СӘБИЛЕРГЕ КӨРСЕТIЛГЕН ҚАМҚОРЛЫҚ

СӘБИЛЕРГЕ КӨРСЕТIЛГЕН ҚАМҚОРЛЫҚ

СӘБИЛЕРГЕ КӨРСЕТIЛГЕН ҚАМҚОРЛЫҚ
ашық дереккөзі
214

Қазiргi таңда Алматы қаласы бойынша мыңдаған қараусыз қалған немесе тағдырдың жазғанымен ата-анасынан айырылып жетiм атанған балалар баршылық. Бұл аталған себептердiң еш қайсысы үшiн бөбектердi жазғырып, мiн тағу, оларды қатарынан, құрдастарынан шеттету адамдар үшiн үлкен күнә болмақ. Сондықтан да, қайыр-рақымы мол, аса қамқор, ерекше мейiрiмдi Аллаһ адамдарды бiр-бiрiне демеу көрсетiп, қамқор болып, қол үшiн беруге ұлағаттаған. Мұның барлығы пенденiң имандылығының жемiсi ретiнде саналмақ.

Жақында "Үмiт үйi" аталатын №3 балалар үйiнде үлкен iс-шара ұйымдастырылған болатын. Аталмыш шараның мақсаты – қараусыз қалған балалар үйiнде тәрбиеленетiн балаларға қамқорлық жасау, елiнiң болашақ азаматы, Отан қорғар ұланы боларын және елiн сүюге, патриоттық сезiмдерiн оятып дұрыс бағыт бағдар көрсету.

"Үмiт үйi" балалар үйiнiң директоры Сандуғаш Сымақанқызы былай дейдi:

– "Үмiт үйiн" мен 2001 жылдан берi басқарып келемiн. Бүгiнгi таңда "Үмiт үйiнде" 70 бала бар. Балаларды бiз туғанынан 7 жасқа дейiн аламыз. Бөбектердiң ата-аналары бар. "Үмiт үйiнiң" аты айтып тұрғандай балалардың барлығында "үмiтi" бар. Ертең өзiнiң Отанына, отбасына қосылу мүмкiндiктерi бар. "Үмiт үйiнiң" салынуына кезiнде Сара Алпысқызы қолдау көрсеткен. 1999 жылы жұмысқа кiрiскен. Сондай-ақ, қалалық бюджет те қаржылай көмектеседi.

Балалар үйiне барғандағы жүрегiмiзге толған өксiк жастан арыла алмай қайттық. Бүлдiршiндердiң балдай тiлiнен "Ана, рақмет сiзге", "Ана, мен сiздi сүйемiн" дегендi естiгенде ерiксiз "туған анасы бөбектiң оған сыйлар жан рақатынан құр қалған екен ғой" деп үнсiз ойға батасың. Адам баласын ана құрсағында бiр тамшы судан жаратып, ең көркем түрде бейнелеген, бүкiл әлемнiң жаратушысы шексiз мейiрiмдi, аса жарылқаушы Аллаһ Тағалаға сансыз мақтау, мадақ болсын. Алайда "пенденiң аты – пенде" Аллаһтың берген сыйынан қашып, өмiрiндегi ең сұрапыл күнәға баратындар күннен-күнге көбейiп келе жатыр. Адамзат арасында белең алған бұл қатерден арылудың, "емделудiң" амалы қандай?

Ана құдiретi – имандылығында. Өмiрге сәби әкелген әрбiр ана өзiнiң мiндетi мен парызын бiлiп, мойындауы қажет. Әр әйел-ана дiнiмiзде, шариғатымызда, дәстүрiмiзде, ұлттық тәрбиемiзде қақталған қағидалардың мiнi мен мазмұнын түсiнбейiнше Аллаһ разылығына бөленерге жол жоқ. Тек имандылық шарттарды көздiң қарашағындай сақтап, нұрына бөлене бiлген әйел – бала-шағасына аяулы ана бола алады.

Балалар үйiне түрлi мекемелерден қолдау көрсетiлiп, "1 маусым – Балаларды қорғау" мерекесi қарсаңында сәбилерге сыйлықтар таратылып, концерттiк бағдарлама ұйымдастырылған болатын. Көмек көрсеткен мекемелер қатарында "Жасыл ел" Жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы, "Ақсай-Нан" өндiрiс орны, "Балалар әлемi" үйi, "Кроха" балалар дүкенi және Ұлттық медицина университетi бар.

Тамаша iс-шараның куәгерi болып қайтқан бiз, сәбилердi мейiрi мен рақымы мол Аллаһ желеп, адам баласы болса, қолынан келгенше қамқорлықты аямасын деген ниет бiлдiремiз. Қамқорлыққа әрдайым разылық қой.

Назгүл ҚҰСАЙЫНОВА, ҚарМУ студентi

Серіктес жаңалықтары