Қырғызстанның Мемлекеттiк хатшысы Адахан Мадумаров: КӨЛ ТОЛҚЫСА ДА, ЕЛ ТОЛҚЫМАСЫН

Қырғызстанның Мемлекеттiк хатшысы Адахан Мадумаров: КӨЛ ТОЛҚЫСА ДА, ЕЛ ТОЛҚЫМАСЫН

Қырғызстанның Мемлекеттiк хатшысы Адахан Мадумаров: КӨЛ ТОЛҚЫСА ДА, ЕЛ ТОЛҚЫМАСЫН
ашық дереккөзі
218

Адахан Мадумаров қырғыздардың лидерлерiнiң бiрi. Өзi қырғыздың «түштiгiнiң» тумасы. Қырғыздың оңтүстiгiнен шыққан адамдарының бойында ұлттық рух биiгiрек болады деген де сөз бар. Мұны солтүстiк қырғыздарының аздап орыстанғандығына байланысты айтатын секiлдi. Мадумаровтың ұлтжандылығы бiр бөлек. Президенттiк сайлауға түскенi де бар. Қазiр ол елдiң мемлекеттiк хатшысы. Әрине, қырғыздың мемлекеттiк хатшысы қызметiнiң бiздегi мемлекеттiк хатшы қызметiнен жер мен көктей айырмашылығы бар. Бiздiң мемлекеттiк хатшының кiм екендiгiн көп адамның бiле бермеуi де мүмкiн ғой.

Адахан Мадумаровты сөзге тартқанда, мынадай жауаптарды естiдiк.

— Бұған дейiнгi халықтың наразылығы байқалатын iс-әрекеттер Қырғызстанда дұрыс қабылданатын едi. Тiптi, сондай бiр митингiнiң әсерiнен мемлекет басшысының бөтен елге қашып кеткенi белгiлi. Ал ендiгi митингiлер құқық бұзушылыққа пара-пар қабылданады екен. Мұны қалай түсiнуге болады? Жағдай өзгердi ме, әлде адамдар өзгердi ме? Бiр қарама-қайшылық байқалатын секiлдi…

— Қазiргi ауық-ауық болып тұратын митингiлердi ол кездегi ахуалмен салыстыру мүмкiн емес. Ол кезде бүкiл халық көтерiлдi ғой. Парламент сайлаулары заңсыз өттi, Сайлау Кодексi бұзылды. Үкiмет «Алға Қырғызстан» деген ғана партияны қолдады. Ол партияның қалайша ұйымдастырылғандығынан хабардарсыздар ғой («Алға Қырғызстан» – Бермет Ақаева құрған партия едi. – Г.М.). Судьялар да, прокуратурадағылар да сол партияның сөзiн сөйледi. Сондықтан, болып жатқан әдiлетсiздiктерге қарсы бүкiл халық көтерiлдi. Ал ендi қазiргi болып жатқан демонстрация, митингiлердiң саяси әсерi көбiрек байқалады.

— Сiз мұндай митингiлерден арандатушылықтың әсерiн байқайсыз ба?

— Жоқ, олай деп те айта алмаймын. Кейбiр жағдайлар болса, ол митингiлердiң әсерiнiң өзiн бөлiп қарастыруға болады.

— Қазiргi билiкке көңiлiңiз тола ма? Революцияның арқасында өздерiңiз ойлағандай мемлекеттiк жүйе құра алдыңыздар ма?

— Сiз төңкерiс болған қай елдiң мемлекетiнде сол төңкерiстен кейiн бүкiл халықтың көңiлi толарлықтай жағдай түзiлгенiн көрдiңiз? Ол тарихта болмайтын нәрсе.

— Салыстырмалы түрде айтуға болады емес пе? Өйткенi, төңкерiстiң миссиясының өзi сол халықтың көңiлiн толтыратындай болмайды ма?

— Бұл төңкерiс көңiлге қонымды деп қарастырсақ, ол өзiмiзге өзiмiздiң көңiлiмiздiң толғанын, әрi қарай жылжымай, бiр жерде тоқтап қалғанымызды көрсететiн факт болып есептелер едi. Менiң жүрегiмдi ауыртатын мәселелер көп. Халықтың шешiлмей жатқан жағдайлары да баршылық. Оларды көргенде тағы да көңiлiң бұзылады. Сондықтан, кiсiнiң бойында үлкен жауапкершiлiк оянады екен. Ол оқиғаны революция деп атаймыз, басқа деп айтамыз, бiрақ, ол халықтың сенiмiн оятқан жағдай едi. Жұрттың сенiмi мол едi. Бiрақ, бүкiл шаруаны бiр айда, бiр жылдың iшiнде меңгерiп кету де қолдан келе беретiн жағдай емес.

— Сiз халық алдында «көл толқыса да, ел толқымасын» деп айтып қалдыңыз. Соған қарағанда, Қырғызстанда бұдан әрi төңкерiстерге жол берiлмейтiн секiлдi ғой?

— Бұл ата-бабамыздан қалған нақыл сөз ғой. Халық толқымасын деп айтсақ та, не боларын Алладан басқа ешкiм бiлмейдi ғой. Бiрақ, бiз сенiмдi түрде халық ендi баяғыдай толқымайды деп айта аламыз. Бiз халықтың толқуын, халықтың келеңсiз жағдайларда митингке шығуын Алла бұйыртса, басып өттiк. Ендi бiздiң тек ғана даму мезгiлiмiз келдi. Экономика, саяси мәдени, мына туризм мәселесiн алға жылжытуымыз керек. Туризм бiздiң дамуымыздағы бiр екпiн секiлдi. Сондықтан, қазiр елiмiз, қоғамымыз дамудың жолында тұр.

— Бұйыртса, сiздi қай биiктiктен көре аламыз. Саяси карьераңызда қандай жоспарларыңыз бар?

— Жоспар… Мұны ендi айту қиындау. Өткенде Парламентте депутаттар: «Саяси фракциялардың көзқарастарының өзгешелiктерiне қарамастан, барлығы да сiздi қолдайды. Вице-премьер болуыңызды қалап отырмыз» дегенде, журналистер «Сiздi барлығы да сендiрiп жатыр. Оның қорытындысын қалай көресiз?» деп сұраған едi. Сонда: «Саясат бiр керемет әйел секiлдi. Қай кезде бетiңнен сүйетiнiн бiлмейсiң, қай кезде шығарып салатындығын бiлмейсiң» деп жауап берген едiм. Сол сияқты, саясат өзгермелi дүние. Саясаттың iшiнде жүрген саясатшы оның ықтимал өзгерiстерiн алдын ала бiлетiн қасиетке ие болуы керек. Әйел дегенде мен әйел затын көтерiп отырмын. Әйелдер нәзiк ғой. Бiраз, назар аудармай қойсаң ренжiп қалады, қатты көңiл бөлсең, басыңа шығып, тайраңдап кетедi. Сол секiлдi саясатта да тепе-теңдiк сақтап тұру керек. Сонда ғана, саясаттың саған не ұсынатындығын өлшеуге болады.

Қырғызстан Жогорку Кенешi вице-спикерi Қуанышбек Исабеков: ОЛ СӨЗIМIЗГЕ СЕНБЕДI

Қырғызстанның саяси өмiрiнде елдiң Парламентi Жогорку Кенеш аса маңызды рөлге ие. Әрине, әр елдiң заң шығарушы органын сол елдiң саясатының бiр бұтағы десек те, қырғыздардың Жогорку Кенешiнiң орны тiптi ерекше. Әшейiн көз ретiнде ғана емес, елдегi негiзгi шешушi ықпалға ие. Бұл шын мәнiнде саясатты жасайтын адамдардың тоғысқан жерi.

Бiз Қырғыз Жогорку Кенешi вице-спикерi Қуанышбек Исабековтi сөзге тартқан едiк.

— Қуанышбек Сатындыұлы, Сiздердiң қазiргi ұстанып отырған позицияларыңыз өзгеше секiлдi. Бұрын митинг болатын болса, ол қалыпты жағдай ретiнде қабылданатын едi. Ал қазiр болашақта болар митингiлердiң бәрiн заң тұрғысынан қарастырамыз дейсiздер. Бұған дейiн, мәселен, неге заң тұрғысынан қарамадыңыздар?

— Мен тiптi бiздiң елдегi демократия басқа елдердiң барлығымен де салыстырғанда көбiрек пе деп ойлаймын. Демократия дегенiмiздiң өзi заңға толық мойынсыну деген сөз. Ал бiз Құмтөрде (Қырғызстанның алтын кен орны орналасқан жерiнде үлкен митинг өткен — Г.М) болған митингке келсек, ол әрине, әр адамның өз құқығы барын да ескеремiз. Бiрақ, митингiлер арқылы басқа мәселелердi де шешiп тастауға болмайды. Бұл кезде өзге құқықтар аяқасты болады. Мәселен, қазақстандық туристер тұрғысынан қарастырсақ, жол жабылып, билетi күйiп кетiп жатса да дұрыс емес қой. Мен кезiнде президент пен депутаттар арасында көпiр қызметiн атқарған адаммын. Президентке кiрдiм. Жанымда он бiр депутат болған едi. Оппозиция мен билiк арасында келiссөздер жүргiзейiк деген ұстанымға шақырдым. Ал қазiр қарап отырсам, ендi ондай текетiрес болмайтын секiлдi. Үкiметке де эйфориямен айналысуға болмайды. Оппозиция жоқ, ол әлсiз деп оппозицияның үстiнен қарамауы керек. Конструктивтi оппозиция қашанда болуы керек.

— Бiз «Қырғызстан Ақаевтiң дәуiрiн әлi аңсайтын болады» деген бұрынғы президенттiң жақтастарының дауысын жиi естимiз. Сiз не дейсiз?

— Бұған айтарым: шындығында да бiздiң президенттiң қазiргi кеңесшiлерiн толықтай өз дәрежесiне сай деп айта алмаймын. Егер заң бұзылатын болса, Бермет Ақаеваны неге сайлауға жiбердi? Қазiргi жұмыс iстеп отырған Конституцияда ондай ешнәрсе жоқ. Ақыры, сайлауға жiберген екен. Оның сайлаудан өтуiне де кедергi жасамауы керек едi. Ақаевтың бұрын бiр кiнәларi болған екен деп, оның соңына түсудiң не қажетi бар? Мен әрине, Ақаевтың досы да, туысқаны да емеспiн. Алайда, бүйтуге болмайды ғой.

— Бiз естiген ақпараттар бойынша, Бакиевтiң жанындағы кадрлар қазiр президентiң жанынан алыстап бара жатыр екен. Президент командасын жинай алмай қалды дейдi. Сiз не дейсiз?

— Жасыратыны жоқ, оның командасындағы адамдар, бiр кезде билiкке бiрге келген адамдары қазiр оппозицияда жүр. Олардың қайсiбiрi өз креслоларынан айрылғаннан кейiн оппозицияға кеттi. Алайда, мен жиырма бесiншi мамырды көтерiлiс деп есептемеймiн.

— Ал оған қандай анықтама бересiз?

— Алаңда болғанда көрдiм. Ақ үйдi билiк ұстай алмай қалды.

— Ақаевтың билiктi қолдан шығарып алған әлсiздiгiне өзiңiз де куә болдыңыз ғой. Жогорку Кенеш депутаты ретiнде сол кезде оқиғаның қандай болып түзiлгенiн қалаған едiңiз? Өкiнiш жоқ па?

— Ақаев бiр-ақ күнге кешiктi. Бiз оған барып, халықтан кешiрiп сұрап, алдына шық дегенде, сөзiмiзге құлақ аспады. Ол оқиғаның бұлайшы түзiлуiн тiптi де күтпеген едi. Мiне, ендi соңында қалай болып кеттi. «Жиырма төртiне кеш болады. Бүгiн ең болмаса, халық алдына шық» деп үгiттеген сөзiмiзге сенбедi.

Әңгімелескен Гүлнәр МҰҚАНОВА

Серіктес жаңалықтары