АТАМНЫҢ ЕРЛIГIН ҰМЫТПАЙМЫЗ!
АТАМНЫҢ ЕРЛIГIН ҰМЫТПАЙМЫЗ!
Бiз, яғни, бейбiт өмiрдiң өкiлi ретiнде аты құлаққа түрпiдей естiлетiн «соғыс» атауын тек кинодан, естелiк-қолжазбалар мен әдеби шығармалардан ғана оқып-бiлдiк. Сол арқылы сұм соғыста қаншама боздақтың, қанша шаңырақ иесiнiң, болашақ сүйген жардың «отбасы ошақ қасына» мәңгi оралмай, қыршынынан қиылып кеткенiн iштей сезiп, егiлдiк те. Көзбен көрiп, куә болмасақ та, шығарманың iшiне енiп кетiп, сол кездегi әбiгер күй кешкен ананың да, аңыраған қарт пен аш-жалаңаш баланың да бейнесi көз алдыңа көлбеңдеп шыға келедi. Әрқайсысының тағдыры бiр-бiр шығармаға арқау боларлықтай. Зұлмат соғыс қам көңiлсiз халықты беймезгiл қайғы-қасiретке соқтықтырып, талай жанның жүрегiн шымырлатып, көңiлдерiне қаяу мұң салды. Соның нәтижесiнде, қаншама отбасының шырқы бұзылып, жесiр ана мен жетiм бала қан жылап, iштей тынды…
… Атам Дүрмән 1938 жылы ел қатарлы соғысқа аттанған екен. Жаңа туған сәбиiмен қараша үйде жалғыз қалған апам да белдi бекем буып, ешбiр қиындыққа мойымай қарсы тұрыпты. «Ананың көңiлi балада» деп, қиын-қыстау кезеңде дүниеге келген әкемнiң аш құрсақ қалмауын ойлаған апам, жатпай-тұрмай диiрменге бидай тартып, одан нан жасап, жан баққанын жиi айтып отыратын. Ауылдағы көршi-қолаңның аш бала-шағасы да бiздiң үйден бiр қадам аттап шықпайтын болыпты. Әрине, бiзге қызық әрi күлкiлi болып көрiнгенмен, сол заманда адамдар мұның өзiне де тәубешiлiк еткенi шындық. Өйткенi, отбасындағы ер азаматтардың бәрiн соғысқа шығарып салған байғұс аналар бәрiне төзiп, Құдай қосқан зайыбының жоғын бiлдiрмей, ер азаматша ауыр жұмысқа араласып, маңдай терiмен еңбек етiп, бала-шағасын асырады. Ол кездегi халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-жағдайының өте төмен болғанын апамның әңгiмесi арқылы естiген болсам, кейiннен өсе келе кiтаптан оқыдым. Апам соғыс кезiндегi болған жағдайлар мен оқиғаларды ащы бiр тебiренiспен күңiрене айтатын. Ендi қайтсiн? Атам соғысқа аттанғалы ұзақ уақыт ешқандай хабар-ошар келмей, апамның жүрегiн ұзақ уақыт суыт ой жаралап жүрген. «Әйтеуiр, аман-есен оралсыншы…» деп тек жақсылыққа жорыған ана жүрегi бiр жаман нәрсенiң болатынын сезiктенсе де, сыр бермей жүре бердi. Сол жылы отбасына қайтып оралуды жаралы жүрегiнiң бiр бұрышына түйiп кеткен атама кiшкентай көзiнiң қарашығы – баласын екiншi мәрте көру бақытын жазбапты. Әкенiң ыстық алақанын сезбей, оның ықылас-мейiрiмiне бөленбей өскен әкем үш жасында тұлымдай жетiм қалды. Себебi, мыңдаған, миллиондаған жанның сай-сүйегiн сырқыратып, өксiгiн өршiткен соғыс менiң атамды да мәңгi сапарға алып кеттi. Қыстың суық та ашу қысқан аязы мен соғыс «сыйлаған» зардапты күндерде жесiр қалған апам мен әкем жұрттан бiр адым кейiн, бiр адым iлгерi өмiр сүрдi. Өмiр әкемдi әр нәрсеге зерделi, бейiмдi етiп, қатал тәрбиеледi. Еңбексiз оңайлықпен бiр үзiм нанның да табылмайтынын, қандай да бiр жақсылықтың кездейсоқ қарсы кездеспейтiнiн үйреттi. Қысқасы, ең жақын жандардан бiржола алыстатқан зұлмат соғыс жастардың ерiк-жiгерiнiң мұқалуына ерiк берген жоқ, керiсiнше, одан ары елiн, жерiн сүюге, қорғауға, патриоттыққа, отансүйгiштiкке баулыды.
… Елдiң тыныштығын алған соғыс ендi келмеске кеттi. Майдан алаңында шайқасып, жеңiске жеткендер мен көрер жарығы бар азаматтар Отаны – отбасына оралып қуанышқа бөлендi. Ал бетпе-бет қан төгiлген шайқаста намысты қолдан бермей, төсiн оққа төсеген батыр-азаматтар сол жолда құрбан болды. Әлбетте, батырдың ерлiгi еш ұмытылмайды. Оның iшiнде менiң атам да бар! Сонымен, құшақ жайысып, көрiсiп, әрi-сәрi болып жатқандардың қатарынан атамды кездестiрмеген апам ұзақ уақыт түн ұйқысын төрт бөлiп күтумен өткiзiптi. Бiрақ, атам сол кеткеннен молынан кетiптi ғой… Қазақтың салт-дәстүрiнде әмеңгерлiк деген заң барын да бiз тағы да кино, кiтаптан ғана бiлемiз. Мiне, осы қатаң дәстүр бойынша апамды атамның iнiсiне қосқан екен. Шынында, ел басына қауiп төнген заманда ер азаматсыз бала-шағаны асырау баз кешумен бiрдей екендiгi белгiлi. Тағдырдың маңдайға жазған тәлкегiне амалсыз көнген апам әкеме артынан еретiн қарындас сыйлады. «Жалғыздың үнi шықпас» дегендi бала кезiнен көңiлiне түйiп өскен әкем қарындасы – Базаркүл дүниеге келгенде қалай шаттанғанын апам мәз боп айтатын. Бұдан кейiн, әкем атамның жоқтығын бiлдiрмей, анасы мен қарындасы үшiн оқу iздеп, бiлiм алды, еңбек етiп, аямай тер төктi. Қолына алған әрбiр iсi еш нәтижесiз қалған жоқ.
…Әкемнiң осындай қажымас қайраты отбасылы болып, анасына немере сүйгiзу бақытын әкелдi. Апам әрқайсымызды алақанына салып, әлдилеп, өмiрден озғанша бағып-қақты. Тiптi, соңғы немересiнiң де маңдайын иiскеп, «Құлыным-ау» деп қолына алды. Әкемнiң бақытты отбасы – отағасы болғанына көзi жеттi. Бiрақ… бала жүрегi қашан да әкесiн iздеумен аласұрып жүрдi. Өзi асқар таудай әкем әлi күнге бала кезiнде көз алдында емiс-емiс қалып қойған әке бейнесiн ерiксiз әкеледi. «Қайран, әкем!» дейдi әркез есiне алып. Ал бiз — отын сөндiрмейтiн немерелерi атамызды төргi үйде iлiнiп тұрған суреттен ғана танимыз. 9-мамыр Жеңiс күнiнде «Бiздiң атамыз соғысқа қатысып, ерлiкпен қаза тапқан!» деп мақтанышпен айтамыз. Отбасы мүшелерi жиналып, бас қосқанда батыр-атамыздың әруағына құран бағыштап, дұға жасаймыз. Iлiнiп тұрған ақ-қара түстi фотосына қарап, «Қашан да жаныңыз жәннатта болғай!» деп айтуды өзiм бала кезден әдетке айналдырғанмын. Бүгiн, мiне, сәтi түскенде осы мiндетiмнен құтылғым келiп отыр.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ