күтiп тұр. Ол осы ҰБТ тұрғысынан болмақ.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары