ДЕПУТАТТАРДЫҢ БҰЛ ҚАЙ «ЖАНАШЫРЛЫҒЫ?»

ДЕПУТАТТАРДЫҢ БҰЛ ҚАЙ «ЖАНАШЫРЛЫҒЫ?»

ДЕПУТАТТАРДЫҢ БҰЛ ҚАЙ «ЖАНАШЫРЛЫҒЫ?»
ашық дереккөзі
418

Мәжiлiстiң әр сәрсенбiciнде өтетiн жалпы отырысын депутаттар асыға күтедi десек қателеспеймiз. Өйткенi, дәл осы күнi олар заң жобаларын нақтылап-талқылайды, депутаттық сауалдар жасайды. Депутаттық сауал сайлау округтерiндегi жағдай, бiр кәсiпорынның ахуалы немесе жеке адамның мәселесiне арналуы мүмкiн. Бұл сәрсенбiде өткен жиылыста депутаттық сауалдардың ұзақ уақыт алатынын қаламаған дауыс естiлдi. Дауыс иесi Кенжеғали Сағадиев. «Бiз осында заң шығару үшiн келемiз бе, жоқ әлде, депутаттық сауал жасау үшiн сайланамыз ба» дейдi ол. Расын айту керек, Сағадиевтiң өзi депутаттық сауал жасауды жаны сүймейтiн депутат.

Ал қалған депутаттар үшiн депутаттық сауал сайлаушыларымен арада салынған көпiр iспеттi. Сағадиевтiң ескертпесiн арақ-шарап өндiрiсi жайлы депутаттық сауал жасауға маманданған депутат Жылқышиев жақтырмай қалды.

МӘЖIЛIСТIҢ ҚАЗАҚШАСЫ ҚАЛАЙ? НЕМЕСЕ ТӨМЕНГI ПАЛАТАНЫҢ КҮНI АУДАРМАҒА ҚАРАП ҚАЛҒАН

Мәжiлiс депутаты Амангелдi Айталы Парламентте тiркелген БАҚ өкiлдерi назарына Көшi-қон заңына «оралмандар орыс тiлiн бiлуi керек» деген бапты өткiзбек болып, дауыс берген депутаттар тiзiмiн ұсынды. Олардың қатарында кiлең өзге ұлт өкiлдерi мен орыс тiлдi депутаттар бар. Ұлты өзге депутаттардың арасында Вера Сухорукованы есептемегенде (ол дауыс беруден қалыс қалған) Трошихин, Нехорошев, Бояркин, Бобров, Дьяченко, Егоров, Чиркалин, Киселев, Котович, Клебанова, Милютин, Жалыбиндер бар. Орманға қарап ұлиды деген осы шығар. Бiздiң ұлты өзге депутаттарымыздың бiрде бiрi сонда ұлтқа, тiлге жаны ашымайтын болғаны ғой. Олар шетел асып келген оралмандардың дәл осы тiл мәселесi бойынша Қазақстанда жүрiп, жаттың күйiн сезiнетiнiн бiлмейдi емес, бiледi. Тiлдiк тұрғыдан шетқақпай көретiн оралмандардың ахуалы бәрiне белгiлi. Соны бiле тұра, оларды орыс тiлiн үйренуге мiндеттемек. Кең пейiлдiктiң соңы неге соғатынын осы депутаттардың қылығынан-ақ аңдауға болады. Сол депутаттар Ресейге барып, орыс емес, өзге тiлде сөйлейтiндердiң қандай ахуалға душар болатындығынан да хабардар. Ресейде ұялы телефонымен өз ана тiлiнде сөйлескенi үшiн қазақтың қызының мерт болғаны бар едi…

…Татар ұлтының өкiлi Мұрат Кәрiмов, «Отан» фракциясының жетекшiсi Ә.Жолшыбеков, Т.Бердоңғаров, Р.Шырдабаев, Т.Мұхамеджанов, Р.Мадинов, О.Аяшев секiлдi депутаттар Көшi-қон заңындағы «оралмандарды тек мемлекеттiк тiлге ғана бейiмдеу» туралы бапқа қарсы дауыс берген. Қалың қазақтың арасынан депутаттыққа түскендiгiне қарамастан, оралмандарды орыс тiлiнде сөйлетуге мүдделi болып, дауыс бергендердiң мұндай мiнезiн қалай түсiнемiз?

Амангелдi Айталының айтуына қарағанда, бүгiнгi күнi Мәжiлiс-аппараты тек орыс тiлiнде жазады, сөйлейдi. Мәжiлiс аппаратында жұмыс iстейтiн 228 адамның 54-i ғана мемлекеттiк тiл талабына сай екен. «Мәжiлiс аудармашыларға қарап қалды. Аудармасыз қашан жұмыс iстейтiн боламыз?» деп сұрайды Амангелдi Айталы.

«КЕРЗI ЕТIК КИДIҢ БЕ, ҚҰРЫЛЫСҚА БАРДЫҢ БА?» НЕМЕСЕ ВИРТУАЛДЫ ВИЦЕ-МИНИСТР

Мәжiлiс алдына «Құрылыстағы еңбек гигиенасы мен еңбек қауiпсiздiгi туралы» конвенцияны ратификациялауға келген Еңбектi қорғау және әлеуметтiк қамсыздандыру вице-министрi Айдар Есей бердi. Құрылыс алаңдарындағы еңбек қауiпсiздiгi шараларының сақталмайтындығына байланысты жыл сайын 133 адам мерт болады екен. 2002 жылы құрылыс алаңында жарақат алған адамның саны 357 болса, 2006 жылы олардың саны 633-ке жетiптi. Осындай жарақат алатындардың саны республика бойынша соңғы жылы 13.5 пайызға артқан. Сөйтсек, бас мердiгерлер құрылыс жұмыстарын жүргiзу үшiн қандай да бiр объектiнi алып алғанымен, оның жұмыстарын суб. мердiгерлерге бөлiп бередi. Өз кезегiнде суб. мердiгерлер тағы да өзге бригадаларды жалдайды. Соның кесiрiнен, адам шығыны болып немесе жұмысшылар ауыр жарақат алған кезде оның жауапкершiлiгiн ешкiм мойына алуға асықпайды. Вице-министр: «Осы конвенцияға қосылсақ, бүкiл жауапкершiлiктi бас мердiгердiң мойнына қоятындай құқыққа ие боламыз» десе, құрылысшы-депутат А.Тшан: «Сен өзi керзi етiк киiп, құрылысқа барып көргенсiң бе?» деп сұрайды. Әрiпхановтың: «Менi онда жiбермейдi. Сондықтан барған жоқпын» деген жауабы А.Тшанды тiптi, ашындырып жiбердi. «Ондай сөздi мақауларға айтсаң сенетiн шығар. Вице- министрдi қалайша құрылыс алаңына жiбермейдi?» дейтiн А.Тшан көптен берi құрылыс министрлiгiнiң құрылуына мүдделi болып жүрген депутат.

Сөйтiп, вице-министр, мүмкiн тым жастығы болар, депутаттардың сұрауларына дұрыс жауап бере алмай абыржыды. Тiптi, оған «құрылайын деп жатқан электронды Үкiметке сай виртуалды екенсiң» деген «қошеметтер» де айтылды. Алайда, қаза болып жатқан құрылысшылардың қайғысына берiлiп, гуiлдескенiмен Мәжiлiс депутаттары заң жобасын ратификациялауға келгенде, бiрi қалмай қолдап дауыс бердi.

«Еңбек Кодексi» де қолданысқа ену жөнiнде Мәжiлiс депутаттарының батасын алды.

«ШОРТАНДАР НЕГЕ ҚАРМАҚҚА ТҮСПЕЙДI» НЕМЕСЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АГЕНТТIК ҚҰДДЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫНДАЙ

Мәжiлiске сыбайластық жемқорлыққа қарсы күрестi жетiлдiрудi күйттеп келуi тиiс Қаржы полициясының төрағасы Сарыбай Қалмырзаев Парламенттен алтын уақытын аяды ма екен, кiм бiлсiн, әйтеуiр өз орынбасарын жiберiптi. Оның орынбасары Қайрат Пернешұлының сөздерiнен агенттiк сыбайлас жемқорлыққа қарсы емес, керiсiнше, соларды қорғайтындай болып көрiндi. Оның алып келген заң жобасында «егер адам өз меншiгiндегi дүниенiң қылмыстық жолмен алынғандығын бiлмейтiн болса, ол жауапкершiлiктен босатылады» деген баптар бар. Бұл арадағы мәселе қолды болған көлiк сатып алушылар туралы емес, әрине. Бiздiң елде арам ақшаға алынған дүниенi өзге жандардың атына тiркеп қоятын дәстүр кең тарағаны белгiлi. Егер де, кiмде-кiмнiң атына тiркеген дүниенiң адал жолмен табылмағандығы белгiлi болса, бiрақ, ол адам дүниенiң қандай жолмен келгенiн бiлмейтiн болса, ол сүттен ақ судан таза болып шыға келедi. Бiрақ, есi түзу адамның дүниенiң қай жолмен табылғандығын алдын ала бiлетiнi ақиқат. Сондықтан, агенттiктiң әкелген заң жобасын көзбайлау демеске амалымыз жоқ. Тағы бiр шикiлiктi депутат Әлихан Бәйменов байқады. Сөйтсек, заң жобасында «Егер сыбайлас жемқорлық актiсi туралы айтылған долбар шындыққа сәйкес келмейтiн болса, онда сол ақпаратты таратқан жан 30 күндей қамақта ұсталады» деген бап бар екен. Бәйменов: «журналистер онда сыбайлас жемқорлық актiлерi туралы дәнеме жазбайтын болады. 30 күн қамақта отырған кiмге жағады» десе, Қалмырзаевтың орынбасары: «Қазiр белгiлi бiр сыйақы үшiн кiнәсiз адамдардың үстiнен кәсiби түрде арыз ұйымдастыру көбейiп кеттi. Бiз соның алдын алмақпыз» дейдi. Сыбайлас жемқорлық туралы арыздың жайдан-жай пайда болмайтыны белгiлi. Яғни, жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды. Бiрақ, сыбайлас жемқорлармен күресуi тиiс агенттiктiң болашақ сыбайласқан жемқорлардың адвокаты секiлдi жанұшырып, қорғауы кiсiнi әртүрлi ойларға жетелейдi екен…

Әбдрахмановтың «Шортандар қайда?» деген сауалына да ол күмiлжiп жауап бергендей болды. Бiрақ, Мәжiлiстегi «бiр депутат тырнағын батыра түссе, екiншiсiнiң майдалап, жұмсартып, ығына жығыла түсетiн» кестесi iске қосылғанда, Үкiметтiң қамалдан өте алмайтындай болып көрiнетiн кез келген заңының қабылданып кететiнi бар. Бұл заңға да дауыс беру процедурасы басталғанда, депутаттардың бiрi қалмай бата бердi. Нехорошевтiң «шенеунiктердiң 1 пайызы коррупцияға душар болған» дегенiне, Әбдрахманов: «Мұны естiсе, Құрама Штаттары ызадан жарылып кетер. 1 пайыз дегенiмiз ұят шығар» дейдi.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары