ОРЫНБОРДАҒЫ ҚАЗАҚТАР МЕШIТ САЛУДЫ ПАРЫЗ САНАЙДЫ

ОРЫНБОРДАҒЫ ҚАЗАҚТАР МЕШIТ САЛУДЫ ПАРЫЗ САНАЙДЫ

ОРЫНБОРДАҒЫ ҚАЗАҚТАР МЕШIТ САЛУДЫ ПАРЫЗ САНАЙДЫ
ашық дереккөзі
442

Таяуда Алматыға арнайы ат басын тiреген Орынбор облыстық үкiметi жанындағы ақпараттық саясат, қоғамдық және сыртқы қатынастар жөнiндегi министрлiктiң Бас маманы Сәуле Тайкешева бiздiң газетке сұхбат берген едi. Ресейде дiн iстерi, оның iшiнде ислам мәселесiмен де айналысып жүрген Сәуле Савхозқызы Таразда туып-өсiп, кейiн Орынборда қызмет жолын бастапты. Сондықтан бiлiктi маман Ресейдегi дiни ахуал мен қазақтар жағдайын бүге-шiгесiне дейiн бiледi. Оның үстiне қазақ елiне Ресейдiң қолға алып жатқан Көшi-қон саясаты мен «Материнская плата» бағдарламасын үлгi етедi.

ОРЫНБОРДА 87 МЕШIТ БАР, БИЫЛ ТАҒЫ 11-i САЛЫНБАҚ

– Жалпы Орынборда 125 мың қазақ тұрады, бұл ондағы халықтың 50 пайыздан астам бөлiгiн құрайды. Орынбор – көпұлтты және көпдiндi аймақ. Бүгiнде онда 2000-нан астам қоғамдық ұйымдар жұмыс iстейдi, бұл дегенiңiз – әрқилы мәдени-ұлттық орталықтар, оның iшiнде қазақтардың облыстық «Ақ Жайық» атты қоғамдық бiрлестiгi, «Қазақ тiлi» облыстық қоғамдық ұйымы да бар. Оларды өте беделдi азаматтар басқарады. Сондай-ақ, «Мұрагер» атты балалар қайырымдылық қорының ашылғанын мақтанышпен айта аламын. Осындай игi бастамалардың басы-қасында жүрген беделдi қазақ бизнесмендерi де баршылық. Алтай Жоламанов – №2 нан зауытының басшысы, Халниязев – прокурор, Бақытжан Жанбаев – Сарыақташ ауданының басшысы, яғни, көптеген қазақтар әр салада жұмыс iстеп келедi.

Дiни бiрлестiктерге келсек, аймақта 384 дiни бiрлестiк тiркелген. Оның iшiнде 131-i – мұсылмандардың дiни ұйымдары.

– Яғни, бұл бiрлестiктердiң денi – мешiттер ғой…

– Иә, көбiне мешiттер. Жалпы, мешiттер санына келсек, дiни ғибадатханалар 87-ге жеттi. 2007 жылы тағы 11 мешiт салынуы тиiс. Дiн де үлкен саясаттың құрамдас бөлiгiне айналды ғой. Бұл мешiттердiң бас демеушiлерiне келсек, қазақ бизнесмендерi ең алдымен мешiт салуды ұйғарады. Бұл өзi жақсы үрдiс болып кеттi. Белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзген қазақтар бiрiншi кезекте мешiт салдырады. Бiрақ, менiңше, бұл модаға деген елiктеу емес. Қайта құру заманынан кейiн адамдардың денi дiнге бетбұрды. Облысымызда ашылып жатқан мешiттердiң ашылу салтанатына мен жұмыс бабы бойынша жиi қатысып тұрамын. Өйткенi қоғамдық және дiни бiрлестiктермен айналысатын басқарма Ақпараттық саясат, қоғамдық және сыртқы қатынастар жөнiндегi министрлiктiң құрамына кiредi. Ал, бұл министрлiктiң өзi Орынбор облысының үкiметiне қарайды. Бiздiң билiк жүйесiнде бiраз өзгерiстер орын алғанын бiлерсiз. Сондықтан тiкелей губернаторға бағынушылық бар. Өз басым дiн iстерiн, оның iшiнде ислам мәселесiн қадағалаймын.

Бүгiнде облысымызда этно-конфессионалдық диалог жөнiнде әрқилы ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып келедi. Алдағы уақытта аймақаралық басқосу өткелi жатыр. Оның тақырыбы – «Ислам – бейбiтшiлiк пен iзгiлiк дiнi». Орынбор облыстық үкiметiнiң қолдауымен өтетiн басқосуға белдi дiн қайраткерлерi мен зиялы қауым өкiлдерiн, дiни ғалымдарды шақыру көзделiп отыр. Сондай-ақ, Ресейдiң әр аймағындағы мүфтилер мен имамдарды, сондай-ақ, ТМД аумағындағы елдердiң Бас мүфтилерiн шақыру да қарастырылған. Ресейдiң Бас мүфтиi Талғат Таджуддиннiң жоспары бойынша, бұл жиынға Қазақстанның Бас мүфтиi, ҚМДБ-ның төрағасы Әбсаттар қажы Дербiсәлi де келуi керек. Сондай-ақ, Қырғызстанның мүфтиiн, Солтүстiк Кавказ бөлiгiнiң өкiлдерiн шақыру жоспарымызда бар. Бұл басқосудың басты мақсаты – берiк байланыс орнатып, өзара қарым-қатынасты нығайта түсу. Қазақстаннан белгiлi дiнтанушы Мұртаза Бұлұтай, профессор Тұрсынбек Кәкiшев, т.б. азаматтар да Орынборға аяқ басса деймiз. Орынбор сiзге кiшi-гiрiм қала болып көрiнер. Дегенмен, Орынбор – кезiнде Қазақстанның алғашқы астанасы болған ғой. Орынбор қазақтары да жергiлiктi азаматтардың келуiн асыға күтедi. Сондықтан бұл үлкен тарихи оқиға болады деп ойлаймын.

– Ресейдiң саясатына қарасақ, оларда барша халықты орыстандырып, православие дiнiне кiргiзу науқаны жүргiзiлiп жатқандай. Мәселен, «Православие дiнiнiң негiздерi» атты пән орта бiлiм жүйесiне дейiн енгiзiлмек көрiнедi. Бұны қазақтар қалай қабылдап жатыр?

– Жалпы, ислам дiнiмен өздерiн тек қана қазақтар емес, башқұрттар мен татарлар да байланыстырады ғой. «Правослаиве негiздерi» пәнiн енгiзу қазақтар арасында да өзiндiк қарсылық тудырып жатыр. Қазақ мәдени-орталығының өкiлдерi де: «Бұл Ресей Федерациясының Конституциясына кереғар дүние» – деп мәлiмдеп үлгердi. Ал, Конституцияға сәйкес ешбiр дiн өзге дiнге басымдық көрсете алмайды. Оның үстiне «Дiни бiрлестiктер мен дiни наным-сенiм бостандығы туралы» Заңның 4-бабына сәйкес: «Дiн мемлекеттен бөлектенген».

«Православие негiздерi» атты пәндi енгiзу туралы мәселе көтерiлгенде, маған бұл iспен де айналысуға тура келдi. Дегенмен, бүгiнде жоғары жақта тағы бiр мәселе көтерiлiп жатыр. Бұл мәселе – әлгi пәндi факультатив ретiнде өткiзу турасында. Бiз бүгiнде былай деймiз: «Егерде сiздiң балаңыз әлгi факультативке барғысы келмесе, бiз басқа қосымша пәндi – «Ислам мәдениетi негiздерiн« ұсына аламыз». Яғни, баланың таңдау құқы бар. Ал, өз басыма келсем, мұндай дiни пәндердi орта бiлiм жүйесiне енгiзу дұрыс емес деп ойлаймын. «Мiндеттi түрде» пән енгiзу – бұрыс дүние. Менiңше, мектептерде кеңестiк педагогиканы қалдыру жөн-ақ, мәселен, дiн тарихын өткiзу дұрыс. Балаларды «сен – мұсылмансың, сен – православие дiнiн ұстанасың» – деп бөлiп-жаруға болмайды. Бiрақ бүгiнде Ресейдiң Бас мүфтиi Талғат Таджуддин белгiлi бiр деңгейде бұл мәселенi қолдайтын сияқты. Кейбiреулер: «Егерде мұнда негiзгi ұлт – орыстар болса, православие негiздерiн енгiзу дұрыс» – деп те жатады. Егерде бұл тұрғыдан алсақ, жақсы бұны қолдайық делiк. Бiрақ баланың ерiк-жiгерiн ескеру керек. Егерде менiң балам бұл пәнге қатысқысы келмесе, оны мiндеттемеу керек.

– Ресейде қызмет жолын қалай бастадыңыз?

– Мен мемлекеттiк қызметке алғаш рет Орынбор облысы төрағасы имиджмейкерiнiң көмекшiсi ретiнде келдiм. Дегенмен, 1998 жылы ислам мәселесiмен айналысатын мұсылман мамандар жоқтың қасы едi. Сондықтан басшылықтың ұсынысымен менi Қоғамдық және дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi басқармаға қабылдады. Оған мәдени орталықтармен жұмыс та кiредi. Айтпақшы, бiздiң мәдени орталығымызда қазақша судай сөйлейтiн азаматтар баршылық. Қазақша сызып-жаза да бiледi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, жастар мүлдем қазақша бiлмейдi. Бәлкiм, кейбiреуi қазақша сөйлеуге ұялатын шығар, кейбiреуiнiң қазақша бiлуге ынтасы жоқ болар, әйтеуiр, көбiсi тiл бiлмейдi. Тiптi, қазақ тiлiнiң не екенiн бiлмейтiн де қазақтар кездеседi.

ОРАЛМАНДАР ТУРАЛЫ БАҒДАРЛАМАНЫ РЕСЕЙЛIК ҚАЗАҚТАР БIЛМЕЙДI

– Ресейде 1,5 млн. қазақ тұрады. Бiрақ бiз оларды жоғалтып жатқан жоқпыз ба? Олардың тiл бiлмеуi – үлкен проблема ғой. Нелiктен Қытайдан, Моңғолиядан қайтып жатқан қазақтарға қарағанда, Ресейдегi қазақтар Қазақстанға көшуге құлықты емес?

– Қателеспесем, Қазақстанда оралмандарды қайтару туралы арнайы бағдарлама 1997 жылы қабылданды. Онда алыс-жақын шетелдердегi қазақтарды көшiруге қаржылық демеу жайлы айтылған. Жалпы, басында бұл өте дұрыс идея болды. 2000 жылдың басына қарай Орынбордың шығыс жағынан Қазақстанға қазақтар көптеп көшiп жатты. Олардың көбi Астанада орналаса бастады. Бiрақ, нелiктен екенi белгiсiз, бұл азаматтардың кейбiрi Орынборға қайта көшiп жатты. Ал, Қазақстанда тұрақтап қалғандар өз жағдайларына ырза. Себебi Қазақстанға көшiп келгендер мұнда маман ретiнде қажет болды. Кез келген iстiң оң және терiс жағы болмай ма?! Тарихи Отанына көшкендердiң қайта кетiп жатқаны дұрыс емес, бiрақ Қазақстанда орныға алмағандар өте аз. Оралмандар туралы бағдарламаны көптеген ресейлiк қазақтар бiлмегендiктен, бiр орыннан екiншi орынға қоныстануға қорқады. Дегенмен, маған көшi-қон мәселесi бойынша адамдар келiп тұрады. Құжаттар мәселесiн сұрастырады, «Қазақстанға барғанда, тақырға отырмаймыз ба» деп қорқады. Өз басым Жамбылдың қызымын. Қазақстанға жиi келiп тұрамын, мәселен, Жамбыл жақта Қарақалпақстаннан келген оралмандар тұрады. Олардың жағдайы жаман дей алмаймын. Бұл азаматтар өз орнын тапқан сияқты.

Таяуда Алматыда бiраз адамдармен сөйлестiм. Мәселен, бiреулер «мұнда алты жыл тұрамыз, бiрақ әлi күнге дейiн азаматтықты ала алмай келемiз» дейдi. Бiрақ бiзде бұл басқаша. Бiр айта кетерлiгi, Ресейге Қазақстаннан көшiп жатқан адамдарға арналған азаматтық мәселесiмен де өзiм айналысамын. Бiздiң елiмiзде азаматтық алудың ең оңай түрi жұмыс iстейдi. Бiзде Қазақстаннан көшiп жатқан қазақтар мен орыстар үш айдың көлемiнде не бiр жылдың iшiнде азаматтық алу мүмкiндiгiне ие. Ал, Қытайдан келген қазақтар Қазақстаннан азаматтықты зорға алатын көрiнедi. Бұл – өздерiнiң сөзi. Әрине, бұл қазақтарға үлкен аянышпен қараймын. Қазақстан – менiң Отаным ғой. Мен де елiмiздiң саясатын мақтан тұтам. Бiрақ Моңғолия, Түркия, т.б. елдерден келiп жатқан қазақтар көшi-қон саласында көп қиындық көрмесе екен деп тiлеймiн. Олар бәрiн тастап осында келдi ғой. Ал, мұнда келiп өз ұлтының iшiнде бөтен болып қалмай ма?

Болашақта мен балаларымды да Отаны – Қазақстанға қайтаруды ойлап жүрмiн. Олар банк саласында жұмыс iстейдi. Әйтеуiр, балаларымның азаматтық алуында қиындықтар туындамайтын шығар деп үмiттенемiн. Ресейдiң көшi-қон бағдарламасына келсек, бүгiнде Орынбордың қай аймақтарына орыстiлдi азаматтарды қоныстандыра аламыз деген мәселенi шешiп жатырмыз. Оларды Орск қаласы, Ташкент ауданы сияқты жерлерге көшiрудi ұйғарып отырмыз. Ең алдымен, бiз бұл азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етудi ойластырып жатырмыз. Оларда бәрi де болуы керек.

Бiзде тiптi «Ауылдық үй» атты губернатордың жеке бағдарламасы жұмыс iстейдi. Мәселен, Иван Иванович көшiп келдi делiк, оған аяққа тұруға арналған қомақты қаржы берiледi, ол жұмысқа еш қиындықсыз тұра алады, оның үстiне «Ауылдық үй» атты бағдарлама аясында тез салынатын үй алып, оны жаз iшiнде салып бiтiп, отбасымен тұрақтайды. Бұл – мемлекет қаржысы болған соң, оған жыл сайын екi пайыздық қаржы құйып тұрса болғаны. Ал, бұл қаржыны ол үйдi салып бiткен соң екi жыл өткеннен кейiн төлей алады. Оның үстiне өзi де ауыл шаруашылығымен айналыса алады. Өз басым мен де осы бағдарлама аясында үй салып жатырмын. Бiлесiз бе, бұл бағдарлама жастардың ауылда тұрақтап қалуына да мол үлес қосады. 2 пайыз деген – түкте емес. Қазiр халық жаппай осы бағдарлама аясында үй салып жатыр. Үйдi неден салғыңыз келедi: кiрпiш пе, ағаш па – бәрiн беремiз. Цементiне дейiн қарастырылған. Үш бөлмелi үйлердiң жоспары, екi қабатты үйлердiң жоспары – әйтеуiр бәрi бар. Үй салғыңыз келе ме? Салыңыз, үй салуға қажеттi заттардың бәрiн бiзден алыңыз! Қажет болса, «Ауылдық үй» бағдарламасының жұмысшылары үйдi өздерi-ақ салып бередi. Тек қана үй салып, тұрақтап қалыңыздар. Бұл өте жақсы бағдарлама. Бiр айта кетерлiгi, бұл идеяның бастамашысы – бiздiң облыс. Қазiр Ресейдiң өзге де аймақтары осы бағдарламаны жүзеге асырып келедi. Ал, Қазақстанда жастарды ауылда қалдыру үшiн қандай бағдарлама бар? Қазiр қалада ауылдан келген жастар көптеп сандалып жүр. Олар қалада сандалғанша, ауылда жұмыс iстемей ме?

– Бiз Ресейдiң демографиялық тоқырауға ұшырап жатқанын бiлемiз. Бiр қызығы, Ресейдiң мұсылман аймақтарында бала туу көп те, керiсiнше орыстар арасында демографиялық тоқырау байқалады. Сондықтан бұл бағдарлама, ең алдымен, орыстарға арналған ғой. Ал, Ресейде тұратын қазақтардың демографиялық ахуалы қалай?

– Бүгiнде Ресей үкiметiнiң бастамасымен «Материнская плата» атты бағдарламаның жүзеге асып жатқанын бiлетiн шығарсыз. Ол бойынша, әрбiр туылған балаға 250 мың рубль берiледi. Бұл бағдарлама да – елдiң демографиялық ахуалын көтеру үшiн жасалып жатыр. Бiр айта кетерлiгi, 250 мың рубль жас отбасыларын қызықтырғаны соншалықты, тiптi, Орынборда соңғы кездерi жүктi әйелдердi көптеп көретiн болдық. Тiптi, жас әйелдер түгiлi, қырықтан асқан әйелдерге дейiн бала тауып жатыр. Оның iшiнде қазақтар да көп. 250 мың рубль – 10 мың долларға жетерлiк қаржы. Бұл өте сәттi бағдарлама. Мұндай бағдарламаны Қазақстанға енгiзу жөн болар едi.

«АЙҚАП» АТТЫ ГАЗЕТ ШЫҒАРАМЫЗ, БIРАҚ ҚАЗАҚША БIЛЕТIН МАМАНДАР ЖОҚ

– Ресейдегi қазақтар көбiне ресейлiк телеарналарды көрiп, газет-журналдарын оқитын сияқты. Ал, қазақ тiлiнде шығатын ақпарат құралдары бар ма?

– «Ақ Жайық» облыстық қоғамдық бiрлестiгiнiң жанынан «Айқап» атты газет шығады. Бiрақ бiзде проблемалар да баршылық. Бiздiң редакциямызда қазақша бiлетiн, қазақ мәдениетiн жақсы ұғынатын мамандар жоқ. 90-шы жылдардың басында Алматыдан келiп, газетiмiзде жұмыс iстеген мамандар болды. Ол кезде «Айқап» газетi өте жақсы шығып тұрды. Ал, қазiр газетiмiзде орыстiлдi басылымдардан көшiрiлген ресми ақпараттан басқа түкте шықпайды. «Мұрагер» қоры құрылып жатқанда, мен оған бiлiктi қазақ бизнесмендерiн тартқан едiм. Қордың басты мақсаты – әлеуметтiк тұрғыдан қамсызданбаған, кедей қазақ отбасыларына қаржылық көмек көрсету. Осы қор аясында Алматыдан қазақ журналистерiн де шақырып тұрсақ деймiз. Мен бұл қордың президентiне бiр ұсыныс тастаған едiм: «Айқапты» көтеру үшiн арнайы маман шақырып, оған бiр бөлмелi пәтер бөлсек жақсы болар едi» – деп. «Айқаптың» тамыры тереңде жатыр ғой. Оны ұмытпау – бiзге парыз.

– Ал, спутниктiк антенналар арқылы Қазақстан телеарналарын көру мүмкiндiгi бар ма?

– Бiзге қарасты Ташкент ауданындағы жұртшылық Қазақстан телеарналарын тамашалайды. Бiрақ Орынборда мұндай жоқ. Кезiнде мен де Орынбор телеарналарының бiрiнде «Жайық лебi» атты қазақша бағдарлама жүргiзгенмiн. Бiрақ кейiн ол жабылып қалды. Себебi телеарна басшысы: «Сендердiң қазақтарың бәрiбiр де қазақша түсiнбейдi. Бұның не керегi бар?» – деп шықты. Бiрақ, өкiнiшке қарай, оның сөзiнiң жаны бар. Екiншi жағынан, қазақша ән тыңдасын деп «Қазақконцерттен» әншiлердi шақырып тұрамыз. Бiрақ көп қазақтар: «Ал бiз қазақша түсiнбеймiз» – дейдi. Өкiнiштiсi сол, төлқұжаты бойынша Бақытжан Нүриманович – Борис Николаевич болып атын өзгертiп жатқанда, қатты өкiнесiң. Бұл – өте өкiнiштi нәрсе.

Татарстандағы жағдай өте жақсы. Олар кiтаптар да жiберiп тұрады. Өте ұлтжанды ел. Ал, қазақтар болса – инерттi халық. Жан-басының амандығы болса болғаны…

– Ресейдiң көптеген аймақтарында қазақ мектептерiнiң жабылғанын естiгенiмiз бар…

– Қазақ тiлi Орынбордың шығысындағы мектептерде факультатив сабағы ретiнде қалды. Бұл «Православие негiздерi» пәнiн айтумен бiрдей: оқысаң оқы, оқымасаң оқыма дегендей… Көзкөрген қариялар әсiресе Орынбордың шығысында қазақ мектептерiнiң болғанын айтады. Бiрақ Ресейде қазақ мектептерiн қайта ашу үшiн бiлiктi мамандар қажет. Ал, мамандар табылса, оларды үй-күймен қамтамасыз ету керек қой. Мәселен, бiздiң «Мұрагер» қоры арқылы мамандар тартуға мүмкiндiгiмiз бар.

– Ал, Путиннiң бағдарламасына сенiп, Ресейден пана iздеп жатқан қазақтар бар ма?

– Қазақтарды айтсақ, олар дабыра көтермей, көшiп келедi де, тұрақтап қалады. Ал, бағдарлама негiзiнен орыстiлдiлерге арналған. Дегенмен, Ресейге көшiп жатқан қазақтар үшiн де көп қиындық туындамайды. Азаматтық мәселесi де тез шешiледi.

– Байқап қарасақ, Ресей территориялық кикiлжiң болуы мүмкiн аймақтарға ғана көптеп орыстарды тұрақтандырып жатқандай. Калининградтан бастап, Қазақстанмен шектесетiн жерлерге дейiн орыстiлдiлер қоныстанып жатқан жоқ па? Бәлкiм, бiзге де солтүстiк аудандарды қазақыландыру керек шығар…

– Менiңше, бәсекелестiкпен айналысуға болмайды. Себебi Ресейдiң нағыз стратегиялық әрiптесi – Қазақстан ғой. Сондықтан екi ел арасындағы ынтымақтастықтың өсе беруiн тiлеймiз. Орынбор – үлкен тарихи қала. Ол жерден небiр қазақтың ғұламалары шыққан. Құрманғазының «Балбырауын» күйi бiз жақта дүниеге келмеп пе едi?! Есiңiзде болса, Браун мырзаның тойында Құрманғазы домбырасын алып, «Балбрауын» күйiн төгiлтiп шерткен жоқ па едi?! Тарихты еске сақтасақ игi.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары