САРКОЗИ ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI

САРКОЗИ ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI

САРКОЗИ ЖЕҢIСКЕ ЖЕТТI
ашық дереккөзі
519

Француздар елiндегi саяси науқан аяқталды. Бұрынғы министрмен сайысқа түскен Руаяль шаң қауып қалды. Саркозидiң жеңiске жететiнiн сарапшылар қауымы әлдеқашан болжап қойған. Ал қарсыластары кекетiп «Сарко» деп атап кеткен жаңа президенттен Франция халқы не күтедi?

«ЖУРНАЛИСТ БОЛСАМ ДЕП ЕДIМ…»

Франциядағы президенттiк сайлаудың екiншi кезеңi аяқталды. Сарапшылар қауымы саяси додада Руаяльмен бiрге бақ сынасқан Саркозидiң жеңiске жететiнiн алдын ала болжаған. Болжам орындалды. Францияның жаңа президентi — Николя Саркози. Әрине, дауыс беру нәтижесiне қалың жұртшылық тегiс риза десек, жалған сөйлегендiк болар едi. Өйткенi, бiрнеше күннен берi француздар елi шерулер мен наразылықтарға толы. Саркозиге наразылық ретiнде ұйымдастырылған қарсылық шаралары әлi басылған жоқ. Соңы жаппай тәртiпсiздiкке ұласқан мұндай шаралары кеше Бастилияда жалғасты.

Өмiрбаяндық деректерге сенсек, Саркози кезiнде журналистiк мамандыққа бет бұруды да ойлапты. Бiрақ ол ойынан тез айнып, адвокат шешесiнiң жолын қууға бел буған. Алайда негiзгi мамандығынан гөрi саясатқа бүйрегi көбiрек бұрған Николя 1976 жылы Жак Ширак негiзiн қалаған Жастардың голлистiк партиясына мүшелiкке өтедi. Президенттiк тақтан өз еркiмен бас тартқан мәлiмдеген Жак Ширак сайлауалды науқан басталмай тұрып-ақ Саркозидi өзiнiң мұрагерi ретiнде атаған болатын. Айтпақшы, Кiшкентай кезiнде шешесiмен екеуiн тастап кеткен Николяның әкесi баласына «Сен бәрiбiр Францияның президентi бола алмайсың» деген көрiнедi. Кiм бiледi, мүмкiн оның саяси сахнадағы белсендiлiгi мен президенттiк сайысқа 25 жыл бойы үзбей дайындалуына әкесiнiң сөзi қамшы болды ма? Әрине, саясаттағы жолы даңғыл емес едi. 1995 жылғы президенттiк сайлауда Балладюрдiң кандидатурасын қолдаймын деп оңбай қателестi. Өйткенi, Балладюр Жак Ширактан жеңiлiс тауып, соның кесiрiнен Саркози үкiметтiк қызметтердiң барлығынан шеттетiледi. Бұған дейiн iштартып жүрген Ширак пен оның жақтастары Саркозиден сырт айналады. Оның 1999 жылғы еуропарламентке мүшелiкке өтуге жасаған талпынысы да нәтижесiз аящқталып, Николя саяси алаңнан уақытша бой тасалай тұруға мәжбүр болады. Адвокаттық мамандығына қайта кiрiскен ол «Тәуелсiзбiн» деген кiтабын баспаға әзiрлей жүрiп, атқа қайта оралудың жолдарын iздестiре бастайды. Айтқандай-ақ, 2002 жылы Ұлттық кеңеске депутаттыққа сайланады. Көп ұзамай, Францияда президенттен кейiнгi екiншi лауазым иесi болып саналатын сыртқы iстер министрлiгiне басшылыққа тағайындалады.

ШИРАК ОҢБАЙ ҚАТЕЛЕСТI

2004 жылы дипломатиялық мiндеттерiн экономика, қаржы және өндiрiс министрлiгiнiң жетекшiлiгiне ауыстырады. Осы қызметте жүрген 9 ай iшiнде Саркози өзiнiң президенттiк тақтан үмiтi барлығын ашық мәлiмдеуге көшедi. Президенттiк саясатты қолдайтын Халықтық қозғалыс үшiн одағының тiзгiнiн қолға алуға тырысуы сондықтан. Әрине, мұндай белсендiлiк кезiнде өзi көңiлiн қалдырған Ширакқа ұнай қоймағаны белгiлi. Ол Саркозиге партиялық жұмыс пен үкiметтiк қызметпен бiрдей айналысу мүмкiн еместiгiн, сондықтан не партияны, не үкiметтi таңдауы тиiстiгiн ескертедi. Саясаттанушылар қауымы Ширактың бұл қадамы үлкен қателiк болғанын айтады. 2004 жылдың қарашасында Николя партияның төрағалығына сайланып, үкiметтегi қызметiнен бас тартты. Президенттiк сайлауға дайындалу үшiн. 2005 жылы билiк тарапынан «сыртқы iстер министiрлiгiнiң тiзгiнiн қолыңа ал» деген ұсыныс түскенде егер партиядан бас тартуды талап етпесе ғана ұсынысты қабыл алатынын айтады. Елдегi әлеуметтiк және саяси шиеленiстен бастары қатқан Ширак пен оның айналасындағылар Саркозидiң талабын қанағаттандыруға мәжбүр едi. Ал саяси элита сол кезде-ақ жаңа президенттiктен үмiткердiң пайда болғаны туралы жиi сөз қозғай бастады. Жаңа президенттi жақсы бiлетiндердiң айтуынша, Саркози кез келген таныстықтан өзiне пайда iздейтiн көрiнедi. яғни, бiрде-бiр таныстық тиiмсiз болмауы тиiс. Саяси мансапқа бастар жолда жетiстiктерге жетуi де сондықтан болар. Сайлау басталардан сол бұрын берген сұхбатында ол француздар арасындағы алауыздықты жоюға күш салатынын мәлiмдедi.

Сонымен, француздар елiндегi президенттiк сайыстың жыры бiттi. Жұрт ендi жаңа ел басшысынан реформалар күтедi. Президенттiк мерзiмдi 2 мандатпен шектеу, мемлекет басшысының баспасөз өкiлдерiмен және депутаттармен жүйелi түрде қатынас құруын қалыптастыру, парламенттiң өкiлеттiлiгiн кеңейту, тым шектен шығып кеткен мемлекеттiк қарыздың көлемiн қысқарту, салық, еңбек пен зейнетақыға қатысты заңдарды реформалау, мигранттар ағымын қатаң бақылауға алу, шет ел асып жатқан қаржыға тосқауыл қою, жаңа еуропалық және Францияның халықаралық саясатын қалыптастыру… Мұның барлығы да Саркозидiң сайлауалды бағдарламасында көрсетiлген болатын. Әрине, бағдарламаға күмән келтiрген қарсыластары оның тәжiрибесiнiң аздығын көлденең тартқан едi. Айтпақшы, сайлауалды науқанда ол Чешенстандағы адам құқығын аяққа таптап отырған Ресейдi ашық түрде қатаң сынға алған. Алайда, бұдан Ресей мен Франция арасындағы дипломатиялық қатынастар суып кетедi деген ой түюге әсте болмас. Өйткенi, саяси ұпай жинау үшiн жанын салған саркози Ширактың Путинмен жақсы қатынаста болуын сынға алғансып, өзiне бүйрегi бұратын жақтастарды жинауға ұмтылғаны анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары