ҚЫРҒЫЗ «IНЖУI»

ҚЫРҒЫЗ «IНЖУI»

ҚЫРҒЫЗ «IНЖУI»
ашық дереккөзі
207

Көршiмiз Қырғыз елiнiң бүгiнгi күнi негiзгi үмiт артып отырғаны туризм саласы. Олар көздерiнiң қарашығындай Ыстықкөлiн бүкiл экономикалық қиындықтан құтқарар жол ретiнде көредi. Бұл жолы Қырғыз Үкiметi саяхат пен туризмдi дамытуға бағытталған үш жәрмеңкенiң басын бiр уақытта тоғыстырып, көршi елдерiнiң туристiк фирмалары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерi алдында Қырғызстанның туризмдi дамыту мүмкiндiктерiн ортаға салды. Бiшкекте өткен «Туризм және саяхат» атты қырғыздың 2-шi Халықаралық туристiк жәрмеңкесi де, Ыстықкөлде ашылған «Ыстықкөл-2007» 9-шы Халықаралық туристiк жәрмеңкесi де, Ферғана жазығындағы Ош қаласында өткен «Ұлы Жiбек жолындағы Ош қаласы» 1-шi Халықаралық туристiк жәрмеңкесiнiң де негiзгi қатысушылары ( 70 пайыз) қазақстандық журналистер мен туристiк операторлар болды.

«Қағылайын, қазағым»

Қазақтарды қырғыздар осындай сөздермен қарсы алды. «Қағылайыны» — «айналайын» дегенi. Мұның өзiндiк себебi де бар. Өйткенi, Ыстықкөлдiң негiзгi дем алушылары — Қазақстан азаматтары. Ал туризм саласы, оның iшiнде Ыстықкөлдi дамыту қырғыз экономикасындағы басым бағыттардың бiрi. Бұл жөнiнде қырғыз президентi Құрманбек Бакиевтiң арнайы Жарлығы да бар. Қырғызстанның Мемлекеттiк хатшысы Адахан Мадумаровтың сөздерiне қарап, көршiлерiмiздiң туризм саласындағы амбициясы аса мықты ма деп қалдық. «Бұл салада көшбасшы болудан бiзге Құдайдың өзi қарасып тұр» дейдi ол. Расын айту керек, Ыстықкөлдiң мөлдiр суында, табиғатында дау жоқ. Бұл көлге жолы түскен адам көлдiң ерекшелiгiне тәнтi боларына кепiлмiз. Көл бойындағы инфрақұрылым да бiртiндеп жолға қойылуда. Ыстықкөлдiң жағасына демала келген жанның құзырына тәулiгiне 1 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейiн қызмет көрсететiн пансионат, демалыс үйлерi көп-ақ. ( Аса ауқаттылар үшiн мұнан да қымбат бағаға демалыс үйлерiн табуға болады). Алайда, Алматымен арадағы ұзақ та сапасыздау жол, көтерiлiске жиi шығудан кетәрi емес қырғыздардың жолды жауып тастау ықтималдылығы, жол полициясының қазақстандық көлiктерге жемтiк секiлдi қарауы туристердi Ыстықкөлден алшақтата түсетiн себептер ретiнде қарастырылады. Дегенмен, Қырғыз Үкiметi бұл олқылықтың орнын толтыруға бiраз шаралар да жасауда. Тiптi, қазақ туристерiне Құдайы қонақ ретiнде ғана емес, Құдайдың берген сыйы ретiнде қарайтынын байқадық. Мұндай шараның қазақстандықтарды бiраз еркiнсiтетiнi де бар. Сонымен, қырғыздар, жол бойында митингiлердiң болмайтындығына сендiрдi.

«Кез келген жиын Қырғыз заңына сай қарастырылады. Туристер секем алмай-ақ қойса да болады» дейдi Қырғызстанның жауапты азаматтары.

«Жол полициясы қазақстандық көлiк жүргiзушiлерге жөнсiзден-жөнсiз тиiспейтiн болады. Жол ашық. Егер де ондай оқиғалар орын алатын болса, қатаң шаралар қолданылмақ» деп бұл жылы да «ыстық жүйе» (горячая линия) телефондары жұмыс iстейтiндiгiнен хабардар еттi.

Тiптi, Мемлекеттiк хатшының айтуынша, Ыстықкөлдiң жағасына соңғы үлгiдегi қымбат мәшинелер мiнiп келiп, трассада «бәйге» жасайтын қазақтар жол қауiпсiздiк ережелерiн ең көп бұзатындар қатарында екен. «Алайда, оған да көз жұма қараймыз. Бiздiң жол полициясы қазақстандық көлiктердi көргенде бұта-бұтаның арасында жасырынатындай дәрежеге жеттi» деп, Ыстықкөлдiң жағасына туристер тарту үшiн қандай құрбандық шалатындығын әзiл-шыны араластыра айтады ол.

«Ыстықкөлдi ешкiм де алып кетпейдi»

Қырғызстанның туризмдi дамыту агенттiгiнiң төрағасы Тұрысбек Мамашов та туристердiң қауiпсiздiк шаралары үшiн барлық шаруаның жасалынып жатқандығын айтады. Мамашовтың елгезектiгiне тәнтi болдық. Туризм саласын күйттейтiн агенттiктi басқаратын ол қырғыздың туризмiне шындығында да жаны ашитын адам секiлдi. Кресло үшiн жүргендердiң қатарынан емес. Ыстықкөлдiң губернаторы «Ыстықкөлге баратын жолды қысқарту үшiн Қаскелең-Кемин жолын салу мәселесi де екi ел президенттерiнiң кездесуiнде талқыланған болатын. Ендi, екiжақты құжаттар даяр болғаннан соң, ол шаруаға кiрiсетiн боламыз» дейдi. Әрине, ол жол биыл салынып, пайдалануға берiле қоймас. Қазақстандық туристерге ең дұрысы әрине, әуе қатынасының жолға қойылғаны едi. Алматы-Шолпан ата қаласы аралығында жаз маусымында тұрақты түрде қатынайтын әуе қатынасының жолға қойылу мүмкiндiгi де бар. Бiрақ, ол да алдағы екi үш жылдың шаруасы секiлдi.

Ыстықкөл жағасындағы қалталы қазақтардың меншiгi баршылық екен. Алайда, оның 4-уi ғана қазақстандық тегiн жасырмай, ашық түрде көрсететiн болса, көпшiлiк пансионаттар мен демалыс үйлердi, қонақ үйлердi, бiр сөзбен көл жағасындағы кешендердi қазақтар делдалдар арқылы сатып алады екен. Сондықтан, ол кешендердiң заңдық тұрғыдағы тегiн бiлу мүмкiн емес. Бiздiң байқауымызша, қырғыз қоғамы Ыстықкөлдiң қазақтануына қорқынышпен қарайды екен. «Қазақтарға бергеннен гөрi, өз бизнесiмiзге неге жеңiлдiктер жасамаймыз» деген ой да жоқ емес. Бiрақ, ресми жағы мұндай ойда емес. «Алсын. Инфрақұрылымын түзесiн. Ол көлдiң бөлiгiн бiр жаққа алып кетпейдi ғой» деген сықылды пiкiрлер айтады. Сонымен, Ыстықкөл жағасындағы қазақстандық 4 пансионат 49 жылға жалға берiледi.

Қырғыздың «меруертi» Ыстықкөл жаз маусымын бастады. Түркия асып, Анталияға барғаннан гөрi, Ала-Тооның ар жағындағы айырқалпақтылар елiнде демалған әрi арзан, әрi ыңғайлы. Әуе қатынасына ақша құртып, ыстық теңiздерде қақталғаннан салқын самалды Ыстықкөл жағасында жан рахатын сезiнген дұрыс секiлдi. Мұны жеке жан рахатымен қатар, экономикасы артта қалыңқырап қойған көршi елге «қайырымдылық көмегiңiз» ретiнде қарастыруыңызға да болады.

(Көтерiлiстен көз ашпаған қырғыздардың саяси–әлеуметтiк ахуалын, «түштiк» пен «түстүк» арасындағы ерекшелiктер, Ферғана жазығындағы жағдайды келесi нөмiрден оқисыздар)

Гүлнәр МҰҚАНОВА

Алматы – Бiшкек – Шолпан-Ата – Ош – Алматы

Серіктес жаңалықтары