23 ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

23 ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

23 ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ
ашық дереккөзі
222

Қала әкiмi Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов ҚР Қарулы Күштерiнiң құрылуының 15 жылдығына және Ұлы Жеңiс мерекесiнiң 62 жылдығына орай бiр топ ардагерлердi қабылдап, оларға пәтер кiлтiн табыс еттi.

Ардагерлермен жүздесу барысында әуелгi әңгiменi амандасудан бастаған қала әкiмi: «Ең алдымен баршаңызды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылуына 15 жыл толу мерекесiмен құттықтағым келедi. Бiр-екi күннен кейiн Ұлы Жеңiстiң үлкен мерекесi. Бұл – халқымыздың, ұлтымыздың мерекесi. Осы мерекенi алып келген ардагерлер сiздерсiздер! Бүгiнгi күнi елiмiз баянды, Тәуелсiздiгiмiз табанды болатын болса, соның бәрi ардагерлерiмiздiң ерен еңбегiнiң арқасы. Мұны бүгiнгi ұрпақ жүрегiмен сезiнедi. Сiздерге бас иедi»,– деп сөзiн сабақтап алды да, бiрнеше жылдан берi пәтердiң кезегiнде тұрған 23 ардагерге ордер ұстатып, жылы лебiзiн бiлдiрдi.

23-тiң он тоғызы II дүниежүзiлiк соғыстың ардагерлерi мен соғыс мүгедектерi. Сондай-ақ, қала басшысы ҚР Қарулы Күштерiнiң құрылғанының 15 жылдығына орай әскери қызметшiлерге де ордер тапсырды. Бұлар – ҚР Қорғаныс министрлiгi шет тiлдерi Әскери институтының бастығы Ерлан Таласбаев, Республика гвардиясы бiрiншi полкiнiң командирi Дулат Адырбеков, Алматы қаласы бойынша Қорғаныс iстерi жөнiндегi департаментiнiң Түркiсiб ауданы Қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Рашид Масаев секiлдi ел тыныштығын күзетiп жүрген азаматтар.

Дүниеге төрт сәби әкелген Мерғалиевтер отбасына да пәтер кiлтiн сыйлады. Пәтердiң кiлтiне қолы жеткен ардагерлерiмiз бен әскери азаматтарымыздың қуанышында шек жоқ. Шаңырақтары шаттыққа бөленген 23 отбасы бұл сыйлықты өмiр бойы жадынан шығармасы хақ.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары