Ассамблеядан депутат сайлау: БҰҒАН КIМ НЕ ДЕЙДI?

Ассамблеядан депутат сайлау: БҰҒАН КIМ НЕ ДЕЙДI?

Ассамблеядан депутат сайлау: БҰҒАН КIМ НЕ ДЕЙДI?
ашық дереккөзі
288

Соңғы кездерi Халықтар Ассамблеясынан Парламентке 9 депутат сайлау билiк тарапынан қолға алынып жатыр. Елiмiзде қазақтар саны 61 пайыздан асқан, солай бола тұра «Қазақстанда 130 ұлт өкiлi мен 46 конфессия тұрады» деп небары 9 ұлт өкiлiне басымдық беру қалай болар екен? Бүгiн ұлтына қарай депутат сайлап жатса, ертең азаматтарды «дiнiне қарай билiкке тартайық» деп кейбiр пысықайлардың шықпасына кiм кепiл?!

Депутатты ұлтына қарай сайлау, дәлiрек айтсақ, тағайындау – Қазақстан қоғамын бөлiп-жару болмас па?! Бұрын-соңды бiзге Парламенттегi депутаттар – Дьяченко, Киселев, Чиркалин, Сухорукова, Нехорошевтардың орыс болған-болмағаны маңызды емес-тiн. Олар – елiмiздiң тең құқықты азаматтары. Қазақстан мүддесiн орынды көтере бiледi. Бiрақ ендiгi кезекте Қазақстан азаматтары ұлтына қарай Парламент депутаты атанып жатса, олар өздерiн психологиялық тұрғыдан да қазақтан бөлек, бөтен, жат деп санауы мүмкiн ғой. Оларды қазаққа тартудың орнына керi итеру түбiнде жақсылыққа апармасы анық. Мұндай саясатпен азды-кемдi диаспора өкiлдерi қазақ ұлты мен тiлiнiң аясында бас бiрiктiруi екi-талай дейдi кейбiр сарапшылар.

Төлеген ӘЛЖАН, «Ұлт қалқаны» атты ұлттық қозғалыстар комитетiнiң мүшесi:

БҰЛ ИДЕЯ ЖҮЗЕГЕ АССА, ҰЛТАРАЛЫҚ МӘСЕЛЕ УШЫҒА ТҮСУI МҮМКIН

– Славян, орыс-казактар одақтарының бiрлескен екiншi құрылтайы 21 сәуiрде Астанада өттi. Онда көтерiлген басты мәселелердiң бiрi – Қазақстанда орыс тiлiн мемлекеттiк тiл деңгейiне дейiн жеткiзу. Бұл мәселенi кезiнде Терещенко, Бунаков, Захаровтар да өздерiнше көтерген. Осыдан екi жыл бұрын Алматы қаласына Иманғали Тасмағамбетов әкiм болып келгенiнде, әлгi үшеу тiкелей Президентке арнайы хат жолдаған. Онда: «Жаңа әкiм келiп, Алматыдағы бүкiл iс-қағаздарын қазақ тiлiне өткiзейiн деп жатыр. Бұған әлi ерте, сондықтан Тасмағамбетовтiң жүргiзiп жатқан тiлдiк саясаты дұрыс емес», – деген сыңайда мәселе көтерген. Ал, бұл жолы олар: «Қазақ тiлiнiң мәселесiн көтеру арқылы орыс тiлiн бiр шетке ығыстырып жатыр», – дейдi. Тағы бiр айта кетерлiгi, 2000 жылы желтоқсан айында славян-казак ұйымдары мен «Лад» қозғалысы Мәскеуде құпия жиын өткiзген көрiнедi. Климошенко, Захаровтар – «Лад» қозғалысынан ғой. Аталған жиындарда олар «орыс тiлi – мемлекеттiк тiл» болуы керек деп айқын жазған. Тiптi, казактардың резолюциясының 5-бабында: «До момента проведения референдума считать русские районы Казахстана спорными» – деп жақшаға алып, ойын жалғастырады: «И добиваться ограничения юрисдикции президента Назарбаева над данными территориями», – дейдi. Мұнда аталған жерлердi Ресейге қайтару мәселесi астыртын оймен жеткiзiлiп жатқан жоқ па? Бұл 7 жыл бұрын көтерiлген мәселелерi. Сондықтан олардың мұндай пиғылдарының барын бiлiп жүрген жөн. Яки, бұл олардың сорақы саясаттарын жүргiзiп жатқанына көп жылдар болғанын көрсетедi. Ал, қазақтың 14 ұлттық ұйымынан тұратын «Ұлт қорғаны» комитетi орыс-славян, казак одақтарының пиғылына қарсы мәселе көтерiп жатыр. Ең алдымен, орыс-славян, казак ұйымдары мен «Лад» қозғалысының заңдылығын тексеру жөнiнде Бас прокуратураға өтiнiш бiлдiрмекпiз. Олардың Ата Заңымыздағы мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiне қарсы iс-әрекет жасап жатқаны үшiн Қылмыстық iстiң қозғалуын талап етiп отырмыз. Себебi бұл ұлт-араздығын қоздыру.

– Қазiр Халықтар ассамблеясына Конституциялық құзыр берiп, одан Парламентке 9 депутатты тарту мәселесi көтерiлiп жатыр. Ал, сол ассамблеяға қарасты орыс-славян, казак ұйымдарының тiрлiгi мынау. Ертең олар билiкке депутат ретiнде жетсе, ұлтаралық жағдай бұдан да ушығып кетедi деп ойламайсыз ба?

– Ондай жағдайда ұлтаралық мәселенiң ушыға түсуi әбден мүмкiн. Елiмiздегi жағдай онсыз да мәз емес. Батыс Қазақстанда жұмыс iстейтiн түрiк, қытайлық компаниялардың әрекеттерiнен түрлi дау-дамай бой көтердi. Мәселен, кейбiр қытайлық компаниялар Қытайдың әнұранын қазақ жұмысшыларын сапқа тұрғызып, айтқызатын фактi де кездескен сияқты. Шелек пен Маловодное мәселесi тағы бар. Бұл орайда ұлтқа бөлiп, 9 депутатты Ассамблеядан сайлауды өз басым түсiнбеймiн. Амангелдi Айталы айтпақшы, Австрияның Парламентiне қол жеткiзген түрлi ұлт өкiлдерi кезiнде мемлекеттiң жойылуына дейiн дауыс берген. Әйтеуiр, кезiнде бұл мемлекеттiң Парламентiне әртүрлi диаспораларды тартып, олар өз кезегiнде көрпенi өзiне қарай жұлып, ырду-дырду, дау-дамайдың басында қалған. Оның үстiне әрқайсысы автономия сұраған. Абырой болғанда, ел билiгiне президент келiп, мемлекет бiртұтастығын сақтаған.

Бұл жолғы Елбасының Жолдауында: «Ассамблеяны заңды түрде жолға қою керек» – дедi. Яғни, бұдан бұрын ол 12 жыл бойы қалай қызмет еткен? Тiптi, бұл құрылымды заңға кiргiзем дегенмен де, онда бiрде-бiр қазақ ұлтының өкiлi жоқ. Жұматай Әлиев – ештеңенi шешпейтiн ассамблея төрағасының орынбасары. Басқа ұлт өкiлдерi Ассамблеядан тыс заңды түрде сайланып жатса, оған ешқандай қарсылығымыз жоқ, бiрақ Ассамблея тарапынан ұлт өкiлiн сайлау бiздi қатты ойландырады.

Қазақстанның Ата Заңы бойынша, бiздiң елiмiз – унитарлы мемлекет. Конституцияға сәйкес, ешбiр адамды ұлтына, дiнiне, нәсiлiне, жынысына бөлмейдi. Ал, бiз мұнда келiп: «Сен ұйғыр екенсiң, сен армян екенсiң, Парламентке бар да, депутат болып отыр» – деп, әркiмдi ұлтына бөле бастаймыз. Бұған дейiн Қазақстан халқы ұлтына бөлiнiп көрмеген. Ендiгiсiн көрермiз.

– Мәселен, Парламентке ассамблеядан 9 депутат өттi делiк, сiздiң ойыңызша, бұл 9 депутат – қай диаспора өкiлдерi болуы мүмкiн? «Бiзде 130 ұлт өкiлi тұрады» – демей ме, олардың iшiнен 9-ын бөлiп алып, Парламентке тарту әдiлеттi ме?

– Өткенде татар диаспорасының төрағасы, Парламент депутаты Мұрат Кәрiмов: «Сайлауда тек қана қазақты өткiзедi де, өзгенi өткiзбейдi» – деген сыңайда телеарналардан сұхбат берiп үлгердi ғой. Бiрақ ассамблея тарапынан депутатты сайлау емес, тағайындау мәселесi айтылып жүрген сияқты. Бiзде қай диаспора өкiлдерi көп болса, солар өтедi. Бiрақ елiмiзде тiптi үш адамды «ұлт өкiлi» деп жазып жүргендер бар ғой. Ал, шынтуайтына келгенде, Қазақстанда бiр-ақ ұлт бар. Ол – қазақ ұлты.

– Орыс-славян ұйымдарының еркелерi мен серкелерi ассамблеядан депутат болып сайланса, «орыс тiлiн – мемлекеттiк тiл» деп жариялау мәселесiн Парламент шеңберiнде көтеруi мүмкiн бе?

– Егерде олар қазiрдiң өзiнде депутаттық мандаты болмаған тұста, қоғамдық бiрлестiктер ретiнде тiл мәселесiн көтерiп жүрсе, ертең Парламентке жетсе, бұдан да сорақысын күтуге болар. Олар Мәжiлiсте микрофонды алып, анда-санда сөйлейтiн депутаттар санатында қалмайды, есесiне тiл мәселесiне нақты кiрiседi. 7 жыл бұрын Қазақстанның солтүстiк аудандары Ресейге тиесiлi деп жүргендер депутат болса, бұл саясатын жалғастырмасына кiм кепiл?

– Бiр қызығы, елiмiздегi ең iрi диаспора өкiлдерi – орыстардың көпшiлiгi Парламентке 9 депутатты өткiзудi оң қабылдап отырмаған сияқты. Тiптi, адам құқын қорғайтын халықаралық ұйым төрағасы Евгений Жовтис: «Бiздiң сайлау жүйемiзде бұл легитимдi болып табылмайды», – деп мәлiмдедi.

– Жовтистiң сөзiне күмән келтiру қиын. Оның айтқаны дұрыс. Тiптi, бiздiң жанымызда жүрген өзге ұлт өкiлдерi де бұл идеяны аса қолдағаны байқалмайды. Олар қазақ тiлi мен қазақ ұлтының аясында ұйып, қалыптасуы тиiс диаспора өкiлдерi ғой. Олар мемлекеттiк тiлдi үйренiп, қазақ ұлтына сiңiсейiн десе, өзге диаспора өкiлдерiн өз қолымызбен керi итерiп, «сенiң ұлтың бөлек» деуiмiз қалай?! Өзге диаспора өкiлдерiне де тыныштық керек. Олар да Парламентке Ассамблеядан түрлi ұлт өкiлдерi сайланса, түбiнде мұның жақсылыққа апармасын сезiп жүргендей.

Асылы ОСМАН, халықтар ассамблеясының мүшесi:

ӘРБIР ЭТНОС ӨЗ ҰЛТЫНЫҢ МҮДДЕСIН ҚОРҒАЙТЫН БОЛСА, МҰНДАЙ ПАРЛАМЕНТТIҢ СОҢЫ НЕ БОЛМАҚ?

– Бүгiнгi қолға алынып жатқан саяси реформаларды қолдаймын. Елiмiздегi теңдiктi сақтау үшiн халықтар ассамблеясынан емес, жалпы өзге ұлт өкiлдерiн Парламентке тартуды дұрыс деп есептеймiн.

– Асылы апай, кезiнде Ассамблеяның құзырын өсiрiп, оған Конституциялық тұрғыдан «Кеңес» деген атау беру мәселесi көтерiлгенде, сiз бұған өте-мөте қарсы шықтыңыз. Ал, қазiр сiз бұл ойдан да арылған сияқтысыз. Бұған не түрткi болды?

– Менiң о бастағы қарсылығым мынада едi: нелiктен өзгелердi бөлiп-жарып, осындай жағдайға келдiк? Елбасының саясаты осылай болған соң, өзгелер ел дамуына өз үлестерiн қосты ғой, басындағы менiң ең негiзгi мақсатым – бiздiң бөлiнбеуiмiз едi. Елiмнiң тыныштығы үшiн ғана мен ымыраға келiп отырмын. Менiң қазiрде бұл жобаның қандай дәрежеде болатынына көзiм жетiп жатқан жоқ.

– Өзiңiз қарсы болып жүрген орыс-славян ұйымдарының басты мәселесi – орыс тiлiн мемлекеттiк тiл етiп бекiттiру. Ассамблеядан орыс-казак, славян ұйымдары мен «Лад» қозғалысының төрағалары сайланса, тiл мәселесi не болмақ?

– Депутаттарға қойылатын басты талап – мемлекеттiң тiлiн бiлуi, қазақ деген халықты сыйлауы. Сайланатын депутат қазақ деген халықтың болмысын, қадiр-қасиетiн, табиғатын бiлуi керек деп ойлаймын. Мемлекеттiк тiлдi бiлмегендiктен, олар жергiлiктi халықтың жан-дүниесiн ұқпайды. Халықтың жан-дүниесiн ұғатын, тiлдi сыйлайтын, мемлекеттi қадiрлеп, қастерлейтiн, ары-берi көрпенi тартпайтын бiлiмдар, бiлгiр саясаткер болғаны ләзiм. Өз басым Бунаков, Климошенко сияқты қазақтың тiлiне қарсы болып жүрген кейбiр депутаттармен де айқайластым ғой. «Қазақтың жаны – жерi, қазақтың өмiрiнiң өзегi – тiлi болса, сол екеуiн қорғамаған азаматтарды мен депутат деп есептемеймiн» – дедiм. Тiптi, оралмандардан орыс тiлiн сұрайық дейдi! Бұл орыс елi емес қой! Бұл қайдан шыққан заң?

– Сiз жаңа: «Билiкке Ассамблеядан өзге ұлт өкiлдерiн тартуды қолдаймын» – деп жатырсыз, сонда қазақ мәселесiн көтеруден сiз де шаршағансыз ба?

– Жоқ, мен ешқашан да қазақ мәселесiн көтеруден шаршамаймын. Жүрегiмнiң соңғы соғысына дейiн қазақ мәселесiн көтерiп өтем. Мен еш уақытта қазақ пен өмiр сүрiп жүрген елiм туралы мәселе көтеруге жалықпаймын да, шаршамаймын.

– Онда нелiктен аз ұлт өкiлдерiнiң депутаттыққа жеңiлдiкпен сайлануын қолдап отырсыз?

– Депутаттыққа сайланғанда Бунаковты айтып отырған жоқпын ғой. Мен халықтың табиғатын бiлетiн, сыйлайтын адам болсын деп отырмын. Өзiмiздiң арамыздан тiлге жанашыр өзге ұлт өкiлi де болсын, ол жоқ емес, бар. Бiрақ бүгiн елiмiздiң саясаты реформаға жетелеп жатқанда, бұл мәселе тұрақтылықты сақтауға үлес қосады деп жатқанда, өзгелердiң iшiнде де жақсылардың барын бiлейiк. Мiне, соларды сайлау керек.

– Ал, әзiрбайжан ұлт өкiлi ретiнде депутаттыққа Ассамблея атынан сайлануға қалай қарайсыз?

– Менi әзiрбайжан деп депутаттыққа сайласа, сайламай-ақ қойсын. Менi толыққанды Қазақстан азаматы, қазақ тiлiнiң маманы, өзiнiң елiне, тұрып жатқан жерiне себi тиiп жүрген адам деп сайласа, мен оны құп аламын. Ал, егер әзiрбайжан халқының мүддесiн қорғайды деп сайласа, менi сайламағаны жөн. Менiң түсiнiгiм бойынша, әрбiр азамат қоғамның мүддесiн қорғауы керек. Ол жалпы Қазақстан азаматтарының құқын қорғайтындай азамат болуы шарт. Әрбiр этнос өз ұлтының мүддесiн қорғайтын болса, ондай Парламенттiң ертеңi не болмақ?

– Өзге ұлт өкiлдерi Ассамблеядан билiкке қол жеткiзсе, қандай мәселенi көтеруi мүмкiн. Шүбәсiз, оның көбi мемлекеттiк тiлдi бiлмей барады емес пе?

– Оларға қойылатын ең басты критерий – мемлекеттiк тiлдi бiлуi деймiн ғой. Қазақтың жан-дүниесiн бiлiп, ұғынатын, қоғамға аянбай үлесiн қосатын адам болғаны ләзiм. Өз ұлтының мүддесiн емес, Қазақстанның мүддесiн қорғауы керек. Мен ассамблеяның мүшесi ретiнде оның басшысына, қосшысына қоятын басты критериiм – мемлекеттiк тiлдi бiлуi. Ассамблея өкiлдерiнiң бәрi де маған қарсы ғой. Оның үстiне менiң қазағыма да айтады: «Они же сами не хотят этого языка» – деп. «Они сами не изучают» – деп менiң бетiмдi тырнайды. Қалай болған күнде де, бiздiң өз iшiмiзде ана тiлiн бiлмей жатқандар бар. Оны да жасыруға болмайды. Бiрақ мемлекеттiк тiлдi бiз бәрiнен де талап етуiмiз керек.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары