Смағұл ЕЛУБАЙ: ҚАЗАҚҚА ТЕЗ АРАДА ОЯНУ КЕРЕК

Смағұл ЕЛУБАЙ: ҚАЗАҚҚА ТЕЗ АРАДА ОЯНУ КЕРЕК

Смағұл ЕЛУБАЙ: ҚАЗАҚҚА ТЕЗ АРАДА ОЯНУ КЕРЕК
ашық дереккөзі

Смағұл Елубайдың қаламгерлiгiмен қатар, қайраткерлiгiмен де есiмi ерекшеленедi. Әсiресе, «тiл» десе бiлек сыбана ұмтылатын Смағұл аға қай жерде тiлдiң жыры сөз болады, сол жерден табылады. Ұлттың, мемлекеттiң iсi десе, көз жұмып қарай алмайтыны тағы бар. Қаламгердiң алпысқа толған мерейтойы қарсаңында жолығып, тағы да бiр рет Ұлт, Мемлекет, Тiл туралы әңгiмелескен едiк.

– Смағұл аға, Құдайға шүкiр, бiз еркiн, азат елмiз. Бiрақ, соған қарамастан, санамыз әлi күнге азат емес. Әлде бiзге әлi де халықты ояту үшiн тағы «Оян, қазақты» айту жетпей жатыр ма?

– Мынау жетпiс жылға созылған коммунистiк идеология шынын айтқанда, қазақ халқына қарсы геноцид болды дегiм келедi. Қазақтың тiлiне, өзiне, дiлiне қарсы. Содан кейiн әлемде талай империялар, талай озбыр отаршылдар болған шығар. Ал кеңестiк отаршылдық солардың iшiндегi ең сорақысы болды. Екi жүздiсi деп айту аз, одан да көп жүздiсi болды. Оның себебiн айтайын, бұлар жұрт алдайтын жалаң, сұрқия, сұмпайы ұрандар көтердi. Байларды «сендердiң есептерiңнен байыды» деп, қара халықты алдап, халықтың жартысын қырып тастады. Байлар деп жүргенi аздаған кара-құрасы бар соры қайнағандар болатын. Олар кулақтардың қатарына кiрiп атылды да кеттi, кешегi күнi. Адамның жан түкпiрiнде жатқан бiр қара күштердi оятты кеңестiк идеология. Бiреудiң малына, бiреудiң жиған мүлкiне көз тiгудi кешегi отызыншы жылдар қалыптастырды. Құлдық психологиялық апатты халық бастан кешiрдi. Билiк «малы бардың бәрi сендердiң жауларың» деп айтты. Сөйтiп, халықты бiр-бiрiне айдап салып, бiр-бiрiне қырғызды. Халқымыздың менталитетiнде жоқ, тамырында, тегiнде жоқ, «бiреудiң ала жiбiн аттамаймын» деген қазақ, ала жiптi аттамақ түгiлi, ақ жiптi де аттап кеттi, қара жiп былай тұрсын. Бұл идеологияның сорақылығы сол, жұртты соған сендiрдi. Сауатсыз, қараңғы, ауылдағы қазақ соның қолшоқпарына айналды. Тiптi, бауырына дейiн аямады. Павлик Морозов, Болатбектер шықты әкесiн ұстап беретiн. Сатқын ұрпақ пайда болды. Олар Құранның үстiнде биледi. Араб алфавитiмен жазылған бүкiл мәдениетiмiздi рахаттанып тұрып өртейтiн ұрпақ пайда болды. Бұл сұмдық геноцид едi, бұл сұмдық халықты азғындату едi. Жұрттың маңдай терiмен жиған малын тартып алудан ешкiм байыған жоқ, керiсiнше, бәрi балшыққа отырды. Жаңағы байлардың мал-мүлкiн тартып жегендер ақырында аштан өлдi. Олар қаңғып кеттi. Сұмдықтың, сорақылықтың көкесi осыдан шықты. Iскер, бiлiмдi адамдардың бәрiн көзiн жойды. Нәтижесiнде 31-33 жылдардағы ашаршылық келдi. Мiнеки, сұрқия коммунистiк саясаттың iстеген тiрлiгi осы. Тоқсаныншы жылдардың басында коммунистiк партияға символикалық түрде болса да, сот ұйымдастыруымыз, соттауымыз керек едi. Қазақстанда заңнан тыс деп жариялау керек едi бұл партияны. Ең болмағанда, ол партия төрт миллион қырылған қазаққа жауап беруi керек едi. Әрине, бiз ешкiмдi түрмеге тығайын деп отырған жоқпыз. Тым құрығанда, Қазақстанда коммунистiк партияға тыйым салу керек едi. Қырылған төрт миллион халықтың қаны осы коммунистiк идеологияның мойнында. Отызыншы жылдардағы азамат соғысы да осылардың мойнында. Алдымен халықты бiр-бiрiмен айдап салды, Азамат соғысын жасады, соңында ашаршылыққа ұшыратты. 6 миллион халықтың 1 млн. 900 000 қалды. Қырылғаннан қалғаны шет елге қашты. Мұндай коммунистiк империядай сорақы заман ешқашанда болған емес. Тiптi, патша заманындағы саясатпен де жылап көрiсетiндей жағдайға жеттiк. Шын мәнiнде, патша заманында бұлай қырмаған. Рас, қазақ жерiнде жұт болды. Жұт дегенiңiз, бiр рудың ғана көлемiнде болды. Ал, жаппай қырылу, қолдан жасалған ашаршылық болған жоқ. Сталиннiң: «Так и надо желтым заразам» деп, айтқан сөзi бар. Азиялықтарды айтып отыр. Яғни, Сталин бұл халықтың қырылуына мүдделi болды. Рысқұловтың үш рет жазған хатына да құлақ қоймауы осының дәлелi. Сөйтiп, санамыздан айырды, белiмiздi сындырды, рухани омыртқамызды опырды. 32-33-тен шыққан халық, өз баласын өзi жеуге дейiн барған халық көп нәрседен айрылып қалды. Яғни, рухани, моральдiк бел омыртқасы сынып шықты. Бел омыртқасы сынған халық кесiртке сияқты қиралаңдап, еңсесiн көтере алмай қалды. Содан кейiн, қалай айдаса солай жүрдi. Ары қарай тiлiн, дiнiн қорғамақ түгiл, өзiн-өзi ұмытты. Содан әрi «тың игеру» дедi де, бос жатқан жерлерге екi миллиондай келiмсектердi әкелiп қоныстандырды. Содан кейiн «сен азсың» дегендi шығарды. Қазақты жақсы қызметке жiбермедi, үлкен зауыттарға жұмыс iстетпедi, билiкке шығармады. Тәжiрибелi жұмысшы болса оянып кетедi деп қорықты. Сондықтан, оларға қазақтың мал бағып, қойдың соңында жүруi тиiмдiрек болды. 60-80 жылдар аралығында жаппай орыстану саясаты жүрдi. Және бiздiң элитамыз, орыстануға сендi. Қазақ халқында болашақ болады дегенге сенбедi. Соны ұран қылып көтердi. Олардың кейбiрiнде азаттықты iштей қалағандары да бар шығар, бiрақ, коммунистiк идеологияға қарсы, тырп ете алмады. Соның нәтижесiн бүгiн көрiп жатырмыз. Халықтың жартысы орыстанды. Осыдан кейiн, ұлт бола аламыз ба, жоқ па дегенге әлi күнге дейiн күдiктенем. Орыстанған адам өлең жазса, соған мәз болатын болдық. Мұның өзi идеология емес пе? Олар өз идеологиясын теңдiк деп жасады. Қайдағы теңдiк? Жүзден аса тiл жоғалып кеттi. Халықтар бiрiнен кейiн, бiрi жұтылып жатты. Орыс тiлi жұтып жатты. Өз тiлiмiздi бiз қорғасақ, бiз ұлтшыл боламыз да, орыстар өз тiлiн қорғаса, патриот болды. Осындай идеология жүргiзген советтiк заманмен есеп айырысуға барлық қаламгерлер жұмылуы керек. Кеше бiр депутат: «Қазақстанда, яғни Астанада Ленин ескерткiшiн орнату керек» деп сандырақтайды. Ол мұның қаншалықты дәрежеде санасын кеңестiк идеология улағанын көрсетедi. Ол идеологияның уламаған адамы жоқ. Бiз де уландық. Халқымыздың жартысын қырып жатса да, сол идеологияға имандай сендiк. Бұл коммунистiк идеологияның қалдырып кеткен «жемiстерi». Коммунистiк идеологияның мақсаты да осы болатын. Және сол мақсатына жеттi. Сол мақсатта тәрбиеленген ұрпақтар бiздiң арамызда да жүр. Немiстер, кәрiстер, өзге ұлт өкiлдерi емес, бiздiң жағамызды жыртып, тiлiмiзге қарсы болып жатқандар да өзiмiздiң қазақтар. Бұрын-соңды болмаған кеңестiк идеологияның сорақылықтарымен бетпе-бет келдiк. Бұрындары мұндай нәрселердi айту мүмкiн емес едi. «Ғажайып қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз, совет елiнiң ұланымыз» дегендi мақтанып айтатын едiк. Тiлiмiз, дiлiмiз құрып жатса да, мәз болып қол шапалақтап жүретiнбiз. Мiне, коммунистiк идеологияға көз жұмып қызмет еткендердi ұнатпайтынымыз да сондықтан.

– Коммунистiк идея дегеннен шығады, жалпы осы идеяның салқыны тимеген кiшi халықтардың арасында ұлт қалмады. Бiрақ, олардың ешқайсысы дәл бiздiң ұлт сияқты ұсақтанып кете қойған жоқ. Оның сыры неде?

– Өйткенi, олардың ешқайсысы да өз етiн өзi жеген жоқ.

– Демек, бiздiң халық көрген сорақылықтарды олар бастан кешкен жоқ дейсiз ғой…

– Бастан кешкен жоқ. Басқа халықтардың ешқайсысында халқының жартысы аштан қырылып, бел омыртқасы омырылып, төрт тағандап, қоңыз терiп кеткендерi жоқ.

– Кеңестiк саясат неге соншама қазаққа өшiктi екен?! Әлде қазақтан ала алмай жүрген өшi болды ма?

– Өйткенi, қазақтың жерi кең. Ресеймен шекаралас халық болған соң, оның жерi ашкөздерге керек едi.. Керек болғанына тәуелсiздiк алғаннан кейiн көзiмiз жеттi. Сталиндiк билiкке қазақтың қырылып қалғаны керектi. Ол мақсатына жете алмай қалды. Бiрақ, төрт миллион қазақты жер жастандырды. Бұл санды мен Роберт Конгьестiң шет елде жариялаған кiтабынан алып отырмын. Бiзге келген кезде кiтапты 1 млн. деп өзгертiп жiберген. Оның тұпнұсқасын оқыған Хасан Оралтай осыны баспасөзде айтты. Мен соған сүйенiп айтып отырмын.

«Қазақ элитасы тәжiрибесiздiгiнiң жоқтығынан бiраз кемшiлiктер жiберiп алды»

– Тәуелсiздiк алғанымызға да он бес жылдай уақыт болды. Осы он бес жылда бәрiн қайтарып алу мүмкiн емес шығар, бiрақ, жоғалтқанымызды аздап болса да, түгендеуiмiзге болар едi ғой. Тiлiмiздi, ұлттық құндылықтарымызды…

– Қазақ элитасы бұған дейiн тәуелсiз мемлекет құрған емес едi. Мұндай тарихи миссияны атқарған Қазақстанда адам болмады. Керiсiнше, бәрiмiзде Ресейге құлдық ұрған, сол саясаттың қамшысы өтiп кеткен, сонымен күн көрген, сонымен қалыптасқан, жалтақ қазақ элитасы болдық. Тәуелсiздiктiң өзiне елдiң бәрi бөлiнiп кеткеннен кейiн, соңында қол жеткiздiк. Соның өзiнде ком. партияны басқарып жүрген бiр ағамыз «Кiмнен тәуелсiздiк аламыз?»деп айғайлаған болатын. Шынына келгенде бiраз қазаққа тәуелсiздiк керек жоқ екен. Құл болған ыңғайлы болса керек. Сiбiр халықтары сияқты Иван атанып жүру ыңғайлы болды. Бұл элитаға сiлкiну керек. Қазақ мемлекетiнiң басшылығына ендiгi кезекте коммунистiк идеологиядан азат, құлдық теперiштi көрмеген адамдар керек. Бұл жерде, Қазақстанды осы кезге дейiн алып келген республика басшыларын кiнәлайын деп отырғам жоқ. Олардың тарихи еңбегi өте зор. Бiздi қор қылған, империялық отарлықтың тiлiн бiлетiн адамдар болды. Мұны бiлмесең де сорлайтынсың. Тәуелсiз елмiз деп шоқпар ала жүргендердiң бәрi трагедиямен аяқталғанын өздерiңiз де көрiп отырсыздар. Бiздiң басшылықтың сақ саясатының арқасында аман-есен қазiргi жағдайға жеткенiмiзге шүкiр деуiмiз керек. Бiрақ, қазақ элитасының тәуелсiздiктi жүргiзуде тәжiрибесiнiң жоқтығынан бiраз қателiктер жiберiп алдық. Мысалы, ә деп тәуелсiздiк алған бойда, кiмнен, қалай алғанымыз туралы, қазақ мемлекетiнiң тәуелсiздiгi, қазақ ұлтының тәуелсiздiгi деп айтуымыз керек едi. Бұл қазақ ұлтының отарлықтың салдарынан құтылуы үшiн қажет едi. Оның салдарлары тiлiмiзде, дiнiмiзде әлi келе жатыр. Қазақ ұлтын отарсыздандыру бағдарламасы қабылдануы керек едi. Ол бағдарламада, ең бiрiншi жазылатын нәрсе мынау болуы керек. Қазақстанда екi жүз рет Ресей отаршылдарына қарсы күрес болды. Бұл күрестiң салдарлары кiмнiң басында қалды? Қазақстандағы өзге ұлттың басына емес, қазақтың басына түстi. Сол басқа түскен ауыртпалықтардан бiрте-бiрте арылу бағдарламасы жасалу керек едi. Рас, экономикамыз қалыптасты, шекара мәселесi шешiлдi, бiрақ, рухани түлеуiмiз артта қалды. Экономика да, мәдениет те қатар жүруi керек едi. Кеңес одағының кезiндегi жақсы дәстүрлердiң өзiнен айрылып қалдық. Қазiр ауылдарға кiтап бармайтын дәрежеге жеттiк. Бұл масқара жағдай. Мемлекеттiк хатшы лауазымына қосымша өкiлеттiлiк берiп, бiз айтып отырған саланы қадағалауына толық жағдай жасауымыз қажет. Бұл мықты команда болуы керек. Идеологияны басқаратын адам Президенттен кейiн тұру керек. Экономиканы басқаратын адам билiк иерархиясында үшiншi тұрады ғой, идеологияны басқаратын адам одан да жоғары тұруы қажет деп ойлаймын. Өйтпеген жағдайда, бiз неше түрлi сорақылықтарға кезек беремiз.

«Бiзге орыстанған да, еуропаланған да емес, қазақыланған басшылар керек»

– Ақпараттық диверсия туралы Мұхтар ағамыз өткенде Парламентте әңгiме қозғады. Ол кiсiнiң мәлiметiне қарағанда, елiмiзде Ресейдiң мыңдаған басылымдары таралады екен. Ал Қазақстанда шығатын қазақ тiлдi басылымдардың саны оның үштен бiрiне жетпейдi…

– Бiз азаттық алғаннан кейiн, бұл сала ушығып кеткен сияқты. Газет-журнал сататын дүңгiршектердi, кiтап сататын дүкендердi қараңыз… Совет заманында сексен пайызға дейiн қазақ теледидары қазақша беретiн едi. Қазiр керiсiнше… Бiзде, бес жүздей қазақ газетi шығады, бес мыңнан аса Ресейдiң басылымдары таралады. Мұндай пропорциямен тәуелсiздiктi қалай сақтап қала аламыз?! Тәуелсiз сананы қалай қалыптастырамыз?! Санасы тәуелсiз емес ұрпақ қалай сақтап қалады?! Тәуелсiздiк үшiн басын құрбан ететiн ұрпақ пайда болуы керек. Қазақ тiлiндегi хабарларды түнге қойып отырған телеарналар империялық астамшылдықты әлi жүргiзiп келе жатыр дегiм келедi. Тiлiмiздi қорлағаны – елдi қорлағаны. Бұл – бүкiл қазақ зиялыларының ашу-ызасын келтiрiп отыр. Бұл жақсылыққа апармайды. Осындай жағдай жасап отырған телевизияның күндердiң күнiнде күлi көкке ұшуы мүмкiн. Ондай телеарна басшылығы қазақ мемлекетiнiң тұрақтылығына бомба қойып отыр деуге келедi.

– Сiздiң элита кеңестiк тәрбиенiң шекпенiнен шықса, бүгiнгi элита еуропаланып барады. Бұл да қазақ ұлты үшiн күнi ертең қасiретке айналмай ма?

– Он бес жыл бойы ел басқарған Президентiмiзге кiнә артқалы отырғам жоқ. Шын мәнiнде Елбасымыз тепе-теңдiктi тең сақтай отырып, елiмiздi аман алып келедi. Расында да ең үлкен бомба Қазақстан болатын. Кезiнде Бжезинский айтқан: «Орта Азия талқан болады» деген.. Талқан болған елдер де болды. Қазақстанның Құдайға шүкiр, қазаны шайқалмай аман-есен, келуiнiң өзi Президентiмiз жүргiзген сарабдал саясатының арқасы деп бiлем. Бұдан кейiн Қазақстан басшылығына жаңа ұрпақтың келетiнi белгiлi. Жаңағы сiз айтқан еуропаланған ұрпақ та қауiптi. Олардың орыстанған ұрпақтан несi артық?! Бiздiң орыстанбағанымыз кемде-кем ғой. Бiз барлық ақпаратты Ресейдiң бес мың ақпарат көздерiнен аламыз. Өйткенi, бiр көзiңiздi жапсаңыз, екiншi көзiңiзбен көресiз, бiр құлағыңызды жапсаңыз, екiншiсi естидi. Бiздi орыс ақпарат құралдары, Ресей идеологиясы күннен-күнге санамызды шырмап жатыр. Сондықтан бiзге ендiгi жерде еуропаланған да емес, орыстанған емес, қазақыланған басшылар керек. Бiрақ, ол басшылар орыстың да мәдениетiн бiлетiн, Еуропамен де тыныс алған сарабдал адам болуы қажет.

«Қазақ телевизиясы қазақ тәуелсiздiгiне қызмет етуi керек»

– Сiздiң киностудияға қызметке келгенiңiздi естiдiк. Бiздiң қазiргi қазақ киносы туралы сын көп. Қазақ киносының кешеуiлдеп дамып жатқаны да рас. Жылына қанша фильмдi киностудия түсiргенiмен оны ешкiм көрiп жатқан жоқ.

– Бұл экранның ұлт тағдырындағы рөлiн ұқпай, замануи ұлт болу да, мемлекет болу да мүмкiн емес. Осыны зерделейтiн, осыны ұғатын, басшылыққа алатын кезiмiзден сәл-пәл өтiп кеттiк, кешiктiк. Осыны ә дегеннен қолға алуы керек едi. Кез-келген жерде, билiктi қолға алған кезде телевидениенi қолға алады ғой. Телевизияны қай билiк қолға алады, соның айтқаны болады. Тәуелсiздiк жарияладық, бiрақ қазақ телевизиясы қазақтың емес, Ресейдiң телевидениесiнен не айырмашылығы бар? Күнi-түнi неге солардың дүниелерiн көрсетуге тиiспiз. Кеше ғана «Қазақстан» телеарнасы тәуелсiз мемлекеттiң ұлттық арнасына ұқсап едi, ол да қазақтарға ұнамай қалды. Жақшаның iшiндегi қазақтарға. Қазақ ұлты бар да, қазақтың ұлттық идеологиясын жасайтын телеарна дүниеге келедi. Бiз келтiрмесек, басқа ұрпақ әкеледi. Орыстың мұңын Ресей жырлап жатыр, кәрiстiң мұңын екi кәрiс мемлекетi жырлап жатыр. Қазақтың тiлiн, қазақтың мұңын, жырын кiм жырлайды?! Сондықтан да, Қазақстандағы телеарналар қазақтың мұңын жырлауы тиiс. Онсыз бiз жақсылыққа бара алмаймыз. Қазақтың киносына келер болсақ, экранның ең үлкен формасы – фильмдер. Осы фильмдердi дамыту арқылы экранды жаулай аламыз. Үкiмет ақшаны фильмдерге құю керек. «Қазақфильм» фильм түсiруге дайын. Ақша болса, телесериалдар түсiруге де дайын. Тұңғыш рет өз күшiмiзбен, «Перiште бала» деген жетi сериалдық фильм дайындап болдық. Яғни, Қазақстан халқы шет ел идеологиясын, шет ел менталитетiн, моралiн жұта бермей, өзiнiң ұлттық киноөнiмдерiн көруге тиiс. Ол үшiн көп қаржы керек. Қаржы бөлiнсе, «Қазақфильмде» үлкен техникалық база бар. Ондай база Орта Азияда ешбiр мемлекетте жоқ. «Қазақфильмдi» күшейтуге күш салу керек. Бiр Үндiстанда жылына алты жүзге жуық фильм түсiрiледi. Ресейде екi жүзге дейiн түсiрiп жатыр. Бұл өзiмiздiң экранымызды өзiмiз жаулап ала алмай отырмыз. Қазақ экраны, телеарнасы түгел қазақ тәуелсiздiгiне жұмыс iстеуi керек.

– Ұлттық идеологияны насихаттауда киноның да рөлi жоғары деп жатырмыз. Ұлттық бояуы аңқыған, ұлттық құндылықтарды сақтаған фильм түсiру үшiн де оған маман керек. Бiзде ондай мамандар бар ма?

– Оның рас. Қазiр өте талантты жас буын келiп жатыр. Сатыбалды Нарымбетов, Дәмiр Манабай, Дәрiжан Өмiрбаев сияқты режиссерлерiмiздiң өзi ақсақалдар болып қалды. Рүстем Әбдiрашев, Жаңабек Жетiруов, Абай Құлбаев, Серiк Өтепбергенов сияқты жастарымыз керемет-керемет фильмдер аяқтады. Олар экранға шығуға дайын. Дәрiжан Өмiрбаевтың «Шұға» атты фильмi аяқталудың аз-ақ алдында. Анна Каренинаның тарихы Мәскеу мен Петербургтiң арасында өтсе, сол сюжеттi қазақтың топырағына алып келiп, оқиға Астана мен Алматы арасында өтетiн қазақ интеллигенциясы туралы бүгiнгi заманға лайықты, сұлу сезiмдерiмiз, жастарымыз туралы фильм түсiрiп шығарды. Абай Құлбаев болса «Шымшық» атты үлкен проблемалы фильм түсiрдi. Әке-шешесi ажырасып кетiп, жалғыз қалған жетiм қыздың тағдырын бейнелейтiн, опалаң заманның бейнесiн кескiндеген сұмдық мұңды фильм. Мұны да бiз ұялмай кез келген кинофестивальдерге апарып көрсете аламыз.

– Ол фильмдер қай тiлде түсiрiлiп жатыр?

– Екеуi де орыс тiлiнде. Өкiнiшке қарай, киноға көбiне Алматы мен Астанада бiлiм алған қазақ балалары мен қыздары барады. Ауыл баласына қарағанда, олардың мүмкiндiгi жоғары. Олар қалада туғаннан кейiн, қала туралы фильмдер түсiредi. Жақсы түсiргендiктен, соған да шүкiр деп отырмыз. Ауылда туған балалардың iшiнде Жаңабек Жетiруов ғана. Соған үмiт артып отырмыз. Осы талантты жiгiттерiмiзге қарап, қазақ киносының болашағына сенуiмiзге болады. Бiр олқылығымыз да бар. Бiздiң толып жатқан тарихи дастандарымыз, эпостық жырларымыз бар. Өкiнiшке қарай, соған тiсiмiз батпай отыр. Оған ауыз әдебиетiнiң шалқар мұхитынан сусындаған, ХХ ғасырдың ортасына дейiн жеткен көшпендiлер мәдениетiнiң толқынына бiр-екi рет сүңгiп шыққан мықты талантты жастар керек. Бұлардың көбi көшпендiлер мұхитына сүңги алмаған, қаланың кiшкентай бұлақтарынан сусындаған жастар. Көшпендiлер мұхитының құлашы кең. Ондай кең құлашты дүниелер беруi үшiн, олардың да құлашы кең болуы керек. Мiнеки, бiздiң үлкен кемшiлiгiмiз осы.

– Сiз айтып отырған фильмдердiң көбiнiң аттарын естiгенiмiз болмаса, көре алмаймыз. Өйткенi, Қазақстанда прокат мәселесi қалыптаспаған. Бар болған күнде де қазақ фильмдерiнiң құны төмен…

– Кино туралы заң дайындалып жатыр. Шет елдiк кино экспансиясынан құтылу үшiн бiз сияқты мемлекеттер кино туралы қатаң заң шығарады да, шет ел блокбастерлерiн жiберген кезде, пәленбай процентiн өздерiнiң ұлттық киносына аударады. Отандық кинодан ешнәрсе алмайды. Бiзде де прокатты дәл осыған мүдделi ету керек. Ол үшiн қатаң Заң керек. Кино прокатымыз әлi күнге өзге тiлде сайрап тұр. Сол өзге тiлде көрсетiлген фильмдердi күнiне жүздеген мың жастарымыз көрдi. Прокатты қазақшалау керек. Өйтпеген күнде тiлдiң болашағы болмайды. Экраның қандай болса, ұлтың да сондай.

«Олар ақшаға қазақтың санасын сатып алып жатыр»

– Елдi мәңгүрттендiрудiң тағы бiр жолы, дiнiнен айыру боп тұр. Елiмiзде дiни секталар жылдан-жылға құлашын кеңге жайып барады. Әсiресе, бұл дiни секталардың насихаты қазақша жүргiзiлiп жатқанына таң қаласың… Бұл да ұлтты азғындатудың бiр жолы деп ойламайсыз ба?

– Дiнге төрт құбыламызды ашып тастағанымыз болды. Ал, олай болмауы керек едi. Тек қана дәстүрлi дiндерге есiк ашуымыз керек болатын. Қалғанына есiктi жабу керек едi. Арасында еш жерде абырой таппаған дiни секталар бар. Ошақ басын талқандайтын, баланы әкеден айыратын, қызды шешеден айыратын, халықты ұрпақтан айыратын дiни секталар да бар. Мұндай секталарға неге есiк ашатынымызды түсiнбеймiн?! Бұл не деген жалпақшешейлiк? Бiр қазақ екi-үш дiнге бөлiнетiн болса, онда өлгенде моласы да бөлек болмай ма? Олардың тiрiде басы қалай қосылады?! Керiсiнше жау болып жатыр бiр-бiрiне. Жуырда бiр суретшi ағамыз: «Әйелiмнiң сiңлiсi иегова куәгерi болып кетiп, үйiмiзге күнде келiп, талқан қып кетедi. «Сендер неге басқа дiнге сенесiңдер, неге бұл дiнге кiрмейсiңдер» деп ұрыс-керiс шығарады. Ошағымыздың басында осындай қасiретке ұшырадық» деп, жылағандай болды. Бұл бiр ғана адамның басында болып жатқан жағдай емес. Жүздеген, мыңдаған адамның басындағы қасiрет болуы да мүмкiн. Өйткенi, бес жүз мың қазақ шоқынды деген сөз бар. Ең әдiлетсiздiгi, олар ақшаға қазақтың санасын сатып алып жатыр. Ақша болғанда да тиынға сатып алып жатыр. Осы үшiн кез келген дiни сектаны заң бойынша жауып тастауға болар едi ғой. Дiндi қабылдауға адамдардың өзi ерiктi, оны сатып алуға болмайды. Бұлардың артында тұрған ақша бүкiл Қазақстанды сатып алуға жетедi. Басқамен күресуге болады, ақшамен күресу қиын. Өйткенi, кембағал халқыңыз жүз доллар берсе, сайтанның да дiнiне кiрiп кетуге дайын.

– Бiздiң дiни басқарманың дәл осы секталар сияқты кiтаптар шығарып, тегiн таратып, насихаттауына болар едi ғой, әлде ол да қаржыға тiреле ме?

– Сенiң жолыңды кес-кестеп, өзiнiң сектасын насихаттап жүргендердiң бәрiнiң артында қаржы тұр. Қазақ халқын түгел шоқындыру туралы жоспар бар дейдi ғой. Мәселен, елу миллион халқы бар Оңтүстiк Корея отыз жылда елу пайызға дейiн шоқынып кеттi. Бiз небәрi он миллион қазақпыз, бiз бiр он жылдың iшiнде-ақ шоқынып кете барамыз. Дiнiн өзгерткен халық тiлiн де өзгертедi. Мәдениетi өзгередi. Халық өзiнiң кiм екенiн бiлмей қалады?! Бiз өзiмiздiң тiзгiнiмiздi жинай алмай қалатын, шашылып қалатын халық болуға беттеп барамыз. Сондықтан, тiзгiнiмiздi нық ұстауымыз керек. Сырттан дiни бiр тиын кiргiзбеуге тырысу керек. Сонда үгiт-насихатпен жүргiзiп көрсiн. Сананы сатып алсын деген заң жоқ. Сана еркiндiгi, сана бостандығы бар. Сананы сатып алатын секталар елiмiзден аластатылсын.

– Өз ақпаратымызды өзiмiз билеу үшiн, тiлiмiздi қалыпқа келтiру үшiн, дiнiмiз бөлiнбеу үшiн қазаққа не iстеу қажет?

– Ол үшiн қазаққа тез арада ояну керек. Ұлттың санасын оятатын телевизиясы қазақ тәуелсiздiгiне жұмыс iстеуi керек. «Қазақстанда қан қақсап жүрген қазақ қой» дедi Герольд Бельгер. Дұрыс айтады. Қазақстанда қазақ проблемасын шешiп, санамызды отарсыздандырып, тәуелсiз қазақ ұлтын тез арада қалыптастырсақ, тiлiмiз де, дiнiмiз де қалпына келедi. Бұл жайлап жүргiзiлiп жатыр, мұны шапшаңдату керек. Үмiтiмiз бар, өйткенi, өз жерiмiзде отырмыз. Ешкiмге ұқсамайтын көшпендiлер мәдениетiнiң мұрагерiмiз. Бұлармен қатар, бiзге жаһандану дейтiн жалмауыз да келдi. Осының бәрiне қарсы қоятын, бiздiң экономикамыз емес, ұлттың ұлттық бетiн сақтап қалатын күшi – мәдениетi, тiлi, дiнi, менталитетi. Осыны түсiнсек, ХХI ғасырда қазақ ұлты болып қалыптасып, сақталып қала аламыз.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА