МӘҢГIЛIК МҰРАНЫҢ РУХАНИ ЖАНАШЫРЫ

МӘҢГIЛIК МҰРАНЫҢ РУХАНИ ЖАНАШЫРЫ

МӘҢГIЛIК МҰРАНЫҢ РУХАНИ ЖАНАШЫРЫ
ашық дереккөзі
152

Қазақ түркiтануы туралы айтқанда бiлгiр де ғұлама зерттеушiлердiң алдыңғы сапында аузымызға түсетiнi филология ғылымдарының докторы, профессор – Мырзатай Жолдасбеков есiмi. Әлбетте, бұл кiсi туралы пiкiр айту оңай емес. Мемлекет қайраткерi, жоғары мектептiң көрнектi ұйымдастырушысы, белгiлi дипломат, әдебиетшi-ғалым, Жамбылтанудың және Кенентанудың iргесiн қалаушылардың бiрi, ұлттық мәдениетiмiздiң қамқоршысы, ұлағатты ұстаз, кәсiби түркiтанушы, бесаспап-публицист, көне тарихымыздың ғажап бiлгiрi – айта берсек Мырзекеңнiң қоғамдағы сан қырлы қызметi де көп-ақ. Кезiнде, 1972 жылы «Академик Ә.Марғұлан» атты ғылыми мақаласында ол кiсi былай деген екен: «Жиi кездесiп, үнемi жөн-жоба, ақыл-кеңес алып жүрген ұстаз жайында, көрнектi ғылым қайраткерi, қарапайым аға жайында, оның ғылымдағы мұратын, ой-парасаты жайында жазудың қиын екендiгiн мен қолыма қалам алғанда ғана түсiндiм»

…Көпшiлiк ойынан шыға алмасам ше? Әңгiменi неден бастау керек?…» (Асыл арналар. – Алматы, 1986. – 317 б.). Дәл осы жолдарды бүгiнде Мырзатай Жолдасбековтың өзiне қаратып айтуға болар едi. Көп қырлы таланттың жан-жақты және сан-салалы еңбектерiн бiр ғана мақалада баяндап шығу мүмкiн емес екенi өзiнен-өзi түсiнiктi. Мырзекеңнiң жоғарыда аталған әртүрлi бағыттағы сан қилы қызметi көптеген жеке мақалаларға, арнайы зерттеулерге арқау болары күмәнсiз. Қолымызға қалам алғанда осыны жақсы түсiнген бiз, ол кiсiнiң шығармашылық қызметiндегi жанымызға жақын, көне және ежелгi тарихымыздың өзектi мәселелерi төңiрегiндегi ғаламат ауқымды және аса маңызды мұраларына ғана нақты назар аударуға құлшындық. Бiздiң ойымызша, Мырзекеңнiң өзi де осы бағыттағы ғылыми зерттеулерiне баса мән беретiндей.

Тарихымыздың ежелгi түркi дәуiрiне қатысты ұлы да iргелi мәселесiнiң бiрi және бiрегейi – Орхон ескерткiштерi екендiгiн бәрiмiз де жақсы бiлемiз. Мырзатай Жолдасбеков бұл маңызды мәселемен ғылымға алғаш келген кезiнен бастап-ақ белсендi айналысты. Осының нақты куәсi бұл кiсiнiң осы Орхон ескерткiштерi төңiрегiндегi айшықты да тың және мазмұнды зерттеулерi дер едiк. Ол кiсiнiң көптеген еңбектерi Орхон ескерткiштерiн сипаттауға, бұл ескерткiштердiң туған дәуiрiн және ондағы тарихи шындықты анықтауға түркi тiлiндегi мәңгiлiк өшпес жазулардың мазмұнын анықтауға, олардың тарихи жыр ретiндегi өзiндiк үлгiсiн бағалауға, Орхон ескерткiштерiнiң табылуының және ашылуының тарихын ана тiлiмiзде баяндауға, Орхон ескерткiштерiнiң бұрынғы аудармаларын салыстыра талдауға және ең бастысы – осы мұралардың қазақша текстерiн жасауға бағытталғаны белгiлi. Әсiресе, ежелгi Күлтегiн жазуын және Тоныкөк бiтiктасындағы деректердi (ҮIII ғ.) ана тiлiмiзде сөйлету, оның байырғы тексiн қазiргi қазақ тiлiне бейiмдеп, түсiнiктi тiлмен баяндау – Мырзекеңнiң түркiтанудағы алғашқы да аса маңызды еңбектерiнiң бiрi едi.

Сонау ХХ ғасырдың 70-шi жылдарындағы зерттеулерiнде-ақ Орхон ескерткiштерiн қазақшалаудың аса маңыздылығын түсiнген, «Бұл ескерткiштердi аудару керек; Бiрақ аударғанда, көне мұраның өзiне тән стилiнiң ерекшелiктерiн берiк сақтаған абзал», — деп бұл ескерткiштердi аударушыларға да және өзiне де қатал ғылыми талап қоя бiлген санаулы ғалымдарымыздың бiрi – осы Мырзекең едi. Сонымен бiрге ғалым, терең бiлiмдi әдебиет зерттеушiсi ретiнде Орхон ескерткiштерiнiң жанрлық сипатын жан-жақты және терең зерттеудi де назардан тыс қалдырған жоқ. Ол осы орайда «Орхон ескерткiштерi тiл, тарих мұрасы ретiнде толық тексерiлгенмен, жанры жағынан әлi тиянақты анықталған жоқ. Бұл маңызды мәселенi шешу тюркологияның қазiргi таңдағы кезек күттiрмейтiн жауапты мiндеттерiнiң бiрiнен саналады», — деп атап көрсеткен едi (Көрсетiлген әдебиет. – 67-б.).

Ғалымның зерттеу бағытында көзге түсетiн тағы бiр ерекшелiк – оның Орхон жырларын қазақ эпосының кейбiр үлгiлерiмен салыстырып зерттеудi қолға алуы дер едiк. Бұл мәселе күнi бүгiнге дейiн әдебиетiмiздiң аса маңызды өзектi мәселесi екендiгiне күмәнданбаймыз. Осының нақты мысалы Мырзекеңнiң «Күлтегiн» және «Тоныкөк» жырлары мен «Алпамыс», «Қобыланды» жырларының өзара рухани үндестiгiн анықтап беруi дер едiк. Шындығында да зерттеушiнiң атап көрсеткенiндей «салыстырып отырған «Күлтегiн», «Алпамыс», «Қобыланды» жырларынан бiрiнiң-бiрi көшiрмесiндей, егiз туысты көрiнiстердi қиналмай табуға болады» (Көрсетiлген әдебиет. – 81-б.).

Алғашқы зерттеулерiнде-ақ Мырзекең, Орхон ескерткiштерiндегi өзiндiк ерекшелiктердi тап басып, айқын аңғарып, оларды зерттеушiлер назарына ұсынған едi. Мырзекеңнiң тағы бiр үлкен еңбегi — әдебиетшi ғалымдар арасында алғашқылардың бiрi болып, Орхон ескерткiштерiнiң көркемдiк ерекшелiктерiн арнайы және нақты талдап, терең ғылыми негiзде зерттеуi дер едiк. Мұнда ғалым назарынан Орхон ескерткiштерiндегi бейнелеу әдiстерi, олардың деректiк құндылығы тыс қала қойған жоқ. Осыған байланысты ғалымның «Орхон жазбаларын оқи отырып, түрiк халықтарының алғашқы қалыптасу процесiн; бұл ескерткiштердi жасаған қауымның ой-дәрежесiн анық байқауға болады. Тасқа басылып, еш өзгерiссiз жеткен Орхон жазуларының осындай деректiк мәнi өте-мөте күштi-ақ», — дегенi ерiксiз ойлантады (Көрсетiлген еңбек. – 108-б.).

Ғалымның өмiр бойы көз майын тауысып, табанды түрде белсендi айналысқан осынау шығармашылық бағытының ұлы да ғажап қорытындысы өзiнiң әрiптес iнiсi, Орхон жазуларының тамаша бiлгiрi — Қаржаубай Сартқожаұлымен бiрге «Орхон ескерткiштерiнiң толық Атласын» 2005 жылы Астанада «Күлтегiн» баспасынан басып шығаруы дер едiк. Осынау аса көлемдi және ғажайып ауқымды, ғылыми тұрғыдан ерекше сауатты, тамаша көркемделген iргелi ғылыми еңбек шын мәнiнде дүниежүзiлiк түркiтану ғылымында және ежелгi және ортағасырлардағы Қазақстан тарихына қосылған ұлы үлес болып табылады десек еш қателеспеймiз. Бұл еңбекте Моңғолия — Чехия, Моңғолия – Түркия, Моңғолия – Кеңестер Одағы бiрiккен ғылыми экспедицияларының бұрыннан жинақталып қалған, сондай-ақ түркiтанушылар еңбектерiнде оқтын-оқтын кәдеге жараған барлық негiзгi деректерi мен мұралары құрастырылған. Сонымен бiрге мұнда кезiнде Мырзатай Жолдасбекұлы басқарған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi экспедициясының тәуелсiздiк тұсындағы ғылыми айналымға басылған тың материалдары қамтылған. Атласта байырғы түркi мәтiндерi жаңадан қайта көшiрiлiп, жаңа әдiспен оқылған, сондай-ақ еңбек авторлары өздерiнен бұрынғы ғалымдардың кейбiр қателiктерiн түзетуге түпнұсқа мәтiнiнiң жаңа транскрипциясын анықтауға неғұрлым дұрыс, жаңа аудармалар жасауға барынша күш салған және бұл әрекет айтарлықтай ғылыми тұрғыдан дәлелдi, негiздi болып шыққан. Атластың тағы бiр маңыздылығы – ондағы әрбiр ескерткiш кешенiндегi Орхон жазуларында кездесетiн кейбiр атаулар, ұлыстық бiрлестiктер және жеке тарихи тұлғалар ғалымдар тарапынан арнайы және нақты ғылыми түсiнiктемелермен жабдықталған. Мұның өзi Орхон мәтiндерiн оқуды жеңiлдете түседi. Ең тамашасы кешендердегi ескерткiштердiң қазiргi қазақ тiлiне нақты, сондай-ақ өте түсiнiктi аударылуы дер едiк. Атласта Орхон ескерткiштерi, кешендi тарихи-мәдени мұралар тегiс қарастырылған, әрбiр тарихи кешенге арнайы археологиялық сипаттамалар берiлiп, олардың жоспары, фотосуреттерi және олардың сызба-бейнелерi алғаш көрiнiс тапқан. Мұның өзi түркiтанудағы ерекше құбылыс болып табылатынын атап айтқанымыз жөн.

Атласта байырғы түрiктердiң киелi орындары түрiк тiлiнiң сипаты, ондағы түпнұсқаның және графиканың ерекшелiктерi, Орхон мәтiндерiнiң аударылуы және байырғы түркiлердiң дүниетанымы туралы мол жаңа көзқарасқа негiзделген тың қорытындылар бар. Осындайда бiлiктi ғалымдардың әрбiр тұжырымдарының ғылымилығы, нақтылығы және қазақ тарихына шынайы қызмет ететiндiгi айқын байқалады. Ежелгi мұраларымызды қазақ халқына жақындата түскен зерттеушiлерiмiзге қалай риза болмасқа?! Зерттеу нәтижесiнде ғалымдар мынадай маңызды қорытындыға аяқ тiрейдi: «Қазақ халқы тарихи тамырын ерте ортағасырда әлемге әйгiлi болған көктүрiктерден, байырғы ғұндардан, ежелгi үш-оғыз (скиф), сақтардан желiлейдi. Өзге түрiк типтес халықтар тәрiздi қазақ халқы да сол тарихтың тiкелей мұрагерi. Әсiресе, қазақ халқының тарихын байырғы түрiктер тарихынан еш бөлiп қарауға болмайды. Сол байырғы түрiктердiң тiкелей мұрагерi алдымен қазақ халқы. («Орхон ескерткiштерiнiң толық Атласы». – Астана, 2005. – 10-б.)». Авторлар өздерiнiң ғылыми зерттеулерiн осылайша «Байырғы түрiктердiң қара шаңырағы қазақта қалған» деген маңызды қорытындымен бекiте түседi.

Орхон Атласын жасаудың негiзi экспедициялық материалдар ғана болып отырған жоқ, Мырзатай Жолдасбековтың ұйымдастыруымен кезiнде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi жанынан түрiк әлемiнiң «Жазу тарихы музейi» эпиграфия лабораториясы ашылған едi. Осы ғылыми орталық Орхон ескерткiштерiнiң толық сипаттамасын жасауға ғылыми тұрғыдан басты негiз қалағанын айтпасқа болмас. Бұл Қазақстанның ғана емес, бүкiл әлем ғалымдарының арманына айналған ұлы мақсатты жүзеге асырудың нақты негiзi болып шықты. Осы лабораторияның негiзiнде университет ғалымдары Орхон ескерткiштерiн түпнұсқамен салыстыра зерттеуге, ескерткiштерiнiң жаңа транскрипциясын және жаңа аудармасын жасауға толық мүмкiндiк алды. Осының нақты нәтижесi — Орхон ескерткiштерiнiң ғылыми сипаттамасын хронологиялық негiзде жүйелi түрде жасап шыққан «Орхон ескерткiштерiнiң толық Атласы» болып табылады. Сонымен бiрге Атластың ғылыми жаңалықтарға және тың көзқарастарға толы маңызын да байқамау мүмкiн емес. Онда байырғы түрiктердiң киелi орындарының, яғни түрiк кешендерiнiң адам жерлейтiн қабiр еместiгi нақты түсiндiрiлген. Ғалымдар бүгiнгi қазақтың рухани дүниетанымына жақын ұтымды ұсыныс жасап, моңғол жерiндегi ежелгi түрiк кешендерiн «Киелi орын» деп атауды ұсынады (Көрсетiлген әдебиет. – 14-б.).

Ғалымдардың байырғы түрiк тiлiн қыпшақ тiлi ретiнде дәлелдеуге күш салуын да түсiнiстiкпен қабылдауға болады. Бұрынғы түркiтанушылардың нақтырақ айтсақ, В.В. Радловтың, С.Е. Маловтың, Д. Синордың, А.Н. Кононовтың және тағы басқалардың ежелгi түрiк кешендерiндегi мәтiндерi көне ұйғыр тiлiнде жазылған графика ретiнде қарастыруға ұмтылғандары белгiлi.

Атлас авторлары мұндай көзқарастың тарихи тамырларына тарихи-салыстырмалы талдаулар жасап, бұл мәтiндердiң шын мәнiнде оғыздар мұрасы болып табылатындығын, ал оғыздардың рухани мұрагерлерi қыпшақ тiлi тобына жататын түркi тайпалары болып табылатынын нақты дәлелдеген. Шындығында да тарихымызда ежелгi Ұйғыр ұлысының, яғни Ұйғыр қағанатының рөлi мен орны тым асыра бағаланып келгенi құпия емес. Мұнда ескерiлмейтiн кейбiр мәселелер: ежелгi ұйғырлар шын мәнiнде оғыздардың құрамындағы шағын рулар бiрлестiгi болып табылады. Олардың тоғыз-оғыздар құрамында яғлахар руының бастауымен «он ұйғыр» деген атпен топтасқандары, яғни олардың тоғыз-оғыз тайпалары құрамындағы үлесi он ғана рудың көлемiнде болғаны ғылыми тұрғыдан әлдеқашан дәлелденген.

Түрiк қағанатынан кейiнгi қысқа мерзiмде ұйғырлардың тақты күшпен басып алып, түркiлер дүниесiне уақытша үстемдiк жасағаны тарихшыларға құрған түркiлердiң бай рухани мұраларын шағын санды ежелгi ұйғырларға телiп жiберу әдiлеттiлiк бола қоймас. Соңғы жылдары қазақ тiлiне аударылған ежелгi қытай жылнамалары түркiлердiң басына орнатылған ескерткiш кешендердi тұрғызуға ұйғырлардың емес, қытай шежiрешiлерiнiң ат салысқандарын айқын жазып отыр. Оның үстiне тарихи тамыры оғыздардан басталатын, өздерi де түркi жұртына жататын он ғана руды құраған ежелгi ұйғырларды (қытай жылнамаларында – ұйғырларды) ерекшелеудiң қажетi бар ма?

«Атлас» авторлары осы айтылғандарды жақсы бiлетiндiктен, ұйғыр жазуына байланысты бұрынғы зерттеушiлер көзқарастарын жаңа тұжырымдармен түзетiп және толықтырып, ежелгi Орхон кешендерiндегi мәтiндердi түрiк-қыпшақ жазулары ретiнде орынды бағалаған (Көрсетiлген әдебиет. – 14-17-бб.).

Еңбектiң түсiнiктемесiнде және ғылыми негiздемелерiнде түркiтанушылар мен тарихшылар үшiн жаңа, тың қорытындылар көптеп кездеседi. Солардың бiрi және бiрегейi кейiннен қазақты құраған кейбiр үлкен ұлыстардың түркiлiк шығу тегiн нақты анықтауға талпыну дер едiк. Мысалы үшiн, авторлар тарихи зерттеуде тұңғыш рет Байырғу конфедерациясының қазақтың Керейт және Найман ұлыстарын негiздеудегi маңызын деректiк негiзде нақты көрсетуге күш салған. Авторлардың керейттердi тоғыз-оғыздардан, ал наймандарды сегiз-оғыздардан тарату әрекетiн аса батыл және нақты ғылыми болжам ретiнде қабылдаған жөн. Осындайда айта кетер бiр маңызды мәселе – Байырғулар конфедерациясына кiрген тоғыз-оғыздар тарихта аса ауқымды тайпалар одағы ретiнде белгiлi. Алайда осы тоғыз iрi тайпадан жоғарыда айтқанымыздай он ұйғырлар, меркiттер, жалайырлар және тағы да басқа кейiннен қазақты құраған жекелеген рулардың ата-бабалары тарайтынын да ұмытуға да болмас. Тоғыз-оғыздың бiр бөлiгi кейiннен басмылдарға және қарлықтарға қосылғаны тағы белгiлi. Ал, басмылдар мен қарлықтарды кейiнгi арғындардың бабалары деп жүрмiз. Сегiз-оғыздар туралы да осылай дер едiк. Сегiз моңғол тiлiнде – найман деген мағынаны бiлдiре тұрса да, бұл тайпалар одағынан қазақтың бiр ғана тайпасын тарату да мәселенi тым тарылта баяндау болып шығатындай. Наймандармен бiрге бұл одақтан да кейiнгi қазақ тайпаларының кейбiрiнiң ата-бабаларының шыққанын дәлелдеу болашақтың iсi. Мұны айтып отырғанымыз, авторлардың пiкiрiн терiске шығару емес, керiсiнше олар бастаған ғылыми болжамдар ары қарай өрбiте және дамыта түсудi қажет етедi деген ойдың ұшығы. Мұндайда ежелгi түркi дәуiрiне байланысты айтылған әрбiр тиянақты тарихи болжамның тарихымызды аз да болса алға жылжытуға тиянақты қызмет ететiнiн ескеру керек.

Атлас авторларының Орхон жазуларын байырғы түрiк жазуы деп атау туралы ұсынысы бұған дейiнгi қалыптасқан «руникалық жазу» деген пiкiрдi ығыстырып шығарады. Тағы бiр үлкен құндылық – осы еңбекте тарихи-салыстырмалы зерттеулер негiзiнде В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский тәрiздi ғалымдардың Орхон жазуларын оқудағы күмәндi тұстары едәуiр айқындалып, белгiлi түркiтанушы В.Томсонның алғашқы оқуын нақты мақұлдау дер едiк. Мұның өзi түркiтанушыларды болашақта Орхон мәтiндерiн оқу процесiнде орын алатын қателiктерден сақтандыратын болады деп ойлаймыз. Аталмыш еңбек Орхон мәтiндерiнiң аударылуы, байырғы түрiктердiң дүниетанымы туралы жаңа бағалы тұжырымдармен негiзделген.

2006 жылы ақпанда Еуразия ұлттық университетiнде өткен ғылыми басқосу «Орхон ескерткiштерiнiң толық Атласының» аса құндылығын тағы да анықтап бердi. Еңбек зерттеушiлерге ендi ғана жол тартты. Онымен жұмыс iстеу барысында ғалымдарымыз ежелгi тарихымыздың көптеген күмәндi тұстарын айқындай түсуге зор мүмкiндiк алары сөзсiз. Бiр сөзбен айтар болсақ, Мырзатай Жолдасбекұлына осы еңбектi жүйелi түрде жүзеге асырудағы және оны жазуды, басып шығаруды қолға алудағы жетекшiлiк және ғылыми ұйымдастырушылық ерiк-жiгерi, қайраткерлiгi үшiн тарихшылар мен түркiтанушылардың әлi де талай ұрпағының разылығын бiлдiрiп, зор алғыстар айтуы әлi де алда деп ойлаймыз.

Мырзатай Жолдасбековтың ұлттық тарихымызды зерттеудегi тағы бiр белсендi зерттеушiлiк бағыты, үлкен ұйымдастырушылық қызметi ежелгi дәуiрден берi қарайғы халқымыздың көрнектi тарихи тұлғаларының ғұмырнамалық шежiресiн қалпына келтiру әрекетiнен көрiнедi. Бұл мәселеде Мырзекеңнiң Жамбылтану саласында ауқымды зерттеулер жүргiзуiнiң нәтижесiнде Жамбылдың ақындық мектебiн зерттеп, оның шәкiрттерiнiң және тұстастарының шығармашылық мұраларын жан-жақты зерделеп, ғылыми жұмыста, әсiресе, жеке тұлғаларды зерттеуде үлкен тәжiрибе жинақтағанын атап көрсетер едiк. Осы тақырып төңiрегiнде Мырзекеңнiң Жамбылдың ақындық ортасын, ұстаздарын зерттеуде сiңiрген еңбегi бiр төбе.

Сонымен бiрге бұл ХХ ғасырдың 70-80-шi жылдарында-ақ Мырзекең Қорқыт туралы, «Оғыз-наме» дастаны жайында iргелi зерттеулер жазған болатын. Марксизм-ленинизм идеясы салтанат құрған сол бiр кезеңнiң өзiнде-ақ Мырзекең халқымыздың рухани бастауларын негiздеген тарихи мұраларды зерттеудi бiрiншi кезектегi маңызды мәселе ретiнде батыл қолға алған едi. Ол сондықтан да «Халқымыздың ертеде жасалған биiк әдеби мұрасы – Қорқыт жырларының қыпшақ тiлiндегi нұсқасын қазiргi ана тiлiмiзге жаңашалаудың мәнi зор. Бұл – алдағы күннiң iсi» деп жазған едi. Не деген көрегендiк десеңiзшi! Құдды Қазақстанның рухани тәуелсiздiгi жақындап қалғанын сезген жандай. Расында да бүгiнде Қорқыт туралы iргелi зерттеулерге кеңiнен жол ашылды. Оны ендi тарихымыздың ақтаңдағы дей алмайсыз.

Жеке тұлғалар туралы Мырзекеңнiң зерттеулерi Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан тәрiздi ғұламалардың шығармашылық ерекшелiктерiн және олардың ұлтымызға қалдырған рухани мұраларының орасан зор маңызын айқындай түсуге де көп үлес қосты. Жеке тарихи тұлғалар туралы Мырзатай Жолдасбекұлының қарымды iзденiстерi энциклопедиялық тұрғыдағы ғылыми еңбектi жазуға, дайындауға және басып шығаруға алып барды. «Елтұтқа» деген атпен ел тарихының әйгiлi тұлғалары туралы көркем безендiрiлген оқу құралының жарық көруi қазақ тарихында өмiр сүрген елеулi тарихи бейнелердi және қаһарман батырларды, әдiлеттi билердi, мемлекет қайраткерлерiн және ғұламаларды айқындай түсуде көп көмек бердi десек артық айтпас едiк (Елтұтқа. Ел тарихының әйгiлi тұлғалары. – Астана, 2001). Өзiнiң бiлiмдар, талантты әрiптестерi Қойшығара Салғараұлымен және Ақселеу Сейдiмбекпен бiрiгiп дайындаған осы өмiрбаяндық зерттеу шын мәнiнде тарихымызды танымал тұлғалармен толықтыра түстi деп айта аламыз. Қазақстан Республикасы тәуелсiздiгiнiң он жылдығымен орайластырылып дайындалған және оқырман назарына ұсынылған бұл кiтап бүгiнгi күнi тарихымызды оқып-бiлгiсi келетiн азаматтардың қолынан түспейдi. Еңбектiң маңыздылығы – онда байырғы замандағы, орта ғасырлардағы және замандағы, сондай-ақ тәуелсiз Қазақстандағы басты тарихи тұлғалардың қайраткерлiк және шығармашылық бейнесiн нақты және дәлелдi сомдауында дер едiк.

Мырзатай Жолдасбеков бүгiнгi тәуелсiз Қазақстанның рухани дүниетанымында қазақ тарихының көрнектi жанашыры және қамқоршысы ретiнде танылған жарқын да беделдi тұлға. Оның қазақ тарихының өзектi мәселелерiн қозғаған және оларды зерттеушiлерiмiздiң iндете зерттеулерiне мұрындық болған орнықты да, салмақты ұсыныстары бәрiмiзге белгiлi. Қазiр өзi басқаратын Қазақстан Республикасы Президентiнiң мәдениет орталығы қысқа мерзiмде қазақтың рухани, этникалық және мәдени тарихын зерттейтiн үлкен мекемеге айналды. Онда сақ қорғандарынан табылған тарихи мұралар, әйгiлi алтын адам, Берел қорғандарындағы қасиеттi жәдiгерлер, қаз-қалпына келтiрiлген ежiлгi сақ-үйсiн арғымақтары және тағы да басқа көптеген тарихымыздың аса құнды және қасиеттi мұралары iргелi орын тепкен. Бұл мәдени орталық бүгiнде тарихымыздың және мәдениетiмiздiң аса ауқымды және өзектi мәселелерiн зерттейтiн және талдап атқылайтын ордалы орынға айналды. Мұнда Мырзекеңнiң бастауымен iргелi халықаралық және республикалық тарихи конференциялар мен ғалымдардың басқосуларын өткiзу әдеттегi жағдайға айналып келедi. Өткен жылы ғана осында болып өткен «Қазақ мемлекеттiлiгi тарихына» арналған халықаралық конференция осының нақты да көрнектi мысалдарының бiрi.

Тәуелсiз Қазақстан ұлтымызды жаңғыртатын, ұлттық идеологиямызды негiздейтiн рухани жағынан халқымызды жаңа жарқын белестерге бастайтын iрi шығармашылық тұлғаларға аса мұқтаж. Бұл барлық мемлекеттердiң өтпелi дәуiрдегi бұлжымас ережесi. Осындай өскелең елiне, жаңарған қазақ халқына әрқашан қажет, оған белсендi қызмет жасайтын абзал азаматымыз – Мырзатай Жолдасбеков болып табылатынын әрқашан есте ұстағанымыз жөн.

Осыны ескере отырып, сөзiмiздi Мырзекеңнiң өзiнiң кезiнде ғұлама Әлкей Марғұланға қаратып айтқан бiр ауыз пiкiрiмен аяқтасақ деп ойлаймыз: «Мағынасыз бос жүрiстен ғылым да, өнер де шықпайтыны мәлiм.

Уақытты үнемдеп, оны орынды пайдалана бiлудiң де өзi үлкен мәдениеттiң белгiсi. Күнделiктi өмiрiн мақсатсыз өткiзiп, әйтеуiр таңды атырып, түк бiтiрмей күндi батырып жүргендерге қарасаң, өмiр ұзақ тәрiздi, ал тiршiлiгiнiң әрбiр сәтiн пайдалы iстерге, Отан игiлiгiне арнап, үнемi iзденiс үстiнде жүрген азаматқа уақыт ешқашан жеткен емес. Қоғамға белгiлi болған ардагерлердiң бәрi де үнемi уақытпен санасып отырған» (Асыл арналар. – 318 б.).

Айтса айтқандай, Мырзекеңнiң өзi зерттеп жүрген әйгiлi Күлтегiн жазуында: «Уақытты тәңiрi белгiлейдi, адам баласы өлмекке жаралған», — деген пәлсапалық жолдар тасқа қашалып жазылған. Ия, өлмейтiн адам жоқ, алайда өлмейтiн нәрсе – халықтың рухани мұрасы. Онымен бiрге Мырзатай Жолдасбеков сияқты халқына рухани қызмет жасағандардың да еңбегi мәңгiлiк дер едiк!

Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары