СЫНАҚ АЛАҢЫ БОЛҒАНЫМЫЗ АЗДАЙ-АҚ...

СЫНАҚ АЛАҢЫ БОЛҒАНЫМЫЗ АЗДАЙ-АҚ...

СЫНАҚ АЛАҢЫ БОЛҒАНЫМЫЗ АЗДАЙ-АҚ...
ашық дереккөзі
331

РЕСЕЙ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫН ТАҒЫ ДА ПОЛИГОНҒА АЙНАЛДЫРМАҚ…

Бiр Байқоңырдың өзi қазақтың басына қара бұлт үйiрiлткелi қашан. Онда ұшырылатын ғарыштық зымырандардың кесiрiнен, халқымыз экологиялық зардапты тартудай-ақ тартып келедi. Күн өткен сайын төмендеп бара жатқан әлеуметтiк жағдай, күн сайын дүниеге келiп жатқан мүгедек бала, күн сайын қатерлi iсiкке шалдығып жатқан жандар – ешкiм дөп басып санын айтып бере алмайды. Бұған бас ауыртып, балтыр сыздатып жатқан Үкiмет те жоқ. Ғарыш айлағында өмiр сүретiндердiң денi – қазақтар. 90% десек артық айтпаспыз. Келмеске кеткен Арал тағдыры өз алдына. Бiрақ, бiздiң Үкiметке де, депутаттарға да халықтың мұңы бес тиын. Үкiмет Ресей не десе бас шұлғыса, депутаттар үкiмет не десе соған ләппайлайды. Сүйкенген екi түйенiң арасында байғұс халық шырылдап жүр. Бұған өзге емес, өткен аптада Парламенттiң 11 миллион гектар жердi ешқандай даусыз-дамайсыз Ресейге сынақ алаңы үшiн жалға бере салғаны куә.

Жер – халықтың басты байлығы. Оны ата-бабамыз найзаның ұшымен, бiлектiң күшiмен қорғағанда әлдебiреулердiң сынақ алаңы болсын деп қорғаған жоқ, халқының, жұртының панасы болсын деп қорғады. Бiр қызығы осы 11 миллион гектар жерге Ресей бiлгенiн жасап, сынақ өткiзiп келгелi 12 жыл болыпты.

1995 жылдан берi Үкiмет халықтан жасырын елiмiздiң жетi облысының аумағына қарасты жерлердi сынақ алаңына айналдырып келген. Мойнымызда қамыт, басымызда бұғау болған кездегi Семей ядролық полигонын ешкiмге билiк салмай, өз бiлермендiгiмен жасады делiк. Ал, өз аузы өзiне жеткен бүгiнгi заманда халқының мүддесiн ойламайтын қандай Үкiмет, қандай Парламент? Ондай билiктен не қайыр? Әсiресе, халық сенiп қолына мандат тапсырған «халық қалаулылары» неге ұлт мүддесiне қайшы келетiн заңдарға жол бередi? Кейде, осындай қитұрқы заңдардың Парламент қабырғасынан өтiп кететiнiн ойлағанда, онда халықтың сөзiн сөйлейтiн депутаттар емес, Ресейдiң тапсырмасын орындайтын жасырын тыңшылар отырған сыңайлы болады да тұрады. Тәуелсiз Қазақстанның тарихында Парламент төрт рет шақырылды. Осының қай-қайсысында да халықтық мүддеге қайшы келетiн заңдарға қарсы тұрып, сол үшiн мандатын тапсырған депутат болған жоқ. Айталық, ең алдымен жер сатылды. Бiразы, өре түрегелiп қарсы болған сыңай танытқанымен, жеме-жемге келгенде тайқып шыға бердi. Қазақ тiлiнiң қолданылу аясын кеңейтуге қатысты заңдар көп кедергiлерге ұшырады. Бiрде-бiрi Мәжiлiстен өткен жоқ. Бұл заңдар керiсiнше, халықтық мүддеге сай заңдар едi. Ал, елдiң мүддесiне қайшы деген жай сөз, елдiң болашағына, халқының денсаулығына, ұрпақтың аман-саулығына нұқсан келтiретiн заңдар Мәжiлiстен еш сүрiнбестен өтiп кетедi.

Мәселен, Сарышаған, Ембi сынақ полигондарына, 929-шы сынақ жасайтын орталық 4-шi мемлекеттiк полигонның нысандары мен жауынгерлiк алаңдарын 25-30 жылға Ресейге жалға беру туралы шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi хаттаманы ратификациялауды Үкiмет өкiлi, Қаржы министрi Н. Коржова әкелiп, Парламент мiнберiнен ұсыныс еткенде, оған атышулы бiрнеше депутат қана қарсы болыпты, ал, қалғандары тiптi, олардың өзiне дүрсе қоя берiп, «дауысқа сала салуды» ұсынған. Қарсылары – 8, қолдағандары – 47. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш». Елдiң жайын күйттеуге ешқайсысының құлқы жоқ, Үкiмет не айтса, соған дайын.

Ол жерлерде Ресей қорғаныс саласын күшейту үшiн түрлi зымырандар ұшырып, сынақтан өткiзу жұмыстарын жүргiзедi. Сонда бұның Семей полигонынан айырмасы не? Жақында ғана Ресей Американың қаруланып жатқанын сынай отырып, Америкаға жауап ретiнде өзiнiң тағы бiр ядролық зымыранын сынақтан өткiзетiнiн мәлiм етiп едi. Ендi Коржова ханымның айтуына қарағанда, жылына 23 миллион доллар төлеп (бұның өзi күмәндi. Байқоңырды 50 жыл жалға алған Ресей, төлеуге тиiстi қаржысын уақытылы төлемей отырғаны жайлы ақпаратты жиi естiп жатырмыз), жалға алатын Ресей бұл жерлерге не жасаса да ерiктi емес пе?

Ресей жалға алған Қазақстан территориясындағы жерлер түгiлi, онда тұратын халыққа да не iстесе де ерiктi болып отырған жоқ па? Айталық, Байқоңырдың халқы Ресей оқулықтарымен бiлiм алып, Ресей Әнұранын шарықтатып қана қоймай, заңға да Ресей заңдары арқылы жауап берiп отыр. Ол ол ма, зейнетақы жинақтаушы қорларына аударатын қаржы да Ресейлiк қорлардың бүйiрiн қампайтуда. Ендi бұл аздай, тағы 11 миллион гектар жер саудаға салынбақ. Оның Қазақстанға қайту-қайтпауы екiталай. Қайтты деген күнде де, өкпесi қырық тесiк, бүйiрi қырық жамау болып қайтады. Ондағы халықтың денсаулығына зиян келтiрiп, болашағына балта шабады. Қазақстанда полигондардың кесiрiнен, мүгедек сәби аз едi. Ендi, жүздеп емес, миллиондап саналатын болады. Небәрi 15 миллион халықты полигонмен бiр улап, ВИЧ инфекциясын жұқтырып, әйтеуiр, жаһандық дерттiң бәрiн басына үйiп қойдық. Көз алартқан көршiлерiмiзге халық емес, жер керек. Ал, қазақ жалпақшешей. Жердi оған да, бұған да үлестiрiп жатырмыз. Тек киесiнен қорықпаймыз. Жер-ананы шамырқандырып аламыз-ау деген қорқыныш жоқ. Жер-ана – киелi де, қастерлi ұғым. Онымен ойнауға болмайды, қастерлеу керек. Құдайдың шетсiз-шексiз кең даланы қазаққа бере салуын – бақытымыз деймiз бе, сорымыз деймiз бе? Бақытымыз десек, сол кең даланың төсiнде қаннен-қаперсiз жүрген қазақтың басынан неге сор арылмай қойды? Сорымыз десек, қойны қоншымыз толған алтын, мұнай, уран, газ – толып жатқан байлық. Бiрақ, қазаққа бұйырып тұрғаны шамалы. Бәрi шетелдiктердiң мұртын майлауда, ұртын сылауда. Қазаққа тек қасiрет әкелуде. Оның экологиялық зардабынан халықтың болашағы күмәндi болатын түрi бар.

P.S. Аталған заң жобасын Үкiмет асығыс-үсiгiс дайындап, Мәжiлiс депутаттары жапа-тармағай қолдай салғанымен, ол ендi Сенатта қаралады. Егер, елдiң, жұрттың мұңын мұңдар болса, Сенат оны Мәжiлiске қайтарып, өмiрге жолдама алуына мүмкiндiк бермес деген сенiмдемiз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары