ТАҒЫ ДА ДЕМОГРАФИЯ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ ДҮБIРМЕН БАСТАЛЫП, КҮБIРМЕН АЯҚТАЛҒАН КӨШI-ҚОН

ТАҒЫ ДА ДЕМОГРАФИЯ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ ДҮБIРМЕН БАСТАЛЫП, КҮБIРМЕН АЯҚТАЛҒАН КӨШI-ҚОН

ТАҒЫ ДА ДЕМОГРАФИЯ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ ДҮБIРМЕН БАСТАЛЫП, КҮБIРМЕН АЯҚТАЛҒАН КӨШI-ҚОН
ашық дереккөзі
234

Қазақстан Республикасы Президентiнiң биылғы дәстүрлi Жолдауында ана мен баланы қолдаудың кейбiр тетiктерi көрсетiлген. Ресейдегiдей «Ана капиталын» ойлап таппағанымен қазақ Президентi бала туғаны үшiн төленетiн түрлi әлеуметтiк төлемақылардың келесi жылдан бастап көбейетiндiгiн мәлiм еттi. Сөйтiп, бала туғанда берiлетiн бiр жолғы жәрдемақы 15 мыңнан 34 мыңға жететiн болады. Ал, бiр жасқа дейiнгi күтiмге төленетiнi – 5600 теңге. Бiрақ, бiр нәрсе ескерiлмедi. Аталған төлемақылар биыл емес, келесi жылдан бастап төленедi. Бұл қосымшалар ана қоржынына түсiп болғанша, бiр жылдың iшiнде инфляция да шарықтап өсетiн болады. Биыл 70-80 теңгеге жеткен картоптың бiр килограмы былтыр 30-35 теңгенiң айналасында болған едi.

Сондай-ақ, биыл қымбаттамаған дүние жоқ. Тiптi, Монополияға қарсы агенттiк күнi бүгiнге дейiн ауыздықтап келген нан бағасы да 15-20%-ға өстi. Энергия көздерi екi рет қымбаттады. Айталық, жаңа жылдың алдында 3,40 теңге болған электр энергиясы 5,40 теңгеге көтерiлсе, көп ұзамай 6,40 теңгеге қымбаттады. Алматы қалалық электр энергиясына жауап беретiн АПК бұнымен тоқтамайтын түрi бар. Электр энергиясын тағы да қымбаттатынын мәлiмдедi. Жанар-жағар май қымбаттамағанына қарамастан, қоғамдық көлiктердегi жолақысы да бiраз деңгейге жеттi. Жалпы, сарапшылар инфляцияның деңгейiн 35-40% деп есептеп отыр. Дегенмен, кейбiр жекелеген тауарлар 50%-ға көтерiлгендiгi айқын. Яғни, ана мен баланы қолдауға төленетiн жәрдемақыны келесi жылға дейiнгi инфляция жұтып қоймасына кiм кепiл?

Демек, Елбасы Жолдауындағы азын-аулақ жәрдемақының табиғи өсiмге тигiзер септiгi аз болайын деп тұр. Бiрақ, Құдайға шүкiр, соңғы жылдары туу көбейген. Бiр жылдың өзiне 300 мың сәби дүниеге келiп отыр. Сондай-ақ, Қазақстаннан жаппай сыртқа көшушiлер де азайған. Бұл демографиямыздың аз да болса алға жылжуына өз ықпалын тигiзбей отырған жоқ.

Дегенмен, бiз бiр мәселенi ұмыт қалдырдық. Бұл шеттегi қазақтардың отанына оралу мәселесi. Қазiр Парламентте «Халықтың көшi-қоны туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу мәселесi талқылануда. Ал, Елбасының биылғы Жолдауында көшi-қон мәселесi тыс қалыпты.

1991 жылдан берi басталған көшi-қон 15 жылда бiрталай табысқа жетуi тиiс едi. Алайда, бiр жылдың iшiнде 1 миллион заңсыз мигранттарды заңдастырып үлгерген Қазақстан, 15 жылда 1 миллион қазағын көшiрiп әкеле алмай отыр. Баяғы шенеунiктiк керенаулық. Ұлт мәселесiне, қазақ тағыдырына салғырт қараудың салдарынан 1991 жылы дүбiрмен басталған көш ендi күбiрге айналғандай. Еңбек және халықтық әлеуметтiк қорғау министрлiгi құрамындағы Көшi-қон және демография агенттiгiнiң бүгiнде үнi естiлмейдi. Бiздiң бiлуiмiзше, 2007 жылға дейiн 15 мың отбасыға мемлекеттiк көшi-қон квотасы тағайындалғаны белгiлi. 2007 жыл биылмен бiтедi. Биылдан кейiнгi көшi-қон барысы қалай сипат алады, ол жағы беймәлiм. Сөйтiп, Үкiмет қазақтың келуiне мүдделiлiк танытып отырған жоқ. Керiсiнше, баяғыдағыдай Қазақстанды ұлттар лабораториясына айналдыру басты мақсатқа айналған сынды. Осыдан бiрнеше жыл бұрынғы көшi-қон мәселесiне көз жiберсек, бүгiнгiмен салыстырғанда, ол жылдары кәдiмгiдей көшi-қон саясаты болғандығына куә боламыз. Тiптi, квотадан тыс келген ағайындардың өзiне деген арнайы көмек көзi қарастырылған. Ал, соңғы кезде «Қазақстанға қазақтың қажетi бар ма, осы?» деген сауал төңiрегiнде көбiрек айтыстық. Биiк мiнбердiң өзiнде жұмыс iстеген, ұлт тағдыры бейжай қалдырмайды-ау деген адамдардың өзi қазақтан гөрi өзге ұлт өкiлiнiң келгенi жөн болар едi деген ой тастады. Содан ба екен, ендi елiмiздiң ең басты стратегиялық құжатында көшi-қон мәселесi ысырылып кейiн қалған. Қазақстан халқының саны 2015 жылы 20 миллионға қазақтар есебiнен емес, өзгелер есебiнен жетсiн деген пиғыл жатқан сынды.

Бұлай деуiмiзге негiз де жоқ емес. Қазақстан ТМД мемлекеттерi iшiнде сырттан жұмыс күшiн әкелуге мүдделi ең бiрiншi мемлекет екен. Жұмыссыздықтың белең алып отырғанына қарамастан, былтырғы жылдың өзiнде 1,5 миллион жұмысшы сырттан келген. 2000 жылы 2005-2007 жылдар аралығында Қазақстанға жұмыс күшiн сырттан әкелетiн жоспардың бар екендiгi жайында жазған едiк. Бiрақ, ол кезде бiздiң дабылымызға Үкiмет құлақ асқан жоқ. Оралманды қазiргi қаптап келiп жатқан келiмсектерден қорғану үшiн көптеп әкелу саясатын қолдап алып кетпедi. Сөйтiп, жыл сайын азын-аулақ квотаға байланып қалды. Ал, шеттен келетiн заңсыз жұмыс күшiнiң саны бiр жылдың iшiнде 1,5 миллионға жеткен. Әрi оларды заңдастыру туралы арнайы заң қабылдадық. Бiрақ, бұдан үрейленiп, сескенген ешкiм болған жоқ. Қазақстаннан өзге мемлекеттер шеттен келетiн заңсыз жұмыс күшiнен қатты сақтанады екен. Оған былтырғы жылы Ресей Федерациясының қара базарларда сауда жасап тұрған Орталық азиялық жұмысшылардан құтылу үшiн қабылдаған арнайы заңы куә. Ал, Қырғызстан ең алдымен өз жұмыс күшiне иек сүйегендi жөн көрiп отыр. Бұның барлығы, ұлттық қауiпсiздiк тұрғысынан жасалып жатқан қадамдар. Франция мен Германия алдымен өзiнiң азаматын жұмыспен қамтамасыз етедi. Ал, шеттен келгендерге жұмыс беруге құлықсыз.

Бiздегiлер, керiсiнше, шетелдiк жұмысшы мен инвесторды тайраңдатып қойдық. Атыраудағы түрiк пен қазақтың қақтығысының салдары – сырттан келген жұмысшының еңбек ақысының ондаған есе көптiгiнде, оларға жасалынатын қызметтiк жағдайдың өзгешелiгiнде болғандығын талай айттық. Ақтөбедегi қытайдың мұнай компаниясы СНПС-Мұнай төңiрегiндегi әңгiмелер де осыған ұқсас. Демек, өз қазағын өз ұлтын өгейсiткен қазақтан өзге ешқандай мемлекет жоқ.

Демек, Қазақстанға өзге ұлттан гөрi қазақты әкелудiң сыры мен мәнi осында жатыр. Қазiрдiң өзiнде шетi сөгiле бастаған ұлтаралық араздықты қоздырмау үшiн ең алдымен негiзгi ұлттың проблемаларын шешу, санын көбейту сынды мәселелердi қолға алғанымыз жөн. Сондықтан да, оралмандарды көптеп тарту керек. Оралмандардың келуi – ең алдымен демографиямыздың олқылығын толтыруға сеп болатын болса, екiншiден, онсыз да ақсап жатқан тiлiмiз бен дiлiмiздiң көгеруiне тигiзер пайдасы мол. Өйткенi, олар әзiрге өз ана тiлi мен рухани қазынасын ұмыта да қойған жоқ, әрi қастерлей бiледi. Кiм бiледi уақыт өте келе тiлi мен дiлiн сақтаған, руханиятын пiр тұтатын қазақ та қалмай қалып жүре ме?

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары