Маңғыстау облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Нақтылап айтсақ, Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен, «СОБР» арнайы жасағының және «Кира» есімді қызметтік иттің қатысуымен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар тұлғаларды анықтау және ұстау бойынша ауқымды операция жүргізген. Нәтижесінде Ақтау қаласында есірткі заттарын сақтап, таратумен айналысқан 3 күдікті ұсталды.
Бірнеше мекенжайды тінту барысында полицейлер ірі көлемдегі марихуана тәркілеген. Сонымен қатар, электронды таразылар, орау материалдары мен пневматикалық қару табылды.
Қосымша тергеу амалдары кезінде ұсталғандардың бірінің тұрғылықты үйінің жертөлесінен төрт қорапқа салынған, салмағы 100 келіден асатын марихуана жасырылған қойма анықталған.
– Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 196 келіні құрады. Сот-химиялық сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың марихуана екені анықталды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот шешімімен күдіктілер екі ай мерзімге тергеу изоляторына қамауға алынды, – делінген хабарламада.