Бiлiм мәселесi: АЙТА БЕРСЕҢ ШЫҒА БЕРЕДI

Бiлiм мәселесi: АЙТА БЕРСЕҢ ШЫҒА БЕРЕДI

Бiлiм мәселесi: АЙТА БЕРСЕҢ ШЫҒА БЕРЕДI
ашық дереккөзі
185

Он бес жылдық тәуелсiз тарихымызда қоғамның барлық саласы сияқты бiлiм жүйесiнде де күрделi реформалар жүзеге асуда. Қазiр республикадағы көп деңгейлi бiлiм берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес жоғары бiлiм жүйесiнiң құрылымына, оның мазмұнына өзгерiстер енуде. Оқу процесi жаңара түсiп, заман талабына сай жаңа сипат алуда. Халықаралық деңгейге сәйкес келетiн маман кадрлар дайындауда да бiршама iргелi жұмыстар баршылық. Алайда алдағы мiндеттер нақты әрi күрделi. Сан алуан сұрақтар күн тәртiбiнде тұр.

Ең алдымен халықаралық талаптарға сай ұлттық жоғары оқу жүйемiздегi мемлекеттiк стандартты құра алдық па деген де сұрақ туады. Бұған бiр жақты жауап беру қиын. Мысалы, бүкiл әлем әлдеқашан кең түрде оқытып келе жатқан "Саясаттанудың", бүгiн сан салалы болған, жаңа құрып жатқан қоғамымыз үшiн аса қажеттi "Әлеуметтанудың" биылғы оқу жылының басында ғана мiндеттi жалпы бiлiмдiк пәндер қатарына қосылған сөзiмiзге дәлел бола алады. Мектептi жаңа ғана бiтiрiп келген оқушылармен ақылдасқаннан көп нәрсе ұта қоймасымызды бiле отырып, бұл пәндер студенттердiң қалауы бойынша өткiзiлiп келдi. Олар жоғарғы оқу орнындағы пәндердiң қыр-сырын, қадiр-қасиетiн толық бiле қояр ма екен? Әлемдiк және ұлттық мәдениеттiң асыл құндылықтарымен таныстырып, адамның рухани болмысын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратын "Мәдениеттану" да бүгiнгi күнi студенттердiң еркiне салынып отыр. Қоғам алдында мәдениетi жоғары ұрпақ дайындау мiндетiн шешерде бұл пәннiң берерi мол-ақ. Амал нешiк? Мұны мойындамаушылар қатары бүгiн аз емес. Қай қоғам болмасын өзiнiң мәдениетiмен көрiктi. Бiздiң ойымызша, осындай жағдайларға байланысты мемлекеттiк стандартты әлi де қайта-қайта қараған артық болмас едi.

Бүгiнгi жоғары оқу орындарындағы үлкен проблема — оқулық мәселесi. Қазiр оқытылып жатқан пәндердiң бiрсыпырасынан қазақ тiлiнде оқулықтар жоқ. Ұстаздар бiрдi-екiлi Ресейден шыққан оқулықтарды пайдалануға мәжбүр болып жүр. Оны да табу оңай емес. Бұл сабақ сапасына қатты әсер етiп отыр. Сонан соң басқа елдiң оқулығымен ұлттық кадр дайындауда қиыншылықтар көп кездеседi.

Рас, соңғы кездерi оқулықтар жазыла бастады, бiрақ әлi жүйеге түскен жоқ. Мұның оңай еместiгi белгiлi. Қазiргi жоғары оқу орындарында оқытылып жүрген қоғамдық-гуманитарлық пәндердiң бiрсыпырасының денi шетелдiк саяси теориялар мен тәжiрибелерге құрылған. Көбiне аудармаға ұқсап кететiн ондай оқулықтардағы тұжырымдамаларды қазақ студенттерiне түсiне қою да, есте сақтау оңай емес. Отандық материалдар тым аз. Сол себептi бұған қаржыны аямай, сапалы оқулықтар жасауға бар белгiлi маман-ғалымдарды, тәжiрибелi оқытушыларды жұмылдырған жөн. Ал кейбiр шығып жатқан оқулықтардың тиражы тым жеткiлiксiз. Мысалы, жоғары оқу орындарына арналған әрқайсысы 500 даналық "Саясаттану" мен "Әлеуметтану" көп томдық жап-жақсы оқулықтар кiмге жетедi. Бұл қазiр оқытушылардың өздерiнiң қолында жоқ.

Бiз — өсу, даму үстiндегi елмiз. Сондықтан болар шетелдiк тәжiрибеге тым құмармыз. Бiзге олардың барлығы бұрын-соңды естiмеген жаңалық сияқты көрiнедi. Осыларды тәжiрибемiзге ендiруге көп ойланып жатпаймыз. Оған бiзде мүмкiндiк бар ма, жоқ па, онда шаруамыз шамалы. Өзiмiздiң талай жылдан сыннан өткен, тарихи-ұлттық ерекшелiктерiмiздi ескере бермеймiз. Мынандай әдет те қалыптасқан. Алдымен белгiлi бiр шетелдiк жаңалықтар сынау есебiнде ұсынылады да, сонан соң оның болашағы терең ойластырмай өмiрге ендiрiле салынады. Сөйтiп, кейде озат тәжiрибелердiң құнын түсiрiп жатамыз.

Бәлкiм, мен консерватор шығармын. Дегенмен, менiңше, бiздердiң тест жүйесiнен ұтқанымыздан, ұтылғанымыз көп. Қазiр балалар тиянақты бiлiм үшiн күресудi қояды, бар ықыластарын тестiнiң жауаптарын тауып, оқып, жаттауға аударып отыр. Мектеп бiтiрушiлердiң бiрсыпырасы жоғары оқу орнына түсерде жақсы репетитор жалдап, бiрер айда тест сұрақтарының жауаптарын жаттап, мемлекеттiк грантқа ие болып шыға келедi. Осындай студенттердiң бiрсыпырасынан сабақ сұрасаң, аузын ашпайды.

Бiлiм саласында ойлау жүйесi қалыптасқан, мәселеге жан-жақты қарайтын, оны барынша түсiнуге ұмтылатын, бiлiмдi де бiлiктi, келешегi мол жан-жақты өскен кадр дайындауға тестiлеу жолымен жете алмаймыз-ау. Осыдан көп ұзамай опық жеуiмiз мүмкiн. Бiрақ, осыған кезiнде жауап беретiн ешкiмнiң болмауы ғажап емес. Министрлерiмiз әзiр бiрер жылдан артық тұрақтай алмай келедi.

Көбiне формалды түрде өтiп жатқан, әзiрше, аты бар да заты жоқ, сынақ ретiндегi еңгiзiлген несиелiк технология жүйесi тиiстi ұйымдастыра бiлсек, оның пайдалы екенiне дау жоқ. Алайда бiз идеяны алдық та, оны жүзеге асырудың тиiмдi жолдарын iздестiрудi, әсiресе, оқытудың материалдық-техникалық жақтарын нығайтуды көп ойлана бермейтiн сияқтымыз. Оқу орындарының кiтапханаларында қазақ тiлiнде, орыс тiлiнде де оқулықтар, қосымша пайдаланатын оқулықтардың жоқтығында бұл жүйе тиiстi нәтиже бермей отыр.

Менiңше, жоғары оқу орындарында пәндер бойынша, тиiстi ақпараттар алуға толық мүмкiндiктерi бар, қазiргi интернеттiк жүйемен байланыстырылған жеке-жеке кабинеттер ұйымдастырылып олар тиiстi оқу процесiне қажеттi әдебиеттермен, оқу әдiстемелiк құралдармен жабдықталулары керек. Онда студенттер еркiн пайдалана алатындай етiп, оқытушылардың дәрiстерiнiң, сирек кездесетiн кiтаптарының басқа да қажеттi ақпараттарының электронды нұсқаларының, республиканың басқа ЖОО-ғы озат тәжiрибелердi жинастыруға болар едi. Жалпы, толымды да кешендi әрекеттермен шараларға батыл бетбұрыс жасамай қазiргi оқыту деңгейiмен жаңа бағытта елеулi нәтижелерге қол жеткiзу қиын.

Әлемдiк деңгейге көтерiлу оқу процесiн белгiлi жағдайда интернализациялауды қажет ететiнi аян. Бiздiңше, бұл бiлiмнiң мазмұны мен оны оқытудың деңгейiне қатысты болуға тиiстi. Алайда, қандай бiлiм болмасын ұлттық негiзге тұғырланбай, сiңiмдi болмайтынын да естен шығармау керек. Осы мағынада бiздiң жоғары оқу орындарымыздың алдында күрделi мәселелер бар. Соның бiрi — оқу орындарындағы ана тiлдiк ортаның тiптен жетiмсiздiгi, жоғары оқу орындарының көпшiлiгiнде оқу-тәрбие жұмысы орыс тiлiнде жүргiзiледi. Қазақ оқытушылардың өздерi өз ана тiлiнде сөйлегiлерi келмейдi. Сол себептi, ЖОО қазақ тiлдi орта әлсiз, сонымен қатар, орыс топтарындағы оқитындардың көбiсi өзiмiздiң ұл-қыздарымыз, бiрақ, олардың денi қазақ тiлiн түсiнбейдi. Ол тiлде сөйлей алмайды. Тiптi, солтүстiк облыстардан қазақ мектептерiн бiтiрiп келген балаларымыздың денi қазақ тiлiнде жақсы сөйлей бiлмейдi. Оларды ана тiлге үйретуде нақты жұмыстар шамалы. Бұл бағытта тiл кафедраларының белсендi ролi көрiнбейдi. Мұның бәрi ұлттық мамандар дайындауда көп қиыншылықтар келтiруде.

Нарықтық экономиканың өмiрiмiзге сан тарапты оң өзгерiстер әкелгенiне дау жоқ. Дегенмен, осы бiр аса күрделi процестiң күнгей жақтары да айқын көрiне бастады. Әсiресе, жекешеленуден туған жеке өзiнiң қарақан басының ғана қамын ойлайтын пиғыл бiлiм жүйесiнде келеңсiз көрiнiстерге әкелiп отыр. Менi бiлiм саласындағы жекеменшiктiк психология, бiлiмдi күнкөрiс көзiне айналдырған психология шошытады. Бiрер мысал келтiре кетейiк. Қазақстаннан халқы төрт есе көп Ұлыбританияда барлығы сексен тоғыз ЖОО бар. Соның үшеуi ғана жекеменшiктiң құзырында. Бiздегi 177 оқу орнының 121 жекеменшiк үлесiнде. Олардың кейбiрiнiң аты бар да заты жоқ. Осыны көрiп, бiлiп отырған тиiстi органдар бiр амал қолдануға дәрменсiз. Себебi, көптеген жеке оқу орындарының құпия иелерi жоғары билiктiң басы-қасында жүр. Әрине, бiлiм жүйесiндегi тек мемлекеттiк меншiкпен шектелiп қалуға болмас. Жекеленген жақсы оқу орындары барына күмәнiм жоқ. Дегенмен, бұл саланы осыншалықты жекешелендiрiп жiберудiң қателiгiн көп ұзамай көремiз, көрiп те жатырмыз. Бiлiм халықтың еншiсi, халықтың байлығы, бүкiл қоғамның рухани құндылығы емес пе? Неге осыны өз бетiмен жiберемiз. Келешек ұрпаққа не айтамыз?

Халықаралық бiлiм қауымдастығына кiру ең бiрiншi бiлiмiмiздiң сапасын талап етедi. Ал сапа бүгiнгi заман талабына сай емес. Студенттердiң басым көпшiлiгi оқымайтын болды деген сөздi көп еститiн болдық. Әсiлi, бұл жайдан-жай айтылып жүрмеген болуы керек. Өзiмiз де сол ортадамыз. Тiптi, кей оқу орындарында студенттердiң сабаққа қатысуы үлкен мәселе.

Студенттердiң бiлiм сапасының төмен болуының бiрнеше себептерi бар. Негiзгi себептiң бiрi — жоғары оқу орындарына түсетiндерге қойылатын талаптың төмендiгi. Қазiргi оқуға түсу балының 50 ғана болуы тiптi сын көтермейдi. Алда бұл көрсеткiш 60 пайызға өсiрiлмекшi. Бұл — бiрыңғай ұлттық тестiлiк деңгейдiң жартысы ғана. Сол себептi жоғары оқу орнына түсер абитуриенттердiң тестiлiк бал деңгейлерiн 80-ге жеткiзу қажет. Мұның да сапалық деңгейiне тиiстi көңiл бөлу керек. Бұл, бiр жағынан, жоғары мектепке тиiстi даярлығы бар ұл-қыздарымызды әкелу болса, екiншi жағынан, өскелең талаптарға жауап бермейтiн көптеген жеке оқу орындарын өз-өзiнен жабылуға мәжбүр ету. Бұл бiрнеше оқу орындарының тiзiмiнде жүрген "құрметтi" оқытушылардың қысқаруына да алып келер едi.

Мектептi орташа бiтiрген, оқуға тек ақшаның күшiмен ғана түскен балалардан жоғары бiлiмдi жақсы мамандар шыға қоймайды. Ертеңгi күндi де ойлаған дұрыс. Жоғарғы оқу орнына баллдары жетпеген балалар алдымен колледжден өтiп, iрiктелгенi жөн. Сондықтан колледжге де түсетiндерге талапты көтере отырып, олардың жүйесiн кеңейте түсу қажет. Бiздiң ойымыз — ұл-қыздарымыздың жақсы оқуды қажеттiлiк деп ұғыну сезiмiн ерте қалыптастыру. Олар жақсы оқыса, алдағы жолының ашық екенiн жете түсiнулерi керек. Өйткенi жастарымыздың арасында терең бiлiмдi ойламай, "ақша болса, оқу қайда қашады" деп тек дипломды ойлап жүргендер көп. Олар бүгiн бәрi сатылатынын, бәрi сатып алынатынын жақсы бiледi. Адамзат дүниеге келгелi берi бiрде жуандап, бiрде жiңiшкерiп келе жатқан "әдiлет" деген қастерлi ұғымның да капиталистiк қоғамда ақшаға сатылатынынан хабардар.

Шығыстың ұлы ғұламаларының бiрi, Аристотельден кейiнгi "екiншi ұстаз" атанған әл-Фараби "тәрбиеге негiзделмеген бiлiм аса қауiптi" деген екен. Бүгiн жоғарғы оқу орындарында жалпы тәрбие мәселесi ұмыт қалып отыр. Мұның салдарын да көрiп жүрмiз. Көптеген студент қыздарымыз оқу орнын жағажай, демалыс орындарымен шатастырады. Ашылып-шашылып, көпшiлiктiң киiм шешетiн жерiнде-ақ, немесе сабақ кестесiнiң қасында-ақ құшақтасып, сүйiсiп тұрған студенттердiң қасынан өтуге ұяласың. Мысық "махаббат" иелерiнiң үйленбей жатып, ажырасқандарының талайының куәсi болғанбыз.

Жоғары оқу орындары жұмысының мәндi көрсеткiшiнiң бiрi — оны бiтiргендердiң өз мамандықтарына сәйкес қызметке орналасуы. Бiрақ министрлiк мемлекеттiк жоғары оқу орнын бiтiргендердiң ғана жұмысқа орналасуын қадағалап отырады екен. Айта кетсек, бұл көрсеткiш де мәз емес. Жыл сайын бiтiргендердiң жартысы ғана жұмысқа орналасады. Бұл, бiр жағынан, жұмысымыздың сапасын, екiншi жағынан, мемлекеттiк қаражаттың желге ұшқанын көрсетедi. Сонда әр жылға алынатын республика көлемiндегi мамандарға сұраныс қайда қалды? Нәтижесiз жұмсалған миллиондаған қаржыға кiм жауап бередi? Ал жеке оқу орындарын бiтiргендермен ешкiмнiң шаруасы жоқ көрiнедi. Олардың басшылары бұл бiздiң мәселемiз емес деп ашық айтады.

Қазақстан Республикасының "Бiлiм туралы" Заңының 7-бабына сәйкес республика бiлiм жүйесiне меншiк нысанына қарамай барлық оқу ұйымдары кiредi. Олай болса, бiлiм саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыру тапсырылған Бiлiм және ғылым министрлiгi жеке оқу орындарындағы оқу процесiнiң мемлекеттiк стандартқа сәйкестiгiн бақылаумен қатар, оларды бiтiрген студенттердiң қызметке орналасуының жайын да бiлiп отыруы қажет.

Оқу-тәрбие жұмысының сапасы көбiне-көп оқытушы кадрларға байланысты екенi белгiлi. Бұл салада жетiлдiре түсетiн де, шешетiн де мәселелер жетерлiк. Қазiр қоғамымызда әлеуметтiк жағынан мемлекет тарабынан қорғауды аса қажет ететiн оқытушылар қауымы екенi бұқаралық ақпарат құралдарына аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Әзiр сөз көп. Әңгiме оның айлығына да, әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайына да қатысты. Қазiр үйсiз, күйсiз жүрген кандидат, докторлар ондап-жүздеп саналады. Бәрiмiз сынайтын кешегi кеңестiк кезеңде ғылым кандидаттары облыстық партия комитетiнiң салалық хатшыларынан артық айлық алатын-ды. Ал бүгiн ғылым кандидаттары мен докторлары әлеуметтiк жағынан қорғалмаған санаттар қатарында. Олар күн күнделiктi көрiс үшiн бiрнеше оқу орындарында жұмыс iстеуге мәжбүр болып жүр. Бұл, әрине, студенттердiң бiлiмiнiң сапасына керi әсер етiп отыр.

Қазiр қоғамда ақшаң бар ма, оқисың. Ақшаң жоқ па, саған бiлiм не керек деген пiкiр кең жайылып барады. Бұл — келешектiң тамырына балта шабатын аса қауiптi саясат. Газеттерде жазылып жүргендей, Европада әрбiр 10 мыңға шаққанда мемлекет есебiнен 300 студент, көршi Ресейде 200, ал бiзде 20 ғана студент оқиды. Бiздiңше, мемлекет алғашқы жоғары бiлiмдi де барынша өз қамқорлығына алуы керек. Мұның қайтарымы бүгiн болмаса ертең сан есе болады.

Сөзiмiздi қорытындылай келе, бiлiм саласына жүйелi де толымды мемлекеттiк қамқорлықты күшейте түсу қажет деймiз. Бұл бағытта кейiнгi жылдары iлгерi жылжу анық байқалады. Соңғы бес жылда республикалық бюджеттен бiлiмге бөлiнген қаржы 23,5 млрдтан 127,1 млрдқа көбейiп, бес еседен артық өстi. Бiрақ осының өзi күн сайын күрделене түскен саланың қарапайым қажеттiлiгiн қамтамасыз ете алмай отыр. Екiншi жағынан, бұл көрсеткiштi шетелдiкпен салыстыруға келмейдi. Оларда бiлiм саласына бөлiнетiн қаржы iшкi жалпы өнiмнiң 5 пайызын құрайды. Сол себептi жаңа министр бiлiмге бөлiнетiн қаржы IЖӨ-нiң 4 пайызына дейiн көтеру керек деуiнiң төркiнi бар. Өйткенi кешегi қайта құру кезiнде талан-таражға түскен бiлiмнiң материалдық-техникалық негiзiн бүгiн дұрыс қаламай, одан оң нәтиже күту қиын.

Жоғары бiлiм әлемдiк тыныс алуы керек. Оған дау жоқ. Әңгiме өз мүмкiндiктерiмiздi толық пайдалана отырып, шетелдiк алдыңғы қатарлы тәжiрибелерге құрғақ елiктемей, байыпқа бару, мәселенiң бетiндегi көбiгiн қалқып алмай, тереңiне үңiле бiлу, өз ерекшелiктерiмiздi ескерiп, тиiмдi пайдалану — қазiр аса маңызды. Ең бастысы — жоғары бiлiм жүйемiздегi реформалар, оқудың мазмұны мен сапасы, мамандар дайындаудың деңгейi алдымен өз қоғамымыздың өскелең сұранысына сай келуi керек. Әлемдiк стандартқа көтерiлудiң, дүниежүзiлiк бiлiм қауымдастығына қосылудың бiрден-бiр жолы да осында жатыр.

Әбдiжәлел БӘКIР, саяси ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары