АҚЫН ЖӘНЕ ҚОҒАМ

АҚЫН ЖӘНЕ ҚОҒАМ

АҚЫН ЖӘНЕ ҚОҒАМ
ашық дереккөзі
375

Жуырда Республика Сарайында бiр желкендi жиынның куәсi болдық. Исi қазақтың игi жақсылары түгел бас қосты десе де болғандай. Өзi шаңырақ көтерген отыз жетi жыл iшiнде сансырлы салиқалы сұхбатты бастан кешкен сұңғыла Сарай жамыраған төлдей өзiне жұтына жұлқынып, аптығып ағылған жыр құмар қауымды кеңкемер құшағына қаусырып айрықша ыстық мейiрiммен емiрене қалды.

Бұл алаштың осы заманғы шырайлы шайыры Иран-Ғайыптың шығармашылық кешi. Ақын үстiмiздегi жылы алпысқа толатын көрiнедi. Көпке мәшһүр көрнектi қаламгердiң халық алдында есеп беретiн бiр белесi осы болса керек. Бiрақ бүгiн осы жиында бұрынғыдай жаппай жарысып жамырасып жататын құттықтау сөзге жол берiлген жоқ. Сөзiнiң дуасы бар дулығалы ақынның iрiлiгiн сипаттап, майын тамызып мадақтау орын алмады. Жиналған жұрт бүгiн абыройы айрықша үстем болып отырған ақын салтанаты құрметiне сахна шеберлерi шыңдаған шалқар әуеннiң шуағымен сусындады. Шоу-концерт деп аталатын сәукелелi думанның қанатында жүрдi.

Жүректен шыққан сөз жүрекке жетедi. Ән де солай екен. Күткен үмiттiң мерейiн шығарып, сөз қадiрiн бiлетiн; ұмытылып бара жатқан ұлт тiлiнiң сүбелi сөздерiн сұрыптап, сезiмдер сұлулығын паш еткен осы ақынның төл сөзiне жазылған әртарапты әндер орындалды.

Жиналған жұрт Роза мен Мақпалдың, Алтынбек пен Алмастың, Бағдат пен Толқынның, Оразхан мен Еркiннiң, Ербол мен Ерболаттың тағы басқа бүгiнгi қазақ өнерiнiң қабырғалы қаймағын құрайтын әуен жұлдыздары мен сахна саңлақтарының жан тебiрентер әсем әндерi мен астарлы сөздерiн тыңдап бiр серпiлсе, әр пайымы ойландырмай қоймайтын Иранбек ақынның тосын тұжырымдарына тәнтi болып, екiншi екпiнге әрең iлесiп отырды. Әсем саз әуелеген аспанда жан жылытарлық жыр құшағында елжiреген жұртты ойда жоқта соқталы қуанышқа кенелген әйгiлi Сарай төтеннен түндiгi желпiлдеп тыңдаушысын тербей түскендей болды.

Ал бiздiң санамызда ақын туралы алаулы арқаулар арбасып, ой арналарын әр саққа жетелей бердi, дүйiм елдi дүр сiлкiндiрген сиқырлы сырлар сезiм пернелерiн жырадан жыраға салып елiктiре жөнелдi. Сол сан салалы сұлу жыралардың жықпылдарында жаныңды жаңартатын бiр ғаламат шырақ баурап, бiз де iштей жалындаған жарқын жағаға құлаш ұрып ентелей түстiк.

Бiздi мұндай күйге түсiрген қай құдiрет? Ол Иранбек Оразбаевтың бiр мезгiл-межеде қабылдап болмайтын, бiр дәуiрде бағалап үлгiрмейтiн, бiр заманда мойындала қоймайтын көп бедерлi ақындық қуаты – азаматтық болмысы.

Иран-Ғайып кiм? Мұндайда мүдiрмей ауызға оралатын жауап – «әрине, Ақын». Оны драматург деп те қарауға болмас па едi? Өзiнiң ұланғайыр өлең өлкесiмен қатар ол бұл салада да ауыз толтырып айтар аса көлемдi дүниелер жасаған жоқ па едi? Әрине Жасады. Жасағанда қандай? Оның өрнектеген драмалық шығармаларындай Әлемдi қазақ сахнасында әлi ешкiм жасаған жоқ. Ол Әлем — бiздiң тарихи табысымыз, рухани жетiстiгiмiз, ұлт тағдырының кестелi беттерi, ұлт мақтанышына айналған ұлы перзенттер галереясы, керек болса, ол көркемдiк биiктiктiң бүгiнгi асқар шыңы.

Бiрақ Иран-Ғайыпты ақын деу керек. Тек қана ақын деу крек. Жаңағы ешкiм жасай алмаған драмалық тұлымды туындыларына қарамастан, ол – ақын, жаратылысынан ақын, елiмiздiң пешенесiне бұйырған, адам таңғаларлық ғажайып ақын, драмалық ақын. Поэзияны сахна тiлiне сабақтаған ақын. Көп өлеңi драмалық көрiнiстен тұрады. Жеке өлеңi – шағын пьеса. Бұл тұжырымды алда тағы бiр жаңғыртармыз әлi.

Иранбектiң ақындығы неде? Әрине, әуелi сөз патшалығын жасай бiлуiнде. Кеңес заманында сiңiрдей сiрескен сыңаржақ сөзге ұлт санасында ғасырлар бойы қалыптасып; өткен ғасыр тосырқағанмен жойылмаған, жұртымыздың жүрегiнде Әнұрандай сақталған қазақтың қасиеттi қара сөзi қосылып жаңа көрiк бердi бұл патшалыққа. Алашының зердесiне ақыл еккен, ұққан пендесiн ойлы еткен, бұрмаланған тағдырға бұлжымас билiк еткен аталы сөз, төре сөз, көсем сөз, киелi сөз мекен тапты бұл патшалықтан. Сықиған газет колонкасынан лайықты орнын ала алмай, қазақтың жүрегiнде жылы қымталған жауқазын сөз, жырынды сөз орын тапты ортадан. Иранбектiң еркiмен, Иранбектiң аялауымен, Иранбектiң махаббатымен, Иранбектiң бұйрығымен түлеген түлкiдей құлпырып, поэзиялық өрнекке айналған қазақтың байырғы сөзi түлеп ұшты ұядан.

Иранбек жырларындағы менiң қаламұшымды ерiксiз тоқтатқан осындай сөздер жер қайысарлықтай екен. Көздiң жауын алады, жүрекке жаңа жылу бередi. Оның iшiнен бiрер сөздi iрiктеп келтiрiп осы жерде өзгенi де таңдай қақтыруға болар едi. Бiрақ оған мен бармадым. Әркiм өзi оқып ләззат алсын, толыққанды ләззат алсын. Иранбек поэзиясындағы Елтаңбамыздағыдай айқын айшықтарды көрiп қуансын. Тiптi өзiмiздiң де есiмiзде қалған, бiрақ бiз орнын тауып қолдана алмай жүрген кейбiр қарапайым сөздердiң өзiн күтпеген жерде тосын ойға ұтымды жұмсаған хас шеберлiктi көрiп қол соқсын.

Екiншiден, Иранбектi өзгемiзден көш iлгерi қоныстандырған – ойлылық, атадан мұраға қалған, өзi өмiрден түйген ақыл-парасат, сезiмталдық, байқампаздық, ұғымдылық, басқамызға бұйыра қоймаған көрiп, бiлгенiн; естiп, сезгенiн терең талдау қабiлетi, қорыта бiлу қабiлетi, түсiне бiлгенге – тектiлiктен өрiс алған көрегендiк.

Иранбектiң толық жинағын оқып отырсаң бiр қайран қаларлық жайт – көңiл көгенiне байланып немесе ерiксiз елiктiрген екпiнге ерiп жай айта салған жауапсыз сөз таппайсың. Кейде жеке сөздер өлеңге тән ұйқас пен ырғақтан алшақ қонған кездiң өзiнде iшкi иiрiммен жымдасып кететiн үлкен логикалық қуат қай өлеңдi болса да әнге айналдырып жiбергендей болады. Иранбектiң әр өлеңi әдетте нақты бiр ойға құрылған. Ең кереметi ой оқиғамен бейнеленедi, бүкпесiз шындықпен дәлелденедi. Көз алдыңда түрлi-түстi көрiнiстер қиюласып, бiртұтас панорамаға айналып бара жатады. Белгiлi қыл қалам шеберлерi Айвазовский мен Левитан табиғат құбылыстарына жан бiтiрiп, сол көз қуантар сұлулықты бас айналдырар қуатпен қаншалықты әсем бейнелеген болса, адам жанының икемге көне бермейтiн қимыл, қалтарыстары Иранбек жырларында соншалықты шеберлiкпен көркем суреттеледi.

Байқап қарасаң Иранбекте сюжетсiз бiр өлең жоқ екен. Поэзия деп аталатын шалқар дарияның қай саласына түссе де Иранбек бiз байқай бермейтiн, бiз көрмеген, көрсек те бiз бейнелей алмайтын сюжетке жетелеп әкеп, соған ерiксiз мойын ұсындырады. Сезiм қылын қимылға келтiретiн қылаусыз кейiпкерлер қатары сап түзеп экрандағыдай тiзбектелiп өтiп жатады.

Әлгiнде ғана шайқас өткен соғыс алаңында өлi ананың кеудесiне жармасып әлдененi iздеп жатқан сәби оқ жұлып түсiрiп, жырақта жатқан ана басын аңдамай шырылдайды кеп. Ендi оның мұны бұрынғыдай бауырына тарта алмайтынын жас нәресте қайдан бiлсiн.

Немесе, келiншегi қайтыс болып, артында қалған жас сәбиiн балалар үйiне қалдырып соғысқа кеткен сарбазды алыңыз. Алланың әмiрiмен майданнан аман-есен оралған жiгiт баяғы балалар үйiне келсе ұлының орнын сипап қалады. Сөйтсе оны тағдыр талайымен майдан шебiнен ығысып келген өзге бiр жесiр әйел асырап алыпты. Хабарсыз кеткен солдатты өлдiге санаған ғой. Өзiнiң де ерi жау оғынан қаза тапқан. Ал жас баласы жарылған бомбының жемтiгiне айналған. Екi қайғының орнын жарты қуанышпен толтыруға тырысқан бейбақ, баланың әкесi келгенде не iстерiн бiлмей әбден абыржиды. Ендi осы шағын қуанышын желге ұшырғысы келмейдi. Бала да бауыр басып қалыпты. Жалғызбасты жiгiт екi жарымжанға сүйеу болып қала бередi.

Алдарыңызда жан түршiгерлiк оқиға, жан тебiрентерлiк сәттер. Толқымай оқи алмайсың.

Иранбектiң ендi бiр өлеңiнде жолаушылап келе жатқан жас жiгiт кездейсоқ кезiккен көл бетiнде бiр қыздың шомылып жатқан сәтiне тап болады. Күн сәулесiнiң нұрымен шағылысқан аққу-қыз өзiмен өзi мәз болып су бетiнде ақ шабақтай шаттанады. Сөйтiп сырт көздi аңдамай қалады. Көрген көзде жазық жоқ. Осынау айрықша ажарлы ғажайып перiштедей пендеге қалай тиiсерiн бiлмеген жас жiгiт жағада жатқан қыз жейдесiн қамшымен iлiп алып қызға тiл қатады. Оның жағаға шығуын талап етедi.

Көлденеңдi көк аттыға көрсеткенше бейкүнә жалаң денем балыққа жем болсын деп қыз көл ортасына қарай жүзiп барып тереңге сүңгiп жоқ болады. Өз әрекетiнiң орынсыздау болғанын ендi ұққан жас жiгiт абыржып киiмiмен суға қойып кетiп, су түбiндегi шалажансар қыз денесiн көтерiп шығады. Бұл кезде ол осы қыздың өзiне құдай қосқан болашақ жары екенiн бiлген жоқ, әрине. Мiне саған тақырыптың тәңiрi.

Иранбектiң соғысы мен махаббаты осындай.

Иран-Ғайыптың ұшы-қиыры жоқ жыр ғарышын шарлап шығу оңай шаруа емес. Бiрақ оқысаң әлгiдей жаныңды жадыратып, жүрегiңдi оқыс қозғап қалатын Иран бағынан шығарың даусыз. Шағаласы шаңқылдап, ақжал толқыны жарға соғып жатқан шалқар теңiз келедi кейде көз алдыңа. Оның түбiнен бой көтерген дүлей күш оңайлықпен бой бермес сыртқы дауылды шақырып тұрғандай да болады. Қатардағы қимылдар мен жас оянған сезiмдер көз алдыңда қомданып қабырғалы драмаға айналып бара жатады.

Иранбек, әрине үлкен ақын. Ақын дейтiн айдарлы сөзге шәк келтiрмейтiн iрi қаламгер. Ал ақын деген қай пенде? Ол – адам, қоғам, өмiр деген терең мағыналы ғылымды жете меңгерген ғұлама ғалым. Жете меңгергеннен кейiн ондағы орынсыз әрекеттер мен қисынсыз қимылдарды, билiк пен халық дәлiзiндегi сәйкессiздiктердi, хан мен қараның арасындағы ушығып кеткен аузы бiтпес жараны, алшақтай түскен екi жағаны көре бiлетiн, сол үшiн қан құсып қиналатын, қиналып қана қоймай өз басының мұң-мұқтажын тәрiк қылып, әлгiнi әлемге жария етiп таратып айтатын, сол үшiн тобықтан қағылып, таяқ жейтiн, санасы сабылып, жүйкесi жұқаратын әпенде. Иранбек сол әпенденiң нақ өзi.

Тәуелсiздiгiмiзге он бес жылдан астам уақыт өтсе де халқымыз еңсесiн көтерiп, есiн жия алмай келедi. Маңдай тер, табан ақысы еш болған қазақ ауылы сол бүйiрi шықпаған күйi өлмешiнiң күнiн көруде. Белгiлi дүрмек тұсында ауылға бөлiнген қыруар қаржы ауылдың өзiн жанап өттi. Билiктiң там-тұмдап қосқан тиын-тебенi өзi қолдан жасап жатқан инфляциясына iлесе алмай келедi. Баға шарықтап барады. Нәтижесiнде кедей кедейлене түсуде. Ал ел үстiнен күн көрген ат төбелiндей аз ғана топ (негiзiнен билiктiң төңiрегiндегi) күн өткен сайын қалтасын қампитып, қағажу көрмей мемлекет қазынасына қол салып, өз қамбасын толтыруда. Бұл барып тұрған қылмыс емес пе? Әрине, бұлтарыссыз қылмыстың өзi. Ал сол қылмыскердi соттап, аяғын аспаннан келтiрудiң орнына әлгi заңсыз тапқан байлығын бiздiң жампоз билiк жанкештiлiкпен заңдастыру жолында сүрнiгумен әлек. Бұған не деуге болады? Қылмыстың көкесi осы емес пе екен өзi?

Осы ма қол жеткен азаттығымыз, осы ма сарғайып күткен әдiлеттiк? Осы ма едi аңсаған арманымыз?

Бақытты ел – қайыршысы жоқ ел деген екен бұрынғының даналары. Ал бiздiң бағымыз қашан ашылар екен? Көшеге шығудан қалдық. Шықсаң – садақа сұрап алақан жайған бейшара байғұстардан аяқ алып жүре алмайсың. Жетiскен жұрт сүйтер ме едi? Жiгерiң құм болады екен. Билiк мұны көрмейдi деймiсiң, көргiсi келмейдi. Ол «өз аймағымызда ту ұстар көшбасшы елмiз, бiздiң даңқымыз жер жарады» деп мақтана бергiсi келедi де тұрады. Жұртты соған сендiргiсi келедi. Ау, аяғының астына бiр қарамас па? Қиянат пен қорлық, ұрлық пен зорлық үстемдiк еткен жерде қандай береке, қандай абырой болмақ?

Алайда бiз осы сұрапыл сұмдықты көрiп жан түршiккенмен, күйзелемiз де қоямыз. Әрiге бара алмаймыз. Ширатылып, ширықпаймыз. Iштен тынып, төзiп жүре беремiз. Ал Иранбек оған төзбейдi. Ақынның мүбәрәк жүрегi мұны қабылдай алмайды. «Тумай жатып дүниеге сыймаған», «өзiне өзi құдай» ақын неден қорқып, кiмдi аясын!? Ол қалам-жебесiн қолға алып: «Ал, дүние…» дейдi де сатираның садағымен сахнаға шығады. Сөйтiп сiз бен бiздiң ұйқылы-ояу санамызды сiлкiлеп, жарымжан жiгерiмiздi шабақтайды.

Иранбектiң қоғамға көзқарасы – оның жырларындағы алтын дiңгек. Оны өзгелерден нұсқасы бөлек биiкке көтерген дiңгек. Иранбектi жылатқанмен құлатпайтын дiңгек.

Иранбектiң поэзиядағы қоғами көзқарасының тегеурiндiлiгi сонша (ол өз өлең жолдарымен-ақ мұқалмас мұра қалдыратын ақын ғой) оның өз мұңына айналып кеткен халық мұңы жүрегiн жарып шыққан өлең жолдары арқылы әлi де болса билiктiң құлағына жетпейтiндей көрiнiп, ет қызумен өзiнiң қалай драматургияға тiкелей бет бұрып кеткенiн аңдамай қалады. Ендi ол осы салаға бар күшiн сарп етедi. Құлшынып қимылдайды. Шыбын жаны шырқырап бұрынғыдан да қаттырақ көсiлiп сөйлейдi. Ашынып айтады. Нысанаға алған сын қамалының қабырғасын қайыстырып, омыртқасын опырып айтады.

Өлең оқылмайтын болса, оқылса да, оны түсiнiп, қайрат қылу қиын болса, томаға тұйық билiктiң өкiлi қызық iздеп, мүмкiн театрға келер, сүйтiп оңашада отырып оқыған өлеңге жүрегi шiмiрiкпеген қатыгез қарау пенде, театрда көпшiлiктiң iшiнде отырып, сахнадан өз бейнесiн көрiп бетiн басар, тәубеге келер. Ары болса, намысы болса, ұяты болса ойланар, елiне қарар деген ниет жетегiнде (ақталсын, ақталмасын – үмiтте кiнә жоқ) ақын аренаға жаңа салада шығады. Бар гәп осында. Әлгi Иран-Ғайыптың драмасын ақындығынан бөлiп қарауға болмайды дейтiнiмiз содан.

Өлеңдi де бұрынғылар пьеса деген ғой. Ал Иранбек пьсаны да өлеңмен жазатыны жалпы жұртқа мәлiм. Демек Иранбектiң драматургиясы поэзиясының тiкелей заңды жалғасы. Қаласаңыз ол, тiптi, поэзиясының шырқау шыңы. Өйткенi ол пьесада ауқымды мәселенi алып, оқиғаны жан-жақты, бояуын қандырып, кеңiрек сипаттау мүмкiндiгiне ие болады. Сахна тiлiнде поэзиялық қуатына тiзгiн берiп, тың қамшы салады. Мiне, Иран-Ғайыптың драматург болып жүргенi сол. Ол ерiккеннiң ермегi емес. Оны атақ, даңқ та қызықтырмайды. Алдына мәңгiлiк мақсат қойған адам ғана, өз қоғамына дұрыс бағыт берiп, елiне игi ықпал жасаймын деген адам ғана осындай алынбас қамалға бас ұрып, батыл қадамдарға барады. Ал Иранбек нақ осындай қаһарман тұлға. Ол өз заманына айтарын отын шығарып, жiлiктеп айту үшiн жаралған. Ал айтары аз емес.

…Иә, Алатаудың етегiндегi Ата Сарай бүгiн, сәуiрдiң тамылжыған сәндi кешiнде көп уақыт қайраңда жатып, тамыры тартылып мешелдiкке тап болған ана тiлiмiздiң бiр сәтке болса да қайта оралғанына куә болып, жер мен көктiң арасында табаны жерге тимей тербелiп тұрды. Ал осынау шоу-концерттен сөз өнерiнiң сұлулығына тәнтi болып тарқаған елгезек ел ашық күнде аспаннан қардай бораған гүл шоқтарына кемелiне келген кемеңгер ақынын бөлеп мәңгiлiкке бет түзеп бара жатты.

Садықбек Хангелдин

Серіктес жаңалықтары