On-Line «ДАТ!»

On-Line «ДАТ!»

On-Line «ДАТ!»
ашық дереккөзі
269

Сонымен, ақпарат құралдарынан жан-жақты жарнамаланған Президенттiң халықпен он-лайн жүйесiнде тiлдесу рәсiмi сәттi өттi деуге болады. PR тұрғысынан алғанда, бұл – Президент әкiмшiлiгiнiң таптырмас идеясы. Әрине, дамыған елдерде, тiптi iргемiздегi Ресейдiң өзiнде саясаткерлер кеңiнен қолданатын бұл әдiстiң Қазақстан үшiн таңсық болуы тегiн емес. Статистикаға жүгiнсек, Қазақстанда интернеттi бес адамның бiрi ғана пайдаланады екен.

Десе де, интернеттi жатсынбайтын жұртшылық бұл мүмкiндiктi бос жiберген жоқ. Веб-порталға 5195 сұрақ түссе, өзiне ұнаған сұраққа дауыс беру мүмкiндiгi 169761 рет пайдаланылған. Яғни, осыншама пiкiр бiлдiрiлдi деген сөз.

Осы орайда, ең белсендi сұрақ қоюшылардың Алматы мен Астана және Қостанай облысының тұрғындары екендiгiн айта кеткен жөн.

Сұрақтардың азы айтылып, көбi қалды. Бiрақ Президент сөзiнде тұрса, жауапсыз қалмайды. Елбасыға жолдаған сауалыңыз болса, ай соңына дейiн жауап күтiңiз.

Президенттiң атына пошта арқылы күнiне қап-қап хат келiп жататындығынан хабарымыз бар. Әрине, оның бәрiн бiрдей ашып, оқып отыратын Елбасыда уақыт болмайды. Оның көбiне әкiмшiлiк қызметкерлерi жауап берiп жатады. Бiрақ Елбасы назарына iлiнуi тиiс хаттар қалайда сол кiсiнiң жұмыс үстелiне жетедi. Сол сияқты, Ақорда сайтына түскен сұрақтардың бәрiн бiрдей Президент бiр өзi қарап шыққан жоқ. Осылай болсын деп талап етудiң өзi орынсыз. Ал ел саясатына қатысы бар маңызды сұрақтарды Президент назарынан тыс қалдырса, ол – сұрақтарды iрiктеген адамдардың ар-ожданына сын.

Бiз үшiн маңыздысы – аталмыш оқиғаның әйтеуiр болып өткенi емес, оның болғаны туралы тарихи фактiнiң шежiремiзде тiркелуi. Себебi, ХХI ғасырдың баласы жақын болашақта көкейiндегi түйткiлдi мәселесiн он-лайнда Президентпен тiлдесе отырып, ашық айта бiлуi керек. Апталап-айлап жететiн хат емес, санаулы секундтардың iшiнде Президент поштасына топ ете қалатын технологияның жемiсiн пайдалануы керек.

Және… өзi Президент болғанда халықпен қоян-қолтық араласып, пiкiрлесiп отыруға жүрексiнбеуi керек.

Осы орайда, Президент поштасы үнемi жұмыс iстеп тұрғаны абзал болар едi. Ол сұрақтардың ең маңыздылары көп кешiкпей Елбасының алдына жетсе, қазақтың «Дат!»-ы жүзеге асқаны сол емес пе? Кешегi «Дат!» ханның күзетшi-қорғанын бұзып өтiп, қамшыны қос бүктеген күйi тiзерлеп отырып айтылса, бүгiнгiнiң «Дат!»-ы компьютердiң көмегiмен, үйде отырып-ақ айтылады.

Тағы айтамыз, бұл оқиғаның қалай өткенi емес, оның болып өткендiгiнiң өзi – құбылыс.

Әрине, Президент он-лайн жүйесiнде халықпен тiлдесу арқылы өзiнiң имиджiн (ең әуелi, халықаралық) жақсартты. Мiне, Қазақстан Республикасының Президентiмен кез келген жағдайда байланысуға болады, бұл – демократияның көрiнiсi деген. Ресей президентi Путин он-лайнға шыққанда, оны ашық тәлкек қылғандар (бүркеншiк атпен) болған. Осыдан сабақ алды ма, Президент әкiмшiлiгi бiзде мұндай жағдайдың қайталанбауы үшiн барын салды, яғни алдын алды.

ПРЕЗИДЕНТ ЖАУАП БЕРДI

Оң рөлдi көлiк туралы:

… Бәрiмiз бұл мәселедегi ең бастысы – адамдардың қауiпсiздiгi екенiн түсiнуге тиiспiз. …Бәлкiм, оң рөлдi автокөлiктердi табиғи тозғанға дейiн пайдалануға рұқсат ету керек деп ойлаймын. Мен бұл мәселенi Үкiметке тағы да зерттеудi тапсырамын.

Тұрғын үй туралы:

… Әрине, жұмыс iстемейтiн, «аспаннан жақсылық тiлейтiн» адамға ешкiм ешқандай пәтер бермейдi. Ал кiмде-кiм жұмыс iстеп, табысты болса, банктер оған құшақ жаяды.

Дамудың одан әрi жолдарының бiрi, әсiресе, жас отбасылар үшiн дамудың жолы – жалға берiлетiн тұрғын үй құрылысы. Мемлекеттiк жалға берiлетiн тұрғын үй салып, адамдар сонда тұрып, бұрынғыдай пәтерақы төлейтiн болады, ал ақша жинақтауына қарай бұл тұрғын үйдi сатып ала алады.

«Караван» газетi мен «КТК» телеарнасы туралы:

… Маған белгiлi болғанындай, бұл мәселелер қазiрдiң өзiнде шешiлген. КТК жұмыс iстеп жатыр. «Караван» да шыға бастайды деп ойлаймын. Олардың жұмысын заңды түрде уақытша тоқтату болды, бұл шара бiздiң заңдарымызды бұзатын кез келген БАҚ-қа қолданылуы мүмкiн.

Латын әлiпбиiне көшу туралы:

… Жалпы бұл – болашақтың мәселесi. … Оған уақыт керек…

Қазақ тiлi туралы:

… Конституциямыз бойынша қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл. Тiл туралы заңда қазақ тiлiн одан әрi қалай дамыту мәселесi толықтай жазылған. Тiлдi дамытпай жатыр деген алып-қашпа әңгiмелерге ешқандай негiз жоқ. …Бала-шағамызды қазақша үйретiп-оқытайық. Басқасы болашақтың еншiсiнде.

Қазақ тiлiне қамқор болуымыз керек. Басқа ұлтқа түсiндiруiмiз керек, бұл деген басқа ұлтқа қысым жасау емес. Бұл – елдi бiрiктiретiн тiл, мемлекеттiк тiл, бәрiмiзге керек тiл. Қазақшаны бiлген басқа ұлттың өкiлi қазақ жұртына жақындай бередi. Олардың тiлiн бiлген қазақтар оларға жақындай бередi. Сөйтiп бiз бiр ұлт, бiр халық болып бiрiгiп, елдiң игiлiгiне жұмыс iстеп, елiмiздi өркендететiн боламыз.

«Нұрбанк» туралы:

… Рахат Әлиевке және осы топқа қатысты бiрқатар адамдарға қарсы қылмыстық iстер қозғалды. Мен Бас прокуратураға мұның бәрiн барынша заңдық негiзде тергеп, тексерудi тапсырдым. Кейбiр сезiктi адамдар қазiрдiң өзiнде тұтқындалды. Олар айғақтар беруде, бiрқатары қашып жүр. Егер адал болса, неге қашады? …Мен БАҚ-тардан тергеу барысына онша-мұнша араласпауын өтiнер едiм. Мен iстiң сотқа дейiн жетуiн қадағалаймын және кiмнiң кiнәлi екенiн сот анықтайды.

… Әрине, адам ретiнде мұндай шешiм қабылдау маған оңай болған жоқ. …Осы сәтте халық менiмен бiрге болды. Бұл үшiн мен оларға өлшеусiз қарыздармын. Қазақстан құқықтық мемлекетке айналуда.

5195 сұрақтың:

бiлiм-ғылым — 924

тұрғын үй — 514

көлiк және коммуникациялар — 173

зейнетақы — 135

денсаулық сақтау — 127

жастар — 115

тiл — 114

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары