ТҮРКИЯДАҒЫ «ТУЛАР ТОЛҚЫНЫ»

ТҮРКИЯДАҒЫ «ТУЛАР ТОЛҚЫНЫ»

ТҮРКИЯДАҒЫ «ТУЛАР ТОЛҚЫНЫ»
ашық дереккөзі
167

Өткен сенбiден берi бүкiл әлем назары — түрiктерде. Премьер-министр Ердоғанды президент болғысы келгенi үшiн айыптаған, ол жетекшiлiк ететiн AKP-ның (Әдiлет және даму партиясы) жұмысы мен бағыт-бағдарын сынға алған мақалалар тiзбегiнде шек жоқ. Әрине, әрқашан да «үр-рит, соқ!»-қа «шебер» әлемдiк, әсiресе, амеркиалық пен батыстық БАҚ түрiктер жерiндегi саяси оқиғаларды сан-саққа жүгiртуге жанталасуда.

ПЛАКАТТАР «ТЕКЕТIРЕСI»

Түркия халқы биыл 11 рет өзiнiң президетiн сайламақ. Үстiмiздегi айдың 16-сында басталған үмiткерлердi тiркеу шарасы 25 сәуiрге дейiн жалғаспақ. Қалған 20 күн iшiнде дауыс беру процесi жүргiзiледi. «Президент-имамды бiз қаламаймыз!» ұранымен Анкара көшелерiн лық толтырған мыңдаған шерушi Түркияның қазiргi премьер-министрi Реджеп Тайип Ердоғанның президенттiк сайлауға үмiткер ретiнде қатысуына қарсылық бiлдiрдi. Әлемдiк және түрiк бұқаралық ақпарат құралдарының «Түркия тарихындағы ең ауқымды шара» деп бағалаған шеруiне 500 мыңнан астам адам қатысып, Анкарадағы Ататүрiктiң кесенесiне 370 мыңдай адам келген. Алайда бұл деректi жоққа шығарған Анкараның Қауiпсiздiк кеңесiнiң өкiлдерi жиналғандардың 80-120 мың арасында болғанын айтады. Американың «The Washington Post» газетi «тулар теңiздей толқыған» шеру туралы мақалада «Түркия – зайырлы мемлекет, сол зайырлы қалпында қалады» деген ұрандармен көшеге шыққанын жазған. Ал күнi ертең өздерi де президенттiк таққа таласатындарға дауыс бергелi отырған француздардың «Le Figaro» басылымы «мыңдаған түрiктiң исламдық саясаттан тамыр тартқан партияның жетекшiсi – Ердоғанға кедергi жасауға ұмтылғанын» айтады. «Түркиядағы Исламға қарсылық шарасын» суреттеуден АҚШ-тағы «The New York Times» газетi де шет қалмады: «Исламның үкiметке ықпал ету күшiне қарсы шығу мақсатында қалың жұртшылық Түркия астанасына жиналды». Анкарадағы қарсылық шарасы Стамбұлдағы Бүйiкшехир («үлкен қала» ұғымында) ауданына қарасты орталық көшелерге iлiнген «Мәжiлiстiң шешiмi — халықтың шешiмi» деген ұрандардың үстiне «Одан хабардармыз. Мемлекетiңiздiң қожасы болыңыз» деген қағаздар iлiндi. Мұндай «плакаттар текетiресi» Кадыкөй Ибрахимаға, Салыпазар сияқты Түркияның өзге аймақтарында да кездескен.

«ОЙЫҢДЫ АШЫҚ АЙТ!»

Сайлауға үмiткер ретiнде қатысып, қатыспайтынын Ердоғанның өзi бiрден ашық айтқан жоқ. Осыған қатысты қойылған сауалдарға берген жауаптары алғашында бұлыңғыр болатын. Алайда, дүйсенбi күнi Ердоған өзiнiң президенттiк сайлауға түспейтiндiгi туралы мәлiмдеме жасағанмен, түрiк басылымдары оның әп дегенде ойын ашық айтпағанын сынға алды. Әзiрге Реджеп мырзаға тағылып отырған айыптардың бiрi: «Елдi исламның жолына түсiруге жанталасып жүр». Оған себеп: түрiктердiң үкiмет басшысы зинақорлық жасағандарды қатаң жазаға тарту туралы заңға қол қойған болатын. Одан басқа алкогольдi iшiмдiктерге тыйым салу мен орамал таққан қыз-келiншектерге қойылатын шектеулердi алып тастау туралы шешiмi тағы бар. Түрiк парламентiнiң спикерi Арынчтың: «Жаңа мемлекет басшысы алғша рет дiндар адам болмақ» деген пiкiрi де шеруге шыққандардың қарсылығын үдете түссе керек.

Әзiрге үмiткерлердiң тiзiмi толық түзiлген жоқ. Есесiне, президенттiк сайлауға түсуi мүмкiн дегендердiң арасында Түркия Мәжiлiсiнiң спикерi Бүлент Арынч бар. Ол сайлауға түсу, түспеу туралы шешiмдi 25 сәуiрге дейiн қабылдайтынын және Еуропалық Одаққа мүшелiкке өту мүмкiндiгi туған Түркияда саяси дағдарыс орнатуға тырысқандардың жоспарлары жүзеге аспайтынын мәлiмдедi. Әрине, премьер де қол қусырып қарап отырған жоқ. Сайлауалды жарнамалық науқанды бастап жiбергендей. Күнi кеше ғана Германияға ресми сапармен барып келдi. Меркельмен болған кездесуден кейiн Ганноверде германиялық түрiктермен бас қосты. «Сенi Түркия мақтан тұтады!» деген ұранмен қарсы алған қандастары Ердоғанға ерекше ықылас бiлдiрген. Елiне келгеннен кейiн де Реджеп мырза қарап қалмады. Бұған дейiн өзiнiң басты қарсыласы санап келген DYP пен ANAVATAN партияларының басшыларымен жүздестi. Сарапшылар қауымы бұл кездесудi билiк пен оппозиция арасындағы келiссөздер ретiнде қарастыруда. Сонымен, түрiктер жерiндегi саяси науқан көрiгi сайлауға дейiн қыза түспесе, бәсеңдемесi анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары