БАСҚАЛАРҒА ҚАРАСАҚ
БАСҚАЛАРҒА ҚАРАСАҚ
Тәжiкстан Президентi орыс фамилиясынан бас тартты, ал Эстония мемлекетi орыс мектептерiн эстон тiлiне бағыттауда…
Кез келген мемлекет өз дербестiгiн алып, тәуелсiздiгiне қол жеткiзген соң, бар-жоғын түгендей бастайтыны белгiлi. Оған әуелгi кезекте сол елдiң мемлекеттiк тiлi, дiнi мен дiлi, салт-дәстүрi, әдет-ғұрпын сақтап қалудың алғы шарттары енедi. Өз елiнiң патриотына лайықты iс атқара алатын басшылар сол жолда бар мүмкiндiктi жасап бағады.
Бұрын Мәскеудiң қол астында болған Балтық жағалауы мен ТМД елдерi бүгiнде егемендi мемлекет болып, өз күнiн өзi көретiн жағдайға жеткен. Ал негiзiнде олар ресейлiк империялық саясат боданынан құтылу үшiн алдымен мемлекеттiк тiлге айрықша көңiл бөле бастады. Мәселен, Украина орыс тiлiнiң қолдану аясын барлық саласында, сондай-ақ, бiлiм, ғылым ошақтарында бiртiндеп тарылтуға кiрiскенiне бiраз болды. Ал Тәжiкстан Президентi Эмомали Рахмонов болса, өз тегiндегi (фамилиясындағы) орыс тiлiнiң "ов" деген жалғауынан құтылып, Рахмон болуға бел буды. Демек, ол өзi көрегендi түрде үлгi көрсете отырып, барлық тәжiк азаматтарына орыстың "ов", "ев" жалғауын алып тастауға шақырды. Дәлiрегiнде, ол өз тегiн Тәжiкстанның ұлттық салт-дәстүрiне лайықтандыру арқылы халықтың да осы жолды таңдауын өтiндi. Президент баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, мемлекет басшысы алдағы уақытта отандастарына құжат алу немесе ауыстыру кезiнде осы мәселеге баса назар аударуды жүктеп, келешекте өмiрге келген балаларды славянның "ев" және "ов" жалғауымен тiркеуге жол бермеуге тапсырма бердi. Қысқасы, бұдан былай Тәжiкстанның ЗАГС бөлiмдерiнде баланың тегiн парсылық жолмен тiркелуiне нұсқау бердi. Сондай-ақ республиканың ғалымдарына тарихи ескерткiштердiң атауын ұлттық нақышқа сәйкестендiру керектiгiн де ескерткен-дi. Бiр айта кетерлiгi, Рахмонов әрбiр қандасына мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн аса биiк санауды борыш деп бiледi. Ол тiптi, тәжiк мектептерiнде "Соңғы қоңырау", "Әлiппемен қоштасу" секiлдi мұғалiмдер мен оқушылар жаппай атап өтетiн мейрамдарды тойлауға үзiлдi-кесiлдi тыйым салды. Рахмонов бұған дейiн де талай рет мұндай ас та төк мерекелердiң өзi кедей елде тойлануына қарсы екендiгiн аңғартып жүретiн. Ендi тағы ретi келгенде ол мұндай көзбояушылық шаралардың Орта Азия елдерi арасынан халықаралық гуманитарлық көмекке ие болу мүмкiндiгiн азайтпаса, көбейтпейтiнiн еске салғандай болды. Сол сияқты келешекте тәжiк халқына ұлт тарихын Рахмоновтың (Рахмонның) 1992 жылдан бүгiнге дейiнгi еңбек жолындағы қызметi жайында жазылған алты кiтап бойынша оқытуды ұсынды. Бұны негiзiнен, тәжiк басшысының өз ұлттық құндылықтарын сақтап қалудың басты амалы деп қарастырған жөн. Өйткенi, ХХ ғасырдың басында бұл халық "тәжiк" деген атқа да ие болған жоқ-тұғын. Соған қарамастан, қазiр олар Иран, Ауғанстан елдерiмен мәдени тығыз қарым-қатынас ұстануды көздеп отырғанға ұқсайды. Себебi, тәжiктер парсы, иран тiлiнде сөйлейтiн халық. Ал сарапшылардың пкiрiнше, бұл жағдай посткеңестiк елдер үшiн аса жаңалық емес. Шынында, Балтық жағалауы елдерiнде мемлекеттiк тiлге қатысты жоспарланып немесе атқарылып жатқан iс-шаралар iзiн суытпай Орта Азия мемлекеттерiне де ауыса бастаған. Айналып келгенде, ұлттың мәдени-рухани байлығын сақтап, келер ұрпаққа мирас етуде ерiксiз осындай екiұдай пiкiр өрбiтетiн жоба жасап, халыққа ұсынуға мәжбүр екендiктерiн айтады.
Демек, орыс тiлiнiң бұғауынан құтылып шығу үшiн әр мемлекет қайсыбiр қиындыққа мойымастан, әрқилы әрекет жасап бағуда. Мақсат бiреу — мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру, оның қолдану аясын кеңейту. Елiмiздегi қоғамдық ұйымдардың iшiнде мемлекеттiк тiлге айрықша саяси мән берiп, сол жолда бiрталай жобалардың ұйытқысы болып жүрген республикалық "Ұлт тағдыры" қозғалысы бiр кезде "ов", "ова" жалғауын алып тастауға байланысты үндеу жариялаған-ды. Бұл жобаның алғашқы баспалдағын кәмелеттiк жасқа толып, төлқұжатқа ие болатын мектеп бiтiрушiлерден бастауды да ұсынды. Естiгенде "мынау бiр кәдiмгiдей ойланатын мәселе ғой, "ов", "ев" -тан құтылудың жолы алыста емес екен" деп қуанып қалғанбыз. Бiрақ бұл үндеудi қолдап, демеп жiберетiндер аз болған секiлдi. Бiр айта кетерлiгi, осы мәселенi сонау 1913-1918 жылдары жарық көрген "Қазақ" газетi де көтерген. Мәселен, "Ов" туралы" атты мақалада: "Газеттiң 102-нөмiрiнде студент Ыдырыс Оразалыұғлының осы күнi фамилия жазғанда қосылып жүрген орысша "ов", "ова"-ны тастап, оның орнына "ұғлы", "қызы" деп жазу тиiс. Ал ендi үлкен ата яки баба жазылғанда олардың аяғына еш нәрсе жалғаудың қажетi жоқ. Қазақтың тiлiнде түбiнде еркек пен ұрғашы айырылмағандықтан мұнда да оның керегi жоқ. Оны өз атынан-ақ айыруға болады" деген пiкiрi басылған. Алайда, газет басқармасы бұл пкiрдi мақұл көрсе де, фамилия орнына үлкен әке яки баба жазылғанда "ұғлы", "қызы" деп жазудың ыңғайсыздығын айтып, мұндай орында үлкен әке яки бабаның аяғына еш нәрсе қосылмай-ақ жазылса, қалай болар" деген пiкiрiн көрсеткен. Осы мақаладан кейiн "Қазақ" газетi ұжымына көптеген ұсыныстар түсiп, қызу пiкiр-талас алаңына айналған. Бiреуi — "ов" орнына "и", "ова" орнына "ие" жазуы тиiс, ал өз әкесiн жазғанда "ұғлы", "қызы" деп жазар десе, Жармұхамед Болатұғлы да мұны қоштап, "бiрақ "и", мен "ие"-нi арабша, жат тiл десек, түрiкше "лу", "ли" дегендi алу лайық болмас па?", — дейдi. "Желкек" атты оқырман: "ов" пен "ованы" қалдыру тиiс. Еркек пен әйелдi айыру үшiн бiреуiнiң аяғына ешнәрсе қоспай айтармыз" дегендi бiлдiрген. Нығметолла Күзембаев: "Әкенi жазғанда "ұлы" (ұғлы емес) немесе "қызы" деу керек. Үлкен әкенi яки бабаны жазғанда аяғына еш нәрсе қоспау лайық" деген ойларын ашық айтқан. Дегенмен, бұл пiкiрлерге тағылған сын да жоқ емес. "Шын қазақша айтқанда, Оразалының Ыдырысы деп жазу керек едi, бiрақ бiз өзге халықтарға елiктеп, әуелi атымызды, онан кейiн фамилия жазып жүрмiз. Сондықтан бұл үйренiстi бұзбай-ақ орысша "ов", "ова", "ин", "ина" -ны тастап, мұнан кейiн "ұғлы", "қызы", "қатыны" деп жазуды лайық көремiз. Мұны жазушылар да ескеруi лайық. Бұл туралы ендi еш нәрсе басылмайды" деген сын басылыпты. Не десек те, "ов", "ева" туралы мәселе бүгiн де өзектiлiгiн жойған жоқ. Сол кездiң өзiнде арыстарымыз Қазақ елi, мемлекетi бодандықтың қамытынан шықпағанына қарамастан, "мемлекеттiк тiл" деп күйiп-пiсiп, жанын пида еттi. Нәубет заманында мұны жазып, көтерудiң өзi — ерлiк. Ал қазiргi қоғамда тiлге қатысты мәселе анау-мынау емес, биiк мiнберлерден айтылады да, сөз жүзiнде қалып қояды.
Құдайға шүкiр, өз ықтиярымен тегiн қазақы атқа лайықтандырып жатқандар баршылық. Онсыз қанымызға әбден сiңiсiп кеткен орыс тiлiнiң бұғауынан өздiгiмiзден құтылып шыға алмайтынымыз тағы белгiлi.
Ал Эстония мемлекетi де орыс тiлiнен құтылу үшiн бар күшiн салуда. 2007 жылдан бастап орыс мектептерiн бiртiндеп эстон тiлiне көшiре бастауы да игi бастама. "Мектеп реформасы — 2007" бағдарламасы аясында орыс мектептерiнде эстон-орыс тiлiндегi пәндер 60х40-ты құрап, барлық қолға алған шара эстон тiлiнiң қолдану аясын кеңейтуге бағытталды. Соған байланысты эстон тiлiндегi оқулықтар мен әдеби кiтаптарды шығаруға қаржы қарастырылып, бүгiнде тiптi, оқушы қолына тиiп те үлгердi. Бiрақ, әр жаңа бастаманың кемшiлiгi болатыны секiлдi, эстон тiлiн жетiк бiлетiн бiлiктi мұғалiмдер тапшылығы керi әсерiн тигiзбей қоймайды. Сондықтан сабақ үстiнде орыс тiлiн эстон тiлiне аударуды мойнына алатын аудармашы қызметiне ақша бөлу жобасы да сөз болуда. Ал ата-ана қауымы оқудың қиындап кететiнiн айта келiп, "Қазiр орыс мектебiн бiтiрушiлер эстон тiлiнде дәрiс алатын жоғары оқу орындарына түсiп-ақ, сол тiлде тәмамдап жатыр. Бұл сонда тiлдi дамыту болып табылмай ма?" дегендi алға тартқанмен, елдiң саясаты мүлдем басқа.
Демек, кез келген мемлекет өз тiлiнiң көсегесiн көгертiп, мәртебесiн асқақтату жолында азды-көптi әрекет жасап бағуда. Тiптi, қай-қайсысынан там-тұмдап болса да, үлгi алуға боларлықтай. Жасыратыны жоқ, "тiл" мәселесi тәуелсiздiк алған әрбiр елдiң алдынан көсе-көлденең шыққаны рас. Соның iшiнде Қазақстанның да "мемлекеттiк тiл" деп биiк мiнберлер мен қоғамдық ортада жағы талмай жырлап келе жатқаны қашан. Бiрақ әлi де айтарлықтай нәтиже көрiнер емес. Ел тiзгiнiн берiк ұстанған билiк басындағылар да, ел болашағын сенiмдi түрде қабылдап алатын жастар да, тiптi, өмiр сүрiп отырған орта да орыс тiлiне бейiмделiп кеткендiгi соншалық, әлi сол құрсаудан өздiгiнен босанып шығуға еш асықпайтын сияқты. Әйтеуiр, тiлдi үйренуге қыруар ақша бөлiнiп жатқанына мәзбiз. Алайда, басқа ұлт өкiлдерi тұрмақ, қандас, жерлестерiмiздiң өзi мемлекеттiк тiлге қырын қарайтынына қарап қарның ашады. Ал бiлiм ошақтарына келгенде елiмiздiң қайсыбiр аймағында болсын, орыс тiлдi немесе аралас мектептердiң өмiршеңдiгiне қарап ерiксiз таңдай қағасыз. Бәрiн бiр тiлдiлiкке бағыттау қажеттiгiн қанша айтсақ та, нақты жүйелi түрде iске асыруға келгенде, тартыншақтайтынымыз бар. Осындайда "Көз қорқақ, қол батыр" деген аталы сөздi ескермейтiнiмiз өкiнiштi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ