Хаяти Тюфекчиоглу: ТУРКИЯДА ДIНИ ТУРИЗМ ДЕ ЖАҚСЫ ДАМЫҒАН

Хаяти Тюфекчиоглу: ТУРКИЯДА ДIНИ ТУРИЗМ ДЕ ЖАҚСЫ ДАМЫҒАН

Хаяти Тюфекчиоглу: ТУРКИЯДА ДIНИ ТУРИЗМ ДЕ ЖАҚСЫ ДАМЫҒАН
ашық дереккөзі
460

Әлем бойынша туристердi көп қабылдайтын елдер iшiнде Түркия 9-шы орында. Бiрақ түрiк үкiметi бұл межеден де асып түсiп, алдағы уақытта алғашқы бестiкке кiрмекшi. Туризмнiң жаңа түрлерiн шығарып, тiптi «дiни туризм» саласын оңтайлы дамытып отырған мемлекет Қазақстанға үлгi бола алады. Елбасының бастамасымен елiмiзде туризм кластерiн дамыту мәселесi қолға алынып жатыр. Түрiк жағы да тәжiрибесiмен бөлiсуге қарсы емес. Түркия елшiлiгi жанындағы Мәдениет және ақпарат кеңесшiсi Хаяти Тюфекчиоглу әңгiмесiн төмендегiдей өрбiтедi.

– Хаяти мырза, сiздiң Қазақстанда қызмет етiп жатқаныңызға 3-4 жылдай болыпты. Қазақшаңыз да әжептеуiр сияқты, тiлдi қалай меңгерiп алдыңыз?

– Мен кiшкене ғана қазақша сөйлей аламын. Сондықтан менiң тiл бiлу деңгейiмдi өзiңiз бағалаңыз. Сiздiң ойыңызша, менiң қазақшам қалай?

– Жаман емес! Бұл бастамасы ғана ғой. Жалпы, елiмiзде мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясын кеңейту мәселесi жақсы қолға алынып келедi. Бұл орайда бауырлас түрiк компания басшылары мен қызметкерлерi арасында түркiлес тiл – қазақ тiлiн меңгеру мәселесi қалай?

– Түркиядан Қазақстанға алғаш келiп жатқандар елге келмес бұрын қазақ тiлiн аз да болса меңгерiп, алдын ала дайындалатынын бiлемiн. Қазақша кiтаптар сатып алады. Сөздiктердi өзiмен бiрге алып жүредi. Қазақстанға келгенде, тiлдi алдын ала меңгерiп, дайындалған соң, мұнда мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылмай жүргенiн көрiп, қатты таң қалады. Бұл өте қызық мәселе. Түркияда Қазақстанға шықпас бұрын орыс тiлiн емес, қазақ тiлiн үйренiп, қазақша-түрiкше сөздiктердi алып дайындалмай ма? Олардың бар ниетi – қазақ тiлiнде сөйлесу ғой. Бiр айта кетерлiк жәйт, мен мұнда үш жыл бұрын қызмет бабы бойынша келдiм. Оның алдында 8 жыл бұрын келгенiмде, жағдай мүлдем басқаша едi. Бiр қуантарлығы, қазақ тiлiнiң қолданылу аясы күн өткен сайын кеңейiп барады. Белгiлi бiр саясат та жүзеге асып жатқандай. Әрине, бiз бұл үшiн шын жүректен қуанамыз.

– Елбасының бастамасымен Қазақстанда туризм кластерiн дамыту iсi жолға қойылды. Әрине, Түркияның туризм саласының дамығаны соншалықты, олар басқа елдерге де, оның iшiнде қазақ елiне де үлгi бола алады. Жалпы, бiзге қандай кеңес бере аласыз?

– Өткен жылы бiздiң Туризм министрiмiз Аттила Көш Қазақстанға ресми iс-сапармен келдi. Бүгiнгi таңда Қазақстанның туризм министрi мен түрiк министрi арасындағы байланыс өте жақсы деуге болады. Тiптi, қазақ министрi бiзге қонақжайлылығын танытып, үйiне қонақ еттi. Осындай қарым-қатынастардан кейiн бiзге Қазақстан туризм министрлiгiнен ресми ұсыныс келiп түстi. Үш жыл бұрын бiз де қазақтың туризм кластерiн дамытуына қатысты iс-шараларға қатысқанбыз. Бiз қазақ жерiнде орналасқан кейбiр қонақ үй басшыларын Түркияға тәжiрибе алмасуға жiберген едiк. Онда арнайы семинар да ұйымдастырылған. Семинардан кейiн олар Түркиядан алған бiлiмiн Қазақстанның туризм кластерi үшiн оңтайлы пайдаланып, қол астындағы қызметкерлер мен мамандармен бөлiскен едi. Ал, өткен жылы бiз тек қана қонақ үй басшыларын емес, туристiк фирма өкiлдерiн де тәжiрибе алмасуға шақырып, семинар өткiзгенбiз.

Ал, биыл ресми түрде екi министрлiк арасында оңтайлы екi мәселе көтерiлдi. Бiрiншiден, Туризм министрлiгiнiң болашақ дизайны, оны дамыту жолдары. Екiншiсi, туризмнiң үш түрiн дамыту мәселесi. Бұл жұмыстарымыз да басталып кеттi. Өткен аптада Түркиядан келген мамандар Қазақстанның туризм министрлiгiнiң мамандары үшiн арнайы тренинг-семинарлар өткiздi. Алға қойған мақсатымыз – Қазақстан Туризм министрлiгiнiң жақсы дамуы. Бұл жобаның жалғасы ретiнде Қазақстанның туризм министрлiгiнiң мамандары Түркияға барып, бұл тәжiрибенi iс жүзiнде көрiп, танысады. Жалпы, туризм саласында Түркияның өзiне тән тәжiрибесi бар. Түркия дамыған елдердiң қатарына жатады. Осы үлкен тәжiрибемен бiз бауырлас әрi дос ел – Қазақстанмен бөлiскiмiз келедi. Бiз бұл жерде Қазақстанға бәсекелес ретiнде қарамаймыз. Оның үстiне Қазақстаннан туристер көп келсiн деген мақсатта қол ұшын созып жатқан жоқпыз, есесiне мұндағы туризмнiң дамуына да үлес қосқымыз келедi.

– Жалпы, премьер-министр Реджеп Эрдоганның туризм саласын жетiлдiре түсу жөнiндегi мәлiмдемесiн бiлемiз. Бұл жолда Түркияның белгiсiздеу қалаларын насихаттап, қазақ инвесторларын тарту мәселесi де көтерiлiп жатқандай. Түркияның белгiсiз қалаларын насихаттап, көтеруде қазақ инвесторларының ролi қандай болмақ?

– Соңғы уақытта Түркияда инвестиция құятындай жаңа жерлер ашылып жатыр. Шетел инвесторлары iшiнде қазақтардың да болуы үлкен қуаныш. Бұған бiр мысал келтiрейiн, соңғы жылдары Түркияда кейбiр қонақ үйлердi сатып алып, жұмыс iстеп жатқан қазақстандық инвесторлар да бар. Мысалы, Даламандағы әуежайды қазақ инвесторлары қаржыландырды. Бұдан тыс қазақ инвестициясы Түркияға көптеп құйылып жатыр.

– Түркияның 2023 жылға дейiн туризм кластерiн дамыту стратегиясы қабылданыпты. Бұл жолда қандай iс-шаралар атқарылып жатыр?

– Бұған байланысты Түркияда көптеген қонақүйлер, яғни жатын орындар көптеп салынып жатыр. Екiншiден, туризмнiң өзге де түрлерiн дамытып келемiз. Көбiнесе Қазақстанда теңiз туризмiн дамыту мәселесi бар ғой, бұл мәселе қазақ елiн ерекше толғандырса керек. Ал, Түркияда теңiз туризмiнен басқа да мәдени және дiни туризм де жақсы дамуда. Мысалы, Конияда дiни туризм жақсы дамыған. Ал, қазақтар болса көбiне Антальяны жақсы бiледi. Екiншiден, санаториялық жерлерде де туризмдi жақсы дамытуға болады. Қысқы туризмдi де жан-жақты дамытудың жолдары бар. Бұдан былай теңiз туризмi ғана емес, туризмнiң өзге де түрлерi жақсы дамитын болмақ. Қазақстан мен Түркияның тарихы ортақ, сондықтан әсiресе мәдени және дiни туризмнiң дамуы орынды.

– Соңғы кездерi жалпы әлемде дiндi қаралау әрекетi байқалады. Бұл орайда дiндi насихаттап, шынайы түсiндiру iсiнде туризмнiң ролi қандай?

– Дiни туризмге байланысты Туризм министрлiгiнiң арнайы атқарып отырған екiжылдық жұмысы бар. Рамазан айында Стамбұлға адамдар көп келедi. Бұл орайда бiзде «Рамазан айы – Стамбұлда» деген жобамыз бар. Рамазан кезiнде қазақтардың Түркияға келiп, ораза ұстауына бар жағдай жасалған. Бұл екiншi жағынан түрiктердiң оразаны қалай ұстайтынын көрсететiн жоба. Бұл бiр ғана мысал. Бұдан басқа да жұмыстар атқарылуы мүмкiн. Мәселен, Конияда Мәулана Румиға арналған iс-шаралар соған дәлел. Тағы бiр айта кетерлiк жәйт, бiз христиан дiнiн ұстанатындарға да туристiк орталықтарды ұсына аламыз. Мәселен, күнi бүгiнге дейiн түрiк жерiнде кейбiр дiни орталықтар сақталып қалған.

– Жалпы, қазақ-түрiк арасындағы мәдени байланыстарды қалай бағалайсыз? Естуiмiзше, Румидiң еңбектерiн қазақ тiлiне аудару iсi кемшiн қалып бара жатқандай…

– 2007 жылы Мәулана Румидiң көптеген еңбектерi бiрқатар тiлдерге аударылып жатыр. Естуiмiзше, қазақ тiлiне аударылып жатқан еңбектерi де бар. Сондықтан жақын арада Мәулана Румидiң қазақша кiтаптары қолдарыңызға түсетiн сияқты.

– Түркияға биыл баратын туристердi қандай жаңалықтар күтiп тұр?

– Кейбiр жерлерде Түркия жайлы керi насихат жасалып жатса да, бiздiң елiмiзде туристердi мол жақсылық күтедi. Ең алдымен, ол қауiпсiздiк пен тыныштық. Туристер рахаттанып дем алады. Көптеген қызмет түрлерiн ұсынамыз. Тағы бiр айта кетерлiгi, көптеген қызмет түрлерi өте арзан болады. Туризмнiң тек қана экономикалық жағы емес, әлеуметтiк жағы да бар. Әйтеуiр, дем алушының мүддесiн ойлауға тырысамыз.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары